Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сыр сардары туралы фильмнің тұсаукесері өтті

15.01.2015 505

Сыр сардары туралы фильмнің тұсаукесері өтті

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер Қалила Омаровтың «Сын сардары – Әшірбек Сығай» атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

                                                         jp.jpg
Тұсаукесер алдында атақты артист Асанәлі Әшімов, көрнекті жазушы Дулат Исабеков, фильмнің режиссері Қалила Омаров деректі фильмнің кейіпкері – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай туралы сөз сөйлеп, оның адамдық, азаматтық қасиеті, өнерге сіңірген ерен еңбегі жайында әңгімеледі. 
Фильмде әдебиет пен өнер тарландары Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбай, Есмұқан Обаев, Дулат Исабеков, Құлбек Ергөбек, Ғани Рысбеков, Жарылқасым Әзіретбергенұлы, сонымен қатар, Мәскеу қаласынан: Сергей Яшин, Олег Пивоваров пен Орынбордан Рифхат Исрафилов, Уфадан: Галина Вербицкая, Шаура Гильманова Әшірбек Сығайдың азаматтық келбеті мен дарын қуаты туралы  қызғылықты деректерге толы естеліктер айтқан.
Бір сағаттық деректі фильмде кейіпкер туралы маңызды деректің бәрін қамту үшін режиссер Қалила Омаров бастаған шығармашылық ұжым Әшірбек Сығаймен бірге оның туып-өскен өлкесіне сапар шегіп, кейіпкердің ізі қалған Ресейдің көптеген қалаларын аралап түсірілім жасаған екен.
Түсірілім біткеннен соң фильмнің алғашқы нұсқасы жасалып, оны Әшірбек Сығайдың өзі көріп тамашалап, режиссерге бірнеше сын-ескертпе жасап, бағасын да берген екен.
Фильмнің соңғы нұсқасы жасалып бітіп, оны кейіпкердің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында көпшілікке ұсынамыз деп жүрген режиссердің ізгі ойы орындалмай қалды. Өткен жылдың қараша айында  қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Әшірбек Сығай мезгілсіз көз жұмды...
Дегенмен, екінші өмірі басталған дарынды сыншының адамдық-азаматтық келбеті, шығармашылық қуаты мен еліне еткен еңбегі елеусіз қалмақ емес, керісінше, жыл өткен сайын қадірі арта түспек. «Сын сардары – Әшірбек Сығай» деректі фильмі соның жарқын бір мысалы болса керек.

                                                   

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар