Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ айтысының жеті томдығы жарық көрді

04.12.2014 541

Қазақ айтысының жеті томдығы жарық көрді

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақ ұлттық Өнер университетіндегі Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институты «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасымен Қазақ айтысының жеті томдық жинағы жарыққа шықты. «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы 25 том еңбекті құрайды. Жобаның авторы – мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков. 

          _MG_2301.jpg

Аталған еңбектер - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Кітаптарды көркем безендіріп оқырман қауымға ұсынған - «Күлтегін» баспасы.
VII томдық еңбектерді профессорлар - М.Жолдасбеков, С.Негимов, Р.Әлмұқанова, ғылым кандидаты - Ш.Қойлыбаев, ғылым магистры - А.Мәулет секілді ғалымдар дайындаған.
«Кітаптардың таныстырылымына айтыс өнеріне жанкүйер болып жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, айтыс ақындары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

         _MG_2292.jpg
Аталған жоба бойынша биыл VII том еңбек жарық көрсе, жалғасы алдағы жылдары шығарылады. Антология консерваторияның, өнер университеттерінің, өзге де жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, музыка мектептерінің мұғалімдері мен оқушыларына, айтысты зерттеушілерге, сондай-ақ, қазақ өнерін қастерлейтін қалың оқырманға арналады.
Алты Алаштың мақтанышы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тірісінде аңызға айналған тұғырлы тұлға Асанәлі Әшімов жеті томдықтың тұсауын кесіп, жинақтың жарыққа шығуына мұрындық болған Мырзатай» Жолдасбекұлына ақ тілегін арнады. 

        _MG_2340.jpg

Қазақ ұлттық Өнер университетінің ректоры, танымал скрипкашы, әлем әртісі Айман Мұсаходжаева мен Қазақстан Республикасының Сенат депутаты, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Оразалин құттықтау сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді. 
Айтыс мәтіндері 1965-1966 жылдары академик, жазушы Мұхтар Әуезовтың алғысөзімен 3 том, 1988 жылы жазушы Сәбит Мұқановтың алғысөзімен 2 том, 2004-2005 жылдары профессор Мырзатай Жолдасбековтың алғысөзімен 3 том болып жарық көргені белгілі. Қазақ өнері антологиясы сериясымен шыққан бұл VII том еңбектің басты құндылығы - жарық көрген белгілі айтыстармен қатар бұрын жарияланбаған ақтаңдақ ақындардың айтыстарының хронологиялық тәртіппен, ғылыми аппараты барынша толықтырылып басылуы дер едік. 
      _MG_2346.jpg

Қазақ өнері антологиясының I-II томдарына Қабылиса (Қабан жырау), Жанақ, Түбек, Сүйінбай, Абыл ақындардан бастап Кеңестік кезеңге дейін болған таңдаулы 94 айтыс енгізілді. 
Айтыстың III-IV томдары 1919-1991 жылдар аралығында болған айтыстардан тұрады. Аталған айтыстарда Кеңес дәуірі шындығы, тап күресі, ел жуандарын кәмпескелеу, ауылды советтендіру, сауат ашу, қалың мал мен әменгерлікті жою, зауыт пен фабриканы жырға айналдыру, қысқасы, айтыстың мәні мен сәнін, айшығы мен өрнегін сұрықсыздандыратын сұрғылт көріністерді көтермелеп көрсету бұл айтыстардың негізгі өзегіне айналған. Кеңес дәуіріндегі еңбек адамының дәріптелуі, өркенденген өндіріс ошақтары, кеншілердің қажыр-қайраты, тың игеру жылдарындағы ел тынысы, техникалық прогресс мәселесі айтыс ақындарының жырларында кеңінен көрініс тапқан.
     _MG_2352.jpg

Шашубай, Кенен, Майасар, Нұрлыбек, Үмбетәлі, Тәңірберген, Қуат, Жақсыбай, Молдахмет, Нұрхан, Әлібек, Орынбай, Нартай айтыстары отаншылдық рухымен ерекшеленеді. Қайта құру кезеңі мен Желтоқсан көтерілісінен кейінгі атамұра өнердің жаңғыру кезеңінің басында тұрған Есенқұл мен Әселхан, Әсия мен Ерік, Әзімбек пен Құдайберді, Серік пен Мэлс арасындағы айтыстар да хранологиялық тәртіпке сай осы IV томға беріліп отыр.
Қазақ өнерінің антологиясының V-VI томдарына 1991-2014 жылдар аралығындағы болған, қоғамдық ойға қозғау салған 66 үздік айтыс енгізілген. Азаттық жылдарында айтыс өнері ерекше дамуына ең бірінші әсер еткен рухани тәуелсіздік болатын. Бұл сан ғасырлар бойы халқымыздың жүрегі мен санасының түбінде бұлқынып, шығатын уақытын күтіп, аңысын аңдып жатқан рухани күш болатын. Тәуелсіздік жылдарындағы айтыстың басты ерекшелігі ол кеңестік қоғамның ықпалынан шыққан біздің саяси-қоғамдық өміріміздегі идеологиялық кеңістікті толықтырды. Сол арқылы айтыс ақындарының да азаматтық тұлғасы айқындалып, қайраткерлік рухы айқындалды.
      _MG_2366.jpg

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары айтыс өнері өзінің бабы мен бағы келіскен таланттарын өнер сахнасына шығарды. Ә.Қалыбекова, Ә.Беркенова, К.Әбілов, Б.Әлімжанов, Ш.Айдаров, Ә.Жанқұлиев, Е.Асқаров, С.Құсанбаев, М.Қосымбаев, А.Әлтаев, М.Тазабеков, Б.Шойбеков т.б. ақындардың шабытты шағы осы тұста ашылды.
VI томға ел тәуелсіздігін тұғырландыра түскен, Қазақстанның қарыштап, Астананың асқақтап әлем аузына іліккен 2001-2014 жылдар аралығындағы ел есіндегі елеулі 26 айтыс енгізілген. 
Халық болған жерде оның әдебиеті мен мәдениетінің бірге дамитыны ақиқат. Айтыс десе елең етпейтін, делебесі қозбайтын қазақ баласы кем де кем. Осы тұрғыдан алғанда шет елдерде тұратын қандастар арасында да айтыс өнері айтарлықтай дамыған деп айтуға болады. Қазақ өнерінің антологиясының VII томына Қытай, Моңғолия, Өзбекстан мемлекеттерінде тұратын қазақ ақындарының таңдаулы айтыстары енгізілді. 

         _MG_2259.jpg
         _MG_2273.jpg
         _MG_2313.jpg
         _MG_2350.jpg
         _MG_2258.jpg

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар