Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бүгін ұлылар дүниеге келген күн!

28.09.2014 1652

Бүгін ұлылар дүниеге келген күн!



Қазақ елі қашаннан таланттарға кенде емес. Оның ішінде қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздарына айналған тұлғалар қаншама. Бүгін айтулы күн! Себебі, бүгін ұлылар дүниеге келген күн! Қасиетті қара сөздің қадіріне жетіп, қазақ халқын басқаларға мойындата білген марғасқалардың дүниеге келген күні! 




880997_530942708_175ac_Auezov1.jpg
Бүгін – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың туған күні. Дүниеге қазақ перзентi болып туып, адамзат перзентi болып аттанған Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қа­пысыз көз жеткiзетiн тағылым мектебi. Заманамен бiрге тебiренiп, мәңгiлiкпен үндесе бiлудiң айқын өнегесi.
Ұзақ жылдарға созылған терең iз­денiстiң, қат-қабат шырғалаңдардан адаспай тура жол тауып, ұлы мақсаттан ауытқымаған зор шығармашылық қажыр-қайраттың нәтижесiнде дүниеге келген төрт томдық эпопея дүниежүзi әдебиетiнiң көркiн асырып, кемел төрiнен орын алдыАбай өмірі арқылы қазақты бүкіл әлемге танытқан жазушының еңбегі жүз он алты тілге аударылған. Мұхтар Әуезов – жомарт табиғаттың жарқын дүниеге тым сараң сыйлайтын біртуары. XIX ғасырдың асқар белі Абай болса, ХХ ғасырдың заңғар биігі – Мұхтар Әуезов.
Әуезов әлемiнiң табиғаты – өмiрдiң өзiндей қым-қуыт, күрделi. Бiрде махаббат пен сүйiспеншiлiк­тiң бе­сiгiнде тербелiп, айлы түн құшағында адасқан ессiз жастай елiтер тұстарымен сенi жадылап алса, ендi бiрде алысқанын алып тынбай басылмас, ел басқару мен халықты иiре бiлудiң, үйiре бiлудiң кереметтей далалық үлгiсiн күллi болмысымен игерген сахара шонжарларының қатал да сұсты, қарымды да қайсар келбетiн көрiп, ерiксiз сүйсiнесiз. 
Қазақ халқының тағдыр-талайын айту арқылы, қазақ халқының өмiрiн көрсету арқылы Әуезовтiң ой-жүйесi адамзат мәнiнiң сан қилы қайнарына шомды. Ол мұны «Еңлiк – Кебектен» бастап дара тұлғалы «Абайға» дейiнгi шығармашылығымен дәлелдейдi. Бүгiнде «ХХ ғасыр классиктерi» деген ұғым өзiне Мұхтар Әуезов есiмiн қосады. Себебі, қазақтың маңдайына ғана біткен жарық жұлдыз Әуезов шын мәніндегі тау тұлғалы талант...


25.jpgМаралы мен бұғысы ойнақ салып, ақ қайыңы мен бал қарағайы бой таластыра өскен өр Алтайдың төрі талай таланттардың кіндік қаны тамған қасиетті қоныс. Төбесі көк тіреген Алтай тауы, көрікті Қатон жері туралы айтып жатқанда алдымен ойға оралатыны – Оралхан Бөкей. Бүгін талантты жазушы, драматург, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың иегері Оралхан Бөкейдің дүниеге келген күні. «Атау-кере» повесіндегі «Менің мұқым жастығым өткен жылдар – сырттай қарағанда, мап-майда, жып-жылмағай болғанымен, іштей іріген даңғазасы мол, яғни ұраны мен ұрда-жығы қатарласа дамыған «мақтаншақ» кезең еді» деп берілетін кейіпкер көңіл-күйінің астарында қаламгердің өз өмір сыры жатқан еді. Дәуірдің сондай мақтаншақ, жалтақ, жағымпаз кезеңіне қарамастан, қаламын батыл сілтеді. Кеңестік идеологияның кержақ қағидаларына бағынбады. Әйгілі жазушы 1993 жылы дүниеден өтті. Көзі тірі болса биыл 71 жасқа толар еді.




800224_1751831143______________________________3_.jpgБүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, кесек тұлғалы, қайсар мінезді  наркескені, шындықтың шырақшысы атанған, қазақ әдебиетінің, тілінің, ділінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған, халқы Шер-аға деп сүйіспеншілікпен әспеттеген абыз Ақсақалымыз – Шерхан Мұртаза 82 жасқа толып отыр.
Қазақ журналистикасы тарихында соны із салып, талай өрімдей жастың бағын ашқан, туған әдебиетімізде де өзінің қайталанбас  талантымен  олжа салған сөз зергерінің қазақ әдебиеті мен журналистика саласына сіңірген еңбегі орасан зор. 
Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. 
Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.  
«Ай мен Айшаны» астастырып, «Қызыл жебені» қорамсақтан суырып, «Қара маржанды» қазынаға айналдырып, «Тамұқтан» жол тапқан жазушы қазір дүниенің кемдігін түгендеп «Бір кем дүние» атты үлкен еңбек жазды. 


383961_242797041_419_Jarokov_Tayr.jpgТағы бір талантты қаламгердің бірі – Тайыр Жароков арамызда болғанда жетпіс екі жасқа толар еді... Осы есімді естігенде совет дәуіріндегі қазақ поэзиясынан хабары бар адамның құлағы бір елең етпей қоймайды. Қазіргі егде тартқандардан бүгінгі жастарға дейін Жароков есімі мектеп партасынан таныс. Тайыр Жароков деген есім мен үшін поэзия деген асыл сөздің баламасы сияқты. Тайыр ақын... Ақын Тайыр... 
Тайыр Жароков – дәуір туғызған ақын. Оның бар шығармаларына көз жүгіртсек, кешегі еліміз өткен әр кезеңге ақынның бір белгі соқпай қалмағанын көреміз.
Арамыздан ертерек кеткен Тайыр Жароков қазақ әдебиетінде өшпейтін орны бар үлкен тұлға. Осындай мәрелі күні үлкен ақынды еске алумен бірге оның артында қалған мұрасын келер ұрпақ көзінің қарашығындай сақтап жүрсе екен деген тілек айтамыз. 
Аяулы ағамыз, бала күнімізден қуатты даусы құлағымызға сіңген тамаша ақынымыз арамыздан ертерек кеткенмен, оның қалтқысыз таза жаны, ақ көңіл, ақеділ пейілі, жаймашуақ жарқын келбеті осы күнге дейін қылау түспей көз алдымызда тұр. Оның үлкен ақындық мұрасына да уақыт кіреуке түсіре алған жоқ. Ақын өмірі әлі де ұзақ.

iBPP6zH7ZtU.jpg
Сондай-ақ, таланттылардың көшін жалғап, дәл бүгін ұлылар дүниеге келген күні, қазіргі жастар поэзиясында өзінің сыршыл да, әдемі жырларымен танылып келе жатқан жас ақын Айдана Сегізбаеваның да туған күні. Айдана 1990 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында дүниеге келген. Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты, болашақ – әдебиеттанушы. Жас ақынды бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, қазақ әдебиетінің биігінен көрініп, қара өлеңнің мәртебесін асқақтата бер деген аппақ тілегімді білдіремін...






P/S: Уақыт озған сайын ой-санамыздың бедерi мен болмысын iрiлен­дiре түсер осынау ұлы тұлғалар қатары үркердей шоғырланып, жарқырай түссе, уақыт кеңiстiгi ұлғайған сайын сол жарық белдеулер арасынан әлі талай шоқ жұлдыздардың жарқырап, айрықша нұрын, сәулесiн ғаламға шаша түсерi, жарқырай түсерi ақиқат. Өйткені, ұлы ғаламды жарық жұлдыздар ға­на көрiктендiредi...


Салтанат Қожа

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар