Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Адамзаттың аза жыры

31.05.2014 278

Адамзаттың аза жыры

Мамыр айының 29 жұлдызында Қарағанды қаласы, К. Станиславский атындағы орыс драма театрында белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың («Қара орамал», «Черный платок») кітабының тұсаукесер кеші өтті. Қарағанды қаласының зиялы қауымы мен көнекөз қариялары, студент жастары жиналған театр ғимаратында ине шаншар орын болмады деседе болады. Қазақтың қадірлі азаматы, еңбек ардагері Қасымбек Медиев «Қара орамал» кітабының тұсау кесер рәсімін жасап, Ғалым ақынға ағалық лебізін білдірді. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Жұмабеков мырза да бұл шығармашылық кештің маңыздылығы мен тәрбиелік мәніне тоқталып өтті.

092P7180.jpgКешке арнайы әдебиет порталы да қатысып қайтты. Бұл кеш ерекше өтті... Олай деуімізге бірнеше себеп бар. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасының аясында өткен бұл кештің өскелең ұрпаққа берер тағылымы мол болды. ХХ ғасыр тарихында қанмен жазылған Карлаг тұтқындарының тағдыры бүкіл адамзатқа ортақ қасірет. Жазықсыз жаланың құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұлықтау, еске алу бүгінгі ұрпақтың асыл парызы екендігін кеш барысында іштей түйсіндік. Бұл күн мейрам не мереке емес. Бұл ұлы қасірет күні. Бір басы мыңға татитын ұлт зиялыларын тозақтың отынан өткізіп, азаптың ащы запыранын ішкізген сұм заман келмеске кеткенмен, жарасы жадымызда мәңгілікке қалды. 

«Сталиндік террормен» іске асырылған Қазақстан аумағында 27 лагерь ұйымдастырылған болса, соның ішіндегі ең ауқымдысы Карлаг болған екен. Карлагтың территориясы түгелдей бір Франция сиятындай аумақты қамтыған. Бұл лагерьді құрудағы басты мақсат орталық Қазақстанда енді дамып келе жатқан өнеркәсіп, өндрістерін қара жұмыспен қамту болатын. Карлаг басқармасына 26 бөлімше, 192 лагерь қараған. Ал сол лагерьлердегі тұтқындардың жағдайы ерекше ауыр болған екен. 
 14,02.jpg 14,02123.jpg 13 - копия.jpg 
Кеш басында «Болашақ» коледжінің студенттері ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемі бойынша шағын көрініс көрсетті. Сүт пісірім уақытқа созылған көріністен көрермен санасы сұрапыл ғасырдың сұрқия сәттерін бастарынан өткергендей күй кешті. Ақын Ғалымның саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнаған қара өлеңнен тұрғызылған қасіретнама жырлары адуынды қара дауылдай ұйытқып, нөсерлетіп келіп, Қорқыттың қобызындай Арқа аспанын күңірентіп жіберді:

Кешіріңдер,
Жан аға,
ақ аналар,
Сағаналар сөйлесін
бағаналар.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы
Қарағанды лагері – қара орамал.

             14,021234.jpg     14,0212344.jpg
    
Коммунистік идялогияның сұрқия саясатының салдарынан қазақ тарихы қасақана бұрмаланып келді. Соның ішінде осы Карлаг жайлы да талай шындықтар ашылады. Қарағанды «Болашақ» университеті осы мәселені бірнеше жылдар бойы зерттеу нысанына  алып, көптеген іргелі жұмыстар жүргізген екен. Осыған орай іс-шара аясында  жарық көрген «Тарихқа тағзым» атты танымдық мақалалар жинағы да таныстырылды. 

Кеш барысында бір айтса кесіп айтатын Махамбет мінезді Алаштың айтулы ақыны Серік Ақсұңқарұлы тілек-лебізін білдірді:
«Халық деген алып мұхит секілді. Ішінде балықтары бар, акулалары бар, уылдырығын шашып жайбарақат жатады. Белгілі бір тарихи жағдайда. Кенет дауыл соғады. Дауыл соққан соң оның толқындары жағалауға келіп,  өзінің мұхит екенін көрсетеді. Халық қалай болса әдебиет те солай. Нарықтың кезінде қазақтың жыры да Қасымның тұсындағы қаһарынан айырылып, әсіресе мына жастардың ортасында сүйдім-күйдім дегеннен аспай, өмірге деген үмітін үзіп, писсимистік әуенге салынған еді. Кенет біздің Ғалымның «Қара орамалы» жарыққа шыққаннан кейін қазақ жырының үстінде дауыл туғандай болды! «Қара орамал» қазақ поэзиясындағы ірі құбылыс.

Андрей Вознесенский деген керемет ақын бар, сол айтқан екен «ұлы орыс әдебиеті» - «ұлы отан соғысы»  деп. «Ұлы қазақ халқы» деген де «ұлы қазақ әдебиеті» деген сөз! Ұлы қазақ әдебиеті болмаса ұлы қазақ халқы болмайды. Қазақты ұлы қылып тұрған – оның әдебиеті! Мына нарықтың заманында біраз ел шаршап қалғанмен, қазақ ақын-жазушылары еңбек етіп жатыр.
 
Ғалым екеуміз қаламды бірге ұстағанбыз, Алматыда жазушылар одағында, 700-ге тарта мүшесі бар, соның бес жүзі ақын ғой деймін. Бірақ менімше соның ішінде 5-ақ ақын бар. Орыстарда «Біз жетеуміз» деген өлең бар еді, сол сияқты мен де жақында «Біз бесеуміз» деген өлең жазайын деп жүрмін. Сол бесеудің бірі осы – Ғалым.  

Ал енді, мынау тақырыпқа келетін болсақ, репрессия деген қазақ халқы үшін ерекше қиын болды. Біздей халықты жуасыту үшін әдейі істелген дүние болды: аштық та, репрессия да. Мысалы бізбен көршілес өзбек деген ел бар – Өзбекстан. Сол өзбек интеллегенциясынан  3-ақ адам саяси қуғын-сүргін құрбаны болыпты. Оның үшеуі де басымаш екен, басымаш халық жауы болмағанда кім халық жауы болады?! Ал бізде Ахмет, Сәкеннен бастап Мағжанға дейін тігерге тұяқ қалдырмай алып кетті. Бұл жерде тек қана репрессияны кінәлауға болмайды. Сондықтан Ғалымның «Қара орамал» деген поэма-реквиемі, жай жазыла салған жоқ. Бұл Адамзат қоғамына ескерту сөзі!!! Ал егер сондай алмағайып күн туатын болса, әлі де сондай бір-бір азаматты ұстатып жіберуіміз әбден мүмкін. Құдайға тәуба әйтеуір, президентіміздің саясатының арқасында мамыражай күн кешіп жатырмыз. 

Ал енді мынау әдебиет жайлы айтатын болсақ, оған өзіннің толық өміріңді арнау керек.  Бес-алты кітап өлең жазып, 5-6 роман жазып тұлға болып жүруге болмайды. Әдебиетте біреудің орнына біреу бармайды. Абай өз орнында отыр, Жамбыл өз орнында отыр – әркім өз орнында отыру керек. Ғалым бауырым қазақ әдебиетінде, қазақ жырында өзінің орнында отырған санаулы ақындардың бірі деп ойлаймын. Кешегі Совет одағының құрамында болған елдердің ішінде қазір жазушылар одағы деген бізден басқа ешкімде жоқ. Қалтамда жазушылар одағының билеті бар, мен Әуезовпен бірдеймін деп ойлауға болмайды. Билет ештеңе бермейді, сен халқыңа не бересін – сонымен халқың сені бағалайды. Сондықтан жаңа менің қолымнан жазушылар одағының билетін алған жігіттер де ойлану керек. Бойыңдағы бар қасиетті халқыңа беру керек деп ойлаймын, Ғалым ұқсап беру керек!

Одан кейін осы кешті өткізіп жатқан мына менің Нұрлан деген бауырыма ерекше ілтипатымды айтқым келеді. Нұрлан секілді тұлғаларды орыстар «подвижник нации», «прорабы духа» дейді. Егер мына Нұрландар болмаса ұлт дегенің болмайды екен. Ұлттың жақсысын таныған адам ғана, ұлттың жақсысын білген ел ғана ұлт бола алады. 

Бүгін Қарағанды тек қана үлкен өндіріс орталығына ғана емес, сондай-ақ рухани орталыққа айналды. Вокзалымыздың алдында Қаныш Сәтпаев тұр, Қасым ақынның тойы дүркіреп өтті, оның да ескерткіші тұр. Анау бейбітшілік даңғылында Қаз дауысты Қазыбек би тұр. Сол Қазыбек биден бастап мына қазіргі жастардың шығармаларына дейін жинақтап Сарыарқа кітапханасы сериясының 100 томдық жинағын жарыққа шығарғалы отырмыз. Бүгіннің өзінде оның алпыс томы дайын болды. Қарағандының сексен жылдығына дейін сексен кітап шығарамызба деген ойдамыз. Жақсымызды жатырқамай басымызға көтеріп жүрейік!»

Әдебиет жайлы толғанып, Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығына жоғары баға берген Серік Ақсұңқарұлның сөзі көпшіліктің қошемет ықыласына ие болды.

Анық бір ақиқат «Қара орамал» поэма-реквиемі қазіргі қазақ поэзиясында үлкен резонанс тудырған бірегей туынды екендігі.Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдегі қаламдас ағайындар бұл поэма-реквиемді өз тілдеріне аударуға ынта білдіріп отыр. Желдің гулегені мен жапырақтың айналып түскенін, ғарышқа сапар шегіп, әруақпен диалогкқа түсіп жүрген уайымшыл жас ақындарға Адамзаттың асқақ мұратын, өлмес, өшпес рухын паш еткен Жайлыбаев жырлары үлкен сабақ болары ақиқат. Карлаг қасыреті жайлы жазылған тұңғыш әдеби шығарма ретінде қоғам санасын бір сілкіндіргені сөзсіз. Ендеше жақсыларымызды мәңгі ұлықтап, өткенге құрметпен қарап жүрейік, ағайын!

Ақерке АСАН 
 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар