Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылы Осман: «Менің қаным қазақ емес, жаным – қазақ!»

30.04.2014 719

Асылы Осман: «Менің қаным қазақ емес, жаным – қазақ!»


1 мамыр – бірлік мерекесі! 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Айтулы мерекеде «Әдебиет порталы» ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты, тіл жанашыры – Асылы Әлиқызы Османнан мерекелік сұхбат алған еді...



c6317c706890b5432a9b130a07ef90e1.jpgСәлеметсіз бе, Асылы апа! Мерекеңіз құтты болсын! Сіз бірлік мерекесін қалай қарсы аласыз?

– 1 мамыр мерекесі сонау кеңес үкіметінің кезінен-ақ еңбек мерекесі болып есептелген. Бұл күннің мәні де, мағынасы да өте зор. Сол мазмұнда бүгінгі 1 мамыр мерекесі Елбасымыз теңдігіміз бір, бірлік мерекесі етіп белгіледі.  Бүгінде барлық қазақстандық бірлікте, татулықта осы мерекені тойлайды. Мұндай мерекемен адамның еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі артады. Бірлік күні еліміздің бірлігіне де, түсіністігіне де, теңдігіне де жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Ал тағдырымыз бір болғаннан кейін еліміз бір болуы керек және бірлікте болуымыз шарт. «Бірлік түбі – береке» деген халық даналығы бар. Біз әуелден бірлігіміз жарасқан қасиетті қазақ еліміз. Бұл күнді ерекше ықыласпен, ыстық махаббатпен қарсы аламын. Достарым, бұрыннан келе жатқан аралас-құралас жолдастарым құттықтап келіп жатады. Мұның бәрі мен үшін үлкен қуаныш!

«Мен қазақ үшін өлуге бармын...» дейсіз. Сіз өзіңізді толыққанды қазақпын деп есептейсіз бе?

– Мен әрдайым айтып жүрем, Қазақстандай жер, қазақтай ел жоқ! Мен өзімді толыққанды қазақпын деп іштей есептегеніммен, жаным қазақ болғанымен қаным қазақ емес. Егер менің қанымды қазақ десе ол қып-қызыл өтірік болар еді. Менің қаным қазақ емес, жаным қазақ! Ал, жан қаннан да жоғары тұрады. Қазір мен қазақпын деп кеудемді керіп, зор мақтанышпен айтам.

«Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жөндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: “Отан!” - деп сыбырлаған
Жаным менің, Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!»,- деп жырлаған Мұқағали ақынның үніне толықтай қосыламын. 

Сіз еліміздегі бірден-бір тіл жанашырысыз. Егер қазақ тілін жанынан артық көретін жақсы қазақ болса ол сіздей-ақ болсын! Қазіргі қазақ тіліне көңіліңіз тола ма?

– Менің барым да , базарым да, нәсібім де, кәсібім де – қазақ тілі. Сол қазақтың тілін меңгергендіктен қазақтың барлық ойындағы қасиетін, болмысын ұғып, түсініп, шырылдап айтатыным да сол. Қазақтың тілі өте бай. Соны баянды ету қолымыздан келмей тұр. Маған қасиет те, ақыл да, адамдық болмыс та тіл арқылы қазағымнан дарыған. Тілдің бүгінгі жағдайы бұрынғыға қарағанда салыстырмалы түрде ілгері қарай жылжу бар. Мен 1998 жылы «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген ұйым аштым. Қазақтың тілі бай, қазақтың тілі шұрайлы. Мемлекеттік тіл болғаннан кейін біз оны қастерлеуіміз керек. Жүсіп Баласағұнның: «Алдымен ең бай тіл арабтың тілі, Екінші түріктің тілі. Түркі тілінің ішіндегі қазақтың тілі оның гаухары деген» деген керемет қанатты сөзі бар.  Сол гаухар тілдің мән-мағынасына кейбір азаматтар мән бермейді. Мемлекет болғаннан кейін оның мемлекеттік тілі бірінші орында тұруы керек. Әрбір адам басқа  тілдерді де білуі керек. Ал, Қазақстандағы қазақ тілі баршамызға ортақ тіл. Қазақ тілін білу біздің азаматтық борышымыз. Қазіргі қазақ тіліне деген құрметіне әлі де болса көңілім толмайды. Бірақ, осыған да шүкіршілік айтамын. 

Сіз қазір не оқып жүрсіз? Соңғы оқыған әдеби шығармаңыз қандай? 

– Шамам келгенінше оқуға тырысамын. Көбіне газет-журналдардағы тілге, ұлтқа, әдет-ғұрпымызға, салтымызға байланысты байланысты дүниелерді жібермей оқимын. Мағжанның, Қадырдың өлеңдерін оқып тұрамын. Немет Келімбетовтың «Балама хат» шығармасын оқыдым. Қазақ халқына қатысты, оның әдет-ғұрпын, салт-санасын бейнелеп жазған әрбір дүниесін қалт жібермеуге тырысамын. Мен тілшімін, ғалым адаммын. Менің барлық жазған дүниелерім тіл турасында. «Тіл – тәуелсіз ел болашағы» деген кітап жаздым. «Қазағым бар да мен бармын» деген өзімнің мақалалар жинағым  бар. Әдебиет пен тіл егіз. Сондықтан, әрбір ақынның сөз саптауы, өлең жазуы ол қазақ тілінің құнарлығын көрсетеді. 

Сіз қазақ елінің белгілі тұлғасы ретінде болашаққа аманаттап қандай хат қалдырар едіңіз?

– Менің ең басты арманым – елімнің тыныштығы. 
Елімді даласымен сақтасын.
Халқымды данасымен сақтасын.
Сәбиді анасымен сақтасын
Азаматтарды санасымен сақтасын...

Бірлік мерекесіне құттықтау лебізіңіз?

– Арайлап жеткен 1 мамыр бірлік пен берекесін алып келсін! Қазағыма Қыдыр қонып, бақ дарысын! Барша қазақстандықтарды мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Баршаға бақ, береке, татулық, зор денсаулық, достық, сыйластық тілеймін. Әрбір қазақтың шаңырағына толағай табыстар алып келсін! Жанарларына жақұт, таңдайларына бақұт ұяласын! 

Әңгімеңізге рахмет! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілейміз!


Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар