Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бүгін жазушы Қабдеш Жұмаділовтың туған күні!

24.04.2014 916

Бүгін жазушы Қабдеш Жұмаділовтың туған күні!

Бүгін – Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Тәуелсіз Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтың туған күні. Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Бүгін жазушыны туған күнімен құттықтап, хал-жайын білген едік... 


Kabdew.jpgСәлеметсіз бе!? Аға, бүгінгі туған күніңізбен! Сіз бұл күнді қайда қарсы аласыз?

– Батыстан үйрендік пе, орыстан үйрендік пе қазір бізде туған күнді тойлау деген бар. Өз басым туған күн дегенге жақсы көзқараспен қабылдаймын. Жыл сайын отбасыммен бірге қарсы аламыз. Әрбір туған күн өз ерекшелігімен келеді. Биыл да отбасымда қарсы аламын. Туған-туысқандарым, балаларым келіп құттықтап жатады.

Қазір не жазып жүрсіз?  

– Бүгін міне, 78 жасқа аяқ бастым. Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Осы жасқа дейін 10 роман, 20 повесть, 70- ге жуық әңгіме жаздым. Мен сирек жазатын, талғаммен жазатын жазушымын. Мен өте аз жазамын. Былтыр «Қазығұрт» баспасынан 12 томдық шығармалар жинағым шықты. Қазіргі уақытта әңгіме жазумен айналысып жүрмін. Бұл өзіме де, оқырмандарға да өте ыңғайлы деп ойлаймын. Себебі, қазір ұзақ роман оқып отыруға көпшілігінің қолы тимей жатады. «Атамұра» баспасына әңгімелер мен сыр-сұхбаттардан құралған «Аққуды атпас болар» атты жинағымды ұсындым. Алла қаласа, күзде жарыққа шығады.
          
Жаныңыздан тастамай, қайта-қайта оқып тұратын кітаптарыңыз бар ма?

– Мұхтар ӘуезовтыАбайды оқимын. Қасым Аманжолов, Мұқағалиды оқимын. Жуырда Қасым мен Мұқағали туралы эссе жаздым. Мұқағалиды ерекше жақсы көремін. Қасымды өзімнің ұстазым санаймын. Себебі, Қасым – Абай мен  бүгінгі әдебиет арасын жалғап тұрған алтын көпір. 

Өзіңіздің қандай шығармаларыңызды қайталап оқисыз?

– «Таңғажайып дүние» мемуарлық шығармамды қайталап оқитын кездерім болады. Балалығымды сағынған кезде, өткен күндерімді еске түсірген кезде оқып шығамын. «Соңғы көш» пен «Дарабозды» да оқып тұрамын. 

Сізбен қатарлас буынмен бірге әдебиетке жаңа буын өкілдері келуде. Олардың қалам алысы туралы қандай пікірдесіз?  

– Әдебиетке күн сайын жас буын келіп жатады. Бұл үшін мен қуанамын. Бірақ, менің қазіргі жастарға қатты жаным ашиды. Олар әдебиеттің тиражы тарылған заманда өмір сүріп жатыр. Кезінде менің «Тағдыр» романым 40 мың таралыммен жарыққа шықты. Әдебиет жақсы насихатталды. Қазір әрбір қазақтың үйінен біздің кітаптарымыз табылады десем қателеспеймін. Ал, қазіргі жастардың жинақтары ең көбі 2000 данамен ғана жарық көреді. Ол тек Алматыдан, Астанадан әрі аспайды. Менің «Соңғы көш» деген романым әнеукүні қарап отырсам, 196 мың данамен тараған екен. Сонда дүниежүзінің қазақтары түгел оқыған ғой. «Соңғы көш» диаспора тақырыбына жол ашқан кітап болды. Менің ғана емес, осы тақырыпта жазғысы келген адамдардың жолын ашты. Жариялануы қиын болғанымен, түбі қайырлы болды. 

Өмірге өкпеңіз бар ма?

– Мен тағдырыма разымын! Ойға алған тақырыптарымның бәрін жаздым, айтар ойымды шығармаларым арқылы түгел айттым деп ойлаймын. Егер тағы да тың образдар мен идеялар келіп жатса тағы да жазамын. Алла баршамызға амандық берсін! Азаттығымыздан айырылмай, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болса барлығы жақсы болады деп ойлаймын. 

Қазақ әдебиетінің ақсақал жазушысын, қарымды қаламгерін біз де 78 көктемімен құттықтаймыз! Отбасына амандық, мықты денсаулық тілейміз!


Сұхбаттасқан: Салтанат Жүсіп



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.