Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жүрекке жол тартқан жеті жинақ

26.02.2014 878

Жүрекке жол тартқан жеті жинақ

Жуырда халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті Исламбек Төлеубайұлы Салжанов мырзаның демеушілігімен «Фолиант» баспасынан жеті бірдей ақын-жазушының кітаптары жарық көрді. 2012 жылы алты әдебиет өкілінің жыр жинағын оқырман қауымға ұсынған «Алтын қыран» биыл да жыр жауһарларына жомарттық танытты. 

Осы жылдың 12 наурыз күні сағат 15.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасында жинақтардың тұсаукесер рәсімі өтеді. Біз де әдеби қауымнан сүйінші хабар сұрай отырып, жүрекке жол тартқан жеті жинақтың авторларынан алынған шағын сұхбатымызды сіздердің назарларынызға ұсынуды жөн көрдік.


1653466_570989402996374_865641258_n.jpg Қуаныш МЕДЕУБАЕВ, «Қара жәшік» жыр жинағының авторы:

 – Жинағыңыздың атауы ерекше. «Қара жәшік» деп атауыңыздың басты себебі неде?

– Қара жәшік деп аталу себебі, біріншіден, кітаптың ішінде осы тақырыптағы өлеңім бар. Екіншіден, жалпы әр ақынның кітабы өз жүрегінің ішіндегі қара жәшік іспетті. Сол тұрғыдан қарағанда адам өмірінің барлық құпиясы мен шынайы тағдырын жазып, сақтап қалып кейін махшарда Тәңір алдында тұрғанда адамның амал дәптері тәрізді осы қара жәшік оң жағынан келген кезінде соның ішіндегі жақсылық жамандықтан үстем болса деген ой еді.

– Өлеңдеріңізден нағыз лирик ақын екеніңіз байқалады. Өлеңнің сізге, сіздің өлеңге берер бағаңыз қаншалықты?

kara-zhashik.jpg –  Менің өлеңге жасар құрметім шексіз. Десе де, өз өлеңіме көңілім толмауы да заңдылық. Өзін-өзі сүйетін нарцисс гүлі тәрізді тағдырды ақындарға бұйыртпаған сияқты. Мен өз-өзіне көңілі толып жүрген ақынды әлі кездестірмедім. Әр ақын үнемі ізденісте, қала берді рухани күйзелісте жүреді. Егер, өлең өмірдің айнасы болса,  соны айна-қатесіз шынайы жеткізе білгенге не жетсін?! Міне, соны айта білсек, жеткізе білсек өз өлеңімізге деген бағаны сол уақытта танырмыз. Әйтпесе, өлеңге де, өмірге де баға берерлік өз бағамыз болғанымен сол дүниенің қайнаған ортасында жүріп, ақиқаттың бетін аша алмасақ, баға бергіш пенде болу біздің мақсат емес. Ал, лирикаға келер болсақ, бұл тамыры жүректе жатқан ұзақ әңгіме.


загруженное.jpg Бейбіт САРЫБАЙ, «Мейірім» әңгімелер мен хикаяттар жинағының авторы:

 – Сіз адам мен қоғам арасындағы қақтығыстарды шынайы суреттейтін жазушылардың бірісіз. Көбіне сіздің жазушылық кейіпкеріңіз кім?

– Жерді жарып шыққан, болмаса аспаннан салбырап түскен бірде-бір кейіпкерім жоқ. Барлығы да біз бен сіз күнде көріп жүрген замандастарымыз. «Біздің заманның Шығайбайларындағы» сараң шалдан бастап, «Рауғаш ерте гүлдейдідегі» кішкентай қызға дейінгі аралықтағы бірқатар кейіпкерлердің прототиптері бар. Әрине, әдеби кейіпкерге айналғанда өзгерістердің болатыны заңды. «Бейкүнә күнәһарлардағы» балалардың барлығы менің бала күнгі достарым. Олар сондай тап-таза еді. Және әлі де сол тазалықтарын жоғалтқан жоқ. Адамдық қалыптарын сақтап қала алды. Ауылға барған сайын жолықпай кетпеймін. Көздеріне қараймын. Қызығамын. Қулық, сұмдықтан ада. Әлі күнге сәби сияқты аңғал. Бір өкініштісі, жастары отыздан асса да әлі күнге отбасылы болмаған. Сол алақандай ауылда қоңыр тірліктің қамытын киіп, арбасын сүйреп жүр. Кейде соларды ойлап құлазитыным бар. Олар үшін өмірдің қызығы не? Алдыға қойған мақсат,  жетсем деген армандары бар ма? Бар болса неге ұмтылмайды? Бір-бірінен аумайтын таңдарды атырып, бір-бірінен айырмасы жоқ кештерді батырғандарына мәз бе? Олар қайдан, не күтеді? Әлде «өмірде қанша қызық бар дейсің, келіп қалған соң жүрген болмаса» деп ажалдарын ғана күтіп жүр ме? Міне, олар осы қалыптарында да менің кейіпкерлерім болуы мүмкін... Бір сөзбен айтқанда менің кейіпкерлерім – мені толғандырған адамдар. Және оларды жағымды, жағымсыз кейіпкер деп бөлмеймін.

merim.jpg – «Мейірім». Кезекті кітабыңызға осындай әдемі атау беріпсіз. Сіз Алла Тағаладан басқа кімнен мейірім күтер едіңіз мына қоғамда?

 – Мейірімді қатал адамнан күтпейсіз. Мен мейірімді мейірімді адамдардан күтемін. Мейірімді көз арқылы да, сөз арқылы да бөлісуге болады. Сөз арқылы бөлісуге болатын болғандықтан, телефон арқылы да, почта арқылы да бөлісуге болады деген сөз. Адам бала күнінде киімге, тамаққа жарымаса да мейірімге жарып өсуі керек деп ойлаймын... Аштықта адамдарды сақтап қалған осы мейірім шығар. Алла туралы айтылғанда қалай деп айтылады. Мейірімі шексіз Алла деп айтылады. Олай болса, сол мейірімі шексіз Алла жаратқан пендесінің бойына мейірімді аямай берген. Мейірім бітіп қалатын зат емес. Сіз оны жылдар бойы көп адамдармен қорықпай бөлісе беріңіз. Таусылып қалмайды. Орыс классигінің әйгілі сөзіне түбегейлі қарсы шықпасақ та, айтайық. Әлемді құтқаратын сұлулық емес, мейірім. Адамдар арасындағы кішігірім қақтығыстар мен үлкен майдандардың көбісі сол сұлулыққа таластан басталған. Адамдардың бәрі мейірімді болса, әлемде соғыс өрті тұтанбас еді. Мейірімді адамның қолынан қатыгездік келмейді. Қатыгездік жасалған күннің өзінде де ол келесі бір әлемге деген мейірімнен тууы мүмкін. Бұның мысалы баласына деген мейірімнің арқасында сол баласын қорғауы үшін жауына қатыгездік танытатын адам. Мейірім сатылмайтын сезім. Сондықтан да, мейірімді әрбір адамнан күтуге болады. Бұл сезім әркімнің бойында бар. Тек оята білу керек.

 – «Жазушы шығармаларының ішіндегі ең мазмұны бай, сиқырлы, қалғандарына қарағанда таңдай қақтырары, масаттандыратыны – оның өз өмірі», - дейді Гете. Бұл пікірдің сіздің шығармаларыңыздағы көрінісі қандай?

 – Бір адамның аузымен айтылғаны болмаса, мың адамның санасындағы шындық. Бұның жарқын мысалы Бердібек Соқпақбаев. Гете бұл жерде мемуарды айтып отырған жоқ деп ойлаймын. Ал, өзіме қатысты айтар болсам, бұл сұраққа жоғарыда жартылай жауап бердім-ау деймін. Иа, менің өмірімнің әр кезеңдері әр шығармамда белгілі бір мөлшерде көрініс береді. Әдейі тықпаламаймын. Керек жерінде пайдалануға тура келеді. Флобердің «Бовари ханым дегеніңіз менмін» дегені сияқты, «ол менмін ғой» деп бірнеше кейіпкерімді атап беруіме болады...


3805_458485420865214_6264218_n.jpg Думан АНАШ, «Әулет» публицистикалық жазбалар жинағының авторы:

– Публицистика жанрындағы  жазбаларыңыз көңіл қуантады. Ерекше көзқарасыңызды байқаймыз. Бұл жанрда қалам тербеуіңізге не себеп болды?

– Саусақтың ізі бір-біріне ұқсамайды. Сыртқы тұрпатымыз сияқты сана-сезім де бір-бірін қайталай бермейді. Яғни, әр адамның көзқарасы ерекше. Оларды біріктіретін – қоғам, өмір сүріп жатқан ортаның ортақ құндылықтары мен кемшіліктері. Өзімнен ерекше көзқарас байқасам қуанар едім. Біз сол шеңбердің ішінде жүрміз. Бұзып-жарып шығатын алабөтен мінез, көшбасшылық қасиет бұйырмапты. Сөз туралы сөз қозғау қиын. Қазір публицистиканы көсем сөз деп аударып жүр. Қызыл көсемнен запы болған жұртқа «көсем» ұғымы өте арзан, әр елді-мекенде ескерткіші жұлынып, күресінге тасталған уақытша дүние іспетті әсер қалдырады. Публицистика – ойлы сөз. Ақпараттың аламанында адаспа дейтіндер көбейді. Дұрыс делік. Алайда, ақпаратқа да ойлы сөзді таңа білсек ұтылмаймыз. Мәселен,  Нұртөре Жүсіп ағамыз «Астана ақшамы» газетінің редакторы кезінде елордалықтардың еңсесін бір ауыз сөзбен көтерді. «Крещенский морозды» «Арқаның аязы» деуіміз керек деді. Бір уыс аудиторияға болса да бір ауыз жөн сөз айтуға жарасақ, журналистикаға бекер келмегеніміз.

aulet.jpg – Алаш рухын, Абай тағлымын тілге тиек етіпсіз. Қазіргі қазақ қоғамындағы сіз мақтанып айтатындай жетістік қандай?

– «Алтын қыран» қайырымдылық қорының демеушілігімен «Әулет» атты алғашқы кітабым жарық көрді. Кітаптың атына қарап, прозалық дүние деп ойлаушылар да, биографиялық  эссе ретінде де қабылдаушылар баршылық. Тіпті, бір туысқаным өз әулетіміз жайлы ма деп сұрады. Бұл – қарапайым мақалалар мен сұхбаттар жинағы. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамындағы ұлттық ояту мен оянуды зерделеген жазбалар. Парасаттылық, бауырмалдық, ізгілік, күрескерлік һәм жалаң күрескерлік емес, саяси сауатты қарсылықтың кемеліне келген кезіне, содан соң жан түршігерлік қорлау мен ұлттық драмаға ұласқан оқиғалардың ортасына оралып, колониалдық халық болуды түйсіну тылсым түйсіктердің тығынын ағытып жіберетін сияқты. Осы түйсік жадыланған санамызды серпуге сәл де болса сеп бола ма деген оймен жинақ баспаға ұсынылды. Абайдың, Алаш қайраткерлерінің әулеті арқылы қазақтың қандай биік ұлт болғанын, қағынан  жеріп, қағажу көрген күйімізге қандай ұлы құрбандықтар арқылы түскенімізді түйсінуге тиіспіз. Қазіргі кезде Алаш идеясын насихаттайтын білікті ғылыми еңбектер мен зерттеулерді жариялауға құмбыл ақпараттық, интернеттік ресустар көбейіп келеді. Осы тараптағы ізденістер әдеби және драмалық көркем образдар жасауда жалғасса мақтануға, жетістік деуге болады.


загруженное (1).jpg Жанар ӘБСАДЫҚ, «Сезімдер маусымы» жыр жинағының авторы:

 – Алғашқы жыр жинағыңыздың тұсауы кесілді. Құтты болсын! Сіз аз жазатын, аз жазса да саз жазатын ақындардың қатарынансыз. Бұл өзіндік ерекшелік, ақындық талғам. Қазіргі әдебиетте өзіне жарнама жасап, қайтсем танымал бола алам деп жүрген ақындар қатары өте көп. Ал, мені сіздің осы талғамыңыз таң қалдырады. Бұл сіздің ақындық әдеби ортадан алшақ жүрейін дегеніңіз бе? Әлде өзіндік сыры бар ма?

–  Шынымды айтсам, мен өлеңді аз жазам. Барынша аз жазу қалам ұстаған адамға мақтаныш та емес. Және бұл поэтикалық талғамымнан, өлеңге ерекше көзқараспен қараудан туған нәрсе емес. Менің өлеңді аз жазуыма, көбіне көп өзімді ақын ретінде қабылдамауымнан басталған сияқты. Әдебиетті бала кезімнен сүйдім, бастапқыда оқырман ретінде, келе-келе шығарма жазуға ықыласым оянды. Бала арманмен болашақта жазушы болам деп шешкен едім. Әдебиетке қабілетімнің барын байқап, осы салаға әрі қарай тәрбиелеуге күш салған ұстазым, әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрахан ағайдың жетелеуімен жоғары сыныптарда алғашқы өлеңдерім жазылды. Алғашқыда тапсырма бойынша салқындау, орашалақтау жазылатын жырларым, бірте-бірте жүректі толқытып, сүйіспеншілікпен жазылатын болды. Ақындықтың ауылы маған да алыс емес екенін сонда байқағам. Бірақ, неге екенін бәрібір өлең жазуым өзіме уақытша құбылыс сияқты көрінетін де тұратын. Бәрібір менің жазуға тиіс шығармам өлеңнің аясына сыймайтындай болатын. Сол себепті ерекше толқыған кезде, сезімдер лепіріп, кеудеге сыймай кеткен сәттерде ғана өлең жазуға отырушы едім. Осы әдет ойымда қалып қойды. Қазір енді жылдар өткен сайын өз-өзіңе үңілген сайын поэзия мен үшін кездейсоқ құбылыс, тіпті өзім ойлағандай уақытша да емес екенін түсіндім. Қазір, керісінше, жазылмаған жақсы жырларымды аяймын. Ақындық болмыс жүре келе қалыптасатын емес, тумыстан берілетінін аздап кеш түсінген сияқтымын. Бірақ, бәрібір ақын екенмін деп қаламды да, өзімді де шаршатқанды жаратпаймын. Ескі ойларды, таптаурын болған сезімдерді қайта-қайта қағазға әртүрлі формада көшіргім келмейді. Ал әдеби ортадан ешқашан алшақтауға немесе соншалықты жақындауға тырысқан емеспін. Шығармашылық ортаның қабылдауы адамға керек те шығар, бірақ, әдеби айналымда адамның өзі жүргенінен гөрі, шығармалары жүргені дұрыс деп ойлаймын. Егер, оқырманға, әдебиетші қауымға рухани ләззат сыйлай алатын дүние тудыра алсақ, ол елеусіз қалмайды. Бастысы сол лайықты шығарманы жазу. Ал мен өзімнің өлшемімнен, талғамымнан шығатындай шығарма жаздым дей алмаймын. Келесі жазар дүниелердің сапалы шығуын алдағы уақыттың еншісіне қалдырдым. Алғашқы  жыр жинағыма келсем, бұл негізінен студент шақтағы балғын ойлар жинағы десем болады. Мүмкіндігінше сүзіп бердім. Кейінгі ересектеу өлеңдерді араластырғым келмеді.


sezimder_mausimi.jpg – «Сезімдер маусымы». Сіздің жүрек түкпіріңіздегі сезім сыры мен өлеңдегі кейіпкер болмысы қаншалықты үндес?

– Тұп-тура өзің айтқандай, өлеңдегі кейіпкерім мен жүректегі жайшылықта ешкімге сездірмейтін сырлар, мүмкіндігінше жұрт көзінен жасырын ұстауға тырысатын жан-дүнием, болмысым егіз, бір-біріне айна сияқты... Өлең маған сол үшін қымбат.

– «Жүрегіме жүгендеулі бақ-сорым,

Келдім қайдан? Айта алмадым, ақсадым.

Лепті сөйлем ұмтылып ем болуға,

Шыға алмадым ішінен бір жақшаның» дейсіз. Жақшаның ішіне жасырынған тағдырыңыздың алда лепті сөйлемге айналуына жырларыңыздың әсері қандай?

 – Шығармашылық мұрат тұрғысынан алғанда лепті сөйлем болу – оңай еңсеретін жоспарлы дүние емес. Ол – бақ пен сор, машақаты мен ләззаты тең түсетін, ілуде біреулердің маңдайына жазылатын дегдарлық. Ол – әдеттегі бақ таласы мен нан таласынан үстем тұратын дарын, қабілет және жанкештілік. Ал, қарапайым өмір заңдылықтарына салар болсақ, лепті сөйлем болу дегенің – аузы дуалы, сөзі уәли, өзінен аты үлкен, абыройлы, ақшалы, мансапты адам болу шығар... Бірінші нұсқа орындалу үшін өлең маған емес, мен оған қызмет ету керек шығармын. Онда да тумыстан керекті қасиеттерің мен қабілеттерің толық болса ғана... Ал, екінші нұсқаға келсек, ешқашан өлеңді дүниауи қажеттіліктер үшін пайдалану ойыма келмепті. Әрине, еңбектеніп, жұрт кәдесіне жарайтын шығарма жазып жатсаң, ол белгілі бір абырой әперері анық, ол заңдылық. Дегенмен, шығарма шығарма күйінде қалғаны дұрыс, ол – рухани азық, ол – жан байлығы, ешуақытта да байлық – мансапқа жеткізетін  қарабайыр құрал емес. Сондықтан, өлеңдерім – өлең ғана. Тағдырдың жазуымен жазатындардың қатарында болған соң өміріме де, өзіме де әсері бары анық. Алып жүруге ауыр, тастауға мүлде қиын жабыспа дерт сияқты болады екен. Кейде самоиронияң ойнап кеткенде өз-өзіңе күлесің: ел қатарлы жоспармен, сергек өмір сүруге тырысып, ұмтылып жүрсең, ішіңде бір данышпан ақын отырып алып, бар құбылысты өзінше талдап, талғап, терістеп, мазаңды алады. «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым» деп Төкеңдер босқа айтпаған шығар.


загруженное (2).jpg Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ, «Жусан Қыз» жыр жинағының авторы:

– Өлеңдеріңізден сіздің шынайы болмысыңыз бен саф көңіліңіздің қатар тоғысқанын байқаймыз. Ешкімге ұқсамайтын өз қолтаңбаңыздың бар екенін аңғартасыз. Қазақ  поэзиясындағы бірін-бірі қайталау, ой ұрлау үрдісін қалай қабылдайсыз?

– Қайталау – көлеңкеде сая табу. Көлеңке ымыртта қоюланады. Сол кезде саяқсыған әлгі біреу тұтас түнге жұтылып кетеді. Әдеби орта десе құсқым келеді! Ортаның көмейі кең болса жөн. Бізде бір шөлмектің айналасында өтірік мақтау, сырттан даттау, кекіру ғана. Бәрінен алыс жатқаным үшін бақыттымын. Адам өлтірудің ең жаман түрі – елеусіз қалдыру. Елеусіз орта бұл!


jusan-kiz.jpg – Қазіргі постмодернистік поэзияға сіздің көзқарасыңыз?

– Модерн әркімнің өзіне тән. Ол әркімнің өз қойын дәптерінде жасалса құба-құп. Үлкен дүниеге үлкен эксперимент арқылы келеді. Немесе туасалды генийлік болады. Олар да бір бағыттың желіне құлақ түрсе екен.

– Жинағыңыздың «Жусан Қыз» атауына тоқталып кетсеңіз.

– «Жусан Қыз» – бала кезден сақталып келе жатқан образ. Ш.Айтматов «Ақ кемесінде» кішкентай қу сирақ сексеуілмен қалай сөйлессе, мен де жусанды уыстап солай сөйлесетінмін. Досым Жусан еді. Есейе келе Жусан эталоны муза боп кетті. Бұл маған ғана тиесілі теңеу, образ, әлем. Жусан Қыз – аңсар, сезім, символ, байырғы рух, нәзіктік.


1239772_1402873499940904_129927049_n.jpg Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА, «Сол бір сәуле» жыр жинағының авторы:

– «Сол бір сәуле»... Сол сіздегі сөнбес сәуле мен сәулелі өлеңдеріңіздің өзара үйлесімділігі қандай?

– Мына өмірдің өзі – бір күндік сәуле. Өмір бойы жарыққа ұмтылып жүргеніміз де сол. Қанатымыздың күйіп жататыны және бар. Кітабымның атауына келсек, сол бір сәулелерге ынтызар боп жүргенде жазылған жырларым болатын. Оның үстіне мен әдеби ортадан жырақта, сонау Атырау облысының Дендерінде өмір сүріп жатырмын. Яғни, менің мұңым екі есе...

–  Сіздің жырларыңыздан асқақ рухты, батыл жүректі бірден байқаймыз. Сіздегі ақындық болмысқа туған жердің әсері қандай?

– Атырау жері – жалаулы найза ұстаған ерлердің мекені. Табиғаты жасылдан гөрі сұр, қоңыр түске жақын біздің өлкенің адамдары адуын да, ақжарма мінезді болып келетіні баршаға аян болар. Махамбеттің жырлары арқылы рухымыз оянды, кешегі өткен Фариза апамыз жасығанда жігерімізді жаныды. Рас, өлеңдерімнің басым бөлігі патриоттық рухта. Бұл осы бағытты әдейілеп ұстанайын дегеннен емес, біртүрлі табиғи құбылыс. Біздің бар шынымыз – өлеңімізде.

solbirsaule.jpg – Жинағыңызға енген «Ай астында бір көл бар» поэмасына тоқталып өтсеңіз?

– Көне Сарайшық, күн астындағы жәдігерлердің жан айқайы жанымды ауыртып жүретін. Оның үстіне бала шақтан құлағымызға сіңген алтын қайық туралы аңыз және бар. Осыны жырыма арқау еткім келді. Бұл шығарманың тақырыбы алғашында  «Секеркөл хикаясы» деп аталатын. Ақын  Фариза апам тақырыбын «Ай астында бір көл бар» деп өзгертуге кеңес берді. Жыл сайын су жалмап бара жатырған көне қала орны жүрегіңді ауыртады. Сарайшық біздің ұлы тарихымыз еді. 



smagul_1.jpg Ғалым СМАҒҰЛҰЛЫ, «Карикатура» сатиралық сурет-альбом жинағының авторы:

– Сіздегі құдірет ол – қылқалам. Сол құдіретті қылқалам арқылы қыл үстіндегі біздің бүгінгі тағдырымызды суреттермен сөйлеткен екенсіз. Сын сурет тақырыбына қалам тербеуіңіздің басты сыры неде?

– Біздің елде, біздің заманымызда карикатурашы болам деген адам тақырыпсыз қалмайды деп толық сеніммен айта аламын. Қазіргі таңда толып жатқан әлеуметтік мәселелер, саяси оқиғалар ұлтқа, халыққа шығарылып жатқан мәселелерді карикатура арқылы ара-жігін ажыратып, көпшілікке жеткізуге  болады. Әйгілі британ қоғам қайраткері Уинстон Черчилль газеттерден өзіне байланысты сын карикатуралар көрінбей кетсе «халқым мені ұмытып кеткен жоқ па?» деп сауал қояды екен. Бұл жанрдың 80 пайызы сыннан тұрады.


karikatura.jpg – Көптеген халықаралық карикатурашылар байқауының жүлдегерісіз. Қазіргі таңда біздің елімізде бұл жанрдың даму деңгейі қандай?

– Қазақ карикатурасы 1925-1930 жылдар аралығында бастау алған. Елімізде бұл жанрдың өркендеуі сатиралық «Ара» журналымен байланысты. Сол жылдары «Ара» журналынан көптеген карикатурашылар шықты. Бірақ, сол заманның цензурасына байланысты тек әлеуметтік мәселелерден әрі аспады. Қазіргі қазақ карикатурасының жайы жайқалып тұр деп айта алмаймын. Баспасөзі дүркіреген Американың өзінде карикатура жанрын «умирающий профессия» қатарына қосқан. Біздің елде де бұл жанрды, карикатурашы мамандығын Қызыл кітапқа енгізу керек деп ойлаймын.

 

Р.S. Иә, шығармашылық өмірде автор мен шығарма, автор мен көркем әдебиет біте қайнасып жатқан рухани дүние. Олардың бір-бірінсіз күні де жоқ. Әдеби шығарманың дүниеге келуі сол авторды өмірбаяны бар тұлғалар қатарына енгізуге әкеледі. Нұрлы болашаққа жол тартқан, үміттер мен үлгінің жүгін арқалаған осынау жеті жинақтың жарқын жұлдыздарына, әдебиет жанашырларына біз де толағай табыс тіледік.

 

                                                       Дайындаған: Салтанат ЖҮСІП


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар