Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Менен де осы өтті өмір...»

12.02.2014 645

«Менен де осы өтті өмір...»

Есен____л Жа__ыпбеков 03.jpgДүлдүл ақын Есенқұл Жақыпбектің 60 жылдығына арналған «Менен де осы өтті өмір...» атты кеш Қазақстан Жазушылар одағында өтті. 10 ақпан – Есенқұл ақынның құжат бойынша туған күні. «Туу туралы куәлік» деген өлеңінде:
"Болмаппыз, шыны керек, туа мықты,
Жабысқан дерттен жаным суалыпты
Азайып анамыздың ақ үміті,
Алмапты Туу жайлы куәлікті.
Үміттің үзілген тек жері бар ма?
Бәрібір тоқтамапты өмір арба.
Жыл өткен соң тіркепті ауыл Совет,
Туды деп мені оныншы февральда", – деп жазғаны бар.

Есенқұл ағаның өзі негізгі туған күні 19 желтоқсан екенін айтып жүретін. Алпыстың асқаралы биігіне небары бір ай қалғанда дүниеден өткен ақынын бұл күні халық шынайы жоқтады, ақын рухына тік тұрып қошемет көрсетті. Кеш тізгінін қолға ұстаған ақын Жанарбек Әшімжан салиқалы әңгімесімен осы кеште Есенқұлды оқырманымен қайта табыстырғандай болды.
Есен____л Жа__ыпбеков 02.jpgӨнер академиясының студенттері ақын өлеңдерінен шағын композиция ұсынса, Бекжан Тұрыс, Ақан Әбдуәлі, Әсет Иманғалиев, Саят Медеуов, Жәкен Омаров, Роза Әлқожа, Ләззат Жанаманова сынды өнер иелері Е.Жақыпбектің әнге айналған туындыларын орындады. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин Есенқұл Серікбайұлының мәңгі ғұмыры енді басталғанын, осындай халқы барда мәңгі жасай беретінін айта келіп: «Ақын сүйенген, ақын өзінің медеуі деп санаған жалғыздық жайлы сарын Ақтамбердіден тартып, Абаймен жалғасып, Мұқағалиға жеткен. Сол сарын Есенқұлда да бар және ол Есенқұлдың өзіне ғана тән әдемі өрнекке толы», – деп ойын орайлы мысалдармен әрледі, ақынның жары Меңсұлу Нағашыбекқызына құрмет көрсетіп, камзол жапты. Мұндай құрметті Қазақ ұлттық аграрлық университетінің және Қазақ қыздар педагогикалық университетінің ректораты да көрсетті.


Кешке жиналған жұрт көзге жас алып тарасты. «Жапырағы дірілеп тұрған алпыс жас» ақынға жеткізбей кеткенмен, оның өлеңдері неше мың алпысты артта қалдыратынына бәріміз сеніп тұрдық.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар