Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Тілім үшін – жанымды беруге дайынмын»

16.10.2013 512

«Тілім үшін – жанымды беруге дайынмын»


d994e873a60265b0f56696b049392bea.jpg

3bc380ecba0082beed2a8cc5e761f5a3.jpg



Астана. 12 қазан. Еліміздің тыныштығын күзеткен сақшыларымыздың ерліктері мен батырлықтарын теледидар экранынан күн сайын көріп, куә болып жүрміз. Мұның жарқын үлгісі ретінде өзге үшін өз жанын құрбан еткен ағамыз Ғазиз Байтасовтың жанқиярлығын айтуға болады. Мұндай батыр ұлдарымыздың аттарын атап, санамалай берсек есебінен жаңыларымыз анық. Ұлтының қамы үшін жанын пида етер азаматтарымыздың бойына осынау батырлық қасиет қайдан дарыған дерсіз.


Еліміздің төрі Астанада өткен «Парасатты полицей» байқауында ел сақшыларының тілі мен ділінің қадір-қасиетін бәрінен жоғары қоятынына тағы да көз жеткіздік. Республиканың әр өңірінен жиналған сарбаздар екі күн бойы тіл, тарих саласы бойынша өзара сынға түсіп, ұлтжанды азаматтар екенін дәлелдеп бақты. Байқауды ұйымдастырушылар сақшыларды бірнеше номинация бойынша сынға салды. Құрыш білек сарбаздар спортпен қатар, руханиятын да байыта жүруді ұмыт қалдырмағанын «Туған тілім – тұғырым», мақал-мәтел сайыстарында табан астында тауып айтар жүйріктіктерімен және алдын-ала ұсынған шығармаларында байқатты.


Самалды Сарыарқаның төсін еміп, бойына мәдениеттің мәйегін сіңірген «Солтүстік жұлдыздары» мен «Көкше қырандары» командалары және киелі оңтүстік өлкесінен келген «Қақпан» тобы үшінші орынды өзара бөліссе, мәдениеттің ошағы Маңғыстаудың «Маңғыстау марқасқалары» мен Қостанайдың «Ақ берен» топтары екінші орынды иеленді. Бірінші орын Алматы облысының Ішкі істер департаментінің «Айбатты арлан, Тайсалмас тарлан» командасына бұйырды. Кез келген сында өзгелерден оқ бойы озық шыққан елордалық сарбаздар бас жүлдені бас қаламызда қалдырды.


«Атақты қолбасшы Суворов «өзгеге үлгі болу үшін, әуелі өз басыңды түзе» деген. Тілді қастерлейтіндеріңді сахнада көрсеттіңдер, тәнті болдық, тебірендік. Тек, бұл айтқандарың осы жерде қалып қоймай, отбасыларыңда, қызметтегі әріптестеріңнің арасында күнделікті қолданысқа енсе, берген сөздің үдесінен шыққандарың. Бас жүлде сендер үшін сахнада берілген диплом да сыйлық та емес, сендердің бас жүлделерің сахнада берген серттерің. «Тілім үшін – жанымды құрбан етуге дайынмын». Бұл сөзді айтып, өздеріңе үлкен тапсырма алдыңдар. Елге оралып өзге әріптестеріңнің арасына барғанда айта жүріңдер «Парасатты полицей» болудың төте жолы – ана тіліңді қастерлеуде». Тіл жанашыры, Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазының жүректі тебірентер жалынды сөздерінен сарбаздардың ана тілін жетік меңгергеніне көңілі толғанын байқадық.


Биылғы сайыстың деңгейі де мәртебесі де жоғары. Бұл – тіл саласында қызмет етіп жүрген қайраткерлердің сынға түскендерге берген бағасы. Айтулы шараны ұйымдастырушылар биылмен шектелмей, алдағы жылдары да мұндай жиындарды ұдайы түрде өткізуді қолға алатынын жеткізді.


 

Ғабит ҚАРАБАЙ

Суретті түсірген - Азат Есембеков


Қайнар көз:  www.baq.kz порталы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар