Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы. Мәңгі өлмеу – ақын мұраты...

12.01.2017 6765

Асылбек Байтанұлы. Мәңгі өлмеу – ақын мұраты

Асылбек Байтанұлы. Мәңгі өлмеу – ақын мұраты - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясындағы дара шыңдардың бірі де бірегейі Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы, ақындық қалпы туралы айтып жатудың өзі артық сияқты. Өмірін өлеңімен өрнектеген ақиық ақынның «күпі кигені қара өлеңімізге шекпен жауып қана ұсынған», қарапайым қара өлең ұйқасты жырлары – туған халқына, барша оқырманына айтып кеткен аманатты сырлары.

55a6ea9c629037af35b18d245674bbe3.jpg

Он-он бір жасынан өлең жаза бастаған ақын өзінің жоқшылық-тапшылықпен өткен қиын-қыстау балалық шағы туралы әр жылдары шынайы суреттеулерге бай көптеген жырлар жазған екен. Солардың бірінде былай деп толғанады:

Тағдыр бізден бәрін де аямаған:

Жылатқан да жұбатқан, аялаған,

Ата қаздан айрылған балапан ек,

Аспан асты, жер үстін саялаған.

Арманымыз жұлдызға жуық болып,

Апыл-тапыл күн кештік суып, тоңып.

Шаруасы шалқайған шағын үйдің,

Шаңырағына шаншылдық уық болып...

«Жетім қозы тасбауыр – түңілер де отығар» дегендей, балалық балғын күндерін соғыс жалмаған сол бір кезеңнің ұрпағы өмір үшін күресте мойымай, мұқалмай, керісінше қайраттана түседі:

Аңыздардан тере жүріп масақты,

Рас, рас, көзімізден жас ақты.

Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,

Бәрімізден бір-бір батыр жасапты.

Мұқағали жырлары өзінің көркемдеу жүйесімен – ойлау деңгейінің биіктігі мен пайымдау жасаудың терең де шынайылығымен ерекше. Философиялық поэзиядағы, соның ішінде қазақ поэзиясындағы бір көп ұшырасатын мәселе – «мәңгі өлмеу». Яғни, жан мен тәннің ажырауынан кейінгі ақынның туған халқымен, жалпы адамзат баласымен бірге жасайтын рухани ғұмыры. Мұны біз Мұқағали ақынның өзі «Қасым солай болмаса, несі Қасым!» деп талантына бас иген Қасым Аманжоловтың әйгілі «Өзім туралы» өлеңіндегі мына жолдардан көреміз:

Өкінбен, мен де бір күн өлемін деп,

Өкінем ұқсата алмай келемін деп.

Күніне жүз ойланып, мың толғанам,

Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп. –

«Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы? Өлмейтұғын артына сөз қалдырған!», - деп хакім Абайдың өзі шегелеп кеткен ой ғой. Расымен де, өлмейтұғын сөз немесе басқа да мәңгілік рухани қазына тудырып қалдыру – өнер мен әдебиет саласындағы кез келген шығармашыл тұлғаның арманы ғой.

Жырлар жазам,

Білмеймін не берерін,

Көгерерін білмеймін, тек өлерін.

Күйінішін халқымның, сүйінішін,

Өз үнімен жырласам деген едім, -

деп өлең өрісіндегі азаматтық кредосын аңғартқан Мұқағали ақын да өз пешенесіне жазылған қамшының сабындай ғұмырда ажалдан гөрі, өлімнен қорқатынын былайша білдіреді:

Өлімнен қорқам, кете жаздаймын жынданып.

Өмір бар жерде өлім деген бір жүр қауіп.

Ажалды қойшы, байқатпай соғар ұрланып,

Алдына оның жүрміз ғой күнде мың барып.

Бұл жерде ақын былай қарағанда мәндес, мағыналас болып көрінетін «ажал» мен «өлімді» бір шумақта бекер алып отырмағаны анық. Ақын өзінің «ажалдан емес, өлімнен қорқу» тұжырымдамасына жиі соғып отырғанын, тек қорқып қана қоймай, болашақта өлмес аты қалатынына кәміл сенгенін де көреміз. Ақын 1974 жылы 16 желтоқсанда күнделігінде былай деп жазған екен: «Ей, даңғыралы дәлдүріштер? Маған төрелік жасайтын сендер емессіңдер. Нағыз төрелік айтатындар – әлі алда. Жылдар өтер, жаңа буын келер, әне солар біздің әрқайсымызды өз орнымызға қоятын болады. Бағзыдан бері солай болған, солай болады да. Өзім туралы мен мынаны мәлімдеймін: Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын, тіпті мүмкін, одан да арғы буындармен туыстас болармын (орыс тілінен аударма біздікі. А.Б)

...Ойлаңдар, достар!

Өнерде «жарыс» болмайды!

Өресі жетпей,

Күндестік қылған оңбайды.

Өнерің жетіп,

Өсе алмай қалсаң, сол қайғы...

Күнде таласқан

Өнерің өнер болмайды!!!»

Мойны кере құлаш оза шыққанды тықсырып топқа тығатын, төбесі қарыс сүйем биік шыққанды төпелеп тізерлетуге дайын тұратын сыншыл да міншіл, өнерлі де дарынды замандас, қаламдас қауымнан әбден шаршаған, ашынғаннан шыққан ащы даусы болса керек бұл, ақынның.

Барша шығармашылық ғұмырында жазған дүниелерін ақын тұтастай алғанда үлкен бір ғұмырнамалық дастан ретінде қарастыра отырып, ойлы оқырманға мынадай ой тастайды: «Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни, жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным.»

Ақынның «сюжетіне көңіл аудармай-ақ қойыңдар» деуінде әлдебір секем бар-ау. Біз мұны көлемді туындыларына, әсіресе, поэмаларына қарата айтылған емеурін деп түсінген болар едік. Расымен де қаншама талантты ақынның есіл шабыты жасанды сюжеттердің құрбаны болып, бүгіндері көзден кеткен соң, көңілден де кетіп қалағаны өкінішті-ақ. Ал Мұқағали ақынның өзі айтқандай, шын таланттар «ғасырмен, тіпті одан арғы буындармен құрдас болып, халықпен бірге өмір сүре бермек.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар