Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Айжан Тәбаракқызы: Жыр әлеміне қанат қаққан жас

13.02.2017 8675

Айжан Тәбаракқызы: Жыр әлеміне қанат қаққан жас

          

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

Аты-жөні: Әсел Кәрібай

Туған жылы: 05.12.1995

Туған жері:ШҚО Аягөз ауданы, Бидайық  ауылы

Оқу орыны: ҚазҰУ

Факультеті:  Филология және әлем тілдері факультеті

4629bbd7eadf9d7a31f60726caac48ad.jpg



Соңғы жылдары қазақ поэзиясына жаңадан қосылып жатқан буынды біріміз білсек, біріміз білмей жатамыз. Осы орайда, Алматыға арманын арқалап келген жас ақындардың бірімен таныстыруды жөн көрдік.

Әрине, ақынның қолымызға түскен бес өлеңінен барлық өлеңінің табиғатын  тану мүмкін болмаса да, осы өлеңдеріндегі оқырман көңілін елең еткізер жайттарға тоқталып өтпекпіз.

Әселдің өлеңінде қыз баласына тән нәзіктік, ұяңдық, сезімталдық қасиет өлеңдерде көрініс тапқан. 

«Кезім келсе,

Әр тайған да,

Қартайған...

Өліп кетсем,

Жұлдызға анық,

Айға анық -

Рухым менің оралады Алтайға

Қар қызына айналып!», деген өлең жолдары сөзімізге тұздық.  Сонымен қатар, төмендегі өлеңнен келтірілген жолдарда да айқындала түседі. «Білмейсіз, Сіз, жарқыным, біздің жайды, Балауса гүл сабағын үзді қайғы» деген өлең жолдары бұл сөзіміздің айқын дәлелі бола алады.

Өлеңдерде теңеу ақын жүрегінде болып жатқан құбылысты,  жандыдан да, жансыздан да сыр баққан айналасындағы дүниені дөп басып суреттеп, ішкі толқынысты беруде сәтті қолданылған.  Бұл дүниеге ақын жүрекпен қарай алу, сезіне алу барлық адамзатқа беріле бермейтін мүмкіндік. Мысалы: «Сенің айтқан әніңнің куәсіндей –

Ай Жарығын сақтармын кеудемде ұзақ.

... «Қош!» дегізген таңдардың күнәсін кей,

Соңғы жұлдыз сүртедіс өнгенде ұзап.», десе, тағы бір жолдарында

«Көкке, Айға, Саған да керегім не?

Жүрегімдеболмасааядай Мұң.

...Әртамшысын жаңбырдың теремін де,

Сенің жазған жырыңдай аялаймын» деп ішкі тебіренісін табиғаттың құбылысымен ұштасыра білетіндігі тағы бар.

Өлеңдердегі тағы бір ерекшелік – риторикалық сұраулы сөйлемдердің жиі қолданылуы. Жүрек сөзін жанарынан оқытатын жұмбақ қыздың сұрақтарының жауабы өзінде тұр. Тек сезінсең болғаны... «Сен жоқ қала - көріксіз! Сенесің бе?», «Мен өзіңді күтемін... Келесің бе?», «Жапырақ боп кеткен бе жүрегіміз?», Сағыныштан сарғая бастаған ба?», Олар жасап жүреді қандай күнә?» деген секілді сұраулы сөйлемдер жауапты оқырманның өз ойынан табуға жетелейді.

Өлеңге өң берер тағы бір бейнелі сөздер – эпитеттер. «Асқақ Арман, қаңғыған ой, жас кеппеген көз, қасіретті жан, мәңгі мұң, астаң-кестең дүние» секілді эпитеттер қазақ тілінде орныққан тіркестер болса да, өлеңде орынды қолданылған.

Ақын өлеңдерінде кездесетін фразеологизмдер кейде сол қалпында, кейде инверсия құбылысына түсіп, өзгеріп қолданылған: «Тағатымды тауысып», «денем түршігіп», «суы құрып аузының айтады екен, Жазбаған ғой Өмірді маңдайыма».

Ақынның көңіл халін боямасыз бейнелейтін, өзіндік қолтаңбасы жарқырап, ерекшелеп тұратын окказионалдарға ойыссақ. Олар: «Соңғы жұлдыз сүртеді сөнгенде ұзап», «Әр тамшысын жаңбырдың теремін де», «Деганың Балеринасы бір мұңлы мелодияның нотасында билейді», «Өлең болып оқылған ғасырларды, Өлім көміп тастайтын көрінеді». «Кірін шайып асфальттардың... шашырай жас ағады көзінен». Дәл осы өлең жолдарынан ақынның жеке қолтаңбасын байқауымызға болады. Себебі жұлдыз сүртеді, жаңбырдың тамшысын теру, мелодияның нотасында билеу, ғасырларды өмірдің көмуі, асфальттардың кірін шайып, ақ қардың көзінен жас ағу деген тіркестерді оқығанда абстракт ұғымдар оқырман санасында жаңаша кейіпке еніп, жан біткендей көрінеді.

Ал өлеңдерде кездесетін метафораларды атасақ: көбелек-қанат, Тәңір-Мұң. Бұл метафоралар осыған дейін де көптеген ақындарда көрініс тапқан.

Ақын өлеңдерінің құрылысындағы ең алдымен көзге түсетіні – анафоралар. Мысалы: «Күн сырғыттым бетінде Күнтізбенің...Мұң сырғыттым тілінде Сағатымның...»,«Мен жұбаттым заманның Зарлықтарын, Мен ескердім мүддеттің Мұңлықтарын»,  «Мен неге бұл Көктемге өкпелімін?, Мен неге Күзге асықтым, Сізге асықтым?», «Неліктен ерте қажып кетті жүрек?, Неліктен Күзді аңсаймын, Сізді аңсаймын...»

Өлеңдерінің көбі дәстүрлі қара өлең ұйқасына, ал «Тәңірінің галереясы...» өлеңі еркін ұйқасқа құрылған. Дәл осы өлеңін басқа өлеңдерінен ерекшелеп атап өткіміз келеді. Бұл өлеңін өлең мен өнердің сабақтастығы деп атар едік. Мұнда ақын көркемөнерді қазақ өлеңімен сөйлетіп, күтпеген жаңа тыныс береді.

Өлең өлкесіне қанат қаққан ақынның аяқ алысы көпті қуантады. Махаббат – мәңгілік тақырып. Осы тақырыпты әр ақын өз деңгейінде жырлайтыны анық. Алайда алдағы уақытта «сенесің бе?», «келесің бе?», «керегім не?», «теремін де», «тілегіміз», «жүрегіміз» сынды өлеңге әбден сіңіп, тұрақталып кеткен сөздерді  көп қолданбағаны жөн болады деп ойлаймыз. Сіздерге жас ақынның өлеңдерін ұсынбас бұрын,  әдебиеттегі замандастары мен аға буынның да бір ауыз пікірін қосып отырмыз.


Құралай ОМАР, ақын:

ba7384583ac79a1cb334f681769166e5.jpg


Шынайылығынан танбаса, Әселден үлкен ақын шығады

Өлең – киелі де қасиетті ұғым. Ал ақындық – Тәңірдің берген сыйы. Қолдан өлең жасалмайды. Ол жүректің түбінен үзіліп түсуі керек. Олай болмаған жағдайда өлең танитын адамға бірден сезіліп тұрады.

Өлең өлкесіне қанат қаққан Әсел сіңлімнің өлеңдері сезімнің шынайылығымен бірден баурап алды. Қаламына құйылған жүректің сөздері ақ қағазға еш жасандылықсыз түскен.

...Жапырақ боп кеткен бе жүрегіміз?

Сағыныштан сарғая бастаған ба?

Көңілінің түкпіріндегі сағынышы мен сезімін жауыр болған жаттанды сөздермен емес, ерекше жеткізуге тырысады.

Күн сырғыттым бетінде Күнтізбенің...

Мұң сырғыттым тілінде Сағатымның...

Күтудің, қоштасудың азабын да өзгеше өреді:

Сен кеткелі Алматы өзгерді анық.

Бульвары да жатсынды!

Гүлзары да!

Осындай шынайылығынан танбаса, Әселдің болашақта үлкен ақын болары сөзсіз.


Тұрсынбек БАШАР, ақынның замандасы :

44306407cd86654e5c5980eda9ab6dd8.jpg


Өлеңдері көңіліңе көктен кеп еріп кететін жылы қар секілді...

Мен бұл қыз туралы ойланғанда, үнемі Алматының қарлы көшелеріне терезе артынан мұңайып қарап, өлең жазып отырған қалпын елестетем. Жүрегін шаң баспаған, көңіліне кір жұқпаған қаршадай қыз өлең отауына әдебиет табалдырығынан имене аттап кіріп келеді. Өзі кісікиіктеу, шақырған жерге келмейді, әдеби ортадан алыс жүреді. Өлеңдері көңіліңе көктен қалықтай кеп еріп кететін, бойға қуат, жүрегіңе жылу сыйлайтын жылы қар секілді. Тымық түннің кешінде қалықтап қар жауған бақ ішінде серуендеген кезіңіз есіңізде ме?! Көктен қалықтаған көбелек қарды көріп, өзіңізді басқа бір әлемде жүргендей сезінесіз..


  ***

Когда я перестану тебя ждать,

Любить, надеяться и верить,

То я закрою плотно окна, двери

Я просто лягу умирать.

  Марина Цветаева



Сен жоқ қала - көріксіз! Сенесіңбе?

Сен жоқ қала–молалы жарға айналған!

Мен өзіңді күтемін... Келесіңбе?

Ең алғашқы жапырақ сарғайғанда...


Тағатымды тауысып үнсіз менің,

Өртеп кеттіңк өбелек-қанатымды.

Күн сырғыттым бетінде Күнтізбенің...

Мұң сырғыттым тілінде Сағатымның...


Сен кеткелі Алматы өзгерді анық.

Бульвары да жатсынды!

Гүлзары да!

Құрбан болған жолыңа көздер-ғаріп,

Біркөруге жете алмай жүр зарыға.


Сенің айтқан әніңнің куәсіндей –

Ай Жарығын сақтармын кеудемде ұзақ.

..."Қош!" дегізген таңдардың күнәсін кей,

Соңғы жұлдыз сүртедісөнгенде ұзап.


Көкке, Айға, Саған да керегім не?

Жүрегімдеболмасааядай Мұң.

...Әртамшысын жаңбырдың теремін де,

Сенің жазған жырыңдай аялаймын.


...Тәңір-Мұңнан сұраған Тілегіміз!

...Аспан жаққа шақырған асқақ Арман!

(...Жапырақ боп кеткенбе жүрегіміз?

Сағыныштан сарғая бастаған ба?)


Қаңғыған ой кезеді мұнар ішін,

Көрінерме Сәулеңнің бір ұшқыны?!

Жас кеппегенкөзімнің Жұбанышы!

Қасіретті жанымның Тыныштығы!


...Сен жоқ қала - көріксіз! Сенесіңбе?

Сен жоқ қала–молалы жарға айналған!

Мен өзіңді күтемін... Келесіңбе?

Ең алғашқы жапырақ сарғайғанда...


Тәңірінің галереясы...


(Жансаяға)

Түнекте тығылып гүл атар мәңгі мұң.

Түнекте тығылып  гүл атар мәңгі мұң.

Жарықтың жамалынан Өлең қымсынып.

Мунктың Айқайынан денем түршігіп.

Куинджидің Айлы түнінде қаңғыдым.


кенет...

Джоконданың күлкісі

Талып жетті Луврдан

астаң-кестеңд үниені арылтып

өсектен.

күбірден.

сыбырдан.


Биялай киген бозбала отыр.

Тицианның барлық бояуын жұтып,

Ғазалын кім бар ұғынған?..


Деганың Балеринасы

Бір мұңлы мелодияның нотасында билейді,

міннен ада мүсіні.

кірден ада мүсіні.

Сондай асқақ!

Сондай паң!

Дидарында өртен!

лаула!

Күй мейлі!

сен сүйгенмен,

ол пендені сүймейді!


Сабағынан жел үзіп,

Дәндері шашылған Даланың гүлі

Дәрменсіз хәлін аһ ұрып менен сұрады.

Жұбата алмаған сөздерім ғана кінәлі!

Жылай алмаған көздерім ғана күнәлі!

Кірпігім қақсам төгілердей боп тұрады,

Айвазян Теңізі...


***


Мен білмедім өмірде күнә барын,

Есімде жоқ сүйгенім, жылағаным.

Жоқ есімде ессіздеу бір Қарындас,

Айналғаны жырына бір Ағаның.


Түсінген де емеспін тірлік мәнін,

Пенде біткен сөйлейтін тілді ұқпадым.

Мен жұбаттым заманның Зарлықтарын,

Мен ескердім мүддеттің Мұңлықтарын.


Арман етіп айтады Өмір нені?

Парасатсыз пенделік - төңірегі.

Өлең болып оқылған ғасырларды,

Өлім көміп тастайтын көрінеді.


Атылмаған береннен сияқты оқтай,

Кеудесінен құсалы күй атқақтай,

Ұлы адамдар өмірден өтеді екен,

Мият таппай ол жақтан, ұят таппай.


Жер үстінде қалғандай өлке құрып,

Адамзатты мен жаққа елтеді үміт,

Суы құрып аузының айтады екен,

Пейішімді ғаламат ертек қылып.


Дұға оқып әр мұң мен әр қайғыға,

Олар жасап жүреді қандай күнә?

...Ары таза болсын деп Тәңір менің,

Жазбаған ғой Өмірді маңдайыма.


***



"... сен кет бұл ауылдан, мүлдем кет,

 мәңгілікке кет... бұл жерде адамдар көбейіп

  барады... саған еркіндік жоқ... Еркін өмір

  жоқ... Кеңістікке кет... ер менің соңымнан... ер".

Оралхан Бөкей «Қар қызы»



Қаланы - қар,

Жүректі - мұң

тоңдырды,

жатқа елеңдеп.

Ақ көбелек - төңірек.

Ауыл жаққа апармай жол

Қор қылды -

Шақырымдар шегі жоқ.

Алматының қысы бөтен.

Әрсіз тым.


Аязы да қарымайды бетімді.

Тым жалаңаш.

Тым жұтаңдау.

Жансыз тым -

Тұрғындары секілді.

Аспан жақтан жауғызады Тәңірі,

Рақымының ең нұрлысын, ең молын.

Жерге түскен сәттен бастап қадірі -

Табанына тапталады пенденің.

Тапталады

Аппақ ары!

О, соры-ай!

Жатсынады жат қаланы...

сезінем.

Кірін шайып асфальттардың...

шашырай -

жас ағады көзінен.

Бұл Алматы -

Сұқты сұлу!

Оңбаған!

Жесір қалып.

Есіңді алып арбайды.

Жүрегіңді сағынышпен қорғаған

Ауылыңдай адал бола алмайды!

Кезім келсе,

Әр тайған да,

Қартайған...

Өліп кетсем,

Жұлдызға анық,

Айға анық -

Рухым менің оралады Алтайға

Қар қызына айналып!


***


Білмейсіз, Сіз, жарқыным, біздің жайды,

Балауса гүл сабағын үзді қайғы.

Сыртында терезенің Көктем күлген,

Ішінде Күз жылайды, қыз жылайды.


Туа қоймас білеміз біз ғашық күн.

Қай жаққа алып барады Күзді асып мұң?

Мен неге бұл Көктемге өкпелімін?

Мен неге Күзге асықтым, Сізге асықтым?


Шыдап жүрер екенбіз біз қанша Ай, Күн?

Жетегінде жүрерсіз Сіз қанша ойдың...

Неліктен ерте қажып кетті жүрек?

Неліктен Күзді аңсаймын, Сізді аңсаймын...



                                                                                                                                                                                                              


 


                                                                                                                                                                        


        

Айжан Тәбаракқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар