Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Әкім Тарази: Андрей...

09.09.2017 20157

Әкім Тарази: Андрей

Әкім Тарази: Андрей - adebiportal.kz

Қазақта жабайы деген сөз бар. Бірақ, неге екенін өзім де түсінбеймін, орыс тілінде айтылатын варвар деген сөз біздің жабайы деген сөзден гөрі анық, айқын әсерлі сияқты көрінеді.

Сонымен, мен өзімнің варвар екенімді дәлелдеп бердім.

Мәскеудегі Қазан вокзалының үлкен зәуханасында отырғанбыз. Бес-алты тыңдаушы едік. Тыңдаушы деген сөз орыс тілінде слушатель. Он бес республикадан жиналған отыз екі тыңдаушы Мәскеудің Воровская көшесінде екі жылдық курсқа келіп оқи бастағанымызға он бес күндей болған. Әлдекім, қазір есімде жоқ, мені ресторанға шақырды. Отыз екінің бәрі келмесе де, он шақты жігіт жиналғанбыз. Дәл қазір сол ресторанға шақырғандардың кімдер екені жадымда қалмапты. Бірақ дәл оң жағымда отырған жігіт есімде. Осы он бес күннің ішінде маған іш тартып, мені жағалап өзі танысып, сөзге шақырып, үзіліс кезінде кофе ішіп жүрген жаңа танысым Андрей Вердиян мен Арик Агабабов деген жігіт еді. Бірақ бұл арада жігіт деген сөз Агабабовқа жараса қоймайтын. Менің жасым жиырма жетіде Андрей де солай бар, ал Арик Агабабов бізден әлде қайда үлкен еді. Шамамен, осы күнде ойлаймын, қырық бестерге келіп қалған болар-ау деп. Екеуінің ұлты армян болғанымен, біреуі – мәскеулік армян еді, екіншісі – Армениялық армян еді. Екеуінің басы көп қосыла бермейтін. Бірақ бір қызығы, Арик Агабабов та, Андрей Вердиян да маған іш тартып, екеуі екі жағынан демеп жүргендей көрінетін. Сол күні біз Қазан вокзалының абажадай деп айтуға бола ма, апандай деп айтуға бола ма, биіктігі кемінде отыз метр, төбесінде түрлі періштелердің суреті салынған, аз дегенде бес жүз-алты жүз адам сыятын, кең, залында отырып енді-енді ғана дәм тата бастаған кезіміз еді. Ол кездегі дәм деген ұғым, әрине, қазіргіден бөлек. Қай уақытта болмасын дәм тату – ол кезде бір шыны аяқ мөлдір арақтан басталатын. Бірінші тосты кім айтқаны есімде жоқ, бірақ бәріміз ақ көтеріп шыныны төңкеріп қойдық. Ол кезде мен ішудің мәнін де білмеймін, мағынасын да білмеймін, салтын да білмеймін. Бірақ басым дың етіп, көзім шырадай жанып, әсерлі қозғалыс, оқыс қимыл іздей бастағаным есімде. Бірінші тостыдан кейін бәрімізге «тіл бітіп», бұрынғыдан да жақын танысып, айқайласып – дуылдасып «іске» кірісіп кеттік.

Үшінші ме, әлде төртінші ме тостың кезінде көрші столда менен жиырма шақты қадам жерде әлде бір кісінің маған қадала қарап отырғанын сездім. Мен де сол жаққа бұрылып едім, майор формасындағы әскери адам екен. Орыс кісі. Шамамен қырықтардан асқан адам. Қасында отырған жас орыс қызына шамамен он сегіз-он тоғыз жас «бердім». Әлгі майор еңкейе түсіп қасындағы қызға бірдеңе айтып, қайта-қайта маған қарап қояды. Менің сезімім өте ұшқыр еді. Осы күнде де солай (өзім туралы әңгіме болса мен оны сеземін, тіпті алыстан бірнеше шақырым жерден маған көрінбей тұрған бір қоғамның, бір ұйымның немесе бір топтың мен туралы әңгімесін қатты сеземін. Алланың берген бұл бір қасиеті деп ойлаймын).

Мен таңқалып отырдым. Ол мен туралы не айту керек және ол өзінің маған қарап отырғанын жасыра қоймады. Күле түсіп, әлгі қызға бірдеңе айтып, маған қарап, одан кейін қайтадан әлгі қызға қарап сөйлеп отырды. Төртінші, бесінші рюмкеден кейін бе екен, анау майордың әлгі ісі менің жүйкеме тие бастады. Бұл не? деп ойладым. Мені оның кекететіндей, мазақтайдындай қандай әкесінің құны бар еді деп ойлаған болармын шамасы. Бір кезде әлгі майор мен жас қыз биге шықты. Биге шығып қайтадан келіп отыра берген кезде әлгі әскери адам тағы да маған қарап қызға бірдеңе деді. Әрине мен қоза түстім. Қасымдағы достарымның әңгімесіне көп араласа қойған жоқпын. Мен, өзі қайбір біріккен топқа кірсем де, бірден ашыла қоймайтын әдетім. Осы күнге дейін сол әдетім сақталған.

Сонымен не керек әлгі майор менің жыныма әбден тиді. Ойладым: мен анау қызды биге шақырайын. Ананың кім екенін білейін және, мүмкіндігім болса, ол қызды анадан айнытып тартып алып кетейін. Қыз кейде маған қарайды. Көкпеңбек көзі біртүрлі жылы ұшырап, жылы лебіз білдіргендей қарай берді. Тағы бір тостан кейін мен асықпай орнымнан тұрдым. Андрей:

– Қайда барасың, Әкім? – деді.

Мен айттым:

− Анау сұлу қыз маған ұнап отыр. Соны тартып алғым келеді анау майырдан, − дедім.

Майыр деген сөздің орысшасы майор болғанымен, французшасы майыр болып айтылатынын білетінмін. Әдейі Андрейге сес көрсеткендей «майыр» деп сөйледім. Менің орнымнан тұрып өзіне қарай жүре бастағанымды қыз сезді. Жаңа бір би басталған кез еді. Мен би білмейтін едім. Осы күнге дейін биге «онша емеспін». Вальс деген би маған жат. Мына ойнала бастаған вальс еді. Сонда да мен нық басып қыздың қасына келдім. Басымды идім:

− Сізді биге шақыруға бола ма? – дедім. Қыз күлімсірей түсіп қасындағы майорға қарады.

− Рұқсат па? – деді.

Майор:

− Рұқсат, рұқсат – деді.

Қыз орнынан тұрды. Сол сәтте мен ойымда болмаған бір әрекет жасадым. Орнынан тұра берген, маған жақындай берген қыздың ернінен жабысып тұрып бір сүйіп алдым да, кері бұрылып кеттім. Қыз қалай сезінгенін, не істегенін, орнына қалай отырғанын көрген жоқпын. Мен келіп орныма жайғасқан кезде байқағаным қыз әлі де майордың қасында абыржып тұрып қалған екен. Андрей маған күліп қарады, бірақ өңінде түсінбеушілік бар.

– Сен не істедің, Әкім? Ыңғайсыз болды ғой, - деді. – Неге билемедің?

Мен айттым:

– Вальс білмеуші едім.

Содан кейін біраз үнсіз отырып барып тағы да айттым:

– Басқа биді де жетістірмеймін, бірақ вальсты анық білмеймін, - дедім.

– Онда неге жаңағыдай қылық жасадың? – деді Андрей.

Қасында отырған Арик Агабабов Андрейдің сөзін ұнатпады ма:

− Нең бар сенің Әкімде? – деді. Қыз ұнады, бұл барды, сүйіп алды. Өзінің шаруасын бітіріп, орынына келіп отырды. Нең бар Әкімде?

Енді байқасам майор орнынан тұрып бізге қарай келе жатыр екен. Еңгезердей, биік, мығым денелі кісі екен. Арик құп – қу болып кетті.

− Құдай ұрды! – деді. – Анау бізді қазір аямайды! – деді. Деді де ол да орнынан тұрды. Орнынан тұрып майорға қарсы жүре берді. Мен де орнымнан тұрдым. Әрине анау еңгезердей адамды мен жеңе алмаймын, бірақ мен неге қорқуым керек, неге мен отыруым керек орнымнан тұрмай деген болармын. Менің соңымнен еріп, Андрей де келді. Екі столдың ортасында төртеуміз тұрып қалдық. Қаһарланып, қабағын шытып келген майор бірден күліп жіберді.

− Сен мені түсінбедің, бала, – деді ол маған. – Сен кешір, мен сен туралы анау Наташаға айтып отырғаным рас еді. Ол Қазақстанды өмірінде көрмепті. Мен Қазақстанда өскен едім. Мен қазақ халқы туралы Наташаға әңгіме айтып отыр едім. Ал сен келдің ...келдің де... мен сенен оны күткен жоқ едім. Әй-шәй жоқ менің қызымды, үйленейін деп жүрген қызымды сен бірден бас салғаның менің жыныма тиіп тұр.

Арик өте сыпайы, зиялы дейтіннің өзі еді. Киінгенде де өте ұқыпты киінетін. Төбесіндегі жұқа шашының өзін әдемілеп, қайырып, жүйеге келтіріп қоятын. Сол әлгі еңгезердей майордың қолынан алып:

− Сіз бұны кешіріңіз, – деді мені көрсетіп.

Мен одан бетер жынданып қалдым. «Неге кешірім сұрауым керек? Не үшін? Қызды орнынан көтеріп, сүйіп, қайтадан кетіп қалған мен ғой! Оған Арик Агабабовтың қандай қатысы бар?» . Бірақ сол екі ортада Андрей келіп килікті. Андрей майордың құлағына әлдене сыбырлады. Еңкейтіп тұрып, сыбырлады, әлі есімде, сол жақ құлағына сыбыр-сыбыр ете қалды. Содан кейін әлгі майорымыз бірден жұмсарып, жібіп момақан кейіп тауып:

− Жарайды, болған іс болды бұдан кейін бұны ұмытайық, – деді де қайта бұрылып өзінің орнына барып отырды. Сол күннен бастап менің Әкім деген атым группада ұмытыла бастады. Ең алдымен Арик Агабабов маған «Шыңғысханның ұрпағы» деген ат қойды. «Потомок Чингисхана». Бұл атақты режиссер Пудовкиннің атақты фильмінің аты еді. «Потомок Чингисхана» деген. Монғолияда түсірілген. Москва киностудиясы түсірген фильм. Бірінен-бірі естіп, группадағы отыз екі тыңдаушының барлығы «Потомок Чингисхана» деп атап кетті.

Бірақ кейде Арик Агабабов менің арқамнан қағып қойып, жасы үлкендігін пайдаланып, сәл ғана күліп, қалжың екенін сездіріп:

− Ты варвар, Аким, - дейтін.

Бірақ варвар деген екінші ат маған жұқпады. Мүмкін басқалар сыртымнан айтып та жүрген шығар. Бірақ көзімше еш уақытта, ешқайсысы варвар деген емес.

***

Андрей қызық жігіт. Еді. Ол жарықтық бұл дүниеде бар ма, жоқ па білмеймін. Москвадан қол үзіп алыстап кеттік қой.

Андрей қызық жігіт. Онымен бірге жүру күлкі, көңіл көтеру,кейде езуіңді жиғызбайды.

Бәріміз білетінбіз. Егер көңіл көтеріп кафеде, не ресторанда отырсақ Андрей бір-екі жұтым шараптан кейін сол арадағы стакандарды жинап алып, немесе даяшыдан он шақты стакан сұрап алып, әлгі стакандарды бірінің үстіне бірін қиғаштап қойып он «этажға» дейін көтеретін еді. Бір ғажабы бірінің үстіне бірін тіке қоймайды, қиғаш қояды. Сол қиғаш қойған Андрейдің стакандары еш уақытта құлаған емес. Бәріміз жабылып әлгіні қызықтап отырамыз. Бірінші стакан, екінші стакан, үшінші стакан... Стаканнан құрылған «бәйтерек» биіктей беретін. Бір жамбасына қарай қисая беретін. Бірақ, не сиқыры бар екенін, құламайтын. Онға жеткізгенде біз Андрейдің өнеріне қол соғатынбыз, бәріміз мәз болып. Андрей циркте тұрған әртістей басын иіп бізге тағзым ететін. Содан кейін біз қайтадан Андрейге тағы да ішкіземіз. Кішкенеден кейін Андрейдің «екінші өнері» ашылды, сол үйдегі шкафтың ішіне кіріп кетіп ән айтатын. Даусы жап-жақсы еді. Бірақ біз шкафтан оны шығарып алсақ әні тоқталып қалатын. Себебі ол ешкім көрмейтін жерде ғана ән айтуды ұнататын. Оған да бәріміз күлеміз.

Біз негізінен отыз екі «бала» деп айттым ғой, сол отыз екі бала жеке пәтер жалдап тұратын едік. Степендиямыз өте қомақты. Ол кезде мемлекеттік қызметкерлердің айлығы сексен теңгеден-жүз жиырма теңгеге дейін еді. Ал біздің Советтер Одағының Мәдениет министрлігінің «Киногерлер курсы» деп аталатын екі жылдық курстың тыңдаушыларының степендиясы жүз елу теңге. Жүз елу теңгенің он бес теңгесіне жеке бөлме жалдаймыз. Қалғаны шамамен отыз теңге тамаққа кетеді. Тіпті кейбір пысықтарымыз сол степендиядан киім де киетін едік.

Енді Андрейдің үшінші қызығы басталады. Оның үшінші қызығы басталатын кезде көптеген басқа балалар (балалар дегенім – курстың тыңдаушылары) ол арадан кетіп қалуға тырысатын. Себебі Андрей үшінші өнерін көрсету үшін міндетті түрде далаға шығатын. Көбінесе оның қасында жалғыз мен қалам. Себебі оның сырын біліп алған балалар «қой құрысын, қой құрысын» деп жөнін тауып кететін. Андрейдің қызып алғандағы үшінші «өнері» міндетті түрде көшеде тұрған милиция қызметкеріне баратын. Баратын да өңіріндегі түймелердің бір-екеуін жұлқып үзіп алатын. Әрине, милиция ол қылықты кешіре ме, кешірмейді. Айқай шығады. Айқай шыққан кезде Андрей үндемей момақан болып тұрады. «Бұның не? Менің түймемді неге жұлдың? – дейді еңгезердей милиция қызметкері. Андрейде үн жоқ. Әбден ашуланған сақшы бізді милиция бөлімшесіне алып кетеді. Онда барған соң Андрей міндетті түрде милиция бөлімшесінің бастығын талап етеді. «Келсін менің алдыма» дейді. Кейде олар келеді. Келгенде Андрей бастықтың құлағына әлдене деп сыбырлайды. Сол арада бастықтың құты қашады. Жалынып-жалпайып, әкетай-көкетай деп кейде өзінің қызмет машинасына мінгізіп Андрейді үйіне жеткізіп салады. Ол үшінші қылықтың сырын мен он-он бес күннен кейін білдім. Себебі, Андрейдің әкесі Советтер Одағы Қауіпсіздік Комитетінің «Француз тілді елдер» деп аталатын бөлімін басқарады екен. Әскери атағы – генерал-лейтенант екен. Андрейдің бізбен бірге оқыған кездегі фамилиясы Вердиян болса, әкесінің өз фамилиясы Аллавердов екен. Ұлты армян. Мен алғаш ештеңеге мән берген жоқпын. Себебі мен қызметті де, әскери адамдардың да беделін онша ұға бермейтінмін. Үйіне барған сайын әкесі мені өте жылы жағдайда қарсы алатын. Анасы да ас бөлме жақтан жүгіріп шығып «Кел, Әкім. Кел, Әкім» дейтін. Бірақ Андрейдің Карина деген әйелі өз бөлмесінен шыға қоймайтын. Андрейдің айтысына қарағанда Карина атақты әнші екен. Бірақ кейін, бес-алты рет барғаннан кейін Андрей сыбырлап маған айтты:

− Атақты әнші деп жүрген мен өзім ғой. Шынында бұл өзі қаланың кішкентай-кішкентай парктерінде эстрадаға шығып ән айтады. Сөздерін маған жазғызып. «Сөз» деген сөзді Андрей «собачка» дейтін. Мен түсінбеймін, бетіне қараймын. Андрей айтады:

− «Собачка» деген болашақта ән шығарылатын өлеңнің жобасы. Мысалы үшін «пойду» деген сөз болса, оған «найду» деген сөз қосасың. Одан кейін... «Чтобы тебя найти до конца земли дойду! дейсің... Анау үш «собачка» болашақ әннің негізі болу керек. Түсіндің бе? – дейді. Ақындығым жоқ болса да сауатым бар ғой деп басымды изей саламын.

− Иә, түсіндім,− деймін. Бірақ ойлаймын, Андрейдің әйелі қалай әнші болады? Ақындыққа ешқандай қатысы жоқ Андрей әйеліне «собачка» жасап береді? Содан кейін сол «собачканы» өлеңге айналдырады. Ол өлеңге біреулер музыка жазып береді. Оны Карина айтады. Бұл қалай? Ол кезде де түсінген емеспін. Мұндай өнерді мен осы күнде де түсінбеймін.

Сонымен не керек, сөздің реті болған соң айтып отырмын ғой. Бірақ Андрейдің қызығына мен еш уақытта тоймайтын едім. Басқалар қашып кеткен кезде мен қасында қаламын. Себебі – Андрейді аяймын. Оған біреулер тиісуі мүмкін, ұрып кетуі мүмкін. Себебі оның түрінен – момын екені, аңқау екені, бала мінезі басым екені көрініп тұратын. Ал мен болсам «азиялық кейіппен» басқа жұрттың адамы ретінде көшеде кездескендерге кәдімгідей әсер ететінімді сеземін. Және де өзіме қойылған «Шыңғысханның ұрпағы» деген ат маған шынында да ұнайтын. Шынында да мен Шыңғысханның ұрпағы ретінде ірі тұлға болып көрінуге тырысатын едім. Мен үшін Андрейдің үйіне барудың өзі бір салтанат, рәсім, қызық жағдай. Ас бөлме жақтан жүгіріп шығатын анасын айттым. Ол кісі алдындағы жапқышын шешіп, менімен амандасып, қайтадан беліне жапқышын қайта байлап ас бөлме жаққа кіріп кетеді. Біз Андрейдің әкесі отырған кабинетіне кіреміз. Ол кісі міндетті түрде орнынан тұрып сәлем береді. Ғажап бір ақкөңіл адам еді. Кейде сөзінің арасына француз сөздерін қосып қоятын. Кейін ұқтым ол кісі сол қаһарлы мекемедегі француз тілінде сөйлейтін елдерімен байланыс жасайтын үлкен бөлімнің бастығы екен.

Андрейдің ата-анасының қонақ күтуі де қызық. Анасы әрқайсымыздың алдымызға бір-бір шыны кофе қояды. Сонан кейін бір- бір үзім кептірілген нан қояды. Болды. Одан кейін сұрасаң да бермейді. Мұндай қонақ күту салтын көрмеген Әкім дастарқанға қол жүгіртпей күтіп отырады. Андрейдің әкесі екі тістің арасына сәл ғана қысып кепкен нанның бір сынығын бөліп жейді. Мен де сөйтем. Себебі москвалықтардың кісі күту заңын түсіне бермеймін. Біз, қазекең, үйге дастарқан қойса, дастарқанға ас келсе опырып-жапырып жей береміз ғой. Ал мына генерал-лейтенант Аллавердовтың үйіндегі шартқа мен көп кешікпей көндігіп алдым. Бізбен танысқаннан бір үш-төрт айдан кейін Аллавердов зейнет демалысына шығыпты. Күндердің күнінде тағы бір барғанымда ол кісі маған бетіме жымия қарап отырып:

− Әй, Әкім, сен маған ұнайсың, − деді. – Сен мына оқуды бітір, содан кейін мен саған Димаш Ахметұлы Қонаевқа хат жазып берем. Өз қолымнан. Сен алып барып бересің. Ол кісі сені содан кейін үлкен қызметке көтереді, − дегені бар. Және ол бір рет емес, бірнеше рет айтты. Мен «мақұл, мақұл» деп жүре бердім. Бірақ ішімнен ойлайтынмын «оның маған не керегі бар?» деп. Және мен қызметте мансап жасау деген ұғымды көпке дейін білген емеспін, түсінген емеспін. Біреулер айтқанда мен ішімнен кекетіп отыратынмын. «Ол маған не керек?» деп.

Кино үйінде де «өз» ресторанымыз бар. Сол рестораннан шығып Андрей екеуміз көше бойлап келе жатыр едік. Андрей ішпеген де сияқты еді, бірақ кенет көшеде сіресіп тұрған постовойдың қасына келді, келді де кителінің бір жез түймесін жұлып алды. Сол арада айқай шықты. Сол арада машине шақырып, екеумізді алып кетті. Құлпы жоқ, көзі жоқ тұмшаулы машинамен бізді «Украина» конақ үйіне алып келгені. Сол арада Андрей екеумізді бір кабинетке кіргізді. Кабинетте әлдебір полковник отыр екен. Әлгі бізді әй-шәй жоқ айқайдың астына алды. Андрей «айта бер, айта түс!» - дегендей жұмбақ жымиып тұрды да өзінің дағдысы бойынша полковниктің құлағына сыбыр ете қалды, бірақ «анау» орнынан қарғып тұрды. Қарғып тұрды да жайшылықта шошып кететін басқа офицерлердей емес:

− Ну и что?! – деді.

Менің жүрегім зырқ ете қалды. Ойлаймын, Андрейдің де жүрегі зырқ ете қалған болар деп. Себебі, бұған дейін бес-алты рет ешбір қатесіз әсер еткен «құпия сыбыр» бұл жолы іске аспай қалды. Сонымен Андрей екеумізді сол кабинетте отырғызып қойып, кім екенімізді, қайдан жүрген екенімізді хатқа түсірді. Әлгі полковник сыртқа шығып кеткен. Бір кезде қайтып оралды.

− Бала, - деді маған қарап, - бақытың бар екен, - деді. - мен мына бұзықтықты саған, мысалы, кешпес едім. Ал мына Андрей Леонидович, кажется, солай ғой, иә, Леонидович, мен саған кештім. – Мен ол кісіні, әрине, білмеймін. Бізге, әрине, ол кісілерді білу қайда. Дегенмен, мен сені тентек, көшеде жүрген біреу ме деп қатты-қатты сөз айтып едім. Сен кешір, - деді. – Ал сен, сенің бақытың бар екен, жарайды бара қойыңдар, - деді. Біз кете қойған жоқпыз. Себебі, екеуміз қайтадан сол «Украина» қонақ үйінің жоғарғы этажына көтеріліп, сол арадағы буфетке барып тағы да жүз грамнан ішіп алдық. Бірақ ақша төлеуге келгенде екеумізде де ақша болмай шықты. Содан кейін Андрей буфетші әйелге бірдеңе сыбырлады. Буфетші әйел де осы жолы «ну и что?» деді. Содан кейін Андрей өзінің жоғарғы курста оқитын қып-қызыл деген куәлігін көрсетті. Қып-қызыл әдемі еді. Менің де қалтамда сол болатын. Екеуміз буфетші әйелден тағы да жүз-жүз грамнан коньяк ішіп шығып кеттік. «Кешке міндетті түрде әкелеміз саспа» деп қойдық. Андрей әлгі буфетшінің аты-жөнін жазып алды. «Енді не істейміз?» деп ойлап келемін. Бір кезде Андрей айтты:

− Уәде бердік, орындау керек. Иттің балалары менің әкемнің зейнетке шыққанын біліп қойса керек...Соңғы кездері қиқаңдайтын болып жүр ғой! − деді.

Сонымен, екеуміз жаяу жүріп Москва өзенінің жағасына, ұмытпасам, Котелничий жағынан биік бір үйге кірдік. Лифтімен көтерілдік. Есікке кіре берген кезде Андрей айтты:

− Бұл менің папамның туған қарындасы. Кейбір қылықтарына кешіріммен қара, жарай ма? Бізге керегі – ақшасын алсақ болды емес пе? Зейнетақысы көп, мықты, - деді.

Есік ашқан әйел Андрейді көргенде:

− Е, сен ғой, білем, − деді. Сосын көзі маған түсті. Мені көргенде шошып кеткендей болды. Аң-таң, не айтарын білмей қалғандай.

Сол секундта менің байқағаным, жасы енді-енді елулерге толған, денесі қозының асығындай ғана ықшамды, бет-жүзі әлі жап-жас көрінетін адам екен. Бірақ шаштары – аппақ екен. Көздері отты, жанып тұр. Мені біраз «барлап» алған соң Андрейге қайта бұрылып:

− Бұл? – деді.

Андрей ішке кіре беріп:

− Қазір айтам, қазір айтам, − деді. Екеуміз де ішке кірдік. Содан кейін Андрей:

− Бұл – Әкім, − деді. – Қазақстаннан келген менің досым.

«Қазақстаннан келген» деген сөз әлгі әйелге бұрынғыдан да қатты әсер еткенін байқадым. Ол кісі тұнжырап біраз тұрып қалды. Әлдене ойлап кеткендей болды, әлденені еске алып тұржырап кеткендей болды. Содан кейін, үш-төрт секунд өткен соң, есін жиғандай:

− Жарайды, кел, кел, қазақ,- деді.

Мен ойлаған едім Андрей бізге керек ақшаны сұрап алған соң сол, есік алдында тік тұрған қалпымызда қайтып кететін шығармыз деп. Бірақ олай болмады. Сәл бір кідірістен кейін қайтадан есін жиғандай әлгі әйел:

− Жарайды, келгенің жақсы болды, Андрей, − деді. Содан кейін:

− Мына қонақ бөлмеге кіріңдер, −деді. Қонақ бөлме дегені үлкен, қазіргі болжаммен айтқанда кемінде қырық елу шаршы метр болатын үлкен бөлме екен.

− Отырып жайғаса беріңдер, - деді. Өзі сыртқа шығып кетті. Сырт дегенім кухня болуы керек.

Ол кісі жоқта Андрей маған тағы да көзін қысып қойды:

− Ақшасын алсақ, тез кеткеніміз дұрыс болар. – Бұл кісі кейде жібермей де қоюы мүмкін. Көңілі жақсы болса, өткен шағы туралы, өзінің өмірі туралы әңгіме айтады. Көңілінде кірбің болса бірден қуып шығар еді. Дегенмен, бүгін біздің жолымыз болатын шығар, − деді.

Бөлменің кеңдігі сондай – бөлмедегі қымбат-қымбат қара күрең жылтыраған жиһаздар ойыншық бұйымдай аласарып көрінді. Бос тұрған бөлемедей, аңырап тұрғандай. Мені диванға отырғыза салып Андрей маған тағы да көз қысты:

- Әпкемнің көңілін аулайын. Біраз мақтауым керек. Әйтпесе бізге ақша қайда? – деді. Деді де дәлізге шығып кетті.

Мен ұзақ отырып қалдым. Орнымнан тұрдым. Жалықтым. Терезеге бардым. Терезе деген сөз біздің қазіргі ұғымымыздай емес, кемінде бес – алты құлаш кең және өте биік ғаламат. Сыртқа қарап едім, төменде Москва өзені ағып жатыр екен. Мен Андрейді тосып ұзақ тұрдым білем. Себебі, Москва өзенінен, өзеннің бар болмысынан, ағыс-бұрылысынан сұлулық іздей бастадым. Әлдебір өзіме таныс образ-елес көңіліме оралғысы келген сияқты. Ол не? Қандай? Дегендей ойланып тұрдым да, біраздан кейін іштей риза болдым. Таптым деп ойладым. Төменде білінер-білімбес бүлкілдеп ағып жатқан Москва өзенін мен сол арада аса жуан айдаһарға теңедім. Айдаһар болғанда қабыршығы, жыбырлап, сәулеленіп білініп тұратын, ұзын, иретіліп солға бір, оңға бір бұрылып кететін айдаһардың жұп-жуан бел тұсы сияқты. Дәл мен қарап тұрған кезде ешқандай кеме, катер жоқ еді. Сондықтан да болар өзен бір сабыр тапқан , әлгінде ғана бұлқына түсіп енді сабырға түскен, ұстайтын аңын тапқан, оны асықпай жұтып жатқан айдаһар... Солтүстіктің бұлыңғыр аспанында сығырайып қана көрінген сұрықсыз күннің дәрменсіз сәулесіне мейірі қанбай мазасыздана қозғалақтаған, тозығы жеткен қалайы қабыршықтар...Тұла бойым сәл ғана тітіркенгендей болды. Апандай өңешінен кедергісіз өткен еліктің лағын місе тұтпай, бұлқына түсіп, оқыс қимылға дайындалған ашқарақ айдаһар...

Терезеге телміріп көп тұрдым ба, аз тұрдым ба есімде жоқ. Бір кезде арт жағымнан ұрлана басып, әлденеге жымия күліп Андрей келді.

− Ой, Әкім, − деді ол маған, − сенің келгенің мына менің Манана әпкеме өте қатты әсер етті. Сен Мананы кешір. Бұл байғұстың бұл өмірде көрмегені жоқ. Талай-талай қияметтерден өткен. Сондықтан бұның аузынан оғаш сөз шықса, сен оған мән берме, жарай ма? Мен саған қызық айтайын, бұл сені көргенде қатты қорқып кетіпті. «Қазақ» − деп қалды. Өзің сездің. Бірте-бірте басылды. Енді қазір келеді, кофесін алып, пирожкиін алып. Сен көп сөйлеме, жарай ма? Және қабағыңды шытпа. Мананаға сен ешқанадай сыр бермей момақан болып отыр... Жарай ма?

Андрейдің бұл уағызын мен, шынын айтсам, түсінбедім. Неге Мананаға «қазақ» деген сөз әсер етуі керек? Неге мен Мананаға түсіне қарауым керек? Неге оның аузынан түрлі сөздер шығуы мүмкін? Ал мен неге үндемеуім керек? Неге?

− Жарайды, − деп көне қойдым. – Айтқаның болады, Андрей. Екеуміздің көріп жүрген құқайымыз аз емес қой бұл өмірде! – деп күлдім. Себебі Андрейдің қасында жүрген екі-үш айдың ішінде мен, шынында да, талай-талай қызықтардан өткен болатынмын.Сол қызықтардың бірі шығар бұл Манана дедім де қойдым.

Манана бізді шайға шақырды.

Ас бөлмесі атшаптырым залынан сәл ғана кіші демесең ол да ауыл баласы шыбық ат мініп, «көкпар» тартатын алаңқайдан кем емес екен. Үшеуіміз сол даңғарадай бөлменің бір бұрышында ғана отырып шай іштік. Манана Андрей айтқандай маған бір түрлі оқыс адам болып көрінді. Сөздері де, істері де түсініксіз, тосын.

Манана менің өң-түсіме алдымен таңырқай қарады, содан кейін барлай қарады, содан кейін сұқтана қарады. Мен ыңғайсызданып отырдым. Бір кезде Манана маған шүйіле қарап:

− Атың , сонымен, Аким болды ма? –деді

− Иә, − дедім мен. Манана тағы да ойланып қалды. Содан кейін:

− Сенің жасың қаншада? – деді.

Мен айттым:

− Жиырма жеті, − дедім.

− Е-е-е, - деді Манана, − менен тұп-тура жиырма жас кіші екенсің. Мен қырық жетідемін! – деді.

Әдетте әйел адам өзінің жасын айтпайды ғой. Соған үйренген мен іштей таңқалып қойдым. Үшеуіміз үндемей отырып шай іштік. Содан кейін Манана, тағы да менің бетіме сынай қарап отырып:

− Әкім, сен білесің бе мен қырық жетідемін деп саған өтірік айттым, шын мәнінде мен төрт жүз жетпіс жастамын! – деді.

Апыра-ай, мына кісі ауытқып кеткен бе, санасында сәл бір мүкіс бар ма екен деп күдіктеніп қалдым. Андрей маған сәл жымиды да төмен қарады. Үндеме деген белгісін ұқтым. Жауап бермедім Мананаға.

Бірақ Манана әлгі сөзін өзі түсіндіріп бергісі келгендей сәл маған сәл ғана ызалана қарап:

− Сен сенбей отырсың, Аким, − деді. – Шынында да адамдар жүз жас, үш жүз жас өмір сүре алады. Мәселе оның календарьлық өмірінде емес, оның көрген-білгенінде. Ал менің көрген-білгенім ұшан-теңіз... Маған тағдыр беріп тұр осылай сөйлеуге. Төрт жүз жетпіс! Құжатымда – қырық жеті. Бірақ мен төрт жүз жетпіс жыл өмір сүргенмін. Сен тағы бір келгеніңде мен осы жұмбақ сөзімнің шешімін айтып беремін, − деді кенет жайбарақат пейіл танытып.

− Жарай ма?

− Жарайды, − деп мен үшін Андрей жауап берді. – Манана, − деді Андрей, − тағы да біз келіп тұрамыз, сен рұқсат берсең.

− Әрине, рұқсат беремін,− деді Манана. – Бірақ ендігі жерде сен Акимсыз келме. Қасыңа міндетті түрде Акимды ертіп келетін бол, жарай ма, − деді.

Содан кейін Манана маған сұқтана қарап тағы да біраз отырды да, күтпеген жерден, оқыс:

− Аким өте сымбатты бала екен. Маған ұнады, сенен гөрі ақылды сияқты, − деді Андрейге бұрылып. – Сен шалапайсың, Андрей, мынау алысқа баратын бала. Көзін көрдің бе, қандай! Көзі ойлы. Сәл ғана бірдеңені ұнатпай қалса көзінен от шашады. Бұл даланың адамы ғой. Бұлардың арғы тегі қыран. Мен білем қазақтарды,− деді. Содан кейін әлдебір қате жібергендей қайта-қайта сөзін түзетіп, − киргиздарды мен білемін,−деді.

Мен ыңғайсызданып қалдым. Мен киргиз емеспін, қазақпын деп айтқым келді. Бірақ Манана мені Андрейдің көзінше жер көкке сыйғызбай мақтағаннан кейін сөзін жыққым келмеді. Көңіліне қарадым. Және оның «сенен гөрі ақылды» деп Андрейге жекіп айтқаны маған іштей ұнап қалған сияқты. Пендешілікпен үндемедім.

Енді қарасам Мананың түрі өзгеріп кеткен екен. Әлгінде ғана жасым қырық жетіде деп, одан төрт жүз жетпістемін деп отырған адам әлі болса сүйкімді, қырық жеті деп айтпайтын, отыз бестердегі, отыздан жаңа асқан әйелдей сымбатты көрінген Мананың бет-жүзі алай-дүлей болып кетті. Бір түрлі қартая қалғандай, көз алдымда қартайып кеткендей болып көрінді. Көзінде жылт еткен от бар сияқты еді. Сол от кенет сөніп, әлдебір үңірейген үңгірдің аузында тұрғандай тұла бойым тітіркеніп кетті. Мен оның көзінен шошындым. Андрей менің жағдайымды сезгендей, маған шошына қарады. Өң-түсі қуқыл тартып, маған кінәлі адамдай жасқана қарады. Сәл ғана көзін қысып, иегін сәл көтеріп қайтайық деген белгі берді есік жақты нұсқап.

Мен де орнымнан көтеріле бердім:

− Жақсы, сау болыңыз, Манана! – дедім. Манана менің оң қолымның білегінен қысып ұстап алды.

− Сен, Аким, мынау шалапайға сене берме. Бұл ақымақ. Бұл алысқа бармайды. Бірақ сен осы Андрейден қол жазба, бірге жүр.

Бұның саған көп пайдасы тиеді...

Содан кейін ол өзінің немере інісіне бұрылып қарады:

− Андрей, енді сен келген сайын өзіңмен бірге Акимды алып келетін бол. Егер Акиммен бірге келмесең мен маған көк тиын бермеймін, түсіндің бе? – деді. Андрей жаман баға алып қалған оқушы баладай төмен қарап, «екі көзімен еденді шұқылап» тұрды да:

− Ұқтым, Манана. Мен енді Акиммен келіп тұрамын, − деді.

Сыртқа шыққан соң Андрей үлкен бір пәледен құтылдық па дегендей маған салтанатты түрде қарады:

− Сен, Аким, Манананы дұрыс түсін.Оның тағдыры өте қиын болған,− деді. Маған Манананың іс-әрекеті онша түсінікті болмаса да мен қатты қиналған да жоқ едім, таңқалған да жоқ едім. Жай ғана бір оқыс оқиға көргендей ғана, жай ғана күтпеген жағдайды ғана көргендей досым Андрейге күле қарадым:

− Сен неменеге қысылып тұрсың, Андрей? Манана кәдімгі әйел, кәдімгі ана. Бұндайдан да қызықты көріп жүрміз ғой. Маған Манана ұнады. Көзі ақылды адамның көзі екен, − дедім. Әдейі әпкесі ұялмасын деп, тағы да қайталадым..− Талай-талай әйел көріп жүрміз ғой. Манананың ақылды екені бірден сезіледі, − дедім. Андрей маған түсінбей қарады. Содан кейін ежірейе қарап тұрып:

− Рас айтасың ба, Әкім? – деді.

− Рас, − дедім мен.

− Шын рас айтасың ба? – деді.

− Шын рас айтам, − дедім.

− Менің көңіліме қарап тұрған жоқсың ба? –

− Жоқ. Сенің көңіліңе қарап тұрған жоқпын, − дедім мен. – Манана ғажап адам. Сыры ашылмаған жұмбақ жан! – дедім. Андрей маған бұрынғыдан да ежірейе қарады.

Әй, Әкім, сен шынында да ақылды адамсың.

Сен Шыңғысханның ұрпағысың ғой, далалықсың ғой, алыстағыны көресің. Мен қалада өскенмін. Көп нәрсені біле бермеймін. Манана мен үшін қымбат адам. Әкемнің жалғыз қарындасы. Бірақ бұл кісіден қорқып-үркіп жүруші едім. Түсінбейтін едім. Ал сен. Сенің мына сөзің мені қанаттандырды, − деді. Біраз ойланып тұрды да: − Жарайды, жүр. Кино үйінің ресторанына барайық. Қарыз болып қалған ақшаны төлейік,− деді.

Мен түсіндім. Мені даладай бөлмеде жалғыз қалдырып, екеуі ас бөлмеде сыбырласқан кезде керек ақшасын Андрей қалтасына басып алған екен. Екеуміз біраз жер жаяу жүріп барып метроға отырдық. Бір аялдамадан кейін Көтеріліс алаңына жетіп сыртқа шықтық. Енді кішкене жүрсек – кино үйі. Воровский көшесі, 33 үй. Шағын ғана көше. Көшенің қарсы бетінде Совет Одағы Жазушыларының мекен – жайы бар.

***

Келесі аптаның аяғында Арик Агабабовтың жалдамалы пәтерінде жиналдық. Отыз екі баланың жеті – сегізі ғана келді. Өзімізше сыйлық жасадық. Ол өзінше дастархан жасап қойған екен. Отырдық. Бір-екі шөлмек босап қалды. Әлдекім Ариктен сұрады:

− Сонымен бүгін қаншаға толдың? – деді.

− Қырық беске, − деді Арик.

Менің жүрегім зырқ ете қалды. Күтпеген едім. Менен көп үлкен екенін білетінмін. Бірақ 45 деген цифр кәдімгідей шошындырды. Бірден келген ой 45-ке келгенше ештеңе тындырмаса, бұдан кейін не болады. Мен өзім сол кезде Алладан 37 жас берсең жетеді деп жүрген кезім еді. 37 Пушкиннің дүниеден өткен жасы. Мен ойлайтынмын: «Пушкин жасына келіп, тындырарымды тындырып, ары қарай тек ойын-сауыққа, қыдыруға жұмсайтын шығармын өмірімді, − деп. – Ештеңе жазбасам да болады ғой» деп. Арикке жанып ашып біраз тұнжырап отырып қалған болармын. Енді бір қарасам балалар үшінші бөтелкені ашып жатыр екен. Сол кезде Андрей орнынан қарғып тұрды:

− Тоқтаңдар, стаканды былғамаңдар. Маған беріңдер, − деді. Түрлі –түрлі ыдыстарды жинап бердік. Андрей бір ыдыстың үстіне бір ыдысты қойып оның ішінде пиаласы да бар, стаканы бар өзінің «пирамидасын» жасады. Ол пирамиданы шынында да нағыз өнер туындысы деуге болады. Себебі стаканның жартысына стаканның жартысы ғана тұратын. Сөйтіп қиғаштап кете беретін. Бұл жолы тоғыз стаканның үстіне бір пиала қойғанда бәріміз орны – орнымыздан қарғып тұрдық. Андрейді бәріміз кезек – кезек құшақтадық. Бұндай өнер ешкімде жоқ дедік. Ішімнен ойладым, «әттең мынау бір бөлмелі жалдамалы пәтерде шкаф жоқ екен! Шкаф болса енді Андрей кіріп кетіп өлең айтатын еді». Бірақ Андрей саспады. Ол үлкен дәлізге шықты да сол араға барып айтатын өлеңін айта бастады. Арик Агабабов жаны шығып кетті:

− Мынау коммуналдық пәтер ғой. Көршілердің мазасын алатын болдық! – деп. Оған басқа бір «бала» уәж айтып жатты.

− Саспа. Неге сасасың. Айтсын өлең. Әйтпесе шкафты алып кел, мына жерге қояйық. – Не болса соған күле беретін кезіміз. Әлгі баланың «Шкафты осы жерге алып кел!» дегеніне күлдік. Андрей бөлмеге қайта кірді. Енді ғана үшінші шөлмек ашыла берген кезде арамызға Гурам Абашидзе деген грузин жігіті келді. Ол өзі төртпақ, мығым денелі аса күшті жігіт еді. Және қалжың сөзге араласпайтын, үндемей отыратын. Сол Гурам келді де, амандық жоқ, саулық жоқ отыра кетті. Оған да құйылды, ол да ішті. Бір кезде бәріміз отырып:

− Енді босқа уақытымыз кетпесін, жігіттер, Левонның сценарийн оқимыз деп едік қой. Соны оқиық, − деді Шайкевич, москвалық. Ол бізден көп ересек еді. Левон Челидзиге сценарйиін оқыттық. Бірінші сөйлемі ғажап екен.

«Біздің қаланың көшелерінің бәрі теңізге шығады, біздің қаланың балаларының бәрі теңізші болуды армандайды», − деп бастапты. Бәріміз аһылап-үһілеп Левонды құттықтадық. Содан кейін ол мәз болып отыра қалып оқи бастады. Әдемі басталған сценарий « ары қарай» Хемингуэйдің тәсіліне көшіп кетті. «Деді ол, деді бұл, дедім мен, деді ол, деді бұл, деді ол»

Әлі кетіп барады, әлі кетіп барады. Мен ішімнен ойлап отырдым: «деді бұл, деді олдың керегі не? Бос сөз ғой. Хемингуэй. Бірақ бірінші сөйлемі қатты дәмелендіріп еді. Ой, әттеген-ай, ой, әттеген-ай!» деп отырғам, кенет, Левон оқыған сценарийін кілт тоқтатып:

− Сендер неге үндемей қалдыңдар? – деп бәрімізді кезек-кезек шолып өтті көзімен. Байқасам көзі қызарып кеткен екен. – Басқалар үдемесе үндемесін, сен неге үндемей отырсың? – деді ол Абашиидзеге қарап. Абашидзе Гурам жасына қарамай өте үлкен адам сияқты салмақты сөйледі:

− Әй, сенің мынауың поқ қой, − Бұның керегі не бізге. Уақытымызды босқа алып, − деді. Сол кезде Левон Челидзе орнынан қарғып тұрды:

− Мынау не деп отыр ей, естідіңдер ме?

Біз үндемей қалдық. Іле-шала Гурам орнынан тұрды. Жай ғана басып келді-дағы Левонға әр сөзін нығарлап:

− Біздің курсқа сен бекер келдің! Сенің орныңа және бір грузин келу керек еді. Сен оның жолын байладың, − деді. Мен ештеңе түсінбей отырмын.

Левон да грузин, Гурам да грузин. Левон қып-қызыл болып кетті. Өзі де күйініп тұрған: «Шығармамды неге ұнатпадыңдар?» дегендей.

− Сен маған олай деме! Мен, немене, біреудің орнын тартып алыппын ба?

− Тартып алдың, әрине, − деді Гурам, − Сен келмесең грузин келетін еді,− деді. Мен одан бетер аң-таңмын. Сол екі ортада Гурам Левонның сол жақ бетінен шапалақпен тартып жіберді. Левон күреске жоқ, төбелеске жоқ, зиялы деп аталатын сыпайы жігіт еді.

− Көрдіңдер ме, көріп тұрсыңдар ғой, мынау мені ұрды! – деді Левон.

− Мен сені ұрып қана қоймаймын, − деді Гурам. – Мен әкеңді танытып курстан сені қуып шығам! Курстан кетесің!

Сөйдеді де Левонды үш-төрт рет теуіп-теуіп жіберді. Левон курткесін асығыс алып шығып кетті.

Соныменен жиналған кешіміз быт-шыт болды. Іле-шала Андрей екеуміз де шықтық бұл үйден. Арик Агабабовтың қасында Олег Осетинский деген москвалық бар еді. Көп кешікпей соңымыздан ол да шықты. Бірақ ол әлденеге шошынып, әлденеге үркіп шықты. Шықты да біз екеумізге бас изей салып басқа жаққа бұрылып кетіп қалды. Мен ештеңе түсінбедім, біраз жүргеннен кейін Андрей айтты:

− Жүр, бүгін береке болмады. Мананаға барайық. Ақша алайық, екеуміз оңаша отырып «ашу баспасақ» болмас. Бірақ Андрейдің қызып қалған кезі еді. Мен айттым:

− Андрей, қойсаңшы. Үйге қайтайық. Мені сені үйіңе жеткізіп салайын, қайтайық, − дедім.

− Жоқ, − деді ол, − қайтпаймын,− деді.

Екеуміз өстіп тәжікелесіп тұрғанда тағдырдың тәлкегіндей қасымыздан бір милиционер өте берді. Милиционер болғанда, капитан шені бар екен. Қара күз түсіп қалған кез шинель киіп алыпты. Андрей әлгіге жақындай берді де:

− Жолдас, капитан, бір секунд уақытыңызды бөліңізші,− деді. Анау тұрып қалды. Ойында, қаперінде ештеңе жоқ.

− Иә, айта ғой, − деді.

− Мен сізге бір өтінішім бар, − деді Андрей.

− Айта қойыңыз, айта қойыңыз. Қысылмаңыз, − деді капитан.

− Жолдас, капитан, − деді Андрей, деді де шинелінің дәл орта тұсындағы жылтыраған мыс түймесін екі саусақпен іліп кәдімгі кемпірауызбен қырш еткізіп қиып түскендей жұлып алды. Капитанның әу дегенде ашуы келе қойған жоқ.

− Бұның не? – деді капитан.

− Бұным сол, − деді Андрей.

− Жоқ, сенің есің дұрыс па? – деді капитан.

− Есім дұрыс,− деді Андрей.

− Мынауың не, енді? Әкел түймемді,− деді.

− Түймеңді бермеймін, − деді Андрей.

Содан кейін капитан Андрейдің екі қолын артына қарай қайырып алды. Қайырып алды да алдына салды. Біреулерге ысқырды. Басқа ауладан бір милицияның машинасы жетіп келді. Қарауылда жүрген болса керек мынау капитан. Ентігіп жеткен екі милиционер Андрей екеуміздің қолымызды қайырған қалпында машинаға отырғызып алып кетті. Бірақ бір қызығы сол Манана тұратын «Кузнецский мост» деген жерге алып барды. Капитан өз кабинетіне кіргізіп біраз тексерді бізді. Менің куәлігімді көрді. Андрейдің куәлігін көрді.

− Сен Москвада тұрасың ба? − деді.

− Москвада тұрамын,− деді Андрей.

− Неге бүйттің? – деді капитан.

− Мен оны сіздің құлағыңызға ғана айтайын, − деді. Капитан құлағын тосты, Андрей сыбырлады. Капитан орнынан қарғып тұрды:

− Кешіріңіз, Вердиян жолдас,− деді. – Үйіңізге апарып тастайын жүріңіз, − деді. Біз машинеде отырғанда Андрей маған жымия сыбырлады: «Бұл иттің баласы менің әкемнің зейнетке шығып кеткенін әлі білмейтін сияқты».

Сонымен екеумізді милиция Андрейдің ауласына алып келді:

− Үйіңізге кіргізейік,− деді капитан.

− Жоқ,− деді Андрей. – Жөнімді табам, рахмет саған,− деді.

Андрей капитанның бес жұлдызы бар жарқырап тұрған мыс түймесін өзіне қайтарып берді сол арада. Капитан мәз болып:

− Рахмет сізге, Вердиян жолдас. Рахмет сізге, Вердиян жолдас, − деді.

Сонымен олар кетті, біз аулада қалдық. Енді мен де кетейін деп тұр едім Андрей болмады:

− Анау әлгі Гурам Абашидзе... ақымақ... ұлтшыл... Левон Челидзенің еврей екенін бетіне басты ғой... Берекемізді қашырды ғой... Жүр, Мананаға барайық. Ақша алайық. Содан кейін қайтадан өзіміздің Кино үйінің ресторанында кішкене отырып көңіл көтермесек болмас,− деді.

Өзім де сондай бір ұсыныс болса екен деп тұрғам, келісе кеттім. Сөйтіп екеуміз Манананың үйіне бардық. Бұл маңайдан алыс емес еді. Тағдырдың өзі де бізді Мананаға тағы да жолықтырғысы келген сияқты көрінді маған.

Манана бізді күлімдеп қарсы алды:

− Міне, міне, дұрыс болды енді. Акимды алып келдің. Осың дұрыс болды,− деді.− Мен саған айтқанмын, Андрей, ендігі жерде Акимсыз келме маған дегем. Мынауың дұрыс болды, − деді. – Кәне, Аким, төрге шық. Мен білемін сіздерде төр деген сөз бар екенін. Шық төрге. Отыр. Кәне отырыңдар. Мен тез-тез кофе жасайын. Әлде шай ма?

Мен:

− Шай,− дедім.

Андрей:

− Кофе,− деді.

Екеуміз үлкен залға кіріп кеттік. Көп ұзамай Манана да келді. Ат қорадай үлкен залдың бір шетінде тұратын ұзын стол бар болатын. Соның бір шетіне үшеуміз отырдық. Алғаш әңгімеміз жарасып, жап-жақсы отырдық. Манана менің қай қаладан екенімді, қайда оқығанымды сұрады. Мен айтып бердім. Ол Қазақстанды мақтады:

− Газеттен оқимын. Оқып жүремін. Жақсы өркендеп, дамып бара жатырсыңдар, − деді.

− Иә, Қазақстан қатты дамып бара жатыр, − деп мен мәз болып қалдым. Іле-шала Манана күрт өзгерді. Әлгінде ғана бет-жүзі алауланып, көздері ұшқындап өзінің қырық жеті жасынан әлдеқайда жап-жас көрініп, әлденеге шабыттанып отырған Манана күрт өзгерді. Әлдебір тұман, әлдебір бұлт тау қойнауын оқыс басқандай тұнжырап үндемей отырып қалды. Содан кейін Андрейге қарап сөйлеп кетті:

− Сен, Андрей, түк білмейсің. Отызыншы жылы және отыз бірінші жылы... мен ол кезде жап-жас медициналық сестрамын ғой. Алтай тауында қазақтардың, кешір киргиздардың, кешір қазақтардың – деп екі-үш рет қайталап қазақ пен қырғыздың атын шатастырып отырды. – Ол кезде біз қазақ деп айтпайтынбыз, − деп маған бұрылды. – Сен, кешір, Аким. Біз сенің халқыңды киргиз дейтін ек қой. Үлкен тапсырма болды бізге. Бүкіл Қазақстан бойынша үлкен тапсырма болды. Біз киргиз ауылдарын бір жерге жинап бәріне укол салдық қой, укол. Білесің бе, сен? Укол. Мен алғаш ол уколдың не сыры бар екенін білмейтін едім. Біз укол салғанда әскерлер, әскери адамдар киргиздарды қоршап тұратын далада болса. Үйде болса біз укол салған үйлердің сыртында әскер тұратын. Мен оны ол кезде білген жоқпын. Мен көп укол салдым. Қасымда менің Вера деген қыз бар еді. Ол мендей емес бәленің бәрін біледі ғой деп ойлаймын. Біз укол салып үйге қайтып келгенде ол жымыңдап күле беретін. Мен кейде одан сұрайтынмын: «Сен неге укол салғанымызға қуанасың?» − дейтінмін. Ол менің ондай сұрағымды күтпегендей, күтсе де бұрыннан әзірлеп қойған жауабы бардай. – «Жай, біз маман ретінде іске жарап қалғанымызды айтам да. Бізге сеніп осындай үлкен тапсырма бергенін айтам да», - деп кібіртіктей беретін, кібіртіктей беретін.

Манана түсініксіз бірдеңелерді күбірлеп-күбірлеп дәлізге шығып кетті. Сол кезде Андрей маған қарады:

− Ой, қиын болды жағдай. Енді бұдан ақша ала алмаймыз. Енді бұл көтеріліп кетті. Қайтайық па? – деді.

− Қайтсақ қайтайық, − деп оңай көне қойдым. Біз орнымыздан тұрғанша Манана қайтып оралды. Әлгінде ғана дудырап кеткен шашын қайтадан жинақтап, ретке келтіріп, бетін жуды ма екен, әйтеуір жаңа сабыр тапқандай, жайбарақат халге түскендей. Енді Манананың үні сабырлы шықты. Әлгі шошыну, үрку бәрі ғайып болған.

− Алтай ғажап тау ғой, − деді маған қарап, − сен Алтайды көріп пе едің?

− Жоқ, өкінішке орай, әлі көре алмай жүрмін, − дедім.

− Иә, Сен Жамбыл қаласынанмын дедің ғой.

− Иә, мен Жамбыл қаласынанмын.

− Мен Жамбылды да білемін. Шолақтау деген қала бар ғой?

− Иә, − дедім мен. – бірақ оның қазіргі аты Қаратау.

− Иә, Шолақтау. Жақында өзгерттіңдер, білемін.

− Иә,− дедім мен. Сол өзгертуді өзім жасағандай. – Шолақтау деген маған ұнамайтын еді, Қаратау деген жақсы ғой,− деп қойдым.

Бірақ Манана менің бұл сөзіме ешқандай мән берген жоқ.

− Қаратау, Қаратау, − деп отырды, − жарайды Шолақтау. Шолақтауда да біз болғанбыз.

Содан кейін әлгінде ғана жып-жылмағай болып, еліктің лағындай болып, құлпырып, көзі жайнап отырған Манана қайта жүдей бастады.

− Мен Алтай тауының алдында қарыздармын, Аким. Мен киргиздардың алдында қарыздармын. Мен оңбаймын Аким...− деді. Отырған жерінде біраз жылап алды, содан соң орнынан тұрып, қайтадан ас бөлмеге шығып кетті.

Мен Андрейге айттым:

− Андрей, бүгін енді ресторанға бармай-ақ қояйық. Осы арадан қайтайық.

− Ол не дегенің, − деді Андрей. – Әлгіндей стрестен кейін қалай біз үйге барамыз. Әлі ерте ғой. Түс енді ғана ауып барады. Кішкене шыдасақ Манана көнетін сияқты. Ақшасын алып кетейік.

− Мейлің білсін, деп мен орындыққа қайта отыра бердім. Манана қайтып оралды. Тағы да жинақталып шашын реттеп, бетін жуып келген екен.

− Шай іш, Аким, − деді. – Іш шай. Сендердің киргиздарың...осы сөз аузыма түсе береді, кешірші. Қазір қазақ деп атайсыңдар ғой. Білемін қазақтар маған керемет ұнайды. Жақсы халық. Мен киіз үйлерде ас ішіп, қонып та жүрдім ғой... Отыз бірінші жылы... отыз бірінші жылы... біз үлкен иттік жасадық. Біздің уколдан кейін қазақ ауылында түрлі аурулар пайда болды. Талай қазақтың мұрны шүңірейіп ойылып түсті, талай қазақ сары аурумен ауырды, талай қазақ, қазақ. Байғұс киргиздар...− өз-өзіне сөйлеп, сандырақтап отырғандай болып кетті Манана. – Көкірек ауруын да тараттық біз. Ең қиыны адамның ерік-жігерін құм қылатын дәрі салдық қой біз оларға. Есінен адасқан адамдай мәңгіріп қалды түгел Алтай халқы. Қайда жұмсасаң бара беретін, не айтсаң көне беретін халыққы айналды. Біз ауылдарды аралап жүрдік. Содан кейін білесің бе сен, білмейсің бе, басталды ғой, Аким. Отыз екінші жыл дегенді үрейленіп, шошынып, қиналып айтты:

− Мен осы күнге дейін өзіме-өзім кешірмеймін.

Сол арада мен, Әкім, мына мен, риясыз ыржиып қалжыңдадым:

− Отыз үшінші жылы тудым ғой мен, Манана. Мен отыз екінші жылды білмеймін, − дедім. Жетесіз, мәдениетсіз адамның сөзін айтқанымды сездім. Өзімнен өзім жиіркендім. Жетесіз ит-ай! - деп, өзімді өзім тұқыртып, үнсіз отырып қалдым.

− Иә, сен көрмедің ол жылды. Көрмегенің де жақсы болды. Мен көрдім ол жылдарды. Көргеніме өкінемін. Мен сол, сол, сол, − Манана кенет орнынан қарғып тұрды. Түсініксіз сөздерді айтып айқайлап-айқайлап жіберді. Содан кейін дәлізге шығып кетті. Дәліз арқылы ас бөлмеге барған болар деп отырдық.

Манана қайтадан жуынып, қайтадан келді. Бұл жолы ұзақ күттірді. Жарты сағаттай отырып қалдық. Мен терезе алдына бардым. Москва өзені өткен жолғыдай, тағы да сол айдаһар кейпін тауып ұзыннан-ұзақ шұбатылып, бел ортасы бұрыла түсіп оң жаққа бұрылып кетіп жатыр екен. Мың миллион болат қабыршық бұлыңғыр аспанның болымсыз нұрымен ойнап, біресе күңгірт түске, біресе қоңыр түске, біресе күрең түске боялып, ашыққан айдаһардай қимыл-қозғалыс тілеп жатыр екен.

Андрей де менің қасыма келіп, үнсіз тұр екен. Әлгі ойымды Андрейге айттым. Қабыршық дегенді чешуя деп орысшаға аударып айттым. Андрей біраз үнсіз қалды да:

− Чешуя дейсің бе? – деді.

− Иә,− дедім.

− Мен чешуя көріп тұрған жоқпын, − деді Андрей. – «Ракета» жүреді, кеме жүреді, қайық жүреді, былғанып біткен су ғой бұл, − деді.

Андрейге ішкі толғанысымды білдіргеніме өкініп қалдым. Мен өзім нені көрсемде суретке айналдырып, образын жасап, бейнелеп қарайтын адаммын. Андрей айтқан соң ұқыптырақ, үңіліңкіреп қарап едім, шынында да Москва өзенінің бетінде қыл-қыбыр, жапырық-қағаз қоқыстар жосып бара жатқандай көрінді. Әдемі суреттен бекер айырылдым-ау дегендей теріс айналып кетіп, диванға қайтадан отырдым.

Бұл жолы Манана жарқылдап, күліп келді. Өңі де өзгеріпті. Әлгіндегі қасірет сөздерді айтпаған сияқты.

− Мен сендерге коньяк ашсам қайтеді, − дейді.

Андрейдің көзінен жарқ еткен от көрдім.

− Әпкетай! Сен өміріңде мені сыйламайтын едің. Коньяк, коньяк... талай коньягыңды тұмсығының алдынан алып кетуші еді... − деді.

Манана маған бір қарап қойды мені дұрыс түсінді дегендей, қалжыңым дегендей:

− Мен сені қайтейін! Сен маған қонақ емессің ғой. Маған мынау Аким қонақ. Бұның халқының алдында мен бас иемін. Өте әдемі халық. Киіз үй қандай. Киімдері қандай. Жиырмасыншы жылдардың аяғында бұлар... бұларға... бұларды... – тағы да тұнжырап кетті Манана, − Алтай тауы ғажап! Бұқтырма деген өзен бар ғой?

− Бар, − дедім мен.

− Шуя деген өзен бар. Бар ғой?

− Бар,− дедім мен.

− Иә, Алтай, Алтай, − сол Алтай, Алтай деп тұрып Манана шкафтан бір бөтелке коньяк алды. Шет тілінде жазылған әдемі коньяк екен.− Мен сендерге ашпағанда кімге ашамын, өзім ішпеймін, осындай коньяктан жинап жүремін. Мен сен келгенде әдейі ашпайтынмын, − деді Андрейге қарап ол. – Мен саған бір бөтелке коньяк ашсам сен бәрін тауыспай кетпейтініңді білем ғой.

Андрей намыстанып қалды:

− Қойшы, Манана. Мен, немене, ішкішпін бе, сонда?

− Мен сені ішкіш деп тұрған жоқпын. Бірақ бөтелке ашылса түбіне дейін тауыспай кетпейтін әдетіңді білемін,− деді.

− Жарайды, әпке, әпке, − деді Андрей, − Сондай әңгімені қойшы. Бөтелкеңді ашпасаң – ашпа, біз кетеміз, − деді.

− Жоқ-жоқ,− деді Манана, − мен сендерді жібермеймін. Сен саспа,− деді Манана. – Коньяк берген соң ақша бермейді деп тұрсың ғой. Берем ақша. Беремін. Өткен жолғыдан көбірек беремін!

Андрейдің қабағы ашылып жымыңдап қалды, маған көз қысып қойды. Екеуміз коньяк іштік. Андрей тамсанып-тамсанып біраз отырды да:

− Мынау армян коньягынан да тәуір ме деймін... – Француз ғой, ә, − деді.

Манана айтты:

− Француз, француз! Бірақ сенде патриоттық сезім жоқ, Андрей. Армян коньягы француз коньягынан артық қой. Артық болмаса да сен солай деп сөйлеуің керек емес пе? Ой, жетесіз, Андрей. Сен менің ағамның арқасында ғана адам боп жүрген... қалқитып қойған қауашақсың!

Андрей намыстанып қалды. Маған ұрлана қарады. Мен досымның күдігін сейілтіп, Мананың өзі не, сөзі не дегендей жұмбақ жымиып:

− Андрей, давай тағы да ішейік,− дедім. Манана коньяк құйды. Андрей екеуміз ішіп алдық. Манана бізге жадырай қарап отырды да жайдары үнмен маған қарап:

− Маған мынау даладай-даладай үш бөлмені Совет үкіметі неге берді деп ойлайсың? – деді. Мен аса қысылған жоқпын. Сәл қалжың араластырып сөйледім:

− Сіздің еңбегіңіз үшін берілді ғой деп ойлаймын, Манана!

− Дұрыс айтасың, менің еңбегім үшін берді үкімет. Мен күйеуге де шыққан жоқпын, мен бала да сүйген жоқпын. Себебі мен мемлекетке қызмет еттім, Аким. Мен осы күнге дейін қызмет етем, Аким. Және маған берген тапсырманы Совет үкіметі басқа ешкімге сеніп бермейді. Мен, мен, ба-ба,− деп барып Манана жылап жіберді. – Мен бақытты адаммын, Аким. Мен бақытты адаммын, Аким, − деп үш рет қайталады. Содан кейін өңешіне тас тығылғандай, қақалып-шашалып қалатындай бір түрлі дыбыс шығарды:

− Мен бақытты адаммын, Аким. Сен, не , сенбейсің бе? Сен сенбейсің бе? Сен неге теріс қарап тұрсың? Маған қара, − деді. Мен бетіне қарадым. Манана осы сегіз-тоғыз секундтың ішінде қайтадан өзгеріп кеткен екен. Менің алдымда алпысқа-жетпіске келген кәрі кемпір тұрды. – Мен бәрібір бақыттымын, Аким. Мен, мен – деп тұрып қайтадан дәлізге шығып кетті. Бұл жолы да жуынып-шайынып, сұлуланып, жасарып, жадырай күліп оралды. Ақша алып келді. Біз күтпеген мол ақша. Ол кездегі ақшаның ең ірісі жиырма бес сом еді. Жиырма бес сомды, тұтас жиырма бес сомды Андрейге ұстата салды.

− Андрей, − деді, − Сен Акимды бүгін ресторанға алып бар. Мә, менің атымнан сыйла, жарай ма. Менің атымнан.

− Жарайды, − деді Андрей. Сәл қысылып жиырма бес сомды оң қолының екі саусағының арасына қыстырып тұрды да, тәуекел дегендей, екі бүктеп шалбарының қалтасына ұрып жіберді. Енді Андрейдің кеткісі келді. Мен сезіп тұрмын. Бірақ Манана екеумізді зорлап қайта отырғызды. Бабымен кептірілген қытырлақ нан алып келді. Сервилат алып келді. Қымбат сервилатты турады. Андрей екеуміз соғып алдық. Андрей екеуміз тағы да екіден-үштен коньяк көтердік. Содан кейін Андрей стакан сұрап алып, стаканды стаканның үстіне қойып өзінің өнерін көрсетті. Жалғыз мен қол соғып отырдым. Манана Андрейдің ол сырын әдбен білетін болу керек, көрмегендей, естімегендей тас болып қатып қалды. Содан кейін Андрей Манананың киім шкафына кірді. Сол арадан француз тілінде ария айтты. Енді далаға шығайық деп тұрғанбыз. Мананамен қоштасып кетейік деп тұрғанбыз. Сол кезде Манана Андрейдің қасына таяп келіп шапалақпен тартып жіберді:

− Есуас! Қалада өскен есуас! Отыр мына жерге, − деді. Андрей өмірінде бірінші рет шапалақ жеген болар, қатты күйініп кетті. Екі көзден жас шығып кетті.

− Манана мен сені танымай тұрмын ғой. Не болды саған?

− Сен мені еш уақытта таныған емессің, − деді Манана.− Сен менің сырымды білген емессің! Менің сырымды менің туған ағам, сенің туған әкең де білген емес! Менің сырымды... Менің сырымды ешкім білмейді. Жер бетінде ешкім білмейді. Аким де білмейді. Аким, мен саған айтып берер едім, менің сырым жаман. Аким, сен менің сырымды сұрама. Мен айтпаймын!

Мен орнымнан тұрып кеткем. Қалшиып тұрмын. Не дерімді білмеймін. Кенет Манана жұмсақ басып келіп менің иығымнан қақты.

− Отыр, отыр, Аким. Мен саған тағы бір әңгіме айтайын, Аким!

− Айтыңыз, − дедім мен.

− Мен айтсам... Мен айтсам... мен, мен сені жақын арада, келесі жолы келгенде Голощекинмен таныстырамын,−деді.

Голощекин деген сөз менің құлағыма бір түрлі жаңғырып естілді.

− Білесің бе сен Голощекиннің кім екенін? – деді Манана.

− Естуім бар, − дедім.

− Естуің бар, бірақ сен оны жақсы адам деп ойлайсың.

− Оның қандай адам екенін білмеймін, бірақ біздің Қазақстанды басқарғанын білемін. Жиырма бесінші жылдан отыз үшінші жылға шейін... – дедім.

− Дұрыс айтасың. Жиырма бесінші жылдан отыз үшінші жылға дейін. Мен сені келесі жолы сол Голощекинмен таныстырамын.

Менің ұғымымда Голощекин баяғыда өліп қалған адам сияқты еді. Мына кісі шатасқан адам ба? Шынында да, Андрей айтқандай қызық екен деп ойладым. Менің сол үндемей қалғанымды өзінше ұқты ма екен Манана маған тесіле қарап тұрды:

− Ал сен білмейсің, Аким, − деді. – Бұны Қазақстан білмейді. Голощекин әлі тірі. Голощекин Москвада тұрады. Голощекин жалғыз қалған. Ол бір киргиздың баласын асырап алған. Сенің атың сияқты оның да аты Аким. Киргиз, ...кешір мені, Аким, − қазақ... қазақ! Әдемі жігіт, әдемі жігіт. Бірақ ол өзін киргиз десе қатты намыстанады. Мен білемін. Шая Ицхаковичті бағып-қағып жүрген сол. Шая Ицхакович ешкімге үйленген емес. Сол бала бағып отыр оны. Инженер. Бірақ жұмысқа бармайды. Шая Ицхаковичтің пенсиясы жетеді. Жетеді. Менің зейнетақымнан оның зейнетақысы он есе көп. Мен сені алып барамын, Аким, келесі жолы. Таныстырамын екеуіңді.

Мен, шынында да, таңқалдым. Бұл оқиға өтіп жатқан кез 60 жылдың күзі ғой. Голощекин әлдеқашан өлген деп білетінбіз. Менің саясаттан аулақ кезім. Аштық болғанын ғана білетінмін. Бірақ оны кім ұйымдастырды, қалай ұйымдастырды, ол жағын маған ешкім айтқан емес. Менің әкем өте тәрбиелі сақ адам еді. Менің тәрбиеме зияны тиеді деді ме екен, еш уақытта өзінің өмірбаянын, қазақтың тарихын, басынан кешкен қиындықтарды маған айтқан емес. Мен болсам шын мәнінде Совет үкіметін қатты ұнатып, шын мәнінде комсомол болып жүрген кезім ғой. Мен сені таныстырам деген Манананың сөзін мен шын ниетпен қарсы алдым. Барайын, көрейін деп ойладым ішімнен. Ол кісі тірі болса ол кісіні неге жасыру керек. Мен көрейін.

Содан кейін Манана тағы да бір түсініксіз сөздер айтты, түсініксіз қылықтар жасады. Бір жылап алды. Ас бөлмеге кіріп кетті.

Қайта оралды. Тағы да таранып, жуынып, шып-ширақ болып қайта оралды.

− Сен, Андрей, қазір Акимды ресторанға алып кетесің, біліп тұрмын. Бірақ сен бұл жолы милиционердің түймесін үзуді қой. Аким сен қадағала оны. Мә ақша – деп маған да жиырма бес теңгелікті ұстатты. Барыңдар! Біз есікке беттеген едік, Манана қайтадан тоқтатты.

− Екеуің тоқтаңдаршы, − деп. Мен бұрылсам Манананың түр-түсі мүлде өзгеріп кетіпті. Біздің алдымызда шашы жалбыраған, шашы ағарып кеткен қырық жеті жастағы кемпір тұрды.

− Мә, − деді ол қалтасынан әлдене суырып, Андрейге ұсынып. – Мынау менің үйімнің екінші кілті. Мен саған беремін. Келесі жолы келгенде сен Акимды алып кел. Міндетті түрде алып кел. Егер мен үйде болмасам, мен саған рұқсат етемін, өзің аш бөлмені. Кел, бірақ міндетті түрде Акимды алып кел. Түсіндің бе?

Андрей не түсінгенін білмеймін. Басын шұлғыды. Үйден тезірек шығып кеткісі келетінін мен сездім.

− Жарайды, Манана, жарайды, Акимды алып келем! Алып келем! Жақында... Сенсіз күн көру бізге жоқ ғой. – Бізге деген сөзді артық айтқанын сезгендей, − маған... сенсіз өмір сүру маған... жоқ ғой, − деді.

Біз есіктен шығар кезде Манана күтпеген жерде қайтадан менің сол жақ иығымнан ұстап алып өзіне қарай бұрды:

− Аким,− деді.− Келші бері інімдей көрейін, баламдай көрейін. Бір құшақтап маңдайыңнан сүйейін, − деді.

Манана мені өзіне қарай бұрып тұрып, екі жауырыныма екі алақанын салып тұрып сүйіп-сүйіп алды. – Халқың сенің жақсы, Аким. Сен де жақсы адам болып өсесің, Аким. Мен сеземін, Аким, көзіңнен көріп жүрмін...Біздің Андрейдей емес, сен алысқа барасың! – деді. Мені үшінші рет сүйіп, Андрей екеумізді есіктен шығарып салды.

Жарықтық, шығарып салған еді. Жарықтық. Бізді Манана шығарып салды. Шығарып салған еді.

***

Сол жолы Мананың үйіне Андрей екеуміз екінші рет барғанда, біресе жылап, біресе ас бөлмеге кетіп қалып, қайтып келіп, қайтадан әңгіме айтып, қайта кетіп жүріп Манана бір әңгіменің ұшын шығарған еді. «Мен Қазақстанды жақсы білем. Мен Шолақтау деген жерде біраз қызмет істегенмін» деген. Мен ол әңгімеге көп мән бере қойған жоқ едім. Кейін 1983 жылы мен Жамбыл обылысындағы Қаратау қаласына іссапармен бардым. Жиырма күндей жаттым.

Қаратау қаласының түбінде Көктал деген ауыл бар. Ол ауылда қазақтармен бірге өмір сүріп жатқан курд деген халықтың өкілдері бар еді. Мен өзім жазушы ретінде сол курдтардың тұрмысын білгім келіп, аудан басшыларына қолқа салып, курдтардан бір үйді таңдап мені солармен таныстыр дедім. Олар менің өтінішімді орындады. Мұхамед деген курд. Өздерінің курд тілінде Мұхамед дегенді Махмед деп айтады екен. Сол Махмед деген курдтың үйіне бардық, қонақ болдық. Бірнеше сағат отырдым, әңгімесі қызық екен. Ол кісі Арменияда өмір сүрген курдтардан екен. 37 жылы оларды бір түннің ішінде Қазақстанға жер аударған. Ауылдары Аракс өзенінің жағасында болыпты. Сол Аракстан Махмедтің отбасы Аса өзенінің жағасына келген, Қаратаудың етегіндегі. Одан кейін ол өзі жер аударылып Сахалиннен бір-ақ шығады. Сахалинде жүргенде 45 жылы бұлар жатқан түрмеге жапондардың бомбасы түседі. Бомба түрменің бір шетін қопарып кеткен екен. Махмед күліп отырып әңгіме айтты. Сол түрмеден қашқанда менің қасымда осы біздің қазақтың КӨКТАЛ деген сөзіне ұқсас фамилиясы бар бір Мәскеулік еврей бар еді. Фамилиясының соңғы әрпі жұмсақ, мәкки ізінәкпен бітетін! деп күлгені бар. Сол екеуміз Сахалиннен Владивастокқа келдік, Владивостоктан жүріп отырып, бір пойыздан түсіп, бір пойызға мініп, бір айдан аса уақытта Қазақстанға келдік. Петропавл қаласының вокзалына түскенде: Тұра тұр, мына жерде! – деп бір жаққа жүгіріп кетіп еді. Әйтеуір, қайдан алғанын білмеймін, көп ақша тауып келді. Содан кейін айтты:

− Әй, Махмед, ендігі жерде біздің жолымыз екі түрлі болады. Сен өзіңнің Жамбыл облысыңа кете бер. Ал мен осы жерден Мәскеуге кетемін, − деді. Сонымен екеуміз қимай қоштастық. Қанша дегенмен, екі айдай дәмдес болғанбыз, түрмеде де таныстығымыз бар еді. Сол фамилиясы Көкталға ұқсас еврей маған бір хат жазып берген болатын.

− Еліңе барғанда сол жерде біраз еврейлер бар, сен мына хатты солардың біріне бер. Өзіңе жақсы болады, − деп айтқан еді.

Шолақтауға келгеннен кейін кеніштерде істеп жүрген бастықтардың біреуіне әлгі хатты беріп едім.

− Ой, сен бізге керек адам екенсің ғой! Ой, сен, өзі, өте жақсы адам екенсің ғой, − деп мені бір кеніштің қойма бастығы қылып тағайындады,− дейді.

Махмедтің бұл әңгімесін жай ғана, кіріспе сияқты есіме алып отырмын.

Ал сол 83 жылғы курд азамат ұзақ отырып сыр шертіскен кезде өзі байқамай бір қызық оқиғаны айтып қалды.

− Менің қарауымда жер шұқылап, геолог сияқты болып жүретін екі қыз бар еді. Олардың неғылған геолог екенін, не тындырып жүргенін мен көп біле бермейтінмін. Екеуі менің үйімде жатты. Сол қыздардың бір қызығын айтайын сізге, − деді. – Біреуінің аты Вера еді, ал екіншісінің есімі Манана еді. Сол екеуі... бір күні таудың анау ұшар басында... тастан тасқа секіріп жүр екен. Бір уақытта олардың қасынан бір адам өтті атқа мінген. Қазақ. Әлігі қазақ атына қамшы басып, маған жетіп келді. Көзі аларып кеткен. Кәдімгі қазақтың әйелі:

− Өледі аналар өледі! – дейді. Жартастан құлап өлеміз! – деп... Құз жартас іздеп жүр... тез бар, Махмед, әйтпесе аналарың құзға секіреді.

Мәстек атым бар еді соған мініп, шоқырақтап әлгі екі қыздың қасына барайын. Барсам екеуі бір қара тасты құшақтап еңіреп жылап жатыр екен.

− Ей, сендерге не болды? – дедім мен. Екі қыз менің келгеніме мән бермеді. Жылай берді, жылай берді. Бір кезде екеуі құшақтасып жылады.

− Әй, сендерге не болды, айтсаңдаршы, − деймін.

− Жоқ-жоқ, сен бәрібір түсінбейсің, − дейді Манана деген қыз.

− Сен түсінбейсің! – деп Вера деген қыз да қайталады. Содан кейін екеуі тағы да жылап-жылап тұрып сыбырласты. Сыбырласты дағы сол арадан жоғары қарай, щыңның басына қарай көтерілді. Ол өзі... шың дейтін шың да емес, биіктігі екі жүз метрден аспайтын Бөрібасы дейтін бурыл көк тас еді... Сол құздың басына екеуі шықты да, құшақтасқан қалпында айқай салды:

− Қош бол, жарық дүние! – деп.

− Әй, сендер жынданып кеттіңдер ме?! – деп тұра жүгірдім. Тұра жүгіріп барсам, екеуі сол құшақтасқан қалпы төмен қарай секірейін деп тұр екен. Ұстай алдым. Жібермей қойдым.

− Әй, не болды сендерге? Айтпайсыңдар ма? – дедім.

− Сен бәрібір түсінбейсің, − деді Манана деген қыз.

− Нені түсінбеймін, нені түсінбеймін?

− Бүгін біздің ұлы көсеміміз Сталин Иосиф Виссарионович өлді ғой, дүниеден өтті ғой, − деді.

Менің жүрегім шым ете қалды. Мен қанша дегенмен, іштей ойладым, бәрекелді, дұрыс болды, дұрыс болды деп ойладым. Себебі бізді туған жерімізден айырып Қазақстанға жер аударғызған сол еді ғой. Бірақ, әрине, қыздарға сырымды берген жоқпын. Мен де теріс қарап өтіріктен кемсеңдеп жылаған болдым. Мен өтіріктен кемсеңдеп жылап тұрғанда қарасам, екі қызым қайтадан құшақтасып алып, қайтадан жылап, бір-бірімен қоштасып, әлгі шағын шыңның басынан төмен қарай қол ұстасып секірейін деп тұр! Қайтадан жүгіріп барып екеуін қапсыра құшақтадым. Алдымен Вераның иығына қолым ілікті. Вераны тартып едім Манана қатты шыңғырып, жалғыз өзі секірмекші болды... оны да құшақтап қысып алдым.

− Сен жібер, сен жібер! – деп екеуі де мені екі жағымнан жұлмалай бастады. – Жібер, сен бәрібір түсінбейсің. Біз өлеміз. Ендігі жерде бізге ешқандай өмірдің керегі жоқ. Ұлы көсеміміз өлді. Күн батты. Дүниені қараңғы түнек басты. Біз өмір сүрмейміз! – деді. Содан, не керек, ұзақ сөздің қысқасы (Махмед жарықтық қазақ тілінде өте жақсы сөйлейтін еді. Осы сөздердің бәрін сол кісінің өз мәнерісінде жазып отырмын) әлгі екі бейбағым біресе менімен алысады, біресе екеуі құшақтасады, біресе екеуі ұмтылып барып тастың басына шығады. Сонымен, бес-алты рет оларды қайтарып жүріп, мал қайырғандай төменге түсірдім. Секіреміз де секіреміз, өлеміз де өлеміз. Әй, қойсаңдаршы, тірі кісі тірлігін жасау керек, өлген адаммен бірге өлу жоқ. Қазақтың мақалы бар сондай. «Өлген адамның соңынан ерме, тірі адамсың тірлігіңді істе» деген, деп оларға, жаңағы, қазақша түсінідіріп жатырмын. Қазақшадан орысшаға аударып түсіндіріп жатырмын. Ақырында екеуін мен әрең көндірдім. Төменге түсіріп, өзен суына жуындырып ауылға алып келдім. Бірақ ауылға келген кезде Вера:

− Махмед аға, сіз біздің мынау қылығымызды ешкімге айтып қоймаңыз, − деді.

− Қайта жақсы емес пе, комсомол жиналысында алғыс аласындар. Сталин өлгенде Сталинмен бірге өлгісі келді деп газеттер жазады, − деп күлдім, әрине кекетіп күлдім. Екі қыз менің кекеткенімді онша түсіне қойған жоқ. Бір кезде Манана деген қыз, ол өзі армян еді, әлденеге қатты ашуланып... маған жақындап келіп... жағамнан алды:

− Сен жау, халық жауысың, сен біз екеуміздің Сталинге шын пейілімізді білдіріп, шыңнан секіруімізге кедергі жасадың. Сен нағыз халық жауысың! − деді. Бұрылып тағы да қайтадан қашпақшы болды. Мен екеуін әрең тоқтаттым. Өзімнің тор шолақ атымменен екеуін кес-кестеп, жібермей ауылға алып келдім, − деп күлген еді. Жарықтық. Күлген еді. Еді.

Сол 83 жастағы Махмед айтқан әңгіме мына Манананың үйінде отырғанда есіме түсе қоймағанмен кейін өз санамда екеуін ұштастырдым. Себебі Махмед айтқан еді:

− Әлігі қыздың аты... осы мынау... әлгі... каша деген тамақ бар ғой... Сол каша деген тамаққа ұқсайтын еді аты деген.

Көктал деген ауылдың атын еврейдің фамилиясымен ұштастырған Махмед енді Манананың атын да каша деген тамаққа ұқсастырғаннан кейін мен ойладым: сол осы мынау Манана емес пе екен. Орыста манная каша деген ұғым бар ғой. Андрей екеумізді үйінде отырғанда Манана:

− Мен ақымақпын, ақымақпын, Аким, − деген. – Мен сол Сталин үшін шыңнан секіріп өліп қала жаздадым ғой. Қазақстанда, сендерде, Шолақтау деген жерде. Ал өзімнің қандай ақымақ болғанымды енді-енді түсініп жүрмін, − деген. Ол әңгімесіне де мен дәл сол күні мән берген емеспін. Осы күндері ойласам, Андрейге запас кілтін беріп тұрып:

− Андрей, келесі жолы Аким екеуің келіңдер, сонда мына кілтпен есікті өздерің ашып кіріңдер! – деген сәттегі Манананың құп-қу кейпі есіме оралды. Кілтті ұсынған кезде Манананың қолы дірілдеп, үнінде соншалықты бір тәуекел, соншалықты бір, дүниеден безіну бар еді.

Совет Одағының он бес республикасынан келген отыз екі « баланың» өмірі бір жүйеге, бір илеуге түсе бастады. Қызық-қызық фильмдер көре бастадық. Атағы жер жарған жазушы, режиссер, операторлар, суретшілер бізге дәріс оқи бастады. Күн сайын үш фильм көреміз. Күн сайын кино зерттеуші ғалым келеді. Сонымен бәрін қосқанда таңғы сағат оннан кешкі сағат алтыға дейін біз ойлануға, қызық іздеуге, бір-біріміздің алдымызда концерт қоюға уақытымыз қалмайтын болды. Сабамызға түстік, қалыпқа келдік. Енді, шын мәнінде, кино өнерінің қыр-сырын білуге құмарта бастадық. Сөйтіп тәртіпке түсіп, Андрей өзінің фокусын көрсетпейтін болып, шкафқа кіріп кетіп ария айтуды қойып, көшеде тұрған милиционердің жез түймесін жұлып алуға уақыты болмай жүрген Андрей бір күні:

− Сабақтан кейін екеуміз үйге барайық, ә, − деді. Мен сәл ойланып қалдым. Ыңғайсыз емес пе дегендей. Өте биік дәрежедегі қызметкер. Оның үйіне қайта-қайта барғыштап мазасын алу қалай болады дегендей. Мен үндемей тұр едім Андрей айтты:

− Сені папам шақырып жатыр. Сені көргісі келеді, әңгімелескісі келеді, мамам да сұрай береді, анау досың қайда Шыңғысханның немересі, − дейді. Андрей біраз күліп алды. – Біз сені Шыңғысханның ұрпағы дейміз, ал менің мамам Шыңғысхынның немересі дейді,− деп. Сол күні кешке жақын Андрейдің үйінде болдық. Баяғы сол кофе, баяғы сол қытырлақ нан, бір-екі үзім колбаса, сыпайы ғана отырып, сыпайы ғана әңгімелестік. Андрейдің папасы Қазақстан туралы менен біраз мәліметтер сұрады. Содан кейін тағы да бұдан бұрын айтқанындай:

− Сен оқу бітіретін кезде маған кел үйге. Димаш Ахметович Қоневқа хат жазып беремін. Ол кісі жақсы, біледі мені, − деді. Ішімнен ойладым, маған хаттың керегі не, деп. Бірақ басымды изеп сыпайылық білдіріп қойдым. Ол үйде екі сағаттай отырып қалдық. Әлдебір жақтан концертке қатысып Карина оралды. Оның әдеті: сәл ғана бас изеп, амандасатын да өзінің бөлмесіне кіріп кететін. Сонымен менің қонақтығым аяқталып, енді кетейін деп тұрғанымда ас бөлме жақта жүрген анасы келді Андрейдің:

− Әй, Андрей, үш күн болды Мананадан ешбір хабар жоқ. Мен кемінде он шақты рет телефон шалдым, алмайды, ауырып қалды ма байғұс. Не болды екен? Күнде міндетті түрде тіл шалатын еді, хабарласушы еді ғой, − деді. Андрей онша ұнатпай қабылдады мамасының сөзін.

− Жүрген шығар, отырған шығар, білесің ғой оның мінезін, − деді.

− Жоқ, − деді мамасы,− бүйтіп үш күн-күн хабарсыз кетпейтұғын. Қазір оның баратын да жері жоқ, үйден шықпайтын адам. Сен, Аким досың екеуің барып келіңдер. Амандығын біліп келіңдер, өзің айтып ең ғой запас кілтін маған берді деп.

− Иә,− деді Андрей, − запас кілті менде.

− Оны қайда қойып едің? Жоғалтып қойған жоқсың ба?

− Жоқ, жоғалтқан жоқпын, міне. Мынау суырмада.

− Ендеше, − деді Андрейдің мамасы (Жарықтықтың есімін ұмытып қалыппын. Өкінішті-ақ), − екеуің барып келе қойыңдар.

Сонымен Андрей екеуміз метроға түсіп, метродан шығып, өзімізге белгілі көшелерді айналып өтіп, үйлерді айналып өтіп, Москва өзенінің жағасындағы биік үйдің биік этажына көтерілдік. Есіктің қоңырауын ары басамыз, бері басамыз, ешкім жауап бермейді. Бір кезде Андрей шошып кетті:

− Әй, мынау шынында да қызық жағдай болды ғой! – деді. – Сол байғұс ауырып қалды-ау шамасы, ә! Ауырып қалды. Сол байғұс телефонға жете алмай қалды-ау, ә, жете алмай қалды! Сөйтіп әр сұрағына өзі жауап беріп сөйлейтін Андрейдің әдеті еді. – Ал енді сонда не болды, не болды?

Содан кейін мен айттым:

− Әй, Андрей, неге сасып тұрсың? Саспа. Сенің қалтаңда кілт бар ғой,− Андрейдің көзі бақырайып кетті.

− Әй, сен қандай ақылды адамсың?! − деді маған.

− Е, не болып қалды?

− Шынында да менің қалтамда кілт бар ғой. Менің сол қалтамда кілт бар екені есіме түспей тұр ғой. Ой, азамат! – деп мені мақтап қойды. Екеуміз тағы да есіктің қоңырауын біраз шырылдатып-шырылдатып алдық. Болмаған соң Андрей есікке кілт салды. Есіктің кілті біреу емес үшеу екен. Алдымен біреуі ашылды. Содан кейін шиқылдап-қиқылдап екіншісі ашылды. Одан кейін үнсіз ашылатын үшінші кілт бар екен. Ол шағын ғана кішкентай кілт екен. Мен іштей ғана таңқалып қойдым. Бір есікке үш кілт салудың қанша қажеті бар дегендей.

Армяндардың көздері шарасынан шығып тұрады. Андрей де солардың бірі еді. Бірақ бұл жолы Андрей кішкентай кілт ашылған соң маған бұрылып қарап еді мен оған таңқалдым. Жайшылықта үлкен көздері тіпті шарасынан шығып кетіпті. Әлде бірдеңеден шошынғандай маған тұншыға сөйлейді. Ол жайшылықта мені Шыңғысханның ұрпағы деп атайтын еді, бұл жолы, сасқаны болар, өзімнің атымды атады:

− Аким, осы есікті сен ашшы. Тартшы әрі қарай, − деді.

Ішімнен ойладым онда тұрған не бар. Есікті ашуға шамасы келмей тұр ма деп.

Осы күнде ойлаймын, Андрей туысқаны болған соң әлденені, әлдебір қауіпті жағдайды сезді ме екен. Ал мен болсам Манананың екі туып бір қалғаны емеспін. Ештеңе сезгенде жоқпын.

− Кәне, былайырақ тұр,− деп есікті тартып қалдым. Тартып қалдым да мен де бір түрлі ыңғайсызданып тұрып қалдым. Ар жағында тағы бір есік бар екен. Оны итеріп едім ашылмады. Содан кейін Андрейге бұрылдым: − Мынаған да кілт салыпты ғой,− деп. Енді ғана байқадым Андрейдің түр-түсі құп-қу болып кеткен екен. Шошыну, үрку, әлдебір күдіктену тұлабойын тұтас билеп алған сияқты, дірілдеп-қалшылдап кетті.

− Тоқташы, тоқташы,− деп әлгі кілттердің және біреуін, төртінші кілтті тауып маған ұстатты. – Енді мынамен ашшы,− деді.

Мен әлі де ештеңе түсінген жоқпын.

− Әкел, − дедім де төртінші кілтті ішкі есікке салдым. Ішкі есік те оңай ашылмады. Үш-төрт бұрап, күш салып әрең аштым. – Ал кір,−−дедім Андрейге.− Бірақ Манананы шошытып алмайық, ә. Айқайлап сөйлеп кір жарай ма, − дедім. Андрей одан бетер зәресі ұшып кетіпті.

− Сен неге олай дейсің? – деді.

− Жоқ, өзің емес пе маған аш деп тұрған,− дедім мен әлі де болса күле түсіп. Андрей бұрынғыдан да зәресі ұшқан, тіпті қалшылдап-дірілдеп кеткені де сезіліп тұрды.

− Енді сен итерші, ашшы, Аким, − деді. Мен әлдебір қылжақ ой келгендей, сәл ғана күліп, кекете түстім.

− Онда тұрған не бар, Андрей. Әпке сенікі, үй сенің әпкеңнің үйі. Итер есікті,− дедім.

− Жоқ,− деді Андрей, − сен Шыңғысханның ұрпағысың ғой, ашшы.

Мен мырс етіп күлдім де ішкі есікті ары қарай итердім.

Андрейдің бойын билеген қорқыныш, үрей маған әлі де сезіле қойған жоқ еді.

− Кірсең, өзің кір. Әпке сенікі, кір, −дедім. Андрей қипақтап тұр. Содан кейін менің иығымнан асылып ішке қарай:

− Манана, Манана, біз келдік, − деп айқайлады. Андрейдің айқайына ешкім үн қатпады. Содан кейін Андрей мені итеріп қалғандай:

− Кірсейші ішке, сен қонақсың ғой! – деді. Менің ойымда ештеңе жоқ кіріп кеттім.

Манананың үлкен сарайдай биік үйіне кірген бойда мен де, әлденені сезгендей, тұрып қалдым.

− Андрей, кірсейші өзің,− дедім. Андрей менің белімнен екі қолымен сүйеніп тұрып:

− Манана, біз келдік қой, қарсы ал, Қасымда Аким бар,− деді.

Андрейдің бұл үніне ешқандай жауап боламады.

Москваның күндізінің өзі күңгірт келеді. Сондықтан да Андрей дәліздегі шамды жақты. Жакты да тағы да маған сүйеніп тұрып:

− Манана, біз келдік қой. Қонақ келді саған. Аким келді,−деді. Ешқандай үн естімедік.

Андрей бұрынғыдан да саса түсті. Енді мен Андрейдің бойындағы түсініксіз дірілді анық сездім. Бірақ маған әлі де мұның үрейінің себебі жете қойған жоқ. Ол неге үрейленіп тұр деген ой да келе қоймады.

Екеуміз дәлізде тұрып аяқ киімімізді шештік. Күз айы ғой. Аздап балшық болып қалған аяқ киімімізді қатарластырып қойдық. Андрей маған қарап басын шайқады:

− Мүмкін дүкенге кеткен шығар? Жүр, жарайды, кіре берейік үйіне, − деді. Бірақ үніндегі қорқыныш енді ғана маған жеткендей мен де қимылсыз тұрып қалдым.

− Қай жағына кіреміз? – дедім мен оған.

− Дүкенге кеткен шығар, − деді Андрей тағы да. – Жүр, үлкен қонақ бөлмеге кірейік.

Осы күні ойлаймын, дәл қазір ойлап отырмын, осы эссені жазып отырғанда ойлап отырмын. Андрей қонақ бөлмеге барайық деп маған неге ұсыныс жасады екен. Әлде ас бөлме жақта әлгі сұмдықтың болғанын Андрей іштей сезді ме екен? Мынау қандас, туысқан адамдардың ара қатынасында әлі ғалымдар аша алмай жүрген құпия байланыстар, құпиялар бар ғой. Мен, шамасы ештеңе сезе қоймадым, және де бүгінгідей салмақты емес, ұр да жықтау кезім емес пе. Қонақ бөлмеге бірінші болып мен кірдім. Ешқандай өзгеріс күтпедім. Бұрыш-бұрыштағы жиһаздар соншалықты кең, соншалықты биік бөлмеде кішкентай ғана баланың ойыншығындай жетімсіреп бөлек-бөлек тұр. Дәл ортадағы аса қымбат ұзын да жалпақ столдың үстіне бір жапырақ ақ қағаз жатыр екен. Мен қасына барып үңіле бердім. Себебі мынандай тап-таза жиналған столдың үстінде сәл ғана жиырылып қалған ақ қағаздың жатуы маған заңсыз сияқты көрінді. Мен қарадым да таңқалдым. Қағаздың бас жағында «Аким» деген сөзге көңіл аудардым да қағазды қолыма ала бердім. Ала бердім де таң қалдым. «Аким» деген сөзден кейін тире қойылыпты. Тиреден кейін «кир» деген үш әріп жазылыпты. Кейін де, осы күнде де ойлаймын: «кир» деген үш әріп киргиз деген сөздің алғашқы үш әрпі болуы керек. Ол үш әріптің белінен қайтадан сызып қойыпты. Содан кейін толығымен «Сын казахского народа» депті. Бұл сөздерге тіпті таңқалдым. Ол не деген сөз, Манана менің атымды жазған ғой. Одан кейін және бір телефон номері теріліпті. Ол кездегі Москваның орталық көшелерде тұратын адамдардың телефоны «К» әрпімен басталатын. «К» деген әріп содан кейін алты цифр сан түсіпті. Одан кейін бес-алты жол сыятындай кең-мол орын қалдырыпты да ШАЯ ИЦХАКОВИЧ ГОЛОЩЕКИН деп жазылыпты.

Мен бұл сөздерді қазір, дәл қазір жазып отырғанда, әрине, тез-тез сырылдатып өтіп кеттім. Ал сол сәтте, сол кезеңде мен әлгі сөздерді түк ұқпасам да бірнеше рет қайталап, өте баяу оқыдым. Себебі маған Голощекин деген сөзді бірнеше рет ғана әкемнің аузынан естіген едім. Ал «Шая» деген сөзін де «Ицхакович» деген сөзі де әлдекімнің әкесінің аты болар. Ицхак деген әріптің жазылуы маған бір түрлі жұмбақ болып көрінді. Андрей мені қонақ бөлмеде ұзақ ұстады. Шарасынан шығып тұратын армян көздері жасаурап, жыпылықтап, маған әлдебірдеңе айтқысы келгендей, айта алмай, тұншығып отырғандай жәутеңдеп қарады. Орнынан тұрып кетіп, әлденені ұмытқандай қайтадан отыра қалып, маған тағы да жәутеңдей қарады. Ол осы қимылын бес-алты рет қайталады. Уақыт өте берді. Бір сәтте әлденеге тәуекел деп бел буғандай Андрей, қайтадан орнынан тұрып, барып дәліздің есігін ашты. Есігін ашып біраз тұрды. Қайтадан қос есіктің екі жақпарын қайта жауып, қайтадан менің қасыма келіп отырды. Мен, өзі, баяу ойлайтын адаммын. Болып жатқан оқиғаларды да баяу, асықпай қабылдаймын және де, көбінесе, өтіп кеткеннен кейін ғана әрбір болған оқиғаның мән-мағынасын есіме қайта түсіруге тырысатын әдетім бар. Осы күнге дейін солай. Сол сәтте Андрейдің соншама сасқанын, орнынан бір тұрып, бір отырғанын, маған жәутеңдеп қарағанын түсінбедім, аса бір мән бере қойған жоқпын.

Андрей үшінші рет пе, төртінші рет пе орнынан тұрып маған жалбарына қарап, армян көздері сулана түсіп тағы да барып дәліздің есігін ашты, қайта келіп, менің қасыма отырды. Содан кейін сынақтан өте алмай қалған студенттің профессорға жылағанындай ерекше бір мүсәпір бейне тауып маған жалбарына қарады:

− Сен, Аким, Аким... Шыңғыстың ұрпағы, Шыңғысханның ұрпағы, жүрші екеуміз ас бөлмеге барайық, ас бөлмеге барайық...

Менің күлкім келді. Андрейдің мына қылығын түсінбедім. Түсінбегендіктен де күлкім келді.

− Андрей, саған не болды? Ас бөлмеге бару проблема болып тұр ма? Жарайды, жүр барайық,− дедім. Андрей сүмірейіп менің соңымнан ерді. Әр аяғын басқан сайын үркіп-шошып тұрған сияқты көрінді маған. Дәліздің есігін аштым мен. Қос жақтаулы үлкен есік ауыр қозғалып әрең барып орнына тұрды.

− Ал, енді не істейміз? – дедім Андрейге бұрылып. Андрей тіпті үрке түсіп, шоши түсіп онсыз да ұясынан атып кетуге шақ тұрған Армян көздерімен маған жалына қарады.

− Өзің басташы, Шыңғысханның ұрпағы, − деді. Мен аң-таң және өзің басташы Шыңғысханның ұрпағы деген соң сәл де болса қанаттанғандай дәлізден өтіп барып ас бөлменің есігін тартып ашып қалдым.

Ас бөлменің есігін тартып ашып қалдым.

Ас бөлменің есігін тартып ашып қалдым..

.

Ас бөлменің есігін... есігін... жұлқып ашып қалдым...

Ә дегенде менің жалқау миым көрген оқиғаны, көрген суретті тұтас қабылдай қоймады. Ол сұмдық сурет маған бірден әсер ете қоймады. Мен алдымен Андрейге қарадым. Жайбарақат, саспай қарадым. Содан кейін қайтадан ас бөлменің ішіне қарадым. Әлі де болса саспай, сабырмен қарадым. Жай ғана бір таңқалу, таңқалу ғана. Содан кейін қайтадан Андрейге бір қарадым. Андрейде ес-түс жоқ. Ол бірдеңе сезіп тұрғандай, жалт бұрылып, сыртқы есікке шығып қаша жөнелгісі келіп тұрғандай әсер етті маған. Мен Андрейге тіл қаттым:

− Андрей, сен неге, сен неге? – дедім. Содан кейін өзімнің қойған сұрағым ақымақтың сұрағы екенін түсінгендей қайтадан ас бөлмеге қарадым. Енді ғана менің санама сұмдық сурет оралды. Сұмдық. Осы күнге дейін мен ұмытпаймын. Сұмдық сурет. Ас бөлмедегі биік әдемі абажурлы люстраның жоғарғы жағындағы қайқы, сәнді болат мүйіздеріне арқан төрт-бес рет оралып кәдімігідей жуан арқанға бергісіз өріліпті. Ең алдымен салбырап тұрған өлік денені көрдім. Көзі шарасынан шығып кеткен Манананы көрдім. Бұл, енді, Манана деп айтуға келмейтін басқа бір адам. Дәлірек айтқанда, басқа бір ұғым еді. Еденге жамбастай құлаған арқасыз орындықты көрдім. Дәл сол сәтте ештеңе түсінбесем де кейін келе ұғындым, түсіндім. Манана мойнына тұзақ салып асылып өлерінде астындағы орындықты теуіп жіберген болар деп ойлаймын. Осы күнге дейін сол, сол бір орындықтың қалай жамбастап құлағанын елестетіп шошына ойлаймын. Шошына есіме аламын. Ал одан кейінгі көрген суретім осы күнге дейін түсініксіз.

Манананың аяғында етік бар екен. Қыста киетін етік. Әлде Манана далаға барып, сыртта жүріп, ұзақ жүріп үйіне қайтты ма екен. Етіктің табаны соншалықты балшыққа батқаны қалай? Балшық-балшық етік, балшық-балшық табан. Ас бөлменің төрт бұрышында сол балшық етіктің іздері қалған. Алдымен табанымен түскен, өкшесімен қоса түскен іздері қала беріпті. Ботқа жеген баланың аузындай жағал-жағал Манананың ас бөлмесі көшенің лайым, етіктің өкшесімен, етіктің табанымен былғана беріпті, былғана беріпті. Бір ғажабы, қарама-қарсы екі қабырға кемінде жиырма-жиырма мәрте етік табанымен тебілген. Соны байқадым.

Есімді жинай келе, жарты сағаттан кейін бе екен әлгі қабырғаға түскен етік іздеріне таңқала қарап көп тұрдым, ұзақ тұрдым. Ақ қағазға ап-айқын мөр басқандай дерсің...

Андрей, жылай алмай ма, білмеймін, терезеге қарай ысырылып қойылған ас столының үстіне бетін басып, солқ-солқ етіп, үнсіз-түнсіз қозғалақтап тұрды.

Сол сәт, сол оқиға, сол сұмдық оқиға қас пен көздің арасындай тез ғана өткен сияқты еді. Біз Манананың үйіне кірген соң қонақ бөлмеде он-он бес минуттай отырған сияқты едік. Одан кейін ас бөлмеге кіргенде көп болса бес-он минут тұрған сияқты едік. Кейін сол үйден есікті жауып қайта шыққан кезімізде сағат түңгі үш болғанын байқадым. Сол екі ортада уақыттың қайда кеткенін, сол екі ортада уақытты кімнің қалай ұрлап кеткенін мен түсінбеймін. Сол кезде де түсінген емеспін. Қазір де түсінер емеспін.

Түсінбеймін. Және бір таңқалатын жағдайым: дайын тұрған телефоннан Андрейдің әкесі мен шешесіне хабарласпай, сыртқа шыққан соң автоматтан телефон шалдық. Оны да түсінбеймін. Ұқпаймын. Біраз телефон шалдық та біз үйге қайта кірдік. Бірден үлкен залға барып жайғасып отырдық. Бір кезде Манананың телефоны шырылдады. Әкесі болса керек, Андрейге әлденелерді айтып, даусы гүрілдеп бұйрық беріп жатты. Осы күнде ойлаймын үйден шығып кетпеңдер деген болар-ау деп. Жарты сағат па екен, қырық минут па екен біз бір-бірімізге қарап бақырайып отырғанда Андрейдің әкесі мен шешесі келді. Әкесі генерал-лейтенант формасын киіп аса салтанатты түрде келді. Ол кісі де жетті. Ол кісі де ас бөлмеге барды. Анасы ас бөлмеге бара алмады. Қонақ бөлмеде Андрей екеуміздің қасымызда отырып қалды. Содан кейін Андрейдің әкесі Манананың телефонынан әлдебір хабарласты. Көп ұзамай, ары кетсе он бес минутта, Манананың үш бөлмелі үйі қызыл жағалы, сары ала жағалы қызметкерлерге толып кетті. Осы күнде ойлаймын, кейіннен талай ойладым, біз екінші барғанда Манананың Андрейге запас кілтін берген жұмбағына шешім тапқандай боламын. Манана бізді соңғы көріп тұрған, соңғы рет қоштасып тұрғандай болған екен-ау деймін. Және де әңгіме үстінде маған ерекше қарап, маған, ойнақшыған, есі ауысқан адамдай көздері шатынай қарап Манананың: «Сендердің Шолақтау деген қалаларыңды білем мен. Мен сонда болғанмын. Сонда мен қызмет істегенмін. Сонда жүргенде мен Вера деген құрбым екеуміз Иосиф Виссарионович Сталиннің дүниеден өткенін естіген едік. Иосиф Виссарионович Сталиннің дүниеден өткенін естіген соң Вера екеуміз тау-тасқа қарай жүгіргенбіз. Биік жартастан құлап... Екеуміз биік шыңның басына шығып көзімізді жұмып тұрып өлеміз дегенбіз. Екеуміз қол ұстасып тұрып жартастан төмен қарай құламақшы болғанбыз. Екеуміз де шын құламақ болдық, екеумізде өкінбей құламақшы болдық. Екеумізде Иосиф Виссарионович өлгенде біз неге тірі жүруіміз керек деген берік ұстамға келген едік. Бізді сол жердегі бір курд, ұлты курд кісі, оны біз дядя Миша дейтін едік. Сол дядя Миша жүгіріп келіп ұстап алып жібермей қойды. Ол кісі болмағанда біз жартастан секіретін едік. Иосиф Виссарионович үшін. Одан кейін бізге өмірдің ешбір қажеті жоқ еді, қажеті жоқ еді. Аким, ты понимаешь меня? Я была такая...», - дегені кейін-кейін ғана анық ұғынғандай болғам. Бұл сөздердің нағыз мән-мағынасында кейін оралып еді. Бірінші кездескенде шетін ғана шығарып қойған әңгімені екінші кездескенде маған тағы да құтырынған көзбен қарап отырып: «Мен киргиз халқының алдында күнәһармын. Мен киргиздарға қаншама түрлі уколдар салдым. Бастарын таз қылдық, мұрындары опырылып түсетін укол салдық. Мен, мен мына қолыммен. Ал Вера болса менен де батыр еді. Вера болса менен де өжет еді. Тапсырманы бұлжытпай орындайтын. Бәрін айт да, бірін айт, Аким, ты сын киргизского народа, извини пожалуйста, сен сын казахского народа, не поймешь меня. Біз ер адамдардың, саналы адамдардың білегіне укол салдық. Біз салған уколдан қаншама мықты болса да еркек адамдар мәңгіріп қалатын еді. Айтқан бұйрықты орындай беретін, орындай беретін кәдімгі нағыз мәңгүрт болып қалатын еді... Аким, ты понимаешь это?

Менің миым самарқау. Содан бері жарты ғасыр өтті. Жарты ғасыр!

Москвада, ас бөлмеде болған сол сұмдық оқиғаның мән-мағынасын, астарлы сырын енді-енді ұғына бастаған сияқтымын. Аппақ қабырғаға анық басылған балшық табан етік мөрі... Замана мөрі...

Көк аспанда қырағы көз бар...

Астана, 2011 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар