Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Заман Төлеуовтің әңгімелері

15.02.2017 1497

Заман Төлеуовтің әңгімелері

ТОНЫ АЙНАЛҒАН ЗАМАН-АЙ

Мынадай сұмдықты сірә, ешкім естімеген шығар, бәлкім!.. Қалқан деген құрдасым салы суға кетіп, мені іздеп үйге келді. «Жүр былай таман барайық!» деп мені сүйрелеп жатқанын байқаған әйелім: «Шәтөшкелеріңді басыңа жарам, осыдан бұрқырап келші!» деп айғайын салып қалды. Мен де сескеніп: «Ей, ішпеймін!» деп едім, Қалқан: «Басқа шаруа, тек ешкім естімеуі тиіс!» деді, көңілімді орнына түсіргендей салмақпен.

- Өзің білесің, әкемнің қырқын кеше ғана бердік... ол бүгін таңертең үйге қайтып келді!

- Кетші ей! Өлген кісінің қайтып келгенін естімеппін! Басқа біреу шығар?

- Өз әкемді танымайтын мүлдем жынды емеспін ғой! Үстінде кебіні... дір-дір етеді, далаға қондым дейді.

- Өлген кісінің үйі көр емес пе?!

- Көрі, көр ғой... одан әңкүр-мүңкірді тосып жатса қызыл пиджак киген қазақтың жігіттері келіп сүйрей жөнеледі. Өздерінің басшыларына алып барады. Тақыр бас, божыр-божыр бір қорқынышты қазақ екен дейді. – Бұдан былай ана дүниеден құр қол келгендерді «позорын» шығарып қайтарып жатырмыз! Жаңа тәртіп бойынша осынша сан «капуста» әкел, өйтпесе өле алмай иттерің шығады! – деп гүжілдеп қайта қуып жіберіпті әкемді. Япырай, «Доллар и в Африке доллар!» дегені рас боп шықты. Тоқсаныншы жылдары рекет болып бір-бірін қырып тастаған қазақтар о жақтағы «қылкөпірдің» аузын, тозақ, жұмақ дейсің бе әйтеу барша есікті өздеріне қаратып алыпты. Тіпті жол бойы қаншауы арқан керіп тұрған көрінеді.

a2d6f83b9b6aea87afc2efbe891b85b1.jpg

- Әкең енді қайда? Не жасамақсың?

- Елден ұят болды! Үйде тығылып отыр. Сыртқа шығуға бет жоқ. Азан-қазан болып шығарып салдық па деп едік... не қуанарымды, не жыларымды білмей саған келдім. Мал-жан бар ғой, қарызға ақша бере тұр.

- Ей, осы сен, өзіңнің шатырың кетіп қалған жоқ па?! Сылтауратсаң жөнімен сылтау құрасаңшы!

- Имандай шыным! Сенбесең үйге жүр. Әкеммен сөйлес... Сені де өз баласындай көретін-ді, есіңдеме!?

Сонымен Қалқан құрдастың үйіне бет алдық. Ойым сан-саққа кетеді. Бұл құрдастың тағы бір «приколы» боп жүрмесе игі деп қоям ішімнен. Бірақ оған сендім деген ниет танытар емеспін. Кім білсін, бұл соққан ертең мені елге күлкі-мазақ етпесіне кім кепіл. Сөйдеймін де: «Мемлекеттің қазынасын көзді бақырайтып талапайға салып, тонап жатқан қазақтың сұмқадандары о жаққа барса да тыныш жатпас ау сірә!?» деймін, ауыр күрсініп шарасыздықтан...

... Қалқан алдымда есігін ашып, «мында, мында» деп елбелектей жүгіріп жүр. Алдыға басқан аяғым кері кетіп, кірерге ниет те жоқ.

- Ассалаумалайкүм! – деп зәрем зәр түбіне кете нұсқаған бөлменің табалдырығын аттадым. Сол бұрышқа ақтан перде керіп қойыпты.

- Сәлемшіл болсаң төрлет! – деді атаның дауысына ұқсастау бір күңгір.

Көзіме перде желп еткендей болды. Қалқан пердені ысырып, маған жақында деген ишарат білдірді. «Япырау, мені қайда шақырып тұр, мына нақұрыс құрдас?!» деген күдікпен пердеге таяп ішіне үңілдім. Жан баласын көре алмадым. Ішім бүлк ете түсті. Бұл мені өле-өлгенше масқара ететіндей ұрындырған екен-ау деп... Кенет төсек сықырлап, қақырынған дыбысты құлағым шалып, артыма қарадым.

- Балам, мен мұндамын. – деді қақ маңдайымнан атаның анық дауысы.

 - Осындай бишара жағдайға тап болдым, қарағым... Бұ дүниеде барқадар тауып жарытпап едім, онда барған соң да қырсық қыр соңымнан қалмады. Ұлым айтқан шығар, шаруаны?

- Иә, ата... Бірақ, мен сізді көре алмай тұрмын...

- Е қарағым, оның жөні бір басқа, кісі шошымасын деп бүркеніп отырмын да о дүниенің шекпенін.

Алдымда ауадай мөлдір шыны секілді бір сағым бұлаң етті де ар жағынан атаның сұлбасы тұнды. Жағы түспесін деп таңып қойған шүберек жіп сол қалпы төбесіне түйілген, үстінде топырақ жұққан, әппақ кебіні. Еш қимылсыз, сөйлеген кезде аузында жыбыр жоқ, екі көзі де жұмулы. Сірә, қалқып жүрген елес тәрізді.. Ал дауысы әлдебір өзге, бөтен кеңістіктен күңгірлеп шығатындай.

- Осы бір қас қағымдай сәтте не көрмедім, қарағым!.. Ұлым айтады, менің қайтқаныма қырық күн өтіпті... О жақта уақыт санау деген жоқ екен. Бәрі жазылып жатқан тегістік тәрізді. Топырағы қарайып, шөбі бұрқырап жер сияқты көрінген төсеніш те табаныңа білінбейді. Араның уіліндей бір толассыз үн ғана төңірегіңде дүние барын сездіреді... Жә, жә балам... ары қарай айтуға болмайды!

Ата ту сыртында біреу тұрғандай шошына жиырылды. Расында, денені мұздатқан бір қатерлі суықтық есіп өткендей болды. Біраз үнсіздіктен соң, Ата сөзін қайта жалғады.

- Ту!.. Кетті ғой деймін... Соңымнан аңдытып қойған біреуі бар, мен сияқты он шақты адам еліне қайтарылған. Бері өтпеймін деп қасарысқандарын «Тозақтың» төңірегіне апарып, зәрелерін алыпты. Бір аңғарғаным, біздің тап болғанымыз бергі, ауыз жағы сияқты. Әлгі, осы дүниедегі тықыраңдаған қазақтар шайтандармен бірігіп, кіре берістен өз мекендерін ашып, қақпасын теріс жағынан шығарып қойыпты. Жарықтық Періштелер расында аңқаулау болады екен. Өйтпесе бұларды қалай байқамай жүр? Ал ауызжаласып кетті деуге дәтің бармайды!

Мыналардың «Тозақ» деп жүргені - өздері ойлап тапқан зорлық көрсету орны екен. Бұ дүниеде бейнет шеккен онда барып, жетіседі деуші...

- Мә, же! Мә, іш!.. – деп зорлықпен желкелеп ішкізіп-жегізіп, қайта өкіртіп құстырып жатыр. – Кімді дейсің ғой? Сол - осы жалғандағы жұлыны шыққан бейбақтарды. «Аш жүрген жақсы ма, тоқ жүрген жақсы ма?!» деп сілекей-жасы шұбырған бейшарадан аракідік сұрап қояды. Ол басын ғана шұлғиды. «Мынау тағы ішіп-жегісі кеп тұр! Өмірі бүйірі шықпаған сорлы ғой, бұл! Бұнда тоям деп келдің бе? Тойғызайық... Беріңдер!!!» деп божыр бет бастықтың орынбасары зікінейді. Қарап тұрған бізде зәре жоқ. «Егер ана дүниеде: ар-ұят, намыс-қамыс демей жалғанды жалпағынан басып, ішкенің артыңда, ішпегенің алдыңда боп жүрсеңдер осы бейнетті көрмес едіңдер! Сендердің арам ойларың: жер бетінде теперіш көрдік, ендігі үлесіміз - мәңгілік тоқышылық пен рахат деген емес пе еді?.. Қатты қателестіңдер! Жоқшылықтан қарайған жандарыңды мүлдем аздырамыз. Өлгендеріңе өкінетіндей етеміз! Қырық қабат кері қайтарып, о жақтағы туыс-жарандарыңды қарыздан қарызға батырып, сені қарғайтын жағдайға жеткіземіз! Көреміз сонда Ар-Ұят деп қалай сайрайтындарыңды!»...

Есім мүлдем ауысып кеткен сияқты. Қалқан қолтығымнан сүйеп үйге әкелді. Көк сандықты ашып, көк мәшинеге жинап жүрген бір бума көк қағазды құрдасқа ұстаттым. Сондан үш күн, үш түн есеңгіреп, небір нәрсені сандырақтап жатыппын. Дәрігердің нешеуі қарап, ақыры бақсы басымда қобыз ойнап, үстімнен қарғып бара жатқанында есім кірді.

- Ар-Ұят деген әдірем қалсын! Әкеліңдер бәрін ішіп, жейміз! Сойыңдар малды түгел... Жетпесе көршінікін бауызда! Ешкімді аямаңдар! Ұрла, қылмыс жаса! - деп айғай сала түрегелдім.

- Біссіміллә, біссіміллә! – деп үшкірмек болған бақсыны сілейте бір соқтым да үрпиісіп тұрған қалғандарына тұра ұмтылдым.

Көпшілік қоя ма, әл бермеді... Аяқ-қолымды байлап, жындыханаға бір-ақ тықты. Бір ғажабы о жақтағы ел-жұрт - бұ жақтағы сияқты емес, айтқаныңа нанады екен. Өскен ортамды «шындыққа» сендіре алмай, сол арадан қолдау тауып жаным тыншыған жайым бар, енді.

Осы әңгімені ойдан шығарды деп маған сенбей отырған шығарсыздар. Керек десеңіз, мен өзімнің бар-жоқтығыма да күмәндімін, сенетін дәнеңе қалмай бара жатыр-ау... Жақсысы қайсы, жаманы қайсы?.. Күллі дүниенің тоны айналып кеткен бір заманға тап болдық па, сірә... Кім біледі?!.


БӘЛЕ ҚАЙДАН ДЕМЕ


-  Қайдасың? Тез жет! Жеңгең әл үстінде жатыр!

-  Не болды?! Түсіндірші!

-  Басы жарылды!

«Таңертеңнен қақиып, елді енді жинағанда мына ағанікі қызық болды ғой!» Кісілерім де «Таксистерде ұят жоқ!» деп, бұрқылдап жатыр. Машинамды бір дар еткізіп, ағаның үйіне зырладым. «Басын ағамыз жарса, ғұмырында бір ерлік жасаған екен!» деп қоям ішімнен.

Аула сыртынан тосып алды. Менімен ішке ермеді. Үйден сұңқылдаған әйел дауысы шығады. «Қайран жеңгем жүріп кеткен болды ғой! Дауыс салсам ба екен?» Төргі бөлмеге өттім. Басы-көзі қанға бөгіп, диванда жеңгем отыр.

-  Жақындама маған, өңкей...!!!

Емханаға апарып, басының жыртығын тіктіріп, өй-гөймен үйге қайта әкелдік. Ағамыз өзінің басы жарылғаннан жаман, бетінде қан-сөл жоқ. Не болғанын ақыры айтты. Жеңгеміз электр қуатын есептегіштің жүрісін баяулататын әдісті естігелі ағамыздың құлағынан маза кетіпті. Жұмысынан қойдың асығындай бір магнит әкеп береді. Сөйтсе, көрші әйелдің күйеуі ірі қараның асығындайын тауып беріпті. Күнде құлақ етін жей берген соң, ағамыз да сондайды жер астынан болса да тауып әкеледі. Ағамыздан бойшаң және етженділеу жеңгеміз тасыраңдап, орындыққа өзі шығады. Магнитті есептегішке қоймақ болып қолын созғанда, бұрынғы тұрған кішкене магнит бұған қарғиды. Аттан, ойбай! Жеті балл жер сілкінісі!!! 

Сонымен елге ілесіп ашкөзденем деген жеңгеміз, өстіп аяқ-асты дертті болып, неше ай жарыққа төлейтін тиын-тебенді қайран ғып дәріге жұмсады. Ал өзі өле-өлгенше сүйекке таңба болар «Жарықбас қатын» атанды...


ШӘЙТАН ШАТАСТЫРСА


Соноу кеңес өкіметі кезінде совхоз деген болған-ды. Сол совхоздар өз ауылдарына бір-бірінен айнымайтын үйлер салатын. Көкөзек деген ауылдың бірнеше көшесі сондай үйлермен тізілді.

Әлсебек деген зоотехник жайлау үстіндегі отарларды аралап, есеп-қисабын алып ауылға оралады. Ол кезде ұрттамаған адам «халық жауы» саналатын. Елге жеткенде әрі-сәрі боп қалады. Әкелген көлігі үйінің тұсынан тастап кетеді. Күн жарықта бірінен-бірін әрең ажырататын үйлерді қараңғыда кім танысын. Қашада, қақпада бәрі бірдей. Тауықтың жұмыртқасы не, бұл үйлер не! Әлсекең тәлтіректеп жүріп есікті тапты. Әбүйір болғанда күршегі салынбапты. Шамы да жанып тұр. Ескі ғадетпен өз бөлмесіне кіріп, «өз үйім, өлең төсегім» деп құлай кетпек болып еді. Төсектің орны ауысып кетіпті. «Е-е, бәйбіше тәртіп жасаған ғой!» деп мейірлене мырс етті. Келіншегі пыс- пыс етіп қалың ұйқыда. Шешініп бұл да көрпе астына сүңгіді.

-  Қойшы, мазамды алмашы! Аузың арақ сасып тұр ғой?! – деп әйелі

бұның сағынышты қимылдарынан оянып кетті. 

-  Жаным, қатты сағындым!

-  Саған дауа жоқ екен?! Сағат сайын сағынасың ба!?

Осы кезде салдырлап есік ашылды. Жөткірініп бір еркек кірді. Күбір-күбір сөзді естіп, есік көзінде аңтарылып тұрып қалды. Сосын: - Ей, бұ қайсысың, менің қатынымның қойнында жатқан?! – деп айғай салды. - «Асстапыралла! Әйел затына дауа жоқ, дүзге шығып келгенше!!!... »

Ары қарай айтпаса да болар еді. Бұлардың қайғысына дүйім ауыл қыран-топан болды. Әлсебекті әйелі қуып, анау әйелінен жеріп, бала-шағаларының да әбден әбігері кетті. Әйтеуір, кейін түсінісіп, қатар тұрған үйлері сияқты өздері де жіктері ажырамас тату көршіге айналды. Аракідік: «Бәленшеге тартқан!» деп балаларын тұқыртып қойғандары болмаса.


БАЛАҢ ҮШІН ОТҚА ДА ТҮСЕСІҢ


-  Сәңка, тракторды запрабит еттің бе?

-  Бәрі намази, ағасы!

Елеусіз ақсақал ауылға түсіп, тұңғыш шөбересінің туған күніне орай жылы-жұмсақ апарып тастауды ұйғарған. Ұл да, келін де жұмыста. Ішек-қарнын аршып, басын үйтпек түгілі, апарған малыңды алты ай тұрса да бауыздауға мұршалары жоқ. Сөйтіп, кемпірі екеуі кешке дейін бәрін тындырды. Мал қораланды. Аракідік иттерді абалатып қоятын ит құс болмаса, жүргінші аяғы сиреген уақыт. «Мен былай кеттім» деп, ақ қардың беті сайрап жатқан із.

Үйтіп-бүйтіп болғанша күн ұясына отырды. «Сен жыбырламай осы, қашан жүруші едің!? Күнде бұзылып барады!» деп кемпірі қузамаса Елекең асықпас па еді.

Он шақты шақырымнан соң, ағылып жатқан үлкен жол, Аман-есен оған да жетті. Трактордың бір көзі жыпылықтап барып мүлдем сөніп қалды. Елекең әу бастан механизатор емес-тін. Талай жылдан бері қолқанат болып жүрген, қазақ арасында өсіп, «қазақы» болып кеткен осы Сәңкасы еді, рөлді бұрауды үйреткен. Бір-екі белді асқан соң ауылдың да шамдары мен мұндалайды.

Қарсы жолыққан көліктің шамы көзін қарықтырып, алдын болжай алмай, орға ұшып кете жаздады. Кемпірі: «Бісміллә, бісміллә!!!» деп зәр иманы ұшты. Трактор бір қойқаң етті де қайта тегіс жолға түсті. Аңырап келеді. Осы арада қарсы бетке қапалақ қар ұшқындады. Сүрткіші істейді екен. Оған да тәуба. Ерсілі-қарсылы ағылып жатқан көлік. Көп болса жарты сағат маңында балалардың ортасында отырып шәй да ішер. 

Сағат өтті. Бұлар әлі аңыратып келе жатыр. Мана Сәңкадан қанша май құйдың дегенде анау он барып, он қайтуға жетеді деген-ді. Ең бірінші күдік кемпіріне келді: - Сен теріс кетіп бара жатқан жоқсың ба, ей?!

-  Ақымақ дейсің бе!? – десе де Елекеңнің өзі де жайсызданды.

-  Сәңка айтпақшы, он барып он келетін уақыт болды ғой!

-  Мазаны алма, ауылдан өтіп кетіп жүреміз, көрмейсің бе, мына

төпелеген қарды.

Тағы біраз аңыраған соң трактор жөтеле бастады. Сонан ақыры қақырынып-түкірініп барып үні өшті.

-  Трәктірде нең бар еді?! Маған сес көрсетпей-ақ шанамен шықсақ, мана

да баратын едік!

Елекеңде үн жоқ. «Несіне әлдеқандай бола қалдым» деп ішінен өзі де өкініп отыр. Әйтеу өмір-бақи осы кемпіріне бірдеңені дәлелдеумен-ақ келе жатыр. Өстіп кемпірді тыңдамай қыңырайса болды, бұның аяғынан шалатын бір қырсық әзір тұрады. Міне қарашы енді... Құдайдан көрейін десе – «сес көрсет» деп шайтан түрткені рас. Жегулі шананы доғартпай-ақ, сонымен желдіртіп жөнеп берсейші...

Есікті ашып сыртқа бет алды. «Оу!» деген дыбыс қана шықты соңынан. «Мынаған не болды?» деп кемпірі рас үрейленді. Соңынан қарап еді, шалын азынаған қаратүнек жұтып кеткен тәрізді. Әу жерден ыңырсыған дыбысты құлағы шалды.  – Әй, бармысың?!

-  Шықпа, ойбай!

Шөберелерінің періштесі қаққан болар, сірә. Созған аяғы жерге жетпей қарақұрдымға аттанған Елекеңнің еті ғана сырылып, кемтарлықтан аман қалды. Осы оқиғаны ішке бүгіп қалғанның орнына дүйім елге өзі жырлап берді. Трактор қарсы көліктен тайқып кеткенде жол жиегіне төккен үйіндіге шығып кетіп, ойқаң-шойқаң етіп барып, аударылмай бауырына асылып қалады. Содан Елекең тегіс жолға түстім деп ойлап, рөлді де аса бұрап әлек болмай, жалғыз көзімен қарсы соққан қапалақты қарыс айырып, жанармайы түгесілгенше аңырата берген...

Кемпірін тыңдап шанамен шықса, «аш құлақтан тиыш құлақ» баяғыда балаларының ортасында отырып, ендігі қайта оралып, «пәзенделерінде» пырылдап жатар ма еді. Бейнетті қайтесің, түн ортасы ауа артынып-тартынып жаяулап жеткен бұларды: «Қалмақтан қашып келе жатқандай, мына түрлеріңіз не?!» деп  ұл мен келіні жағаларын ұстап қарсы алады.


АҢҚАУ БОЛСАҢ АЯҚТЫҢ СОРЫ


Әдібай деген атамыз бастапқыда мал бақты. Кейін ауылда механизаторлық оқу ашылғанда, «талаптыға нұр жауар» демекші, соған жазылып, білдей бір әмбебап механизатор болып шыға келді. Сөйтіп, рөлді зейнетке шыққанға дейін бұрады.

Көбіне бригадаларға жанар-жағар май тасымалдады. Сондай бір жорықта келе жатқанда тракторының жанар майы түгесіліп қалады. Не анда емес, не мында емес екі ортада қаңқиып, дал болады. Бейсауат лаға беретін уақыт емес, барлық техника қызу еңбек басында. Талайы мұны тосып, торыға бастаған да шығар. «Қап, әттенай!» деп атамыз қатты қапаланды да қолына шелегін ұстап, елге бет алады. Он, он бес шақырым ұзап кеткен. Аузы кеберсіп, МТМ–ға да жетеді.

-  Өй, Ағасы, мына жүрісіңіз не, түріңіз не?! – деп МТМ бастығы таң

қалады.

-  Әлгі... сәләркім таусылып қалды!

-  Үйбүю, қиын болған екен, Аға! Сіз осы артыңызға бөшке тіркеп, не

тасымалдап жүрсіз?

-  Сәләркі...


ТІЛ БІЛГЕН ДЕ ЖАҚСЫ


Сәтімбек көке алаңғасарлау адам еді. Баяғыда біраз жыл қой баққан. Бірде кілең орыстардан құралған құрылыс бригадасы келіп, баздарын жөндейді. Сәкең жылтың-жылтың етіп, олардың қасынан шықпаса керек. Бірдеңеге жұмсайын десе күйеуін таба алмай қалып, зығырданы қайнаған жеңгеміз Сәкеңді есік алдына айдап әкеледі.

-  Не сен, осы... Орыстардың қасынан шықпайсың!?

-  Е, не бопты? Жігіттермен әңгімелесіп, кішкене...

-  Сен бе? Бір ауыз орысша білмейсің, қайдағы әңгіме?!

-  Иә саған білмеймін! Сұрашы, «Шеге» деген не деп орысша...

-  Ал, айтшы орысша «Шеге» деген не?

-  Двоз!!!


ЖЕЗДЕМНІҢ БІР САЙРАНЫ


Анау жылы әпкем: «Төркініме бармағалы жеті жыл бопты, түгендеп қайтайын» деп, бала-шағасын және жаңа кәстөм-шалбар әперіп, жездемді ертіп сапарға аттанады-мыс. Жол-жөнекей Алматыға соғып, сондағы бауыр-сіңлілерінің де беттерінен сүйе кетпек болып кідіреді. Автобекетке түскендері сол еді, жездемнің қалта телефоны шыр-шыр ете қалады. Ауылдағы құрдасы Алғабек екен.

-  Әй, қайдасың?

-  Алматыдамын.

-  Ойбай, менде осындамын! Сен маған өте керек болып тұрсың!

-  Не қарызыңды қайтармақсың ба?

-  Кетші ей! Одан да маңызды әңгіме бар, мына мекен-жайға тез жет,

қалғанын сонда айтам...

Содан жездем «бір-жар сағатта оралармын» деп, солай тартады да әпкем балаларын ертіп, біздің үйге бет алады. Бастапқы екі-үш сағат алаңсыз өтті. Бастары бір қосылса олардың оңай тарқамайтынын білетін әпкем сабырынан талайға дейін тана қойған жоқ. Қойшы, содан жездемнің хабарсыз кетіп, қолды болғанына бір күн емес, аттай үш күн өткенде өзімізден де зәре кетті. Аурухана, мәйітхана дейсің бе түгел адақтап шықтық. Полиция да іздестіріп жатыр. Әбден ит қайтқанда әпкемнің есіне Алғабек деген құрдасының «Алматы» деген қонақүйге шақырғаны есіне түсті. Сабап сонда бардық. «Ауылдан келген қазақтар бар ма?» деп едік, әпсәтте тауып берді. Неше орындық люкс бөлмені жалға алған екен, қасқалар. Кіре берісте шашылған киім-кешек, ары өткенде жаюлы дастарқан, қылжиып жатқан екі-үш қасқаң... Тағы өрлеп едік, төсек үстінде әлдекімге қонжиып алған жездемнің жалаңаш жотасы көрінді. 

-  Әй, албасты! – деп әпкем шаңқ ете қалғанда жездем жалт қарап:

-  Әй, Күләш! Сенбісің!? – деп таңдана ошарылды да: - Егер Күләш сен

болсаң, онда мынау кім?! – дегенін қайтесің...

«Кең болсаң - кем болмайсың» деген рас-ау, «Бұ байқұстың өмірінде бір салған сайраны шығар, кештім!..» деп әпкем еш дау көтермей, асықпай төркінінде аунап-қунап, еліне тату-тәтті оралған еді...


ҚҰРДАС


Шаруагерлердің есеп-қисабын жинайтын Әнөш көке бүгін біртүрлі абыржыңқы көрінді. Бір жаққа асыққандай сағатына қарағыштай береді. Бес-алты адамның басы құралып қалды. Асығатын Әнекең жоқ. Алдындағы қағаздарын жинап стөлдің қалтасына ызғытты да: - Мен қазір келемін. - деп суыт шығып кетті. Содан шәй қайнатым уақытта әрең оралды. Тосып қалған жігіттер дауыс көтеріп, реніш білдіруге шарасыз. Мүлдем келмей кетсе қайтереді?! 

-  Әнеке, бірдеңе боп қалды ма?!

 -  Басеке, жайшылық па?!

Әнөш қолын бір сілтеп:

-  Түнде түсіме Амантай деген марқұм досым кірді. Ол тегін кіріп жүрген

жоқ, соған барып құран оқытып келдім... - деді салы суға кете:

-  Оның кіруі тегін емес, тірісінде талай лаңдатып еді, топ қыздың

алдында резеңке бел шарабарымызды тізеге сыпырып қас-масқарамызды шығаратын. Қойшы, не қылмады жарықтық... Енді, өліп құтылдық па десек, түске кіріп... Тағы бір лаңға ұрынбасам игі!?.


«ҚҰДА КЕЛДІ!!!»


Балғаштың үйіне жеткені сол еді, соңынан ағасы Секеннің әйелі қақпаға кептелісіп, ілесе кірді. Алқым-жұлқым болып, шашы дудырап кеткен.

-  Ойбай, құда келді! Жалғыз қызды әкетіпті! Ағаң талып жатыр!..

-  Қайдағы құда?! Қызың кеше ғана оқуына кеткен жоқ па?

-  Кетсе кеткен шығар... Жеткізбей жолдан қақшыған ғой... Ендіқайттық?

-  Құдай қайткеннен сақтасын! Өз қызыма сайлап отырған тойдың жайы

бар, ағаның қызы менің қызым емес пе! Абысыныңа жолық, ал мен қойды сүйреп өзім жетем.

Аяққа жығылуға келген төрт-бес адамды астарына мамық салып төрге шығарып, алдарына ақсарбас әкеліп бата алып дегендей, ырым-сырымды ағылтып жатыр. Бір қарағанда жақсы адамдар секілді көрінді. Әйтеу, барған жерінде бала жыламай жүрсе болды емес пе... Екі жас бақытты босынға жетіп, ащы-тұщыдан алысып отыр. Сөз реті балаларға тірелгенде: - Біздің Гүлжан кеше ғана кетіп еді, қаперінде ештеңе жоқ сияқты болатын. Құда келеді десе адам баласымыз ғой, бағын байлап неміз бар... – деп жеңгеміз көңілі босап, көз жасын сығымдап алды. Құдалардың бірі аузы аңқая:

-  Біздің келіннің аты Нәзима. Түскеніне бір айдан асты, артынып-

тартынып жеткеніміз осы еді... – деп төңірегіне адырая қарады. Аспан қақ айырылып жерге түскендей болып кетті. Тек, күркірегені ғана жоқ.

«Құдалар» осы ауыл екенін біледі. Құдаларының аты Секен екенін де біледі. Ауылға кіре берісте сексеннен асқан Селдірбек деген қария тұратын-ды. Бұлардың «бағына» сол кездесе кетеді. – Әссәләуикүм, ата! Секен деген кісіні танысаңыз үйін сілтеп жіберсеңіз. – деп өтініш білдіреді.

-  Ө­й, балаларым- ау, ол маған пірблем емес, есігінен кіргізіп тастайын

ала кетсеңдер, жолым солай түсіп тұр еді – дейді. Қария «құдаларды» өзіне ыңғайлы жақтағы Секеннің үйіне жеткізіп, жөнімен кете барады. Ал ауылдың екінші басындағы құда тосқан екінші Секен зарығып, кешті бекер батырып жатқан еді... 


  ҚҰДАЛЫҚҚА САЯХАТ


Қоғалыға қыз беріп, тойға аттандық. Діттеген уақытымызда сырнайлатып, жалаулатып, желбіреніп жетіп те бардық. Құдалардың аты-жөндерін де мекен-жайларын да сұрамаппыз. «Ауыл іші - ел ғой...не бопты, жарық күнде адасып». Айтқандай-ақ, елді мекенге енді кіргенде  алдымызды арқан керген бала-шаға бөгеді. Жоралғысын беріп, тойшылардың үйіне жөнедік. Құшақ жайып қарсы алды. Аман-саулық сұрасқан соң, жөнге көштік.

-  Күйеу бала көрінбейді ғой, қарсы алам деп еді?

-  Қарсы алғаны несі? Күйеу бала өз балдарың емес пе?!

-  Жоға!.. Біз қыз беріп отырмыз...

-  Жоға боса, жоға! Қызды біз беріп отырмыз!..

Бұндай масқараны кім көрген, көсіліп төрде отырған сияқты едік, ит қосып қуғаннан жаман күйді бастан кешіп, даладан бір-ақ шықтық. Шатасып басқа тойға түсіп кетіппіз. Енді қай үйде құда тосып отыр деп сұрастырып, тағы жөнедік. Арқан керген бала-шаға, жөн-жоралғы... Ағызып есік алдарына бардық. Жапырыла шығып қарсы алды, сүйісіп жатырмыз... Бұ жолы сенімдірекпіз. Сонда да сақтықта қорлық жоқ дегендей төрге өрлемей тұрып: 

 -  Біздің қызымыз қайда? – дедік.

-  Бақлима! Келінді шақыршы!..

Алдымызда сәлем салып, бір шынашақтай қыз  тұра қалды. Тағы «Не болдымға» жолыққанымызды аңғарып, ләм-мим деместен кері шегіндік. «Құдалар» аң-таң болып, олар қалды.

Енді көшедегі елден тағы сұрауға көштік. Ауыл шетінде тағы біреулер құда тосып жатыр екен. Бұл жолы ақылды болып, алдымен жансыз салдық, «Нендей той, әсіресе келіндерінің есімі кім» деген сияқты жай-жапсарды білу үшін. Абыройымыз тағы айрандай төгіледі екен, бүйтпегенде.

Күн батып, көз байлана бастады. Көшедегі ел ауылымызда енді өзге той жоқ деді. Үш мәшина жұрт қаңтарылып, қайда барарымызды білмей аңтарылдық. Ол кезде қазіргідей қалта телефоны жоқ. Жүйкелері түгесілген әйел жұрты еркектеріне шапты. Өстіп дай-дай болып отырғанда тұсымыздан теңселіп біреу өтіп бара жатып, қайта бұрылды. Қолындағы арқанын көрсетіп: «Жоралғысын бермесеңдер, өткізбеймін!» деді. Мас немені тыңдаған ешкім жоқ. Кінәліні өз арамыздан іздеп қызыл кеңірдекпіз. Анау құлашына арқанын керіп әлі тұр. Ішіміздегі шыжбалақ біреу сыртқа шығып, әлгімен тіресіп біраз тұрды да шәпкісін аспанға атып, қайта жүгірді. 

-  Құданың біреуі осы екен! Бұлар соноу таңертеңнен жол тосумен

болыпты... бізді көріпті, бірақ басқа біреулер алып кеткен соң, ары қарай отыра-отыра үміттері үзіліп, енді тарасыпты.

Сонымен түн ортасына таман әлгі ауылдан оншақты шақырым жердегі бір бөлімшеде тұратын құданың үйіне де жеттік. Талай ел тарап кетіпті. Қалғандарымен қаужаңдасып таңды  атырдық. Басында уайым болған жағдайымызға енді күлісіп, құда-құдағидың жекжаттары таң ата қайта жиналып, той көрігі қайта қызды.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар