Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сәкен Сыбанбай: Ұры

16.02.2017 2590

Сәкен Сыбанбай: Ұры

 

Жақында біздің мекемеде елде жоқ ерекше ұрлық болыпты. Үнемі кейін естіп, кеш ұғып жүретін жайбасар басым бұл жаңалықтан да құр қалғандай екенмін, ұрылған-соғылған, ұрланған-жырланғанға қашанда құлағы түрік қызметтестерім сүйінші сұрағандай боп кезек-кезек сүйреңдескенде бір-ақ білдім.

– Масқара! – деді бірі бетін шымшып. – Тышқан...

– Тышқаны несі? – деймін түкке түсінбей.

– Тс-ссс... Тыныш! – дейді екіншісі сыбырлап.

– Кім тышқан?

– Әлгі кім ше...

– Өй, естігенін елге дұрыстап жая да алмайтын байғұс-ай. Сен қоя тұршы. – Үшіншісі жеңімнен тарта жетектеп, бұрышқа қарай сүйреді. – Шынымен естімегенсің бе, есік алдында отыратын қатардағы қызметкер тыныш жүрмей, тышқан ұрлапты ғой!

92bb6c072fa6a4dad34eca8859ebaf61.jpg

– Кім?

– Қатардағы қызметкер.

– Ойбай-ау, ол сорлы онсыз да қала сыртындағы тоқымдай кепесінде топырлаған тышқанмен бірге тұрып жатқан жоқ па? Иегінің астындағы иен-тегін байлыққа қарамай, басқа жақтан тышқан ұрлағаны несі? Дені сау ма?

– Оның дені сау, айтқан сөздің астарын ұқпайтын сенің денің сау емес! Осы сен әдейі істейсің бе, әлде шынымен бір шаригің кем бе?.. Оның ұрлағаны – сен ойлаған сұмпайы тірі тышқан емес, том-томпақ, сүп-сүйкімді «өлі» тышқан. Компьютердің тышқаны!

– Өй, Құдайым-ай... Бағанадан бері басымды қатырғанша, тінтуір демейсіңдер ме?

– Бұл мекемеде тінтуір дейтін сен ғана. Бізге ол – «мышка». Тышқан!

Бәрі түсінікті. Біздің мекемеде не көп – компьютер көп, не көп – сол ақылман машинаның анау-мынау асай-мүсейі көп. Босағада отыратын қатардағы қызметкер қара басып, соның бірін жымқырған болды ғой. Ел аяғы басылған кешкі апақ-сапақта ешкім аңғара қоймас деген шығар бейшара. Енді, міне, ойда жоқта үстінен қылмыстық іс қозғалмақ. Қайдағы бір тінтуір үшін!

«Компьютер көп болса, онда мекемелеріңіз ғылыми-технологиялық зерттеулермен, не болмаса, электронды-логикалық бағдарламалау сияқты ми ашытар күрделі жұмыстармен айналысатын болды-ау?» деп отырған шығарсыз. Қайдағы... Біздің мекеме... құммен айналысады. Біз тұратын мекен – құмды жер, тура мекемеміздің кіре берісіне дейін көсіліп жатқан құмдауыт дала. Ары-бері адымдаған сайын аяғыңыздың асты қышыр-қышыр, қышыр-қышыр етеді. Ғимараттың босағасында тырыса жиырылып бұзау терісіндей ғана бөстек жатыр. Сырттан келген адамды соған табанын әбден үйкетпей, үйге кіргізбейміз. Тазалық керек! Әйтпесе өзіңізді мекеменің ішінде емес, қап-қап шекер төгілген қамбаның ішінде жүргендей сезінесіз.

Көзімізді ашқалы көргеніміз осы болған соң, құм туралы біз білмейтін сыр жоқ. Шамалы самал соқса-ақ құтырған жындай дүркірей орап, бұрқырай борап, аузы-мұрнымызды қытықтай бастаса, білмеске амалымыз қайсы... О, мұнда құмның неше атасы бар десеңізші! Анадайдан ағараңдап көзді арбайтын бозғылт шағыл, жағалаудағы көл суынан дымқыл тартқандай қошқылдана жарқырайтын қоңыр құм, әбден жаншыла ұнтақталған қыштың қиқымы іспеттес қызыл құм, қураған шөптің реңкімен астасып, шала бурылданып жататын сары құм... Айта берсең, түрі де, түсі де көп. Ежелден осы топырақта жаралып, қара жерге әбден сіңген қою шөгінді де мол, дауылмен ығып, желмен ілесіп жеткен еспе борпылдақ та жеткілікті.

Біздің мекеме – осы құм баласын құныға зерттеумен аты шығып, атағы алысқа кеткен ұжым. Рас, құркеуде даурықпамыз да аз емес. Біз құмның қасиетін түп-түгел һәм жан-жақты зерттедік, тіпті көлемі 0,05 миллиметрге әрең жететін өте ұсақ минералды түйіршіктердің өзін өкпелеткен жоқпыз. Бірақ, біріншіден, жердің терең қабатына дейін бойлай енген байырғы бай шөгіндіге баруға еріндік те, көбінесе көрінген сексеуілдің түбін ықтап, леп ессе үйіріле көшетін ілеспе құмды қуып жүріп ұстап, микроскоптың алдына тостық. Екіншіден, құмға көміліп қалғалы отырсақ та, соны өз өмірімізге, тұрмысымызға, шаруамызға пайдалану жағын мүлде ойламадық, тек сыртқа – құмы жоқтарға сатумен болдық.

«Мүлде ойламадық» дегенім артықтау болар. Былтыр арамыздан бір белсенді кісі шығып, мекемеміздің басшысынан бастап бәріміздің көзімізді бақырайтып қойып, жалпы жиналыста мынадай әңгіме айтты:

– Жасырып қайтеміз, біздің мекеме ештеңе де тындырып отырған жоқ. Біз – басеке, сіздің өзіңізден бастап – құр босқа күн өткізіп, уақыт өлтіріп ойнап жүрген арамтамақтармыз! Жарайды, жабылып құмды зерттедік ал! Содан не пайда таптық? Құмға құйылған судай із-түзсіз зая кеткен есіл еңбек-ай! Осы отырған қай-қайсыңызды да түн ортасында шекесінен шертіп оятып сұраса, шежірелеріңізді таратып бере алмайсыздар, есесіне, құмның құрамын айтып, тақылдап қоя бересіздер. Өтірік пе пе осыным? Елге пайдасы жоқ, еліңіз не, емге пайдасы жоқ іспен шұғылданғанды қашан қоямыз? Одан да мына құмның ортасында түбегейлі құрдымға кетпей тұрып, о бәлені кәдемізге жарату жағын ойлайық та. Құм – нағыз құрылысқа қажет материал. Ал арамызда үйсіз-күйсіз жүрген бейбақтар, көрінгеннің босағасын күзеткен бозымдар, бас сұғар баспанасы болса да, қыруар жан қысылып-қымтырылып әрең сыйысып тұрып жатқан байғұстар аз емес. Мына ұланғайыр құмды пайдаланып, неге сол халыққа аса қажет шаруаны атқармаймыз? Құрылыс қызып кеп берсе, жұмыс көбейеді, ал жұмыссыз азаяды. Ол аз десеңіздер, біз сияқты шағылда отырған кей жұрт құмды әбден сұрыптап, құнарлы топырақпен араластырса және суару жүйесін дұрыс пайдаланса, айтақырға да көгал өсіруге болатынын дәлелдеді. Сөйтіп, пальма мен жантақтан басқа ештеңе шықпайтын жеріне дүниенің төрт бұрышынан түрлі ағаштар мен бұталарды әкеп отырғызды. Естуімізше, енді қазір нағыз жасыл желек жамылған әсем аймақ болыпты. Біз неге сөйтпейміз? Құдайға шүкір, құм жетеді. Менің ұсынысым – мекеменің ішінен «Құм және құрылыс» бөлімін ашайық та, негізгі күшті сол салаға жұмсайық!

Белсендінің сөзіне арт жақта отырған азғантай қауым шырт-бырт шапалақ ұрғанымен, басшылар жағы бас изей қоймады. Алайда, алдағы уақытта ұсыныстың жан-жақты талқыланатыны, қорытынды шешім сонан соң барып шығарылатыны айтылды.

Бітті – осыдан кейін әлгі белсендіні ешкім көрген жоқ. Тек арада бірнеше күн өткенде мекеніміздің шетіндегі қоқыс тастайтын шұңқырдың жанынан сорлының мәйіті табылды. Мамандар «өкпесіне ауа жетпей, өздігінен тұншығып өлген» деген пәтуа шығарды. Абайсызда аузына құм құйылып кеткен дей ме...

Содан бері біздің мекемеде ешкім белсеніп шықпайтын, ұсыныс айтпайтын болды.

«Ал енді осы құм мен компьютердің арасында қандай байланыс бар?» дейсіз ғой. Ешқандай да байланыс жоқ! Қайбір жылы мекемеміздің басшысы: «Қазір – компьютер заманы. Бізден басқа мекемелердің бәрі де өз жұмыстарын компьютердің көмегімен атқарады. Біз кімнен кембіз? Жаппай технологияны меңгеруіміз керек», – деді де, қырғын компьютер сатып алды. Бәріміз қарық болдық. Тіпті енді еден жуушы апайдың да іші пыспайды, қашан көрсең, пасьянспен бал ашып, карта ойнайды да отырады. Одан басқаларымыз да қалыспаймыз. Біреулер азаннан ақшамға дейін үйрек атып, қызыққа батып жатады (сондай да компьютерлік ойын бар екен). Енді біреулер ғаламтор шарлап, ерігіп жүреді. Әлеуметтік желілерден шықпайтын, өзіне жетпей жатқан ақылын өзгеге үлестіруден шаршамайтын шала данышпандар да баршылық. Қайтеміз енді: жұмысымызға компьютердің керегі жоқ (құм қайда, компьютер қайда?!). Бірақ әрқайсымыздың үстелімізде – бір-бір компьютер!

Соның бір титімдей тетігін ұрлаймын деп басына бәле тілеп алған қатардағы қызметкердің қылығы анау.

Көп ұзамай сот болды. Оған мекемеміздің ғана емес, мекеніміздің де жұртшылығы белсене қатысты.

– Масқара болдық! – Мемлекеттік айыптаушының дәп бір аю талап жатқандай тарғылдана қырылдаған даусы сот залын жаңғырықтырып тұр. – О заман да бұ заман, өзінің нан тауып, бала-шаға асырап отырған қызмет орнынан мүлік ұрлаған деген не сұмдық! Мекеменің аузынан жырып, іске жарар дүниенің бәрін тышқаншылап үйге тасығанды қашан қоямыз осы, а? Қай ата-бабаңнан көріп едің тышқан ұрлағанды?!

– Тінтуір десеңізші...

– Бөлмеңіз сөзін! Тыныштық сақтаңыз! – Сот төрағасы қолындағы қаламымен үстелін тықылдатты.

– ...Бетімен кеткен мұндай оңбағанды барынша қатаң жазалау керек!  Қоғам мүлкіне жанашырлықпен қарауды қойып барамыз! «Ұрлық түбі – қорлық» дегенді біз ұмытқалы қашан? Мұның соңы неге апарып соғатынын білесіздер ме? Бүгін мекемеден тышқан ұрлаймыз...

– Тінтуір...

– Қабаттаса бермей тыныш отырыңызшы сіз!.. Бұл түрімізбен, бара-бара, бәлкім, одан да үлкен, одан да қымбат бағалы бұйымдарға ауыз сала бастайтын шығармыз?! Жоқ, біз қалайда қылмыскердің лайықты жазасын беруіміз керек. Сонда ғана көзі қарайып жүрген басқаларға бұл көрнекі сабақ болады! – Айғайлай-айғайлай әбден қара терге түсіп, қансорпасы шыққан айыптаушы әупіріммен әрең тоқтады.

– Дұрыс, дұрыс!

– Жөн сөз!

Ал айыпкердің адвокаты аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен біреу екен, тура өзі істі болып жатқандай қалтырап-дірілдеп, сотқа көз тіктеп қарай да алмай, әбден әлекке түсті. Мұрнының астынан ұзай қоймаған ұзақ міңгірін «Әлгі... мышкасы түскірді ұстап отырып, байқамай сол күйі үйіне әкетіп қалыпты, кешірім беріңіздер...» деп бітірді.

Біраздан соң айыпкердің өзіне сөз берілді. Бет-аузы бір уыс боп, жанарын жерден ала алмай, басы салбырап отырған қатардағы қызметкер орнынан әрең тұрды.

– Не айтам? – деді сосын күмілжіп. – Мәжбүрлік қой. Үйдегі компьютеріме керек болған соң... Сатып алуға да болар еді, дегенмен... тегіннен-тегін тұрған зат қой деп... Қылмысымды мойындаймын, – деді ақырында қорғаушысының уәжін жоққа шығарып. – Ұрлағаным рас. Бірақ...

– Не бірақ? – деді сот төрағасы көзілдірігін нығарлап қойып.

– Бірақ... ұрлап жүрген жалғыз мен емес қой...

Залға бір шыбынның кіріп кеткенін ел осы кезде білді.

– Әй, не тантып тұрсың? «Жалғыз мен емесің» не-ей сенің? Тағы кім не ұрлапты? – деді біздің мекеменің басшысы.

– «Ақ шағыл» бөлімінің меңгерушісі... өткенде... пернетақта ұрлаған, – деді қатардағы қызметкер «осыны айтсам, жазам жеңілдер ме екен» дегендей жан-жағына жалтақтай қарап.

Жұрт жалғыз шыбынға жақтырмай қарап, жақсылап бір сыбап алды.

– Бұл не сөз? – Мекеме басшысы қабағын қарс түйіп, орнынан атып тұрды. – Рас па? – деп, сосын өзінен бірер қатар кейін отырған «Ақ шағыл» бөлімінің меңгерушісіне бағжиды.

– Ойбай, жалған! – деп ол баж ете түсті. Сосын қатардағы қызметкерге бұрылып: – Сен... қайдағы ұрлықты айтып тұрсың? Ұрлықшы неме-ау, құрысаң өзің құры, менде нең бар? Елдің бәрін өзіңдей көремісің? Қашан көрдің менің пернетақта ұрлағанымды?

– Қазан айының 18-і күні, кешкі сағат 18.23-те! – деді қатардағы қызметкер сабаққа тыңғылықты дайындалып келген баладай тақылдап. – Мен ғана емес, жұмысшылардың талайы байқапты. Тіпті үйіңізден де көрген адамдар бар. Мойындаңыз!

Меңгерушінің аузына сөз түспей, абдырады да қалды.

– Жексұрын! – деді мекемеміздің басшысы тістеніп. – Мен бұған маңызды бөлімді сеніп тапсырып жүрсем, бұл болса... қоғам мүлкін талан-таражға салыпты ғой әбден!

– Қатардағы қызметкер, әлгі айтқан дәлел-дәйектеріңізді қағазға түсіріп, бізге тапсырыңыз, – деді соның арасынша прокурор да әбжілдік танытып. – Ал, меңгеруші мырза, сіздің де үстіңізден қылмыстық іс қозғалды деп есептей беріңіз. Бірінші айыпкердің жанына барып отырыңыз!

Жаңа ұры алдыңғы ұрының жанынан орын тепті. Бағанағыдай емес, қатардағы қызметкердің еңсесі тіктеліп, еркінсіп қалыпты.

– Қарапайым біреу болсаңыз бір жөн, әжептәуір қызмет дәрежеңіз бар екен, ұрлық жасайтындай сіздің не басыңызға күн туды? – деді прокурор меңгерушіге қарап.

– Енді... тек мен ғана емес қой... – Мынау ұры анау ұрының сөзін дәлме-дәл қайталады!

– Не дейд? Тағы кім?

– Ақыры ашылды ғой қылмысымыз, жасырғанмен не пайда, бірде «Еспе құм» бөлімінің меңгерушісі... принтер ұрлаған.  Ала сөмкеге салып, арқалап бара жатқанын өз көзіммен көрдім.

– Ойпырмай, бірнеше қылмысты бір-ақ ашатын болдық қой мына қарқынымызбен! – деп сот төрағасы суық жымиды.

Бір қызығы, «Еспе құм» бөлімінің меңгерушісі қызметтесінің сөзін жоққа шығарып та, ақталып та әуре болған жоқ, «бәрібір барар жерім осы ғой» дегендей, үн-түнсіз алдыңғы екі ұрының қатарына келіп жайғасты.

– Ал сіз не айтасыз? – деді прокурор оған сынай қарап. – Сіздікі не мәжбүрлік? Үйіңізде принтер жоқ па соншама? Әлде бірдеңе жымқырмасаңыз, алақаныңыз қышитын ауруға шалдыққансыз ба?

– Жалғыз мен дейсіз бе ұрлап жүрген?.. – Сірә, мына ұрылар бүгін, түкіргіш таппай, бірінің аузына бірі былш-былш түкірген болды.

– Апыр-ай, ә? Сіз кімнің қылмысын көріп қойып едіңіз?

– Іс басқарушысы... өткенде мекемедегі монитордың бірін ұрлаған. Мен компьютер ойнап отырып ұйықтап қалған екенмін, тысыр-тысыр еткен дыбыстан ояна кетсем, басқарушы мырза әлгі абажадай немені қорапқа салып, қолтығына қысты да, тайып тұрды.

– Тап осының өтірік! – Мекеме басшысының ең сенімді серігі, оның бүкіл жұмысын жүйелеп, жүргізіп отыратын іс басқарушысы өзін айыптаған қызметтесіне атып жіберердей алакөздене қарады. – Құдайға шүкір, менің үйімде бәрі бар. Ештеңеге мұқтаж емеспін. «Ұрлады» деп, жала жапқаның үшін жауап бересің!

– Ұрладыңыз!

– Ұрлаған жоқпын!

– Ұрладыңыз!

– Ұрлаған жоқпын деймін! Мен мониторды әкеткенде, жұрттың көбі жұмыста отырған болатын. Яғни, мен оны көптің көзінше алып кеттім. Ол ұрлыққа жатпайды...

– Жатады, неге жатпайды... Біздікі ұрлық болса, сіздікі де ұрлық! Сіз де ұрысыз!

Тәжіке тіпті ұзаққа созылар ма еді, қайтер еді, абырой болғанда, сот төрағасы қаламын тықылдатып, тыныштыққа шақырды.

Бағанағы шыбын балалап үлгерген бе, ызың үдей түсіпті.

– Демек, сіз де сау болмадыңыз, – деді прокурор қылмысын мойындағандай мүдіріп қалған іс басқарушысына ойлана көз жіберіп. Сөйтті де: – Көп сөйлеп, уақыт оздырып қайтеміз, ақырындап мына жаққа жылжи берсеңіз қайтеді? – деп, иегімен айыпкерлер отырған орынды нұсқады.

Іс басқарушысы ілбіп барып, ұрылардың қатарына қосылды.

– Менен не сұрайтыныңызды біліп тұрмын, – деді сосын прокурорға тура қарап. – Сізді әуре қылмай-ақ өзім айтайын: ұрлыққа жақын ұлық жалғыз мен емес. Жәй өзгелердің ізін басқан, ілескен тірлік қана біздікі. Мәселен, мен бұл мәселеде біздің орынбасар мырзаға қатты ырзамын. Жымын білдірмейді-ау, жымын білдірмейді!

– Ненің жымын білдірмейді?

– Ұрлығының да!

– Сонда мекеме басшысының орынбасары да ұрлай ма?

– Ұрламағанда... Ұстазымыз сол кісі ғой! Бірде ырс-ырс етіп күшеніп-тышанып жүріп, добалдай дорбаға дағарадай процессорды зорға сыйғызғанын, сосын көлігімен үйіне алып кеткенін көргем. Әдетте білдірмей ұрлаушы еді, сол жолы соры қайнаса керек – мен байқап қалдым... Ол кісіні қазір-ақ қасыма шақырып алар едім, әттең, мына айыпкерлерге арналған орын тым тар екен. Ұзы-ы-ын скамейка болғанда ғой... Ары отыршы-ей!

– Орынбасарға қашанда орын табылар. Қане, қайда ол?

Өңі оңған шүберектей құп-қу боп бозарып кеткен орынбасар сүлесоқ көтеріліп, сүмірейіп орнынан тұрды.

– Мені көре қалғаның ба сонда, лағнет атқыр! Мен ғана ма ұрлап жүрген...

– Ау, ореке! Бала емессіз, шаға емессіз, дардай адамсыз. Мына бейшаралардың сөзін қайталап тұрғаныңыз қалай? Бұлар сізді ұстаз тұтып жүр. Ал сіз кімнен үлгі алып жүрсіз?

– Мен... мен... ме...

– Жетер! – деді мекеме басшысымен жанары түйісіп, бас шұлғысып үлгерген сот төрағасы қатулана қабақ шытып. Өзі дәл сондай астарлы назарын прокурорға да бағыттады.

– Иә, ұрлық туралы әңгімені тоқтатайық! – деді прокурор да лезде салмақтана қалып. – Не ол – бағанадан бері бір нәрсені мыжып отырмыз, мыжып отырмыз. Нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті емес пе? Қылмыскер белгілі, жасаған қылмысы дәлелденді, өзі мойнына алып, мойындады. Енді сот үкімін шығару ғана қалды.

– Сіз қайсы қылмыскерді айтып отырсыз? – деді залдан біреу.

– Қайсысы несі? Қатардағы қызметкерді айтам! Әлгі... тышқан ұрлаған.

– Тінтуір деңіз...

– Кісінің сөзін бөле беретін мына бір білгішсымақты сот залынан шығарып жіберіңдерші! Қайта-қайта килігіп, мазамызды алды ғой, түге! – Сот төрағасы осыны айтып, босағада тұрған тәртіп сақшыларына сұстана қарап еді, еңгезердей екі жігіт мен бейбақты, ерекше құрметпен, қолтықтап сыртқа ала жөнелді.

Қалған әңгімені ертесіне елден естідім. Әркім әртүрлі айтады. Әйтеуір бір анығы – қатардағы қызметкердің бүкіл дүние-мүлкін тәркілеп, өзін бес жылға бас бостандығынан айырыпты. Сенімді өкілінің шыр-пырынан түк те шықпаған. Бір қызығы, басқа ешкім сотталмай, барлығы тату-тәтті тарапты...



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар