Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Аягүл Мантай: Жұмбақ жазушы...

16.02.2017 9243

Аягүл Мантай: Жұмбақ жазушы

Аягүл Мантай: Жұмбақ жазушы - adebiportal.kz

Әйгілі француз жазушысы Эмиль Золяның әлем оқырмандарын тамсандырған романының бірі – «Шабыт». Суретші Клодтың тағдыры, азапты шығармашылық тағдыры, шығармашылық үшін, анығы өзін сақтау үшін күресі, жанталасы, арпалысы, жеңілісі мен жеңісі, өнер жолында өзін де «құрбандыққа шалып» жіберуі оқырманды бейжай қалдырмайды. Клод өліп жатқан баласының қазандай басына сүйсіне қарап, шабыттанып,  «Өлі бала» атты картинасын салады. Сосын картинасын көрмеге қойып, тобырдан тағы да шапалақ, құрмет күтеді. Бірақ тобыр өнер үшін, бәлкім, атақ үшін, өзінің «Мендігінің» қажеттілігін өтеу үшін өлермендік пен асқан жанкештілікпен еңбек еткен суретшіні көзіне де ілмейді. Соңында жүйке ауруына ұшыраған суретші өзі салып жатқан әйелге ғашық болып, картинаға қарап тұрып, өзіне қол жұмсайды. Жазушы атаққұмар, талантты суретшінің өнерге шексіз құштарлығын, ол үшін өзін құрбандыққа шалып жібергенін әдемі детальдармен ойнатып, жазады. Таланты шамалы, бірақ халықпен қарым-қатынаста актерлік қабілеті мықты шығармашылық иелерінің бетпердесін Золя жұлып тастап, олардың шынайы бейнесін жалаңаштап көрсетеді.

fdbfbbeffc120e981a857aa362d522f5.jpg


Иә, Золяның кейіпкері Клодтың жүйкесіндегі «ауытқушылықты» түсіне де, қабылдай да алмайсың. Бірақ ол табиғатынан дарынды суретші еді. Эмиль  Золя Клодтың прототипі суретші досы Поль Сезанн екенін мойындайды. Әйгілі суретші Сезанн! Осыдан кейін Сезанн Эмиль Золяға қатты ренжіп, екеуі араласпай кетеді.

Эмиль Золяның әрбір романын оқырман асыға күтті. Тіпті Золяның  шығармаларын түкке алғысыз етіп сынап тастаған сыншылардың өзі оны іштей мойындады.  Себебі, Эмиль Золяның шығармалары оқырманға өзін көрсететін айна секілді. Біздің қоғамда Золяның адасып аласұрған, қылмыс жасап, өзімен-өзі күрескен кейіпкері толып жүр.

Эмиль Золя 1840 жылы 2 сәуірде инженердің отбасында дүниеге келді. Әкесі тірі кезінде Эмиль ештеңеден таршылық көрмеді. Әкесі кенеттен ауырып, көз жұмғанда ғана анасы екеуі әкесінің қарызға кіріп кеткенін бір-ақ білді. Еті тірі анасы қалалық кеңеске өтініш жасап жүріп, баласын пансионға орналастырып, білім әперді.

Оқушы кезінде Эмиль қатты сақауланып, тұтығып сөйлейтін және көзі нашар көретін. Балалар  кележдеп, мазақ ететін. Бір күні балалар оны ортаға алып, тағы да әжуалап жатқанда өзі қатарлы денелі бала арашалап, қорғайды. Бұл – кейіннен әлемге әйгілі болған суретші Поль Сезанн еді. Сол күннен бастап екеуі жақын дос болады.

Әдебиетке келу, танылу Золяға оңай болған жоқ  десек те, досы Сезанның шығармашылықтағы жолы тіпті күделі еді. Жұрт Сезанның шығармашылығын бағаламақ түгілі, түсінбей жатқанда Золя досының картиналарын, стилін қатты ұнатты, оның болашағына сенді.

Золя өз өмірінде үлкен рөл атқарған әйелді – Александринаны Сезанның шеберхасында кездестіреді. Гүл сатушы Александрина бос уақытында натурашы болып, ақша табатын. Етжеңді, аяқ-қолы балғадай, мінезі ашық-жарқын, бауырмал қызбен  жақын сөйлескен Золя өзіне осындай әйел керек екенін бірден түсінеді.  Александрина Золяның алаңсыз шығармашылықпен айналысуына барлық жағдайды жасады.  Жазушы әйел таңдауда түйсігінің алдамағанына масаттанып, шаттанды.

Кітаптары жақсы сатылып, танымалдылыққа  қол жеткізген Золя бай жазушыға айналады. Золятанушылар: «Эмиль тамақты жақсы жеп, қымбат шарапты жиі ішетін. Ол ақшаны қалай жұмсаса да, шамасы жететін. Тек ол шағын бойына қарамастан тым семіріп кетті. Жүз килограмнан салмағы асып кетсе де, салмақ тастауға бас қатырмады. Қырық сегіз жасында жазушы үй қызметшісі жиырма бір жастағы Жанна Розероға ғашық болып қалды. Сол кезде Эмиль өзін жас жігітше ұстады. Жүгіріп,  салмақ тастап, барынша Жаннаға ұнауға тырысты. Ғашық Эмиль 25 килограмм салмақ тастады» деп жазады. Жанна да атағы аспандап тұрған жазушының сезіміне сезіммен жауап қатады. Жазушы сүйіктісіне Парижден пәтер жалдап береді. Жанна  Дениза есімді қыз бен Жак есімді ұлды өмірге әкеледі. Бұл кезде жасы елудегі жазушы балаша қуанады. Күні бүгінге дейін тек қана шығармашылығына бас қатырған жазушы көп уақытын балаларының қасында өткізеді. Әрине, Золяның үй қызметкерімен «махаббат хикаясы» Александринаның құлағына жетеді.  Золяны балаша мәпелеп күтіп, күйеуінің карьерасына бүкіл өмірін арнаған Александрина  ашудан түтігіп кетеді. Золяның Жаннамен қарым-қатынасын үзуіне барын салғанымен бәрі де кеш еді. Бір кезде өзі үй қызметшісі етіп қабылдаған қыз күйеуінің ханшайымына, өмірінің мәніне айналыпты. Күйеуінің Жаннамен қарым-қатынасын ешқашан үзбейтінін, олардың арасын мәңгілікке жалғап тұрған бала барын, бұл тым тереңге кеткен қарым-қатынас екенін түсінеді.  Бұдан кейінгі Золяның өмірі екі үйдің ортасында өтеді. Өмірде бала сүймеген Александрина  Золяның балаларын өз үйіне шақырып, оларға мейіріммен қарайды.

1902 жылы қыркүйектің соңғы суық күндерінің бірінде Золя әйелі Александрина екеуін ес-түссіз жатқан жерлерінен үй қызметшілері тауып алады. Ерлі-зайыптылар газға уланып қалған болатын.  Александринаны ғана дәрігерлер құтқарып қала алады.

Бұдан төрт жыл бұрын Золя Франция  еврей-офицерді тыңшы  деп айыптап жатқанда, «Дрейфус ісіне» бей-жай қарай алмай, президентке «Мен айыптаймын» деген хатын жазған болатын. Қоғамда «тыңшыны, мемлекеттің жауын жақтады» деп жазушыны қудалағандар аз болмады. Золя біраз уақыт Англияда тығылып, өмір сүреді. Жазушы өз ажалымен өлді ме, әлде қастандық жасалды ма, әлі күнге дейін жұмбақ. Өлімі ғана емес, Эмиль Золя –  өзі де жұмбақ жазушы. 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар