Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әшірбек Сығай рухы ұлықталды...

17.02.2017 5521

Әшірбек Сығай рухы ұлықталды

Әшірбек Сығай рухы ұлықталды - adebiportal.kz

Бүгін ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әшірбек Сығайдың туған күні. Тірі жүрген болса туған халқымен бірге 70 жасын тойлаған болар еді. 2014 жылы 68 жасқа қараған шағында өмірден өткен дарынды тұлғаның, үлкен жүректі азаматтың мерейтойы елордасы Астанада, өзі ұзақ жылдар еңбек еткен Алматы қаласында лайықты атап өтіліп жатыр.

337177c5248a819e31fc1d3a0019949f.jpg


1947 жылғы 11 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында өмірге келген Әшірбек Төребайұлы орта мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтына түсіп, 1969 жылы бітіріп шығады. Осы жылдан бастап ол бүкіл саналы ғұмырын мәдениет саласына арнайды. 1974-1978 жылдары республика Мәдениет министрлігінде театр бөлімінің бастығы, Алматы қалалық өнер басқармасының бастығы, 1979-1983 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімінің нұсқаушысы, Мәдениет министрінің орынбасары қызметтерін атқарады.

1989-1991 жылдары Алматы театр және көркемсурет институтының ректоры, 1991-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 1994-2003 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өнертану факультетінің профессоры, 2003-2011 жылдары Мәдениет, туризм және спорт министрлігінің Алматы қаласындағы өкілі, 2011 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университеті өнертану кафедрасының профессоры болды.

Ә.Сығай режиссерлік, басшылық қызметтерін атқара жүріп, театр өнері, сахна саңлақтары туралы «Іңкәр шақ», «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары», «Театр тағылымы», «Қазақстан театр өнері», «Толғам», «Сәбира Майқанова», «Ой төрінде – театр», «Театр сардары», «Ән – тағдыр», «Актер әлемі», «Сахна әлемі», «Райымбек Сейітмет», «Таңғажайып театр», тағы басқа зерттеу еңбектерінен құралған 18 кітап жазып қалдырды.

Сондай-ақ аудармамен де шұғылданып, Жан Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О.Иоселианидің «Арбаң аман болсын», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А.Шайкевичтің «Әлем алақанымызда», Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» және тағы басқа танымал драматургтердің пьесаларын аударды. Аударған драмалары республика театрларында қойылып жүр.

2000 жылы «Сахна саңлақтары» атты еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ платиналы «Тарлан» сыйлығына ие болды, «Құрмет» орденімен марапатталды. Кентау, Түркістан қалаларының құрметті азаматы болды.

Ә.Сығай елдің қоғамдық өміріне белсене араласты. Әр жылдары республикада өтіп тұратын халықаралық, отандық театр фестивальдерінде қазылар алқасын басқарып, сарапшы міндеттерін атқарып келді. Хабар» телеарнасынан жүргізетін «Жансарай» бағдарламасы талғамы биік көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Майталман шебердің көптеген шәкірттері бұл күндері республикалық, облыстық қазақ, ұйғыр театрларында жемісті еңбек етіп жүр.

Әшірбек Төребайұлының адами жарқын бейнесі туралы ағаларының, тұстастарының, қаламдас іні-қарындастарының айтқан жүрекжарды ойларыннан үзінді берелік: «Саналы өмірінің әрбір сәті қазақтың жоғын түгендеумен өткен есті жанның көз алдыңнан жоғалғанын ойға қалай сыйғызарсың. Ол әрбір адамның бойынан өзгеде кездесе бермейтін қасиет тауып, қастерлейтін. Оны бүкіл халықтық деңгейге көтеріп, ұлттық сипат беретін. Көргенді мінез, көреген көз оны рухани әлемнің биік шыңдарына жетелейтін. Қазақтың шешендік өнерінің өзгеше бір болмыс-бітімі тұла бойынан төгіліп тұрғандай әсер ететін»,  -  деп жазады академик Өмірзақ Айтбайұлы.

«Консерваторияны бітірер-бітірместен әріптес ағаң, марқұм Райымбек Сейітметов екеуміздің соңымыздан ерген, ұстанымнан айнымаған, құрыштай берік, арзан атақ-абырой қумаған, талантты, алымды, қарымды, қайырымды, әділ, жаны таза, қадірі бір басына жетіп артылатын, күллі алашқа ортақ аяулы азамат, арда ұл едің.

1ecb6bf75e495ea0094c3913f335c8f5.jpg


Әшірбек, сенің үйіңдегі сүйікті жарың Күләш, ұлдарың Қанат, Сұңғат, Нұрзат қарақта­рыма қалай, не деп көңіл айтуды білмей, қапылып отырған жай боп тұр, дүние-ай!», - деп жазушы Зәкір Асабаев опына еске алса, ақын інісі Ғалым Жайлыбай былай деп толғанған екен:

Сарайымды сол сарай ашатұғын,

Асуларың бар еді асатұғын.

Төребайдың төре ұлы сөз бастаса,

Алқалы топ аптығын басатұғын.

Арманыңды айдында желкен етіп,

Қайда кетіп барасың ертелетіп?..

Аға азайып барады анда-санда,

Арқамыздан қағатын еркелетіп.

Қайратты еді қайтейін, қайсар еді.

Жайлауының жап-жасыл майса белі.

Көзін көрген ағаның шырақшысы –

Өзім көрген ағаның жайсаңы еді.

Ал әріптесі, белгілі жазушы Роза Мұқанова өз ойын былай білдірген екен: «Өнер – текті, тәуелсіз деп жиі айтып жатамыз. Меніңше ӨНЕРді текті ететін де, тәуелсіз ететін де – ірі тұлғалар. Өнер тұлғалары неғұрлым ұсақтаса, өнер де ұсақ бола бастайды. Буынсыз, кім-көрінгенге жалпылдап қызмет етіп, қолына су құйып кетеді. Ал бұл мінез Өнерге жүрмейді. Хас Өнер ұлтқа ғана қызмет етеді. Өнерді осы мақсатта ұстанған текті саңлақтың бірі – Әшірбек Сығай еді.

Бір істің бастамашысы болғанда жиі айтатын сөзі бар болатын. «Аяғым жеткен жерге дейін барамын, дауысым жеткен жерге дейін айтамын» дейтін. Театрға, режиссураға, драматургияға қатысты осы принцпті ұстанды. Әш-ағаң қазақ өнерінде жүрген әр таланттың бәрін кәрі-жасына қарамай, алаламай насихат етті. Соның ішінде талантына сеніп, бейқам қалатындарын, атақсыз, үйсіз-күйсіз жүргендеріне қол ұшын созатын. Қазіргі кезде мұндай қайраткерлер аз, жоқ деуге де болады. Сөзін билікке өткізе алатын.

Аяққа кісен салуға болар, қолға кісен салуға болар, тілге кісен салуға болмайтынын дәлелдей алған ірілікті Әшірбек Сығайдың болмысы танытатын.

Өнер адамының мәселесін шешуге келгенде үлкен басын әлдекімнің алдында кішірейтуге дейін баратын. Алдыңғы топтағы ағаларда осындай кісілік болды.

Ол ұлағатты ұстаз болды. Сайдың тасындай қыз-жігіттерді театр сынына баулыды. Әшекеңнің осал шәкірті жоқ сияқты. «Мұнан кейін театртану мамандығына курс алмаймын» деген болатын . Шындығында да осы шәкірттері соңғы курсы болды.

Шәкірттерінде жанды терең ұғатын таза жүрек бар сияқты. Мен оларға Әшірбек Сығайдың ірілігін тілеймін».

Қазақ елі барда, қазақ өнері мен театрының қалың көермендері барда Әшірбек Сығайдың есімі ешқашан ұмытылмайды.


adebiportal.kz

Суреттер: Маулен Мукатаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар