Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асқар Сүлейменов: Жастар сыналсын, бірақ сойыл жем...

24.02.2017 8714

Асқар Сүлейменов: Жастар сыналсын, бірақ сойыл жемесін

Асқар Сүлейменов: Жастар сыналсын, бірақ сойыл жемесін - adebiportal.kz

ЖАРЫҚ  КӨРМЕГЕН ЖАЗБАЛАРДАН


Қазір Асқар Сүлейменовтің жазбасын жастар жағы көп оқиды. Әр шығармадан, әр мақаладан, тіпті сұхбат беруші жас қаламгерлердің аузынан «Асқар Сүлейменов былай айтыпты»-деген пікірді жиі кездестіретін болдық.  
Соған қарамастан жазушының көркем шығармадағы бағасы анық берілген жоқ. Оқырман түгілі, қаламгерлердің өзі Асқардың прозасы туралы сөз қозғасаң, күмілжіп қалады. Мойындамайды. Әдеби әңгімелерде «Асқар Сүлейменов өз потенциялын көркем шығармада игере алмады» - деген пікір жиі айтылып жүрсе, енді бірі «Асқар түсініксіз тілде жазады» - деп айыптайды. Бірақ, біз бірлі-жарым ауызша анықтамамен жазушының дәл бағасын бере алмаймыз. Оның құпиясы мол, ойы ұшқыр шығармалары үлкен зерттеуді талап етеді.
Асқар Сүлейменов проза, сын, драматургия саласында еңбек етті. Жан-жақты ізденді. Өзі айтқандай, жазып отырған шығармасының әр абзацына бір-бір ойды сыйдырғысы келді. Оның жазып кеткен афоризмдері әдеби қауымның арасында мақал-мәтелге айналып кеткен.
Назарларыңызға жазушының еш жерде жарияланбаған, шығармашылық адамдарына арналған ой-толғамдарын ұсынамыз.

34ee57f30474cd26720f96a302709e81.jpg



 СУРЕТКЕР ЖАУАПКЕРШIЛIГI

(Жазушының архивінен дайындаған Ә.Бөпежанова)

«Өлеңге әркiмнiң-ақ бар таласы». Айтарың болса, әрқашан да таласқа жол ашық. Ол үшiн, ең алдымен, бiр-ақ нәрсе керек. Оның аты — дарын, талант, сүйекке сүтпен сiңген, жоқ болса кандидаттық, докторлық дипломдар тауып бере алмайтын табиғи қасиет. Өлеңге, өнерге деген таласты, осы бiз, бейкүнә ақ қағазды тауысып шимайлауға саямыз ба деп қалам. Айналып кеп төпей берсең — қағаз байғұс қайтсiн ендi, тырсиып толады да ол-дағы; екi ай емес, үш ай емес, бiр айдың өзiнде қарны шермиген бiр роман оқыранып шыға келмек. Одан, бiрақ, оқушы көкiрегiне шабыттың шырыны тама ма екен, одан, бiрақ, ол оқушы өмiрдi тағы да танып, сол оқушының өнерге деген құштарлығы асып, өсiп тұщына ма екен.

***

Жаттығусыз жазушы жоқ. Бiрақ, жаттығудың бауыр жазатын кеңiстiгi оқушының қолына тиетiн ресми шығарма емес. Оған дейiнгi сүрлеу мен соқпақтар, қылшатас шатқалдар, сыңсып ататын сарала таңдар.

Беттерiнен ойдың емес, тердiң иiсi шығатын кей роман-поэмаларды, зерттеу-монографияларды оқығанда, менiң есiме Карамзиннiң бiр сөзi түседi. Ол: «осы сiз жүзiк көзiнен өтiп жұтынған повестердi қайдан ала бересiз?» дегенде «Каминнен» деп жауап берiптi.

***

Қоғамның адамы өмiрдi тану үшiн өздiгiнен өмiрге барады, өзiн тану үшiн өмiрден өзiне келедi. Бұл — байырғы жол, бiрақ тапталып, тақыры шыққан жол емес, себебi, өмiрдiң жолы, өмiрлiк жол — тозу дегендi танып та, бiлiп те көрмеген. Ал суреткердiң жүрер жолы басқа ма? Жоқ. Оның да жүрер жолы осы, тек оның мiндетi басқа. Суреткердiң жауапкершiлiгi аталатын сан-салалы, салмақты ұғым осы мiндеттi анық, айқын түсiнуден басталмақ. Ол қай мiндет? Ол — қоғам адамының көргенiн, көнгенiн, сезген-түйгенiн, Хемингуэйге жүгiнгенде, «өз басынан өткергендей», қан-сөлiн қашырмай өнер деңгейiне бүйiрiн соғып тынысалып тұрған шығарма, тiрi шығарма деңгейiне көтеру мiндетi. Адамның суреткерлiгiне, суреткердiң азаматтығына сын туар сәт те осы. Суреткер ненi көрдi? Бұл - бiр. Суреткер неге көрдi? Бұл -екi...

Қазақ әдебиетi қашаннан қайбiр қысталаң дәуiрлер-кезеңдерде де қан қызыл азаматтық ойды ту етiп ұстаған әдебиет болатын. Бұл тұста ел деп еңiреген арғы-бергi ардагерлердi көзiнен тiзбей-ақ ХIХ-дай атжалман ғасырдың темiр балқытар кернеуiнен тотығып қана шыққан Махамбеттiң наркеспе азаматкерлiгi мен сонау бейтаныс түпсiзден, көрлахат қараңғыдан тағы да бiр сытылып шығып, қалың елi қазағымен осы бүгiн-ертең тағы да көрiскелi, құшақтасқалы, қауышқалы отырған телегей Абайдың теңiз ойындағы азаматкерлiгiн айтса да жеткiлiктi.

Суреткер өзiнiң өмiр ұғуында, өмiр тануында, өмiр өзгертуге жең сыбанып, бел байлап атсалысуында әлгi ненi көрдiм, ненi неге көрдiм деген сауалдарға ат тұмсығын алдымен тiрер болса, Махамбет пен Абай салған әлеуметтiк аңғардан ауа ақпауымыз керек. Ел сүйедi екенсiң, жер сүйедi екенсiң, өзiңдi Отан мен қоғамның, өткен мен кеткеннiң, бүгiн мен ертеңнiң бел баласы сезiнедi екенсiң — болмыстағы көргенiңдi болмашы себеп айтып ақтама. Зады, адамды қартайтудың көп жолдарының бiрi, бiрi болғанда төтесiнiң бiрi, жәдидi — арзанға араша түсу.

Суреткер жауапкершiлiгi деген мәселенi таратып айтқанда ендiгi бiр кезiгетiн ұрымтал сәт: ненi көргенiн, неге көргенiн қалай айтыпты. Бұл - үш. Бұл және де жазушылықтың шығандап шығатын, шырқап көрiнетiн тұсы. Атышулы шеберлiк деген қыранның қанат-құйрығының сусылдайтын тұсы. Тақырыбымен, сюжетiмен, геройымен «тағыны жетiп қайырып» жүрген жазушының сол тағының не қызығына батып, не азабы мен мазағына қалатын тұсы, бұл бiздiң сынның таңы айрылып жүрген тұсы.

***

Талғамсыз оқушыны алдаусыратарлық қана қауқары бар жазушы есiл тақырыпты (әңгiме тарихи тақырып туралы — Ә.Б.) көшкен жұрттың орнындай таптап кетедi. Жазушының өрем деген ойы, ұсынған тенденция-концепциясы дұрыс-ақ болғанмен шығарманың өнерлiк иi қанбаған соң, белгiлi бiр тарихи адам, белгiлi бiр тарихи кезең құлақ-шекеден қамшы жеген жылқыдай қалтақбас боп қалады. Осыдан барып ол адам, ол кезең туралы оқушы ойына буынқұрт түседi. Даусыз тарихи деректерге, ел құлағына сiңiп қалған аңыз-әңгiмелерге құрылған философиялық емес жай ойының өзi жұтаң, тiлi кебiр сентиментализм мен натурализмнiң үлгiлерiне кейде елiктей отырып, кейде табына отырып жазылған ондай кiтап, жолы болып басқа тiлге аударыла қалса, сөздi алдымен жазушы емес, ел естидi, әдебиет естидi.

***

Жастар сыналсын. Сыналсын, бiрақ, сойыл жемесiн. Оларға түйенiң боздағаны, иттiң қыңсылағаны сияқты бүгiнгi қат-қабат өмiрдiң бөлекше әрекет-харекетiмен қабыса бермейтiн абстракты ойларды қызықтама деген сөздi дауысты көтере айтқанның өзiнде жер тепсiнбей, нұқымай, нығартпай сөйлеу керек.

***

...Критика — самокритиканың iшкi мәнi мен сын және өзара сын емес. Сыны дұрыс, ал самокритикасы басқадан сын ғана емес, өзiңдi өзiң сынайтындай жауапкершiлiктiң, суреткерлiк тазалықтың деңгейiнде болу ма деп топшылаймын. Ал жазушының өзiне, өз қаламынан бой түзеген өз iшiнен шыққан шұбар жыланға қаталдық көрсетуi, қашаннан келе жатқан үрдiс... Соңғы кезде газет-журнал беттерiнен, мақала жинақтарынен кем көрiнiп жүрген талап, талғам деген меже-деңгейлердiң, критерийлердiң қайта жандануы, қайта тiрiлуi де осы самокритика деген түсiнiктi тұмшалай бермеуге қатысты.

***

... Баспа практикасында, журнал-газеттердегi талап пен талғамның озған заманмен қапталдаса шабуы шарт. Қырқыншы, елуiншi, тiптi отызыншы жылдардағы талап-талғамның ана жер, мына жерден атой берiп жүргенiн көрмей жүргемiз жоқ. Кезiнде заңды едi: бестiге айтылар сынды тайға алып кеп телуге болмас. Ал тай тоқпақ жалды торы айғыр болған соң, белi бекiп бәйгеден кеп жүргенде оған баяғыдай, баяғыша өбек қағу қаншалық орынды? Мұнан алдымен ұтылатын бестiнiң өзi. Өзi өскен екен, оған деген талап өссiн. Өмiр озған, заман озған сайын құрығанда құйысқан тiстесе шапсын. Бұл тұста, және де, талап пен талғам сияқты егiз ұғым бөлiнбесiн. Олар бiрiн-бiрi жоқтасын. Қамшының өрiмiндей қойындас, қолтықтас жатсын.

***

Адам үшiн жанымды беремiн, бағымды беремiн —  дәрiгерлердiң гиппократтық анты. Ал адам үшiн суреткердiң берер жауабы аз ба?.. Осы ретте серт, ант дегендi қолына қалам ұстаған кiсiге, кiсiлерге желдiртiп айтып шығу, түсiндiрiп бағу аз, бұл ұғым суреткердiң жанына, ойына, күнделiктi мiнез-тiрлiгiне сiңуге, даруға керек.

***

Жүректiң соғысы — физиология, ал жүректiң не қуаныштан, не үрейден барып бас алатын лүпiлi — эстетика, өнер, өмiрге бергiсiз қайран сөз.

1970-1972жж.


 Бағлан Оразалы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар