Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақындық туралы Белинскийдің айтқандары

24.02.2017 3857

Ақындық туралы Белинскийдің айтқандары

В.Г.Белинский: Поэзияны тегі мен түріне қарап бөлу

Поэзия – өнердің асыл тегі. Өзге өнердің бәрінің де өзін беруде қолданатын құралының мүмкіндігіне қарай творчестволық әрекеті азды-көпті болса да қысылшаң, тар өрісті боп келеді.

Сәулет өнері шығармалары тұтас бір әсем пішінді құрастыратын бөлшектерінің үйлесімділігімен, әйтпесе өткір ұштары шаншыла аспанға өрлеп ғайып болатын аса зор және зәулім мұнаралы формасымен рухымызды шарықтатып, таңырқатады. Бірақ, бұлардың жанды еліктіруі осы тәсілмен шектелмек. Бұл әлі тек  шартты символизмнен абсолюттік өнерге көшу ғана; бұл әлі толық мәнінде өнер емес, ол тек қана талап, өнерге тұңғыш адым; бұл әлі көркем формаға түскен пікір емес, тек пікірге жасайтын көркем форма ғана.

e896b8b32f6b8acbfc11af303ab3f459.jpg

Мүсін өнерінің қарымы сәулетшіліктен гөрі кеңірек: амал-тәсілдері молырақ; мүсін өнері адам денесінің әдемілігін, адам дидарындағы ой нышанын көрсетеді, бірақ, ол бет-пішіндегі ойдың бір белгісін, денесінің бір сәттік қалпын ғана бере алады.

Алайда мүсін өнері қарымының шығармашылық әрекеті адамды тегіс қамти алмақ емес, тек ер адам денесінің сыртқы тұлғасымен қанағаттанбақ, еркектің бойындағы ерлікті, ұлылықты және күш-қуатты, әйелдің бойындағы әдемілік пен грацияны ғана елестете алмақ.

Сурет өнері адамды тегіс, тіпті адам рухының ішкі дүниесін де қамтиды, бірақ ол да құбылыстың бір ғана сәтін көрсетумен тынады.

Музыкада адам жанының ішкі дүниесін айтып берушілік басым, бірақ, музыканың айтып беретін идеяларын үннен ажыратуға болмайды, ал үн дегеніміз жанға көп нәрсе сездіре алса да, санаға айқын және байымды ешнәрсе бере алмақ емес.

Поэзия адамның еркін тілімен берілетіндіктен, онда үн де, сурет те және байымды, айқын айтылған түсінік те болмақ. Сондықтан өзге өнердің барлық элементтері поэзияда бар, сөйтіп, ол әрбір өнердегі жеке-жеке тәсілдердің бәрін бірінен-бірін бөлектемей, бірден пайдаланатын сияқты. Поэзия тұтас өнер, соның бүкіл ұйтқысы болып табылады. Және оның барлық жағын қамти отырып, бүкіл өзгешеліктерін айқын, анық түрде бойына жинақтайды.

І. Поэзия сырт жағынан идеяның мағынасын іске асырады да, міні жоқ айқын, пластикалық образдар мен рухани дүниені ұйымдастырады.  Мұнда бүкіл ішкі сезім сыртқа терең жайылады, сөйтіп, бұл екі жақтың екеуі де – ішкі және сыртқы – бірінен-бірі жекеленіп көрінбейді, екеуі тұп-тура бірігіп, өзімен-өзі жымдасып жатқан тұтас шындықты – оқиғаны көрсетеді. Бұл жерде ақын көзге көрінбейді; айқын, пластикалық дүние өзінен-өзі өрістейді, сөйтіп, ақын өздігінен болған нәрсені тек жай әңгіме етуші ғана боп табылады. Бұл – эпикалық поэзия.

ІІ. Сыртқы құбылыстың қайсысына болса да ынта, тілек, ниет, бір сөзбен айтқанда ой-пікір мұрындық болады; сыртқы құбылыстың бәрі де ішкі, құпия күш әрекеттің нәтижесі; поэзия оқиғаның осы ішкі екінші жағына, осы күштердің ішіне енеді; бұл күштерден шығып сыртқы шындық, оқиға және әрекет өркендейді; мұнда поэзия қарама-қарсы, жаңа текте көрінеді. Бұл субъективті дүние, бұл ішкі дүние, өз шеңберінде қалып, сыртқа шықпайтын тырнақ алды істердің дүниесі. Мұнда поэзия ішкі элементте, шарқ ұрған сезгіш ойда қалады; ал рух сыртқы реалдықпен шығып, өзімен-өзі болып кетеді де, поэзияға сыртқының бәрін өз бойына жинаған ішкі өмірінің әр алуан шексіз құбылыстары мен белгілерін береді. Мұнда ақынның жеке басы бірінші кезекте көрінеді де, біз тек сол арқылы ғана бәрін аңдап, түсініп отырамыз. Бұл лирикалық поэзия.
ІІІ. Ақырында бұл әр түрлі екі тек бірімен-бірі тұтасып қосылып кетеді: ішкі өзімен-өзі болудан қалады да, сыртқа шығып, әрекетімен көзге көрінеді; ішкі қиялдық (субъективті)  нәрсе сыртқы реалдық (объективті) нәрсеге айналады. Эпикалық поэзиядағыдай мұнда да әр түрлі субъективті және объективті күштерден шығатын белгілі реалдық әрекет дамып отырады; бірақ, бұл әрекеттің ендігі жерде жалаң сыртқы сипаты болмай қалады. Мұнда әрекет, оқиға бізден таса өндіруші күштерден шығып, өз шеңберінде еркін айналып келіп, ішінен тиышталған, дап-дайын күйінде бізге кенеттен көріне қоймайды, –  жоқ, біз мұнда сол әрекеттің жеке адамның еркі мен сипаттарынан пайда  бола бастаған процестің өзін көреміз. Екінші жағынан, бұл сипаттар өзімен-өзі  болып қалмайды, үздіксіз көрініп отырады және өз рухының ішкі мазмұнын практика жүзінде ашып береді. Бұл поэзияның жоғарғы тегі, өнердің асылы – драмалық поэзия.

Поэзияның үш тегінің әрқайсысын жалпылама және қысқаша шолып өткеннен кейін енді бұларды бірімен-бірін салыстыру арқылы сонан былайғы, ең терең мәнін дамытып айталық.

Эпикалық және лирикалық поэзия біріне-бірі тікелей қарама-қарсы жатқан дүние шындығының дерексіз екі қиыр шеті; драмалық поэзия осы қиыр шеттердің бірігіп (конкреция) әсерлі дербес үшінші бағытқа айналуы.

Эпикалық поэзия – өзін жеке алып қарағанда да, ақыны мен оның оқушысын алып қарағанда да көбінесе объективті, сыртқы поэзия. Эпикалық поэзияда өзіндік бейнесі бар және өзіне болсын, оны аңғарушы ақынға я оның оқушысына болсын, тіпті керенау халде боп қалатын дүние мен өмірді пайымдау жағы айтылады.

Ал лирикалық поэзия – көбінше ақынның өзі айтатын субъективті, ішкі поэзия. «Лирикалық поэзияда живописьші – картинаның өзі бола алады, ал шығарманы жасаушы – өзінің шығарған нәрсесі болады» – дейді Жан-Поль Рихтер.

Эпикалық поэзияны құраушы өнермен – сәулет өнерімен, мүсін өнері және живописьпен салыстыруға болады; лирикалық поэзияны тек музыкамен ғана салыстыруға болады.

Эпикалық поэзия образ бен суретті табиғатта бар суреттер мен образдарды беру үшін қолданылмақ, лирикалық поэзия образ бен суретті адам табиғатының ішкі мәні боп саналатын образсыз және бейнесіз сезімді жырлап беру үшін қолданылмақ. «Эпос өткенді дамыта отырып, оқиғамен таныстырмақ; лира қазіргі бар сезіммен табыстырмақ»–дейді Жан-Поль Рихтер.

«Тарихи нәрсе эпоста әңгіме етіледі, драмада  болжанады, әйтпесе жасалады, ал лирида сезіледі, әйтпесе бастан кешіріледі»– дейді Жан-Поль Рихтер. Германияның бұл даңқты ақынының пікірнше лирика поэзияның барлық формасынан бұрын шыққан, өйткені «лирика – ана, барлық поэзияның тамызығы, ұшқыны, Прометейдің оты тәрізді ол барлық образдарды  жандандырып отырады».

Тарихи мағынасында лирика поэзияның өзге тектерінен бұрын шықты жеген Жан-Поль Рихтер пікіріне қосылуға болмайды. Біз үшін ең беделді, өнегелі және формалы өнер – грек өнері, өйткені, дүние жүзіндегі бірде-бір халықтың өнері гректердің өнеріндей өз еркінше, қалыпты түрде өркендеген емес, олардың бай өмірінің салтанаты, әсіресе өнерден толық көрінеді. Сондықтан, грек өнері дамуының тарихи актысы біз үшін ақылға сиярлықтай ең беделді, ең күшті нәрсе болуға тиіс. Гректерде эпопея лирадан бұрын шығады, осы тәрізді лира да драмадан бұрын шыққан.

«Лирикалық поэзия – барлық поэзияның негізгі стихиясы» деген Жан-Поль Рихтердің пікіріне келсек, бұл өте дұрыс және терең негізі бар пікір. Лирика – барлық поэзияның жаны, өмірі.Лирикада поэзия көбірек, лирика – поэзияның поэзиясы. Жан-Поль Рихтер лириканы барлық поэзияның жалпы ұйтқысы деп қаншалықты тапқырлықпен атаған болса, лириканы бүкіл поэзияның тамырын аралап жүретін қан деп соншалықты дұрыс теңеген. Лиризм поэзияның жеке тегі болғандықтан, өз бетінше өмір сүріп жүріп-ақ Зевстің барлық жаратқан нәрселеріне жан беретін Прометей отындай стихия тәрізді өзге поэзияның бәріне де еніп кетіп, оларды жандандырып отырады.

Эпопеяның мазмұны оқиғадан құралады: лирикалық шығарманың тақырыбы арфаның шегін қалтыратқан желдей қас қаққанша өте шығатын және көзді ашып-жұмғанша жоқ болатын ақынның жанын тербеткен түйсіктен құралады. Сондықтан, лирикалық шығарманың идеясы қандай болғанымен де ол ешуақытта да шұбалаңқы болмауы тиіс, қайта лирикалық шығарма көбінесе мейлінше қысқа болуы керек.

Эпикалық поэзияның аумағы оқиғаның аумағына байланысты; егер оқиға ұзақ-сонар болса да қызғылықты және жақсы берілген болса, біздің назарымызды  талдырмайды, көңіліміз тіпті басқа затқа бөлініп кетсе де, оқиғаға қайта оралуымызға болады; «Илиаданы», сонымен бірге Вальтер Скоттың, әйтпесе Купердің кез келген романын біз бірден емес, арасына бірнеше күн салып, кітапты оқымай қалдырып кетіп барып қайта оқып, оның аралығында тіпті басқа жұмыспен шұғылданып жүріп оқып шығуымызға болады.

Көлеміне қарағанда жалпы эпопея поэзияның өзге тектерінен гөрі ақынға анағұрлым мол еркіндік береді.

Драманың (мұны алда көрерміз) көп я аз болсын, әйтеуір белгілі мөлшерде шегі, көлемі бар; бірақ осы жағынан алғанда лирикалық шығармаларға шек қойылып отырады.

Драма қарама-қарсы элементтерді – эпикалық объективтік пен лирикалық субъективті ынтымақтастырушы нәрсе, бірақ, осылай болғанымен де ол эпопея да, лирика да емес, алғашқы екеуінен шыққанымен де, ол тіпті жаңа, өзімен-өзі болып жатқан бір үшінші нәрсе. Гректерде драма эпос пен лириканың нәрижесі боп шығуы да осыдан, өйткені, драма олардан соң туды да, Эллин поэзиясының ең алғаш шешек атқаны, ақырғы гүлі болды.

Эпопея тәрізді драмада оқиға болғанмен де, мағына жағынан драма мен эпопея біріне-бірі қарама-қарсы. Эпопеяда оқиға – әмірші, драмада – адам әмірші. Эпостың геройы – оқиға, драманың геройы – адамның жеке басы.

Драмадағы оқиғаның күші мен маңызы «коллизия», яғни қақтығыс арқылы білінеді, қаһарманның борышы туралы түсінігі мен табиғи түрде жүрегінің қалағанынынң екшесуі қаһарманның еркінде емес, оны я орындап, я басып тастай алмайды, бірақ, оны шешу оқиғаның ырқында да емес, тек бір ғана қаһарманның азат еркінің ырқында. Оқиғаның өкімі драманың геройын сүрлеуге түсіреді және оны өзінен-өзі күресуден шығару үшін тіпті біріне-бірі қарама-қарсы екі жолдың бірін таңдап алуға лажсыз көндіреді, бірақ, қай жолды қалап алу оқиғаның ырқында емес, драманың қаһарманының ырқында. Мұны азырқансаңыз, драмадағы апаттың өріс алып жеделдеуі, ең ақыр аяғы геройдың батылсыз бұлталақтауынан болуы мүмкін, бірақ, бұл батылсыздық оқиғаның мағынасы мен күйінде емес, тек бір ғана геройдың характерінен шықпақ. Бұған Шекспирдің Гамлеті жақсы мысал болады: Гамлет өз әкесінің ғаламат өлімін оның көлеңкесінен біледі. Гамлет емес, оның өлген әкесі – корольдің азғындыққа салынған туысқаны әзірлеген оқиға Гамлетті қашса құтылмайтын өш алушылық ролін атқаруға жұмсайды, бірақ, бұл роль Гамлеттің табиғатына оншалықты ыңғайлы келмейді де, ол біріне-бірі қас егескен екі күштің – әкесінің өлімі үшін кек алу парызы және кек алуға жеке басының орашолақтығы, – міне, осы екеуі Гамлетті өзімен-өзі боларлық ішкі күреске итереді: аянышты коллизия дегеніміз осы!

Поэзияның бұл үш тегі өз алдына элемент боп, бірінен-бірі бөлек өрістесе де, поэзияның жеке-жеке шығармаларында кездессе де, бірінен-бірі ала-бөтен айырыла қоймайды. Қайта олардың араласып отыратындығы жиірек, сөйтіп, кейде өз формасында эпикалық шығарма дерлік шығармада да драмалық характер болады, драмалық шығарма эпикалық характерлі болып келеді.

(«Әдебиет теориясы» кітабынан)

Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар