Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асқар Сүлейменов: Шындық – көп, ақиқат – жалқы

24.02.2017 3572

Асқар Сүлейменов: Шындық – көп, ақиқат – жалқы

Сүлейменовтің соңғы сұхбаты


– Бүгiнгi таңдағы қай мәселе, қай әңгiме де қоғамның хал-ахуалына тiрелiп жатады. Сiз де әңгiменi содан бастасаңыз...

– Кезiнде бiр кiтап қарап ем. Яхтсменнiң кiтабы: сэр Джон Чичестер. «На Джипси Мот IV» вокруг света». Содан  бiлем.  Австралия  мен  Антрактиданың аралығында  толқыны  он  бiр  баллға  құтыратын «күркiреген қырықыншы» («ревущие сороковые») аталатын меридиан бар боп шықты. Мұхитқа шықпаса «сусап» өлердей яхтсмен-жанкештiлердiң барарда сол коридордан, ал қайтарда Оңтүстiк Американың құрып бiтер құрдымы — Горн мүйiсiнен аман өтуi ажалмен бажа  болғандай  саналады  екен.  Ұлты,  жынысы, мамандығы, саяси сенiмiне қарамай әрбiр адам тұл айғырдың құйрық тұқылындай келте ғұмырында осы «қырықыншыны» орап өте алмайтын сияқты. Бақ та — үш харiп, сор да — үш харiп. Сол үш харiптен түзiлген қос ұғымның алдыңғысы — мөрленген лотереясы, бақ билетi болмаса орап өтуi мүмкiн де емес. Бұл және де — «қырықыншымен» бетпе-бет келу — дүниежарыққа шырқырап келiп, шыңғырып кетер пенденiң ғана емес, сол пенде тiршiлiк кешетiн қоғамның да басындағы бар шаруа. Басқаны, басқаларды былай қойғанда, төрт аяғы тең жорға делiнетiн Штаттардың өзi өткен ғасырда (Азамат соғысы, 1861—1865жж.), осы ғасырда (Ұлы тоқырау, 1929—1933 жж.) оған ат басын тiреген.

8ccbf51c34094c7f9ac0a6ede97d1b87.jpg


Сөзiңiздi бөлейiн. Осы бiзде Америкадан басқа бой салыстыратын ел жоқ па?

– Өзiм де қайранмын. Бiрақ, Американы да орап алатын иiндерiмiз де бар-ау деймiн. Мысалы: ракета, трактор, идеология, генералдар өндiру жағынан... Олар, Штаттар, «қырықыншымен» жүз жылда бiр жүздессе, бiз, кемiнен қайырғанның өзiнде, әр бесжылдықта бiр-бiрден айқасып қаламыз. Жазмыш десең жайдақ, юмор боп шығады. «Зри в корень» дегендi естiгенмiн. Дұрысы: бiз (қоғам) оқыған, бiздi (қоғамды) оқытқан қисынның өзiнде ме дейсiң. Не оқыдық, не оқытты? Базис пен қондырманы (надстройка) оқыдық. Базис пен қондырмасыз система жоқ. Мәселе — iргетасында. Бiз оқыған базис пен қондырманың iргетасы — не? Таптық редукционизм. Бұл қай ахкем? Бұл бүкiл әлеуметтiк-қоғамдық-рухани процестердiң (бiр полюсi — өндiретiн күш пен өндiрiстiк қатынас, бiр полюсi — ұлттық кiрiс пен ҒТР), тiптi ғылымдардың (бiр полюсi — генетика мен психоанализ, бiр полюсi — философия мен әдебиеттану) таптық критерийлерге телiнуi, емiнуi. Мұндайда «құдая тоба» демеске амал кем. Адам, себебi, кембағалдың баласы, байдың бағланы, Жаманшұбардың жуан қарасы, Қасқабұлақтың марқасқасы боп тумайды ғой. Бiзде туатын боп шықты. ...Бiз нендей тамашалар көрмедiк — қазағы бар, орысы бар, қазақ-орысы бар, шүршiтi мен шүленi бар «нұрлы болашақ» ныспылы ұғым-ұранның жетегi болдық, сүйретпесiне айналдық; ендiгi; арғы-арғы жылдардың ауа райын биыл емес, былтыр естiп алған болуға дағдыландық; өмiрдi, әлемдi, қала бердi ғаламды да солардың өзiнен емес, Кiндiк газеттiң Бас мақаласынан тануды үрдiске айналдырдық; жасанды ұран — Құран болды. Ойлаймын: қоғам мен қауымның кеше кезiккен, бүгiн жолыққан, ертең қауышпақ азабы мен азасын, мұңы мен мұқтажын пайымдап, жобалап, өлшеп-пiшiп отыратын, адамның саяси табын емес, табиғи бабын ойлайтын социологиялық институтпен ат құйрығын кесiскен система ат тiзесiн баритон ұранмен қоспағанда қайтедi? Дау жоқ, бүгiнгi таңда идеологияның (жаңара қалса, құдай оңынан берiп таза түлей қалса) атқарар шаруасы қыруар. Бiрақ қосымша құнның теориясынан бастап, көркем творчествоның психологиясына дейiн идеодогмаға құндақтау деген — не? Бұл — қатер. Бұл — «артыққа» бiткен тыртықтың өзi. Айбалтаның өзiне ақиып қарайтын тыртық.

Табиғаттың тәлiмiне не жеткен? Өмiрге өз жолымен келген «қызыл қарын, жас бала» догмат ғақлиялардың бесiк-қалыбынан көкпар тартар жасқа жеткенше шықпай қойған соң кәдуiлгi делқұлы «дебил» боп, қаланың «қыртөшкесi» боп өседi де, миғұлалығының анықтамасы ғып «Плейерiнiң» кассетасына «Кертолғауды» да, «Чаконаны» да емес, «Аквариумның» селкiлдемесiн түсiредi. Мен расымды күлтелемей айтып отырмын: әкiмшiл-әмiршiл деп жүрген өлi системадағы погонды-погонсыз гүрзiқұмарлар бүгiнгi рухани дебилдердiң бұрынғы, 20–50 жж. мүсiнделген түрi; отыра-отыра, ойламай-ойламай, қақсай-кақсай алақан-өкшесiне дейiн түк пен мүк басып кеткен «акселераттары»...

Қоғам, ең алдымен, тiрi организм. Сол қоғамды саясаттың өлi жемi деп санайтын, 10 ғасыр бойы туылған «Библия» мен 13 ғасырлық өмiрбаяны бар «Құранды» «Ғылыми коммунизмнiң» оқулығына алмайтын ел «күркiреген қырықыншы» меридианның алапатына ұрынбай қоймайды. Дүркiн-дүркiн ұрынады.

Ұрынбау үшiн не iстеу керек-тi?

– Политологтан  сұраңыз.  Сауалыңызды  сәл өзгертсе: не iстеу керек едi? Iшке түскен ауруды кезiнде көру керек едi, сынға — жын деп қарамау керек едi (сынға әлi солай қарайды, жобамда, қарай бередi); мүлдем жаңа бағыт ұстанғандарды ревизионист деп қыл шылбырмен бұғалықтамау керек едi; қозыға торай деп қарамау керек едi. Бiлесiз, бiз өзi дәл бұл жағына — футболдағы Гуллиттей — сұмдық мәстiрмiз, 68-дегi Прага трагедиясынан бiраз бұрын Сантьяго Карилльо деген кiсi шықты, Испания компартиясының генсегi. Конвергенцияны, интеграцияны, плюрализмдi негiзге алған  бөлекше  дерлiк  теориясы  бар  едi — Еврокоммунизм.  Бiз  оны не қылдық?  Оны бiз — маркстiк эстетиканың Дьерд Лукачтан кейiнгi аз қалған теоретиктерiнiң бiрi, танымы мейлiнше таза, бүкпей-бұқпай сөйлейтiн француз, коммунист Рожо Гародимен қосақтап — Сусловтың дончагына мiнiп алдық та шытыр жеген сиырдай қылдық. Не ұттық? Еврокоммунизм түгiл, Европада, осы жаңа, ақшам-құптанның әлетiнде түтiн түтетiп отырған социализмнiң өзiне зар боп қалдық. Ендiгi арман — «қандас» Болгария мен Рамиз Алияның Албаниясы аман қалса деген...

– Мұның басты себебi, мүмкiн, адам — қоғам — мемлекет  боп сатылайтын үштағанның iшкi қайшылығынан да шығар. Дәлiрегi: адам мен қоғамды мемлекеттiң тiзеге салуынан...

– Бұл — әр елдiң қалыптасқан басқару дәстүрiнен, этникалық құрамынан, саяси философиясынан бас алатын болар. Баяғы, «әр елдiң заңы басқа...»-ға келедi. Бiрақ,  бiр  нәрсенi  нық  ескерген  жөн:  адам  мен қауымның төтен бiр тұстарда тiзеге түспей қоймасы бар да (бiздегi Прибалтика, Закавказье, Америкадағы Панама), «Мемлекетiң — мен боламын» деп Людовикшiлеу тағы жоқ емес. Мысалы, пролетариат диктатурасының теориясы. Диктатура, қандай болмасын, диктатура, концепция санатында, жаратылысымен жараса алмайтын қисын.

Қашаннан, қадым заманнан берi билiк түбi — зорлық болғанмен оны, зорлықты, тоқпан жiлiктiң сылқыма майындай ғып көрсетiп, жәудiретiп әкеп ойдағы заңның қолбасына салып алу өрелi қоғамның әрекет-харекеттерiнен емес. Бұл теория кезiнде нақты бiр ситуацияда, ситуацияларда, өзен-өзен қан арқылы, өзiн «ақтаған» да болар. Ал — қазiр? Қоғамның рухани мүмкiндiктерi, зердесiнiң кемерi, парасат температурасы жұмысшы табының санымен өлшене ме? Өткен жаздағы Польша, Венгрия, күздегi ГДР, күз бен қыс аралығындағы Чехословакия мен Болгария, қақаған декабрьдегi Румыниядағы әлеуметтiк магманың жаппай қозғалысына апарған — не? Пролетариат диктатурасының әсерi ме? Емес. Болса — керi әсерi. Пролетариаттың өзiнiң диктатурамен пар жегiлуден бас тартқаны. Ал, қатталып жатқан қалың магманың «асау Терек» боп бұрқанғаны, ол томағасы мен тұмылдырығын, кiсенi мен шiдерiн ондаған жылдар бойы тастай алмай келген студенттер қауымы мен интеллигенцияның жiгерi. Сан қуу, көп орайда, сан соқтыруға апарады. Зады бар ғой, сапаға айналмаған сан, жеме-жемге келгенде, сан болудан да қалады (Күледi). Осы өз сөзiм емес-ау деймiн.

– Жауаптан қашқақтап отырсыз.

– Иә, әлгi мемлекет... Кiм ол, не? Маркстiң, жаңылмасам, «Коммунистiк манифестке» дейiнгi Маркстiң бiр анықтамасы: «Государство есть посредник между человеком и его свободой». Қазiргi қазақ қауымының   мұң-мұқтажынан  шығар  болса  бұл анықтаманы екi ұдай нұсқада алуға болар едi:  1. Государство  есть  посредник  между  нацией  и  его свободой. 2. Государство есть адвокат нации перед прокурором власти.

Нұсқамалғанның өзiнде салғаннан байқалатын бiр нәрсе: туа бiттi азат пен (азат — адамның шын аты) оның азаттығының арасында — кейде көлбеу, кейде шырқау — алшақтықтың барлығы. Бар болмаса араша елшi неме керек? Тағы бiр сұранып тұрған нәрсе: азаттықты биiк бақан басындағы жамбы деп таныса, мемлекет  әкетай  адамға  иығын  тосу  керек.  Ал, коллективтiк  абсолютизммен, диктатурамен, тоталитаризммен, автократиямен, унитариямен, политбюрократиямен тыныстайтын мемлекет, дәл осы кезде кейде жеке адамға, кейде адамның космостық формасы ұлтқа қол ұшын берер кезде, алатайдай бүлiнiп ап, табан астынан өкiмет (власть) болады да, азаттықты азаматтан қорғап шыға келедi. Бұл өзi зорлықтың, зорлықшылдың ғана қолынан келер iрiлiк: арманды иесiнен, құлынды биесiнен қорғайды. Бұл ретте классикалық жүйе саналатын формула (власть законодательная — власть исполнительная — власть судебная) балықтың шоққа басқан торсылдағының кебiн киедi; заң шығаратын өкiметтiң (парламент) асатаяқ-скипетрi әскерi бар, басқасы бар онсыз да жұдырықтай жұмылып отырған үкiметтiң (правительство) қолына өтедi де, тағзым ғып қойған адам мен қоғам бел жазудан, бой түзеуден қалады. Сондықтан да екi түнек — жатыр түнек пен көр түнектiң ортасында шырылдап жүрген адамның бiрден-бiр қорғаны екенiн рахаттанып тұрып ұмытатын мемлекеттiң табиғи үйлесiмiн қамытаяқ балеринаның пластикасымен теңесе дұрыс. ...Сөз бар ма, өкiметке де қорған керек шығар, бiрақ өкiметтен қорған әсiресе керек.  Әсiресе  осы  кезеңде  әсiресе  бiзге  керек. «Қарусыз, қамсыз, әлсiз ел»-дiң (Аймауытов), атой салмай-ақ қойсын, бiрақ, қанды жасын тағы да бiр сығып-төгiп алғанын праволық болады-мыс дейтiн федерация бейәдептiк көрмес. Әй, осы қазаққа да милосердие, мейiрбандық керек деуi мүмкiн ғой.

– Сiздiң творчествоңыздың күретiнi ме, көкөзегi ме (лейтмотивi) адамның еркiндiгiндей боп елес бередi. Философтардың күрмеуiнде: еркiндiк еркiндiктен басқа өнiм бермейдi. Сiз еркiндiк дегендi қалай ұғасыз?

– Алдымен творчество дегенiңiз қаңтарыла тұрар. Бұл өзi өндiрiп жазғандарға, бүгiлiп-иiлiп жүрiп құрығанда бiр том тандамалы шығарғандарға, қайсыбiр өлi жазушы-тiрi лауреаттарға жарасады. Жазушының өмiрiн оқушы боп бастап, оқушы боп аяқтары рас болса, дауасы, оқушының окобында жатып алу. Оқушы бұл сауалыңызға не дер едi? Бiлмеймiн дер едi: арғы бет ар жағын айтпағанның өзiнде («Лунь юй»... Паскаль... Декарт... Спиноза... Гегель...) еркiндiк деген категорияны соңғы бiр жарым ғасырда жiгердiң (Шопенгауэр... Ницше), экзистенцияның (Кьеркегор... Ясперс... Бердяев... Хайдеггер... Сартр... Камю...) жасуынан өткiзгендердi танып алсақ та жеткiлiктi дер едi; олар аз болса өзiмiздiң академик Әбдiлдин бар дер едi; басы ашығы: азат боп туған екенмiн, азат боп өлгiм келерi дер едi. Оқушының қателiгi де осында — табиғи правосын ұлттық-әлеуметтiк право деп ұғуы. Соңғы правоны кез келген қоғам қамтамасыз ете алмайды. Бiздiң қоғам, бармақты қанша шайнағанмен, сол ете алмайтындарға кейде бiр, көбiнде екi иығын бiрдей берiп тұрады. Қоғам — әке, адам — бала болғанда, әке, төрт қабақ құрақ көрпешенiң үстiнде тек алу үшiн малдас құрмайтын шығар. Ал, бiздiң әкетай сонау бастау-базисiнде, құнжиған қондырмасында берешек емес алашақ. Бер, дейдi. Азаттық пен еркiндiк, ол, ысырмалы пернедей, түбi орнына келедi, ал әл-әзiрге бер! бер! бер! дейдi. Бүйте берсе, «...Тарпаңдай құла түздегi тiзесiн бүгiп от жеген тағы сынды жан едiк, тағы да келдiк тар жерге. Таңдансаң тағы болар ма тәңiрi салған бұл iске?! Ата-ененi сөктiрiп, ат басына соқтырып, нәлет десе болмас па осынау жүрген жүрiске!» (Махамбет) деген адамның қарақан басы түгiл оның үй-орманы, халқы мен қамбасы, бүгiнi түгiл ертеңiнiң өзi ана ауылға — қара ауыл-құрдымға кетуi мүмкiн. Бүйте берсе қара қасқа Қазақстан, картада ғана тандыр боп қалған Аралының — мәмесiнiң кебiн киюi мүмкiн. Зады, «көк кiлем, көк кiлемде көп ойнаймын көп күлем»-нiң ырғағымен тақ-тұқ тақпаққа салса: ел азат болмай ер азат емес. Бұған назар қыдыртпасқа болмасы: адамның бостандығы мен ұлт бостандығы айдың екi бетi — бiрiнсiз бiрi жоқ. Бiз тек бергi бетiн, көзге ұрарын, жанар қабарын ғана айтамыз: көн етiк киген көп пен жалпыны емес, көк етiк киген жалқыны айтамыз; ел басқаруды ел үстiнде шалқу деп түсiнетiн алкеуде-кейқуат, пайдакүнем-атқамiнерлердi айтамыз (Жаяудың кiм екенi атқа бұт артқанда танылады). ...

Отарды, әрине, серке бастайды. Бiрақ, айылдың бостау кезiндегi, бостаңдау замандағы серке басқа да, елi мен жұртын кейде қауiп, кейде қатерлер тосқан замандағы серке басқа. Бұл ретте Н. Ә. Назарбаевтың соңғы екi жылда көрсетiп жүрген қайраты қатты тұшындырады.

– «Жаңғыз шапқан ат жүйрiк...»

– Емес. Керiсiнше, жүйрiктiң жаңғыз шапқаны – жапа шеккенi. Республиканың iшiнде айтып жүргенi бiр төбе. Назарбаев, былтыр мен биылдың бедерiнде, Мәскеудiң деңгейiндегi үш бiрдей съезд, екi бiрдей сессия, үш бiрдей пленумда («Огонек», «Известия», «Советская Россиядағы» басылымдары өз алдына) сөйледi; Қазақстандай қағанатқа бергiсiз өлкенiң бар байлығы мен барлығының қандай таражға түсiп отырғанын таразылады; қаймақ түгiл қаспақтың өзiнiң аз қаларын саралады. Ол сөйлегендегi аудиторияның кескiн-келбетi, рай-реңкi есiмiзде. Құдды қаралы хабар естiген адамның түрi. Құдды қарашаның аспаны. «Алғанбыз, алып жатырмыз, аламыз, ала бермекпiз, қағанат болсаң қайтейiк, қалғаны саған қанағат» дейтiндердiң ұсқыны. Кәмелетке кемiнде мың жыл бұрын жеткен елдiң тiзгiн ұстары шырқырамақ түгiл шыңғырса да, өңiн берер олар жоқ. Бұл, партиялық жүйедегi 87 жасар демократиялық централизмнiң экономикаға, әлдеқашаннан шор боп бiтiп, берiш боп қатқан түрi — кепiлдiк беруден, демократия атаулыдан жұрдай экономикалық централизм. Империялық монополизм десең де түк өзгермейдi. Сұрау туады: депутаттардың корпусы қайда? Обкомның он жетi бiрдей секретары қайда? Экономикалық «интернационализмнен» туындайтын дойыр идеологияға үйездей бермей, экономиканың, «суверендi» республиканың мүддесiнен бел алар прагматикасын жарау аттай жалтылдатып мiнерлер қайда? Жоқ. Қазақстанның депутаттық корпусын бiрi Қиыр Шығыстағы Е. Гаэр, бiрi Қиыр Батыстағы К. Прунскене, бiрi Орта Азиядағы Р. Абдуллаева — үш келiншек-ақ сiлкiп-сiлкiп ала ма деген күдiк шоршиды. Дәлелiн, дерегiн, дәйегiн қосып ап таймай қарап, тiлiп айтарға жұтаңдық, бұл, дефицит қатшылықтың iшiндегi орны толмасы... Жазаңдағы, жанардың жауын алар көрiк — ши. Сынапты басып кетер салмақты пiкiр де сол. Алайда — Жидебайдағы азғананы айтпасаң — Қазақстаннан шидiң қашқанына қанша өттi? «Ақтабан шұбырынды – алқабел сұлама» — 1951ж. Аралығындағы, бейне Американың индеецтерiндей-ақ, өз байлығы өзiне сор боп тиген, өз шәрбәтi өзiне у боп сiңген қайран қазақ боп орылып кеттi; түйе құмырсқаның илеуi боп томпиып орны қалды — өспей қалды. Әулет сияқты, фауна мен флора да қанқазына-генофондын шашып алса, мүшкiл хал кешедi. Ал, сiз кеп, өңде көрген түгiл түске кiрудi қойған еркiндiктi айтасыз...

– Айтатыным... — әлеуметтiк-психологиялық аспектiде кез келген өкiметтiң, демек, үстемдiктiң ұстыны мен «бақ-бақыты» — ең алдымен, адамдардың өздерiнiң-ақ өз билiк-еркiндiгiнен  айырылуға «ынтызар» боп тұруында деп ұғам. Бұл феномен құпиясы, менiңше, қазiргi әдебиетте дана Искандердiң (Фазиль)  «Қояндар   мен  әбжыландар»  атты философиялық ертегiсiнде мейлiнше зерттелгендей. Тәуелдiлiк — түп атасы құдықтың үш түр-қырының (қара күшке тәуелдiлiк, бюрократияға тәуелдiлiк, рухани тәуелдiлiк) ең сорақысы — рухани тәуелдiлiк екенiне сөз жоқ. Ал, еркiндiктiң, ең құрығанда түске кiруi, әсiресе, интеллигенцияның, сiздiң метафораға салса,  елдiң  айтөбелi,  не, айқасқасының — тәуелдiлiкке, рухани құлдыққа, ойсыздыққа оң иығын берiп тұрмауына тiкелей байланысты шығар. Ендiгi сауалдың орайы: қазақ интеллигенциясы туралы не айтуға болар едi?

– Интеллигенцияның атрибуттарын көзiнен тiзiп отыруға уақыт кем; бұл таңды таңға ұрып созылатын абайдиалогтардың еншiсi. Оңайлатып келтесiнен, желкесiнен қайырса, интеллигенция, ол, жiгерге өрiлген этика — ой-сана. (Қарындас болғанмен ой басқа, сана басқа, ал сананың соры, тереңдер бiледi, — жаңғыздық). 30-жылдарға дейiнгi қазақ жұрты бұл үшеуiне асып төгiлмей-ақ қойсын, кенде де болған емес. Ақыны — батыр, батыры – ақын болған халықтар да iлуде бiреу. Қазақ, кейде, екеуiн де тас шеңгелмен қатар-қабат ұстаған (бұл бiрегейлiктiң соңғы — соңғы ма, ақырғы ма? — көрiнiсi Баукең,  Бауыржан Момышұлы). Ал отыздан кейiнгi алпыс жылда осы үш баптың бiрiншiсi —  жiгерi, бар жiгерiн жансауғаға, матблага мен мансапқа жұмсап әбiлет басып қалса қайт дейсiз?; этика —  жағымпаздыққа, ой-тезис жаттауға айналса қай жаратқанға жалбарын дейсiз? (қырғын қызық: Гегельде ғой: тезис — антитезис — синтез; бiзде антитезис атымен жоқ, бiрақ синтез шыға бередi).  Дей тұрғанда, бүгiнгi қазақ интеллигенциясының жасырынғандай боп жүрiп жасағанын-жазғанын, жинағанын-тергенiн, әлеуметтiк жанарындағы шелдiң жұқарып келе жатқанын көрмеу әбестiк болар едi. Соның өзiнде — дүмшелеу болғанмен iшiнде мен де жоқ емес шығармын — оған, интеллигенцияға алдымен нарзалық айтылады; туа бiттi миссиясын ұмытқаны айтылады; системаның әрi серiгi, әрi сестi оппонентi емес қолжаулығы болғаны, болып жүргенi айтылады; балалайқалық наигрышқа әзерден жарарлардың скрипка мен симфониялық оркестрге концерт жазар менмен кердеңдiгi — амбициясы айтылады; Абай контекстiндегi партиягершiлiкке (бүгiнгi аранжировкасы: регион — облыс — жүз — ру — ата — бөле-мөле — жиен-миен — бықи-тықи... болады —  рухани лейкемия) аянбай бой алдырғаны айтылады; керiсiнше, жершiл демесiн деп ойлы жiгiттердiң обалына қаларлар айтылады; ұлттық сананың өзiндiгiн кемерлеуге тiсi батпас болған соң дәдәм Гегельдiң көп диiрменнен өткен концепцияларының қайсыбiрiне кейде комментарий; кейде һәшия жазып  м ә к т ә б  көтермек болған «фәлсәфистер» айтылады. Дәл осыны қадап айтқан жөн, себебi, отаршылдықтың тепкiсiн ғасырлар бойы үзбей көрiп қатты мертiккен ұлттық қазынаны — баба мирас боп қалған Қаратау — Ұлытау, Алатау — Арқа, Атырау — Алтай, Мойынқұм — Қызылқұм боп келетiн, сағат-уақыттың үш бiрдей белдеуiн оранған жерiң мен көгiңдi, суың мен нуыңды (су атаулы әл үстiнде, ал, ну қалды ма?) иелену де, иемдену де мүмкiн емес; бүйтпейiнше, қадап кеткен кетпен  сапты көгертер  Алтайға  жеңсiк асындай қарайтын депутат Васильева бүктелiп берген сәлемiңдi де алмайды.  Ал, Қарағанды–Ақмола –Кереку–Қызылжар–К о к четавтағы Васильевалар ше?

Мұның бәрi...

– ...мұның бәрi  сол — момын елдiң көнбiс интеллигенциясының тамыр мұрат-түп мақсатын ұмытқаны, не, ұмытарман болғаны. Екi ғасырдың жүзi молынан өттi – бiз өзi ұранның, бұйрық боп жеткен ұранның этносы боп алдық; алып келдiң, барып келдiң этносы боп алдық; болыс болған Күлембай сияқты сонымызды және мақтан тұтар боп алдық. Туасы, өзi жұмсап  үйренбеген өзiнiң  жұмсалғанын  өнер деп ұғады; майысқақ Қаратай болса бiр жөн, жорға Жұмабайшылап, тiзгiн тiлеп құлдырағанды бақ деп, бақыт деп ұғады. Интеллигенция халықтың белiнен тамған задасы болса, ол да әрине бел-бесiк, тас-тұғыр, жаялық-жайлауынан әлденебiр болымсыз «нақ-нақ»-тарды алмай тұра алмайды. Алайда, алу бар да, сол шеңбердiң шiдерiнде қалып қою бар. Хас интеллигент — үзедi. Көсеулiгiн тастап көсемдiкке барады. Бұл ретте — қазақтың жаңа тарихынан — ойға кiм, кiмдер оралар едi? Шоқан — Абай,  Ильминскиийлердiң жетегiнде кеткенмен Ыбырай Алтынсарин оралар едi; сонсоң 10—20 жж. бұрқ ете қалған «бiр жеңнен қол, бiр жағадан басты» ұстанған, ана аймақ-мына аймақтың емес бүткiл ұлттың зарымен тыныстаған, әрқайсысы Академияның бiр-бiр институтына тұрарлақ  к ө к с е р е к  топ — Әлихан Бөкейханов, қос Досмұхамедов, М. Тынышбаев, Н. Төреқұлов, Ә. Ермековтер, әредiк-әредiк түсiңе кiрiп аян берiп жүрердей қайран Ақаң, Ахмет Байтұрсыновтың шарасы жоқ, амалы кем азғана айналасы, Мағжан мен Тұрар-аға Рысқұлов оралар едi. Бұл кiсiлер  а т т а н ы п  кеткен соң қазақ қауымы гуманитарияның тақырына отырып қалған жоқ па? Аллаға шүкiршiлiк, оққағалары бар екен, әйтпеген күнде «продразверсткаға» Мұқаң — Әуезов пен Ғабең — Мүсiрепов iлiнiп кеткенде не болмақ едi? Кейiнiрек, идеологияның экзекуциясына әбден түскен соң өзiнiң оң жазғанын өзi  т е р i с көшiрiп Е. Бекмаханов, одан да кейiнiрек С. Зиманов, Н. Галузолар шықты. Iшiнде Қаныш Сәтбаев, Iлекең — Омаров бар қадау-қадау осындай тұлғалар болмаса, қазақтың өзегi қашып, өрiмi тарқатылған қамшысын кiм көтермек едi?; бұғана топшысынан  шорт  сынған  қанат-қаламына  кiм оташылық жасап, қазы сылауға салмақ едi? Партия институтының директоры Төлепбаев, Толыбеков, Кiшiбековтер ме?..

(Фамилия мен цитата көбейгенде көзiңе, қиқым түскендей болады, оған кешiрiм сұрайын, бiрақ – құрдас-құрбылар мен қарындас-iнiлерге өзiмсiнiп ат басын тiремей-ақ қойсақ – Қасым-Тәкен, Мұқағали-Жұмекен-Құлмат, Рабиға апай Сыздықова мен Қайым Мұхаметханов, X. Ерғалиев, Т. Ахтанов («Ант» – классика), Ә. Нұрпейiсов, Қ. Шаңғытбаев, Ш. Мұртазаев, О. Сүлейменов, Ә. Әлiмжанов, З. Қабдолов, С. Балмұханов, М. Мырзахметовтi, олардың буынындағы ой таразысы тазаларды көрмеу «түйенi де көрмеу».

Бетбағы замананың Ертiс сынды мұзқаракөк ағынын Абылай — Әбiлқайыр боп, Рысқұлов — Қонаев боп аңлау басқа да, бетон киген сайменен бұрған жағыңа қарай сымпыңдап сырғи беретiн Медеудiң суындай саяси а ғ ы м м е н құйрық-бауыр жесiсу бiр басқа. Құйрық-бауыр қылғытуға келгенде қазақтың грамоталы Һәм ордендi «зиялысының» денi «қара тақтаға жазылмайық» сықпытты ұрандар дәуiрлегеннен берi алдына жан салған емес, әудебiр кампаниялардан қалып қойса, ыра шауып, сiңiрiмен қамшыланып, өз терiсiнен өзi шығып кетердей ытырынып, қуып жетiп қара үзiп кетiп, ылғиында Голощекин... Исаев... Скворцов... Шаяхметов... Беляев... Юсуповтардың қолтығынан табылып отырған. Соғысқа дейiнгiсi белгiлi боп қалды, ал соғыстан кейiнгiсi? 1946 ж.,—»Звезда», «Ленинград»... 48 — Тито, 49 — космополиттер... 51 — байшыл-феодалшылдар... 56 — Венгрия... 60—70 ж.ж., — Дудинцев, Пастернак, Солженицын... 65 — «Жұлдыз»... 68 — Чехословакия; 80 — Шостакович... 86 — Алматы... Қайсыбiрiн тiзесiз? Көрiнеу қараулықтан бас алған осынау науқандарда қазақ оқығанының оза шаппаған, салым салмаған кезi кем де кем. Бiреудiң ерi, бiреудiң ары, бiреудiң жерi, бiреудiң құлыны мен жұлыны (69-да январьда, Прагада өзiне өрт қойған студент Ян Палахты да, дек. 86 үшiн «еркек тоқты құрбандық боп» қыршынынан қиылған боздақ, тағы да студент Қайрат Рысқұлбековтi де есiмiзден тарс шығардық) нақақтан тапталып жатқанда бiздiң сал-серiлер қалыс қалуды да бiлмедi ғой (Зорлық шабығанда қалыс қалу да күнә). Апыр-ай, дейсiң. Апыр-ай, осындай тiзесiн кемiрiп бүктелгендi, бұлшығы бiлеуленiп белсенгендi, белдiлiктi, жең сыбанғанды өз жұртының қамына неғып арнамаған? Әсiресе тыңның тұсында — миграция м ы ң ғ ы р ғ а н д а, Бостандық-Мырзашөл «интернационалдық» құдалықпен малға маталған қыз боп сырнайлатып-кернейлетiп «ұзатылып» бара жатқанда қайда қалған? Қайда қалған деймiн, өз қызымыздың беташарын өзiмiз айтып келмедiк пе? Тың көтеру, бұл, ұзақ, ұзағынан ойластырылған шара (Столыпин. 1910 ...Хрущев). Ол тек астық үшiн болды дегенге менiң әлi көзiм жетпейдi. Сонсоң: мың жасамаған ел жоқ. Сонсоң: қазақты дихан емес кiм айтыпты? Сондай ел өз жерiнiң жайы мен бабын бiлмейтiн көрсоқыр ма? Егер жерiне еккен, жаяр жерiне жайған. Ендi кеп Аргентина мен Австралияның жайылымдарымен таласатын 30 миллион гектардың құмы шықты. Қолы кесiк мерген, тiлi кесiк шешен боп қалды. Тыңның қазiргi аты — дотация. Тағы бiр аты — масыл. «Жығылған үстiне жұдырық» — Арал аз болса, ендi Арқаның опат болғанына дауыс саламыз. Аралға орай бiрақ орам. Бәрi дұрыс. Фонд ашылғаны да, шырқырап сөйлеу де. Бiрақ қатты қансырап әл үстiнде жатқан адамға валюта болса да ақша емес, алдымен донор керек. Қан керек, Аралға да — сол, тек қан орнына су. Донор бар — ол РСФСР. Суын бiрақ — бермейдi. Бұның аты — не? Экологиялық геноцид пе, бойкот па, жоқ әлде интернационализмнiң жаңа түрi ме? Жоқ әлде қапысыз жымдасқан үш өрiм бе?

...Мұндайда бiрдi айтып бiрге кетесiң. Интеллигенция дегенде, сөз бар ма, көптi күстәналауға болмайды. Мен тек интеллигенцияның басым тобының психикасымен де, физикасымен де а ғ ы м д а ғ ы а ғ ы н ғ а аңсары ауып тұрарын айтам. Зады, ағымшыл азаймай ой ағыны тазармайды.

– «Алдыңғы толқын ағалар, кейiнгi толқын iнiлер...» Аға мен iнi жалғасқанда қандай да болсын дәстүр — «дәстүр» бой көрсетсе керек...

– Бiзде көрсете алмай келедi. Алмай келедi дегенде көрсеткiсi келмедi деген ұғым тумасын. К ө р с е т к i з б е й  келедi. Үш ұрпақты қосар болсақ, атасына да, баласына да, немересiне де, көсiлер көрпенi  б е р м е й келедi. Соның өзiнде Махамбет пен Абайдай тұлғаларды тудырып алған, тағы да солардың құрыштың өзiнiң көзiне жас алдырар кернеу-көрiгiнен өтiп-өтiп-өтiп алған әр буын, әр ұрпақтың ұран салар алғадайлары талпынбай, қайсыбiр тұстарда тарпынбай тұра алмайды. Қазақтың зерделiсi мойнына  тас байлаған басын көтеруге қанша рет әрекет қылмады? Ал, талпыныс атаулы империя-қағанат атаулыға ұнай алмайды. Ол оны — талпынысты, талапқа барғанды кекiредей көредi, желiндегi сүттi iрiтедi дейдi. Сондықтан да оны, жабағы жалдана бергенде — күзесе де бiр сәрi — айнамұз ғып қырып тастап отырады; шүпiлдеп тұрған тайқазан сүттiң бетiне, шым-шым жыбырмен, жұқана қаймақ табын жайды ма? — қалқып алады: сәт-сәт қалқиды; қойдың сүтi молкомбинаттың сепараторынан өткен көксуына айналғанша қалқиды. Екi стихия болғанмен көксу да — бiр, көкми да — бiр. Парадокс: Ұлыбритания өз отарларын, әсiресе Үндiстанды, өйтпеген. Бiрақ, парадокс та логикасыз емес (Парадокс дегеннен шығады, өзiн қоғамдық ұйым санайтын партиядан Жоғарғы Советке әдебиет пен өнерден ешкiмнiң өтпеуiн қалай түсiнуге болады).

Интеллигенция  болмысындағы нендей ерекшелiктi атар едiңiз?

– Бiр ерекшелiк бар — қасиет, бiр ерекшелiк бар — мiн.  Плюс  пен  минус.  Алдыңғысы  қашпас,  мен соңғысын атайын. Ол — үрейшiлдiгi. Әрiден, сон-о-оу жанын қан жеңген  Кенесары—Махамбеттiң  асу кезеңiнен берi келе жатқан, еттен өткен, сүйекке жеткен, сүйектен өтiп жiлiк май мен жұлынды мұздатқан үрей. Көз жұмған күндерi де беймағлұм Ахаң Байтұрсынов пен Тұрар Рысқұловтардың қарақұсынан ба, шекесiнен бе, жүрегiнен бе ұясын тапқан т о ғ ы з грамм қорғасынның үрейi. Мұның соңғы бiр дәлелi — декабрь 86, сондағы интеллигенция қауымының көрсеткен «ерлiгi» (Контрпараллель — Тбилиси, апрель, 89 ж.). Бұл шаруаны, әрине, бiзден гөрi Жоғарғы Советтiң комиссиясына егелiк етiп жүрген депутат Қадыр Мырзалиев бiлiңкiрейдi... Үрейдiң әуелi iстейтiнi не? Күлдi-көмеш ойды аямай бұқтырып алады, жүйесiздiктiң жүйесiне салады, летаргиялық ұйқыға апарады. Қазақтың «ойы» ояна қалғанда, дағдыда қайтедi? Тасыған болады. Қарғын судың шолағы боп тасиды. Шолақ судың тасығаны өзiнiң соры: сай-сайды, сайшық-сайшықтарды қуады, жылға-жыраны, шұқыр-шұқанақты iздейдi. Басылады сосын. Биiгiңде дертiп тұрған тоған жоқ, үзiледi сосын. Қақ-қақ, көлшiк-көлшiк, шалшық-шалшық боп қалады. Сонда не жетпейдi? Ойдың тереңi жетпейдi: ой бояуының қанықтығы — колерi жетпейдi; ойлана бiлу, ойлану мәдениетi жетпейдi. Менiмше, цивилизация сияқты мың сан үйiрден тұратын ұлы ұғымның iшiндегi алмауыты осы — ойлана бiлу, оның мәдениетi. Бұл болмайынша ұлттық сананың iлгерiлеуi қиын: бұл болмайынша манағы айтқан еркiндiгiңiз саяси-философиялық түсiндiрме сөздiктердiң iшiндегi жетi жол ергежейлi петит боп қала бередi. Мәдениетiн былай қойғанда, бiз ойланудың өзiнен қорқамыз. Күркiреген қырықыншының сарыны санада оймен б е т п е - б е т қалудан қорқамыз. Қушық шеке болса амал нешiк, ал айтары бардың ойдан, ойланудың толғағынан қорқуының өзi мәдениетсiздiк. Iште, қараңғыда жатып ұлығанмен ойдан батыл, ойдан жылдам не бар? Оның жылдамдығымен шендестiргенде дыбыстың, сәуленiң жылдамдығы деген — не? Тек ол — қордаланған ой — мәдениетке ғана тән абай-сабырдың безбенiне түсiп, тезiнен өтпесе, әрине, болмайды; өйтпеген күнде жалаңбұт патриотизмнiң пайдасынан зияны, түзiгiнен қисығы басым боп отырады. Әсiлi, қым-қуыт өмiрдiң көп саласында, әсiресе өнерде, оның iшiнде сөзiнен ойы, баяндауынан баяны озып тұрмаққа керек өнерде кемталант болғаннан бейталант болған артық. Бейталант — бейтарап, ал, кемталанттың — тiлден бастап дiлге дейiн сұғынбайтын жерi жоқ. Өзiнен өрелiге көзi түссе, пәлсапа айтқан боп қатын байбаламға салады; кухнядағы капуста қыршылдатар қор пышақ екенiн мүлдем ұмытып, жезмойын кездiксiнiп телше тiлеп, телше тiлгiсi кеп тұрады. Түйiн? Түйiн сол — өлердей «патриот» боп келетiн шала интеллигент болғаннан болмаған да дауа. Көп кикiлжiң бәленiң көбi — арыз, күстәналау, айтпағаныңды айтқан қылу т.т. — осы кемталанттан, шалабек пен алабектен қоздайды. Әзiл деп ұғыңыз: ду қол шапалақтау мен овацияның некесiнен  керең  туады;  ал,  шала  менен  аланың некесiнен өзiн қоғамның  қорғаны санайтын опасыз пысықай туады; тексiздiгiн тектiлiкке теңгерер «сегiз қырлы серiлер» туады; туады да, онсыз да миы ашыған халықтан ми-палау жасайды.

Телевизиондағы уақыт — газеттегi көлем. Көлем желiнiп барады... Халықтың өткен-кеткенге, бүгiн-ертеңге байланысты түсiнiк-түйсiгiн, ұғым-танымын қарауылдап-қорып, қорытып, зерделеп отыратын басқа басқалар емес, дәл осы интеллигенция. Соңғы сауалдың құрылымы: интеллигенция мен тарих...

– Бiлесiз: соңғы жиырма жылда, әсiресе жазушы жұртшылығы тарихи тақырыпқа бiраз шүйлiктi. Шүйлiге берсе екен дейсiң: Чаадаев пен Мишленiң өзiн («Халық», «Террор») шала сiңiрген тарихшыларға өшiкпесiн, оларды өкiндiрсе екен дейсiң. Тек тарих — тақырып емес. Ол өткен-кеткен бола алмайды. Ол — сен, сенi шошытып оятқан ой, сенiң алпыс екi тамырдағы қаның. Одан, қаннан, қашып құтылуға болған ба? Ол қашар сенен, сен одан қаша алмайсың. Тарих—ой—қан тәннiң он екi мүшесi емес. Олардың қасыбiрiн алып тастауға, қайсыбiрiн пластикалық жөндеу-жөндемге салуға мүмкiндiк бар. Тек қайғыны емес. Қайғыны емес дейтiнiм: тарихтың төл ныспысы — қайғы, жоқтау, зар. Әсiресе  қазақ тарихының.  Бiз мұны  жадымызға жолатқымыз келмейдi. Туасы, ел мен жер тарихындағы қаралы кезеңдердi, қилы замандарды — саясаттың сайрауығы боп — ойынан  да,  сезiгiнен  де  сылып тастаймын деген азамат, не оның ұрпағы дәл сол кезеңдер мен замандардың зобалаңын  ө з  б а с ы н а н  өткеруге мәжбүр ғана емес мiндеткер болады. Тарихта көз жоқ, көкiрек жоқ деген бекершiлiк. Тарих —  қарғыс, Тарих — кек, Тарих — Рысқұл. Рысқұл Саймасай тақiлеттестердiң тәттi жанынан ұлтарақ қимай қоймайды...

Шындық — көп, ақиқат — жалқы. Ақиқат, бiрiншi кезекте, иемденгенiң емес — айрылғаның; қапысыз басқаның емес — жiберген қатең. Кiмнен айрылмадық? Қанша қате жiбермедiк? Зайыр танып, дөп баспаған соң аржағына бармайын, мен бiлетiн бес кезең бар: 1. «Ақтабан...»–Сырым–Кенесары-Махамбет. Тарихты және сонаталық  құрылым  деп қарауға болса, бұл кезеңнiң сарыны: «Елiм-ай». 2. Кенесары-Махамбет — Есет — 1916 ж. Сарыны «Елiм-ай» — «Кiсен ашқан» 3. 1916 ж. — 1934 ж. Сарыны: «Елiм-ай» — «Кiсен ашқан» — «Атыңнан айналайын, Қарқаралы». 4. 1934 ж. — Тың. Сарыны: жоқ. 5. Тың—дек. 86 ж. Сарыны: екi бiрдей  Г И М Н.

Уақыт пен кеңiстiк деген философиялық категория бар деп естiгенбiз. Қазақ, этнос ретiнде (физика мен геометриядан кетiп айтсақ) осынау егiз ұғымның соңғысымен көбiрек тiлдескен. Қазақ интеллигенциясы — тарихшы, философ кескiнiнде — жаңағы кезеңдердiң құрығанда бiреуiн ұлы  у а қ ы т т ы ң  қарашығымен, тарихтың философиясының жанарымен қарап бере алмады ғой. Қарады, бiрақ, б ү г i н г i уақыттың талабынан, тәртiбiнен, режимiнен, надзорынан, окуляры ақи биноклiнен, т. т. Онысы балаң жұртты алдау боп шықты. Аянбай, аямай алдады.

Алайда,

«Барша халықты бiраз уақыт алдауға болады. Бiраз халықты барша уақытта алдауға болады. Бiрақ, барша халықты барлық уақытта алдау мүмкiн емес» (Авраам Линкольн,1861ж.).

Остап Бендер айтпай ма: «Кажется наступил психологический момент для ужина».

– Амал кем. Әңгiмелескенiңiзге рахмет.




Әңгiмелескен

Әлия БӨПЕЖАНОВА

«Қазақ әдебиеті», 20.06.1990.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар