Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Шоқан Уәлихановтың ақындық туралы айтқандары...

27.02.2017 17491

Шоқан Уәлихановтың ақындық туралы айтқандары

Шоқан Уәлихановтың ақындық туралы айтқандары - adebiportal.kz

Шексіз әлемде шарықтаған жыр


Бірде, қоналқаға Сыр өзенінің арғы жағындағы қарақалпақтар қонысына келіп қонады. Бұрынды-соңды естіп-көрмеген құтты қонақтың хабары атқан оқтың жылдамдығындай шартарапқа тарайды. Сансыз көп қарақалпақтар жыр қонған ауылға жиналып, ғажап қонақты ақшамнан таң сәрісіне дейін құмарта тыңдасады. Жыр қонақтың бұлбұлша сайраған мыңдаған өлеңдері мен әндерін, аңыздары мен жыр-дастандарын сансыз көп қарақалпақтар естерінде сақтап қалады. Ол кездерде туыстас тайпалар бірге көшіп-қонып жүреді екен. Сыр өзенінің жоғарғы жағында тұратын қазақтар мен түркімендер Жыр қонақтың ғажап даусын естуге, алыстан түн ортасында жетеді, тамашаның соңына ғана ілігеді.

fb5d6e31920e40b27338ca3ae0040c2d.jpg


Жыр дегеніміз — рапсодия. Ал жырламақ деген етістік тақпақтап айту дегенді білдіреді. Барлық далалық жырлар қобыздың сүйемелдеуінде тақпақтап айтылады. Негізінен, жырлардың мазмұны бұрында өткен белгілі халық батырларының өмірі мен қаһармандық іс-әрекеттері болып келеді. Бұл тұста бір назар аудара кететін жәй, шығармадағы батырдың өмірі мен ерліктеріне байланысты оқиға қара сөзбен әңгімеленіп келеді де, ал өлең-жыр жолдары шығарма кейіпкерлері немесе негізгі қаһарман сөйлегенде ғана басталады.

Қазақтар арасында  маған белгілі тағы екі жыр бар, оның бірі – «Еркөкше батыр мен Ерқосай». Бұл жырда  уақ руынан шыққан Еркөкше батыр мен оның баласы Ерқосай  батырдың қуатты қыпшақ тайпасымен күресіндегі ерліктері суреттеледі. Осы дастанда қызығарлық нақтылы деректілік жоқ, оқиғаға қатысты батырлардың аттары да бізге белгісіз, солай бола тұрғанымен, өлең құрылысы мен жағымды дыбыс ұйқастылығымен адамды баурап әкетеді. Жыр-дастан оқиғасының қызықты іс-әрекеттерімен алмасуы тыңдаушысын үнемі ширықтырып ынтықтырады да отырады, бір қызығы, шығарманың алғашқы бөліміндегі негізгі  қаһарман ұрыста денесінде сау-тамтығы қалмай жараланып, қаза табады, демек жеңіледі. Оның баласы Ерқосай әкесінің өлімі үшін қыпшақтардан кек алады. Жыр-дастанның бұл бөлімі, ертедегі көшпелі ел жауынгерлерінің ұрыс жүргізудегі әдіс-айлаларын рет-ретімен ұғымды суреттеуімен қызғылықты.

Менің кезімде осы жыр-дастанды есінде толық сақтаған бір-ақ адам бар еді. Ол Көкшетау округіндегі Қойлы Атығай болысының тұрғыны Арыстанбай болатын. Өкінішке орай, осы қызғылықты жыр-дастанды одан жазып ала алмадым.

Ендігі бір жырдың аты «Орақ батыр». Бұл жырда Орақ батырдың бастан кешкен тағдыры әңгімеленеді. Орақ батыр қарауыл руынан, Россияға жорыққа аттанады, орыстардың қолына түседі, тұтқында абақтыда 10 жыл отырады, содан соң үйленіп, бала-шағалы болады, бірақ туған жерге, елге деген сағыныш маза бермейді, ақыры еліне оралады.

Біздің елде Орақ әулетіндегілер бар тәрізді. «Орақ батыр» жырын көптеген қазақтар білгенімен, жыр толық емес, үзік-үзік қана… Осы жыр-дастанның толық нұсқасын мен Кіші жүздік жырау Нұрымбайдан естідім. Нұрымбай алшын руынан, бірақ қыпшақтар ішіндегі Ахмет Жантөрин сұлтанның қонысында тұрады.

Жыр-дастандарда кездесетін өлең машықтарынан түсінік беру үшін, мысалдар келтірмекпін. Тоқтамыстың тоғыз батыры Едігені қуып жетіп, сонда Кенжанбайдың Едігеге айтқаны:

Ай Едіге, сен енді қайт сана.[1]

Қайтып Еділ өт сана.

Еңсесі биік боз орда,

Еңкейіп сәлем бер сана.

Еріні жұқа сары аяқ,

Ер сарқытын іш сана.

Жауырындары жақталы,

Түйме бауы тартпалы,

Ал қара кіс үстіңе

Тон береді ки сана.

Көк ала жорға ат мініп,

Көк дабылпаз байланып,

Тұтам бауы сом алтын,

Ақ сұңқар құс береді,

Көл айнала чүй сана! –

деп ары қарай жалғаса береді.

«Едіге» жыры ХІҮ ғасыр соңындағы оқиғаларға қатысты, бірақ ХҮ ғасыр басында құрастырылған. Бұл жыр-дастандағы ескі сөздер мен сөз тіркестері құбылысынан байқалады. Ондай сөздер мен сөз тіркестері қазіргі тілде жоқ. Ең бір таңқаларлық жай, бүкіл жырда бірде-бір парсы, араб сөзі кездеспейді. Мұсылман дінінің қанат жаюы салдарынан, қазіргі, күнделікті сөйлеу тіліміздің өзінде парсы, араб сөздері қаптап кетті.

Соңғы кезде, менің дала кезген кезімде жыр поэзиясының қалыс қалып бара жатқанын байқауға болады. Жырдың бар болмысы, қобыздың өзі сияқты, тек бақсылар иелігіне айналды. Солар ғана жыр болмысының өлеңдк сипатын сақтап, жындарын шақырғанда айтады. Жыр болмысының негізі мен қобыз тарту, өнердегі сәндік үлгіден, атақты Жанақ жырау өлгелі, шеттей бастағанын ашып айту қажет. Жанақ қаракесек ішіндегі қамбардан, олар қазір Қарқаралы округіне қарайды.

Қазіргі кезде бар, суырып салма ақындар ескі жырлардың әуенін де, сөзін де айтқанымен, екі шекті домбырамен сүйемелдейді.

Қобыз екі шекті альт іспеттес, шегін аттың қылынан жасап, ысқымен тартады. Қобыздың біздегі басқа шекті аспаптардан өзгешелігі, оның бетінде қақпағы болмайды, негізі дөңгелек, мойны созылыңқы, оған шегін тартып жеткізу мүмкін емес, қобызда флажолетпен[2] әр түрлі екі үн алады. Дыбысы кереметтей болмаса да, бұл өзі күрделі де, өте жақсы аспап.

Домбыра мен жаңаша өлеңдер, ескі жырлар мен қобызды ығыстырып тастады. Қырда қазір мынадай поэзияның түрлері бар:

Жыр, мен осыған дейін сөз еткен.

Жылау – жоқтау өлеңі. Әйелдер жанынан суырып салып айтады. Шумақ, тармақ көлемі жырлардікіндей болып келеді. Барлық жылаулардың, адам жанын тебірентерлік ең жақсысы, ең әйгілісі Орта жүзде, ол: Айғаным Уәлиеваның 1833 жылы шешектен өлген үлкен ұлы Мамекені жоқтап жылауы, және кейіннен суырып салма деген атағы шыққан әнші әйел 14 жасында, өлген күйеуін жоқтап айтқан жылауы.

Қайым өлең, сұрақ пен жауаптан құралатын, тойларда жас қыз бен жігіттің бір-бірімен айтысатын төрт шумақты өлеңі, алдыңғы екі тармағы төртінші тармақпен ұйқасады. Кейде бұл – қайым өлеңдер жұмбақ, эпиграммалар, әзіл-қақтығыс, тіпті ұятсыз сөздерге дейін кетіп қалатын кездері болады.

Қара өлең — әдеттегі, үйреншікті өлең, бұл өлең төрт шумақты, әр шумақта жеке-жеке ой жатады. Сондай-ақ, бұл өлең дауысқа негізделеді. Көбінесе, төрт шумақты өлеңдер мағынасыз болып келеді.

Өлең. Бұл форма, қазіргі кезде барлық жаңашыл ақындар тарапынан суырып салма өлеңдерге де, поэмаларға да, әсіресе Орынбай өлеңдеріне қатысты көбірек айтылады. Өлеңнің жаңа түрін: Орынбай қарауыл ішіндегі атеке — …тармағынан, атығайдың жаңа қырғыз тармағынан шыққан Шөже ақындар насихаттап, салт-санаға дарытушылар болды. Шөже ақын үнемі Әбілқайыр Ғаббасов сұлтанның жанында болатын-ды. Осы өлеңдердің тақырыптарының көбісі діни сарында айтылады. Қазір олар Сейіт Баттал қожа[3]  ерлігін, Зылиха мен Жүсіп махаббатын, Ибраһим өмірін, т.б. жырлап жүр. Осы жырлар идеясының  көрсоқырлығымен және адам нанғысыз қарадүрсін мазмұнымен ішті пыстырады.

Бұл өлеңнің кәлпін өздері үйреніп қалған суырып салма өлеңге де сәйкестеп,  қолайы келгенде айта береді. Әйгілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын, өлең формасында, маған Жанақ ақын айтып беріп еді.

Өлең деген, бұған дейін жоқ поэзияның ерекше формасының және атаудың қазақ даласына тарай бастағанына 50 жылдан асқан жоқ, бұл Қазан мен Тобыл татарларына қырға жол ашылғаннан кейін келген жаңалық. Ертеректе, татар қашқындарын қазақтар қойша матап, Қытайға, Бұхараға, Ташкентке апарып сатып жіберуші еді. Ал енді мұсылман дінінің арқасында татардан шыққанда қырда, дін үшін қасірет шеккен исламның мызғымас сақшысына айналды. Татар поэзиясының формалары қазақтардың гармониялық дыбыспен ойға тұнып тұрған дәстүрлі батырлық жыр поэзиясының формаларын ығыстыра бастады.

Өлең төрт шумақтан тұрады, алғашқы екі шумақ және төртінші шумақ силлабикалық жүйеде бір ұйқасқа бітеді, үшінші шумақ ұйқаспайды. Мысал үшін, біздің ориенталистерге бүкіл шығыс поэзиясындағы көлем мен өлшем тұрғысынан тек араб өлшемі ғана ыңғайлы деген пікірге дәлел ретінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының төрт  шумақты жырының біріншісін ұсынамын.

Мекен іздеп жігіттер кел кетелі

Арасында Көктөбе белгі етелі.

Азаматтар, ерінбей тыңдасаңыз,

Қозы Көрпеш – Баянды тербетелі…

Татардан тарайтын барлық жергілікті сөйлеу тілінде де, немесе оқымыстылардың түркі тілі түбірінен деп жүрген «игит» – жігіт сөзі әр түрлі елдерде, әр түрлі  айтылуымен қоса, әр түрлі мағынасы бар. Кавказда, Анатолидағы күрттерде бұл сөз: желікпе, азамат (жігіттің жігіті), шабандоз; Константинопольде де — әскери ақыл-айла, атты әскердегі тапқырлыққа байланысты да, сондай мағына береді. Орта Азиядағы көшпелі татар тайпаларында «жігіт» сөзі – бозбала, азамат (жігіттің жігіті). Жігіт атауына байланысты жас мөлшері нақтыланбайды. Себебі, қырда 80 жасқа дейін бала. Жігіт атауы тұрғылықты қазан және тобыл татарлары арасында айтылмайды. Олар жігіт атауының орнына малай (малой) – бұл сөздің мағынасы жарым-пірказшік, жартылай құл.

Азаматтар мен шоралар атаулары қазақтың ескі жыр-дастандарында жиі ұшырасады. Азамат атауы ерікті, өз билігі өзінде; басында үйі, қасында әйелі, алдында малы бар, әкесінен еншісін алып, бөлек шыққан адам. Шора – азамат сөзінің баламасы, бұл сөз жеке дара мағынасымен ерекшеленеді, демек, азамат сөзінсіз-ақ қолданыла береді. Ал енді шора азамат – таза әскери мағынадағы сөз, бұл екі сөз қосылып орыстың товарищ[4], дружина – жасақ, сарбаз сөздерінің мағынасын береді.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты тамаша жыр Орта Азиядағы татар, монғол тектес барлық тайпаларда бар. Бірақ жырдағы оқиғаның болған жері мен уақыты барлық жерде бірдей емес, өзгертіліп айтылады. Профессор Эрдманн «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырына түсініктеме жазып, парсы тілінде басып шығарды, парсы тілін білмегендіктен, ол нұсқаны мен оқи алмадым. Сонан соң «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын белгісіз біреу башқұрт тілінен аударып, аз данамен Орынборда бастырыпты.

Қазақ даласында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры, өлеңдер арасында, ауызша айтылатын аңыз-дастан ретінде кездеседі.

Қазақ поэзиясындағы жаңа қондырғы-форманың мәні мынада: өлең-ән, жаңадан жаннан шығарылған немесе атақты бір әнші-ақынның бұрында шығарған өлеңдері домбыраның, қобыздың, ым мен дене қимылдарының сүйемелдеуімен айтылып, ел арасына тарайды, кейбір өлеңші-ақын өз тарапынан сол өлеңге кіріспе және қорытынды сөз қосып отырады. Жоғарыда біз мысалға келтірген аудармадағы алғашқы төрт шумақ Жанақ өлеңдеріне жатады. Ол жыр-өлеңдегі Жанақтың шыққан тегі қаракесек ішіндегі қамбар екендігі нақтылы болып келеді де, жыр-өлеңнің әрі қарай таза аңыз күйінде, ескі замандарда айтып кеткен белгілі жыраулардың  жырына ұласады.

Қазақтардың ең тамаша жыр-дастаны – «Едіге», бұл – сол Идиге, Эдеку және Идигей, Тоқтамыстың жорығындағы Бек – mаnаb[5], түменбасы, Ворскледе Витовты тасталқан еткен, төрт ханның тұсында Орданы еркінше билеген құдіретті адам. Орақ, Ер Көкше[6] Ер Қосай[7]басқа батырлық жырлардың кейіпкерлері – бұлар ноғай дәуіріне жатады. Бірақ ноғай дәуіріндегі жырлар батырлық жырлардай емес, ру-тайпа тартыстары мен хандар айқасы. Тоқтамыс билігінен кейінгі – аласапырандағы батырлар барымтасымен ғана қызғылықты. Қазақ поэзиясындағы мадақ, жаттау[8], жылау: — ерін жоқтаған әйел немесе баласын жоқтаған ана өлеңі, осы суырып салып айтатын өлеңдердің белгілі бір ұйқасы, қалыпы болады. Бұл өлеңдер көне Грециядағы Гомердің рапсодиялары тәрізді, жыраулық кәдеге берік ақындар арқылы ұрпақтан – ұрпаққа, рудан-руға жалғасып, халық арасында кеңінен тарайды. Осы өлеңдерді халық өте жоғары бағалайды. Бұл өлеңдерді айтушы ақындар елдің сүйіктісі, сұлтандар мен билер арасында беделді, сондықтан да олар өздерінің атақ-даңқымен-ақ ауқатты тұрмысқа қолдары жетіп жүр. Қазіргі кезде осы ақындар  немесе қырда көбейіп кеткенімен, олардың көбісі суырып салма, ал дәстүрлі ескі жыр-дастандар жаңа ұрпақтарға небір белгісіз себептермен жылдан-жылға айтылмай қалып бара жатыр. Ескі жыр-дастандарды білетіндердің өзі де аз қалды. Ескі жырларды жинау да қиын, қанша тырысқаныммен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын толық жинай алмай-ақ қойдым. «Едіге», «Орақ» жырларының аздаған үзінділерін ғана таптым, келешекте барлық ескі жыр-дастандарды табуға үміттенем, жақында ескі жыр-дастандарды білетін бір жыраумен таныстым.

Ескіден келе жатқан түркі аңыздары мен жыр-дастандары, әсіресе қазақтардың үш жүзін құрайтын ру аттары, мынандай ойға қалдырады: қазақтар[9] ертеден келе жатқан қазақ сөзі және қазақтық қауым дегенді негізге алып сендіргенімен, түркі халқы санатында көне халық емес[10]


(«Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» жазбасынан)



[1]Бұл үзінді қазіргі қазақ тілі жазылу ережелері негізінде беріліп отыр.

[2] Флажолет – ұшы бар ағаш флейта (сыбызғы), қазіргі кезде қолданудан шығып қалған.

[3] Қате кеткен, қожа емес – ғази – жеңімпаз болса керек.

[4] Орысша “товарищ” сөзінің Ш.Уәлиханов заманында дәл қазіргі “жолдас” мағынасында  болмағанына назар аудара кетіңіз.

[5] mаnаb – манап (қыр.) – феодал, ақсүйек.

[6] 1423 ж. Никонов жылнамаларында адайларға Құдайдат ханның шабуыл жасағаны, тағы да: «Алып денелі, ерен мықты татар батыры Көкшені өлтіргенде…» (Уәлиханов ескертпесі).

[7] «Жылнамалар жинағының» 156-бетінде, Қадырберді хан мен Едігенің Електегі шайқасында Ер Көкше қаза тапты.

[8] Бұл өлеңдердің тура жазылуын, қазір қазақтар қалай сөйлейді, дәл солай беруге тырыстым. (Ш.Уәлиханов ескертпесі).

[9] Орыстар қазақтарды қырғыз деп атағанымен, олар өздерін қазақ деп атайды. Ескі замандарда қазақ сөзі – еркін, еркінше деген ұғымды білдірген, мен оған күмән келтірмеймін, ал қазақлық құру деген етістік Бабұрдың Шайбани әулеті туралы жазбаларында – «Бабұрнамада» жиі ұшырасады. Ондағы қазақ сөзінің мәні – кезбе, қаңғыбас, осы атаудың ертедегі орыс елінде ежелден белгілі және жиі қолданылғаны: «А… кове мере казаком кочует на поле, со множими людьми – то вашему царскому величеству ведомо…» Басқа бір жерінде: «А тебе (Когулу) – будучи на поле и живучи казаком от нашие  царские рати и от  вогнанного боко» т.с. (Собрание Государ. Грамот и договоров, т. ІІ, № 68) (Ш.Уәлиханов ескертпесі).

[10] Осы жерде текст үзіледі.


Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар