Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Димаш орындаған «Адажио» әні ақындар шығармасында (видео)

28.02.2017 2779

Димаш орындаған «Адажио» әні ақындар шығармасында (видео)


Гүлнар Салықбай: АДАЖИО (Өлең)


7e9cd9d47078af2e8756057eb295b6f5.jpg


Күндер өледі,
Түн тербеледі –
Сен қараңдайсың,
Жол таба алмайсың.
Арнасы жоқ өзендей аға алмайсың...


Күндер өледі,
Түндер келеді.
Сен қиялдайсың,
Қия алмайсың –
Ұмыта салуға да ұялмайсың...


Ештеңені көрмейсің.
Есігі жабық елдейсің...
Езілесің,
Безінесің –
Өртенгенмен, өлмейсің.


Айлар зырлайды,
Арманды ұрлайды –
Сен жарыспайсың,
Қалыспайсың
Алқынып, жеткен сайын алыстайсың...


Алыс айналып,
Айға байланып,
Сен мұңданасың,
Жынданасың –
Иесі тастап кеткен үн ғанасың.


Жауа алмай қалған селдейсің,
Соға алмай қалған желдейсің.
Құбыласың,
Тығыласың –
Ештеңеге көнбейсің...


Той қамалайды,
Ой сабалайды –
Сен құламайсың,
Жыламайсың –
Тым құрыса, бір көмек сұрамайсың.


Үміт қашады,
Күдік басады...
Сен таба алмайсың,
Жаға алмайсың –
Қайтадан қанатыңды таға алмайсың.


Өзіңе-өзің сенбейсің,
Аспаннан безген жердейсің.
Қаралайсың,
Жаралайсың –
Өзіңді-өзің жерлейсің.


Аспан жылайды,
Саған құлайды.
Сен
су аласың,
Уанасың –
Өзіңменен достасып, қуанасың.


Күн шашылады,
Мұң басылады.
Сен емделесің,
Жемделесің.
Дүние дегеніңе көнбегесін...


Өзіңді-өзің тергейсің,
Қолыңды бекер сермейсің.
Уақыт бетсіз,
Бақыт шексіз –
Бірақ оны көрмейсің..."


Ерлан Жүніс: Адажио (еркін аударма)


ee5ee310b7d30eaece2e542d10827bdd.jpg


Қайдасың, қайдан іздеп, қалай табам?
Секілді шексіздікте ән ойнаған,
Сол бір ән әлсін-әлсін жеткен кезде,
Жаңғырып жеті түнде жел айдаған,
Елестей жүрегі жоқ, жерді кезер,
Бір адам сені ойлаған, сені ойлаған,
Адажио!


Кермек шақ, кейіпсіз түн, естанды әлем,
Түсімде жұлдызы жоқ аспан көрем…
Бір сәуле, аппақ сәуле айдан түскен,
Бір бейне секілденіп қастерлеген,
Жанымды күйдіреді оттай қарып,
Тағдырға, адамға да бас бермеген,
Адажио!


Кісідей ғұмыр бойы көз ілмеген,
Күтумен әлдекімді,
Сезінбеген – дертім жоқ,
Аспан жаққа аңсар ауып,
Келемін кең дүниені кезуменен,
Шарқ ұрып, байыз таппай, бас қаңғыртар,
Бір әуен – өзің деген, өзің деген,
Адажио!


Тосыннан, тұтқиылдан тағы жетіп,
Кел, маған, кеңістікті жарып өтіп,
Күн көрмей, көңіл нанбай күйзелгенде,
Атыңды аспанға жаз жарық етіп!
Аты жоқ, дидары жоқ, ғайып дүние,
Есті алмай, елегзітіп, еңіретіп!..


Өзіңді ойда құшып, қиялда өбіп,
Шуағын шықпас күннің жиям келіп,
Аясаң, атыңды айтшы адасқанға,
Зарланған, ғашықтықтан зиян көріп,
Дидарын сүйген дүние бір көрсетсе,
Маңдайына сыймас па ек, сыяр ма едік,
Адажио!?.




adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар