Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сары қымыздың сарқыты......

03.03.2017 4087

Сары қымыздың сарқыты...

Сары қымыздың сарқыты... - adebiportal.kz

Қазіргі таңда қазақ поэзиясына жастар легімен келуде. Бұл жастардың сөз өнерін түйсініп, уақытын қайырлы дүниеге арнап жатқандығы екенін білдіреді, қуантады. Жалпы, «Болайын деген баланың бетін қақпай, белін буу» ата салтымызда бар. Сондықтан да, әр талант өз уақытында айтылып, өз уақытында бағасын алғанға да не жетсін. Ал ақындардың поэзияда қалуына уақыт төреші. 


   Сары қымыздың сарқыты...

   ( жас ақын Серік Тілекұлының өлеңдері туралы)

Поэзия – киелі ұғым.  Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский поэзияға мынадай анықтама береді: «Поэзия – сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы. Поэзия – көрікті қыздың жүзіндей ұялшақ, албырт қызғылт, теңіздей, көгілдір аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі. Әйтпесе оның қара көзіндегі өткір от, мәрмәр иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын кеудесінің демігіп тыныстауы, күміс үнінің гармониясы, сиқырлы сөзінің музыкасы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры… Поэзия – қайраты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, өрен ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған тойымсыз талабы… Поэзия – ұйығандай, құйылғандай орныққан, өз еркін әбден билеген, өмір үшін жетіккен, тәжірибемен шыныққан, рухани күші теңескен көңіл көзі көреген, ойға батыл, майданға батыр ер қуаты. Бүкіл әлем, гүл. Бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір – поэзия дүниесі, осы құбылыстардағы құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар – поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні» [2, 126 б].


Поэзияны үлкен қамал деуге болса, ал оның қақпасын  ашатын алтын кілт – ақын жүрегі, шабыты. Осындай ақындар қатарына жастардың арасынан бәйгенің құр жарау атындай суырылып шығып, оза шауып жүрген Тілек Серікті айтар едім. Оқырманның сүйікті ақыны болу тек қана тілге шешен болу ғана емес, оның  поэзиядағы  үнінің халықпен үндес болуында деп тануымыз керек. Жалпы жастарды жаңашылдықтың жаршысы деп қарауымыз абзал. Сондықтан да өз басым жас ақындарды көбірек оқығанды ұнатамын. Олардың өзіндік қолтаңбалары мен ерекшеліктерін танығым келеді де тұрады. Сондықтан болар жас ақын Тілек Серіктің өлеңдерін үнемі ерекше бағалап отырамын. Ойы терең, айтар сөзі мығым ақынның  өлеңдерін жүрегім жылып, қуана отырып оқимын.Тілектің өлеңдерін жан-жақты  , көсіле талдауға болады.

 

Ақынның шабытты серігі –сезім. Бұл сезім Тілектің өлеңдерінде ерекше өрнектеледі.


Жаратып тағы бір сезімді,
Жас жүрек амалсыз көз ілді,-деп  жазған жолдардан нені аңғарамыз? Жүректің  сезімге орана көз ілуі шарттылық.


Көруге асығам тағатсыз,
Сіз сондай сүйкімді ғажапсыз.
Ал менше есімнен танамын,
Мас болам сонан соң шарапсыз
. –деп жалғайды одан әрі ақын. Шарапсыз мас болу ақынның махаббат сезіміне берілуі, ғашық болуын көрсетеді.

Күлімдеп жанарың тағы бір, 

Елес боп есімде әлі жүр.
Бұлт кетпей басынан бағы ұшып,
Бурабай таулары тағы тұр.
 


Күлімдеген жанар поэзияда көп кездесетін эпитетті тіркес десек те, одан кейінгі  Бурабай тауларын алуы тегін емес секілді. Ақын бұлт кетпей деу арқылы өмірде бәрі бәрі де болатынын айта отырып,алдағы кұндерде махаббаттан жақсылық күтетінін хабардар етеді.  Ендігі кезекте «Сеземін» атты өлеңінде сөзіміз сабақтастығын тапқандай екен. Ендеше қарайық:

Сеземін
Сезімді сендегі,
Түсінші
Ғашықтық дертімді мендегі.
Айналған ғаламшар секілді,
Сағыныш
Сарыала жапырақ жердегі
,- дейді ақын. Бұдан әрі ол :


Сағыныш
Сарғайған жапырақ,
Тағдырым киелі топырақ.
Көркіңе көз сүзіп қараймын,
Жаным да жүргендей жарқырап.


Көркіңіз
Көзімді байлаған,
Өмірден
Өлеңге айналам.
Түсімде тұңғиық бейнемді,
Көргендей боламын айнадан
,-деп жалғайды ойын. Сағынышты сарғайған жапыраққа балау –метафора. Иә келісемін, бұл поэзияда бар құбылыс, көп қолданылады. Дегенмен «Тағдырым киелі топырақ ..» деу арқылы ақын махаббаттағы тағдырына бейжай қарамайтындығын аңғартады . Көз байлаған көрік ақынды өлеңге шабыттандырады.Ақын бейне түс көргендей, өз бейнесін айнадан танығандай болуы махаббат әлеміндегі таныс сезім.Сағына күткен махаббатын ақын :


Сағыныш
Үзілген гүлдердің сабағы,
Бүр жармай қауызда қалады.
...Сен келші күткізбей асығып,
Көктемнің ескенде самалы
.,-деп суреттейді. Сабағынан үзілген, бүр жара алмаған  гүл – ақынның үмітінен хабардар етсе керек. Сондықтан да ол махаббатын көктемгі ескен самалдан асыға күтеді.


Сағыныш деген ұлы сезім тек махаббатта ғана емес, өмір суреттерінде де көрініс береді. Осындай сезімге жазылған өлеңі деп туған жерден көшкендегі ақын сезімі өрнектелген мына өлеңін атауға болады.


Тарам-тарам жастығыма жас тамған,
Іздемеңіз жанарымнан астар мəн.
Бөкен таудан  Көкшетауға көшкеннен,
Сор аралас сағынышым басталған
.
Жастыққа тамған тарам-тарам жас! Тамаша сурет деуге болады. Сағыныш жасы көл болып ақты немесе бетті жуды  десе, әсерсіз болар еді. Ал тарам-тарам жас деген ақынның жаңаша өзіндік қырын ашып тұрғандай.Осы сағынышын :


Орқаш-орқаш, тауларыңа сүйсіңгем,
(Көшкенім де, ауық-ауық, күрсіңгем).
Ата сенің, жастығыңды құшақтап,
Жылай бердім-жылай бердім, исіңген!-
деп сабақтай түйіндейді.Иә атасының табаны тиген киелі мекенге деген сағыныш екенін осылай аңғарамыз.


Қазіргі  таңда Тілектің көпшілік оқырманға жеткен өлеңдері өзіне лайықты бояуға да кенде емес.Ақынның жырларындағы шымыр ұйқасы мен ойлы тіркестері қатты ұнайды.


Кейбір өлеңдері жеке ақынның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап береді. Осындай өлеңі деп мына өлеңін айтуға болады.


Қобданың жасаң даласын,
Көңілім менің босаңдамасын.
Кертөбел атты көсілтуші едім,
Қайратып тасқа қасаң тағасын.
Қобданың жасыл даласында Кертөбел аттың қасаң тағасын тасқа қайрата көсілткен ақын балам Тілек! мына өлеңіңді оқып, жүрегім қатты толқып отыр. Қаламы қарымды ақындарша толғаған өлеңің тереңнен сыр шертеді.


Шудалы сайды беттесем егер,
Аршалы сайға жетпесім бекер.
Тастары таудың тарих шертіп,
Бастары тағы көктесіп өтер.


Тілі шұрайлы. Шудалы сай -жаңаша өрген эпитет. Ал енді түсіндірме сөздікте :ШУДА – түйенің өркешіне, желкесіне, тізесінің үстіне және мойнының астына шыққан ұзын қылшық жүн.-делінген. Яғни ақын сайдың ұзындығын осылайша бір ауыз сөзбен керемет берген. Осы өлеңдегі :Бастары тағы көк тесіп өтер.-деген жол нені аңғартады? Таудың биіктігін суреттеп тұр ақын.Осыған дейінгі поэзиядағы "көкке бойлаған, аспанмен таласқан" секілді көп кездесетін тіркестердей емес, мынау өте әсерлі шыққан. Бұны -ақын тіліндегі жаңашылдық десем, қателеспейтін шығармын.

Сырмалы бешпет,бөрік киген ем,
Халімді мынау көріп күйзелем.
Абыздар айтқан даналықпенен,
Айбыным асып өмір сүрген ем.
Осы шумақ арқылы өлең идеясы ашылады. Сырмалы бешпет, бөрік - берекелі , келісі ұлттық нақышымызды білдірсе, Халәмдә мынау көріп күйзелем деу арқылы қазіргі жағдайды салыстыра жеткізіп тұр.


Жете алмай жүрмін адырлы сайға,
Сары қымыздың сарқыты қайда?!
Әжемен қалған әжімдей өмір,
Күрең жотаға бағымды байла!

Сары қымыздың сарқыты қайда ,-деп ақын ата-бабамыздың салып кеткен ұлттық салт-санамыз бен тұрмыс-тіршілік, қазына, байлығымыздың құндылығының бүгінгі мүшкіл халінен хабар береді. Идея осы жолда айқындалады. Ақын халқымыздың ұлылығын дәріптегісі келеді.Сондықтан да ол : «»Әжемнен қалған әжімдей өмір »,-дейді.


 Тілек ақынның өлеңдерін саралап отырғандаменің көкейімнен:


«Шетсіз де шексіз кең далада тыңдаушысы ашық аспан, толағай таулар мен жазира жайлау болған қазақ халқы әу бастан өлең мен жырды еншілеп өскен небір төкпе, суырып салма сұңғыла ақындар өз елін өнер құдіретімен тамсанта білген. Бауыры жазыла түскен бәйге атындай арқалы ақындар алқалы топта жыр төккенде, бойында қаны қызып, бала қырандай шаңқ етіп, сілкінбей қалған дала перзенті болмаған. Сол ақын халық, батыр халық елдің дәстүрінен нәр алып, оны қастерлеп, уақыт елегімен елеп-екшеп, барған сайын жаңарта, құлпырта беру болашақтың міндеті»,-деген сөз кетпей отыр.  Поэзияда  көсіле шапқан жас тұлпар Тілектің бойындағы қасиеттер айтылғандай.


Мына өлеңін мен өте ерекше бағаладым. Өлең «Көктемнің келуі немесе Еркегүлдің келуі» деп аталады екен.

Жазалам ба,

менде мықты өктем жыр, -деп  өлеңін жүрексіне бастағанымен ақын бұдан әрі сөз нөсерін төгіп жібереді.
Қырдың беті қызғалдаққа бөккен гүл.
Сағынышпен сағындырып келетін,
Көшелерде көк орайлы көктем жүр
.  


Осы жолдардағы бөккен сөзі қызғалдақтардың қырды тегіс жапқанын , яғни қалың өскендігін білдіреді.Ал көктемнің көшелерде жүруі жансызға жан бітірген кейіптеу. Осы жерде тағы да ақынның өзіндік суреттеуіне кездесеміз. Қайталанып, жауыр болған тіркестерге ерік бермей, тыңнан сөз өрнегін салған.

Бұдан әрі ақын:

Алып ұшып сағынышым сен келдің,
Бұрымды қыз Еркегүл
,-деп көктеммен бірге келген Еркегүлді қуана қарсы алады.Көктем қуаныш пен жақсылықтың жаршысы болса, Еркегүлден де шуақты  бақытты күтеді.Әдебиетте бұны қатар қойып суреттеу дейді. Ақын көктем мен Еркегүлді қатар суреттеу арқылы махаббат тақырыбын көтере білген.Сондықтан да ол :

Қауыздары бүрлегенде гүлдердің,
Өзің келдің Еркегүл ,-дейді.Ақын жаны Еркегүлін нәзік , әдемі етіп бергісі келеді. Онысын жалаң суреттеулерге бармай, деталь арқылы танытады.

Жел өпкенде шаштарыңды самала,
Күн сүйгенде дидарыңды шағала.
Жанарыңнан үзілемін мен сенің
. Осындағы самала желдің сұлудың шаштарын өбуінен жұмсақтықты , нәзіктікті аңғару қиын емес. Ал шағала күн ненің белгісі? Шағала –арманның , сезім еркіндігінің символы десек, осыны  лирикалық кейіпкердің жүрегінен тани аламыз.Шағала күн –  жаңа метафора. Сонымен қатар сұлудың шаштарын самал өпкен, шағала күн дидарын сүйген әдемі көрініс  көз алдымызға жанды суреттей көлбеңдейді. «Күн сырғалы дидарыңды көріп мен...» деген тармақ тағы да алдындағы жолдарды толықтыра, нықтай түседі. Манағы шағала күн енді сұлудың құлағындағы сыңғырлаған сырғаға айналыпты.

  Ал мына өлеңіндегі әдемі сөз өрнектеріне көз салмай өту мүмкін емес.

Көктем де,
Белін буған биші қыз,
Бел асып қырдан кеткен де
.  Енді мына өлеңінде ақын көктемді белін буған биші қыз қылып көз алдыңа көлбеңдетіп қояды. Ол –ол ма,

Бөктер де
Бүршігін жайған қараған,
Бұрымын жайып өскен де
,-деп жанды суретті тағы да  алға тартады. Қарағанның бұрымын жаюы керемет сурет емес пе?! Көктемде бүршік жайған қараған қай кезде жайқалып толып өсетінін аңғармай қылуымыз мүмкін емес. Яғни жаз ортасында деген сөзді ақын бір ауыз сөзбен осылай шебер жеткізіп тұр. Өлеңнің тақырыбы махаббат , сағыныш болса, осындағы  « қайта өрілген бұрым, бұлқынған жүрек, құлазыған жан, жабырқау ой »  тіркестері арқылы ақынның өлең арқылы айтқысы келген идеясы айқындалып тұр. Ол идея – сүйгеніне қол жеткізу. Міне тақырып пен идеяның ұштасуы деп осыны айтады.

  Тегінде өлеңді сыдыртып оқи салуға болмайды. Оның ішкі ойы мен астарына мән бере терең бойлай білу керек. Сонда ғана өлеңнің нағыз табиғатын тануға болады.

Жаңарған заман, өзгерген қоғам сияқты жаңа ақындар да көктен түскен, ғажайыптан пайда болған жоқ.Олар - кешегі арқалы ақындардың заңды жалғасы .Бұл жалғасу әлсіз талшықтармен емес,  білеудей күре тамырлармен байланысу керек. Міне Серік Тілек те осындай  қазақ поэзиясының күретамыры бола алады деп сенемін. Ақыным, балам, поэзияның пырағын мінгейсің!

Айгүл ОМАРОВА, әдебиетші

 Маңғыстау облысы

  

БАЛАУСА ЖЫРДЫҢ ИЕСІ

  Құзар шыңнан сәукеле киген таулары, жазиралы жазығы болмаса да, аралаған сайын қоюулана түсетін қарағайлы орманы бар, саф ауасы нәр беретін бұл – Бұланды. Көркем көркі көз сүйсіндіретін ауданымыздың әсем табиғаты талайдың таңдайын қақтырып, талайдың қиялына қанат бітірді. Бүгінгі әдебиеттің көшін бастаған белгілі қаламгер, ақиық ақын Ғалым Жайлыбай Алматыдан арнайы келіп, Көкшеге атбасын бұрғанда жол-жөнекей ауданымыздың әсем табиғатына сүйсініп, «Бұландының бұлттары»,-деп өлең арнаған еді. Иә, бір сәт осынау қоршаған ортаның сұлулығына қарасаң жаныңды жегідей жеген қасаң ойлардың қамытынан босағандай боласың. Төрт мезгілі төрелік етсе де, табиғатының базарлы шағы тарқамайтын мекеннің өнер таланттарына да, кенде болуы мүмкін емес?! Әрине, баршылық. Арда туған асылдардың топырағанда бүгінде арман, мақсатын ұлт болашағымен байланыстыра білетін текті ұрпақ өсіп келеді. Олардың көпшілігі өнердің әр саласында оза шауып, бой көрсетіп жүр. Бүгінгі сөз еткелі отырғаным, сол талантты жастардың бірі – Тілек Серікұлы.

...Бөдене күн аунап түсіп аспаннан,

Сары күзде сағынышым басталған.

Қайтқан құстың тізбегіне қарайлап,

Құлын жүрек кісінейді бос қалған,- дейді «Күз» өлеңінде. Ақын табиғат құбылысын ішкі жан дүниесімен астастыра келіп, осы бір шумаққа сиғыза білген. Жалпы Тілек ақынның өрімдей өрілген өлеңдерінде сыршыл сезім, нәзік лириканың орыны бөлек. Оны: Жүрегіммен сырласқан,

Әдемі ғой жазғы аспан.

 Көп қараймын тауларға,

 Көкпен биік ұштасқан – деген шумағынан-ақ аңғаруға болады.

Кей  өлеңінде қарапайым қара өлең ұйқасымен табиғат лирикасын жеткізе білсе, екінші ір өлеңінде жаттанды өлең формасынан шығып, өзіндік жол таңдағанды ұнатады.  Поэзияда көп ақындар тыңнан сүрлеу салып, жаңа өлең формасын енгізуден қорқып, бір сарынан шықпай жатады. Ал, Тілектің өлеңге жаңа көзқараспен келуі бізді қуантады. Тағы бір өлеңінде:

...Күн санап болашаққа жақындармыз,

Демеңіздер бұл күнде ақын жалғыз.

Мұқағали секілді алыптармен,

Келеді әлі өмірге Қасымдар жүз,-деп өлең аңсаған бұқараны жұбатпаққа тырысады. Бір қуанарлығы Тілектің өлеңді баршы халық оқып, ләззат алатындай деңгейде жазуы. Әйтпесе, «суретші, суретші деген сайын сақалын бояды»,-демекші ақын деп арқасынан қаққан сайын өзге түгіл өзі түсінбейтін өлең жазатындар көбейіп кетті. Оны оқып халық бағыт, бағдар, пайдалы ілім, рухани білім алмаса ондай туындылардың әдебиетке әкелер пайдасы қандай. Бұрын бір ауыз сөзбен екі елді жауластырып, екі елді татуластыра білген. Жыраулар поэзиясынан бастап парақтасаң елдік мәселе, рухани байлық сөз болған. Тіпті «Оян қазақ» деп ұрандаған Міржақып, «Мен жастарға сенемін»,-деген Мағжан да ұлттың қамын жыр еткен. Ал, қазір қара бастың қамын жейтін жылауық поэзия емес, елді қамшылайтын, жастарға жігер беретін отты өлеңдер керек-ақ. Мұндай өлеңдер Тілек ақынның қаламынан туатынына сенім мол. Тілек қазір Көкшетау қаласындағы Жоғарғы техникалық колледждің студенті. Өткен жылы бірнеше мәрте облыстық мүшәйралардың жүлдегері атанды. Өлеңдері бірнеше жыр жинақтарға кірді. «Адам болар бала алысқа қарайды»,-дейді поэзия әлемінің көкжиегіне көз тіккен талантты жерлесіміздің көрінер биіктері көп болғай.

   Жайнарбек ЗАНДЫБАЙ, ақын


Назарларыңызға Серік Тілекұлының бір топ өлеңдерін ұсынамыз. 


Сағындым


Қобданың жасаң даласын,
Көңілім менің босаңдамасын.
Кертөбел атты көсілтуші едім,
Қайратып тасқа қасаң тағасын.

Шудалы сайды беттесем егер,
Аршалы сайға жетпесім бекер.
Тастары таудың тарих шертіп,
Бастары тағы көк тесіп өтер.

Толқыны қатты көлдерім қайда,
Асып бітпейтін белдерім қайда?!
Шұбар Керейдің ұлдары өскен,
Оспандар шапқан жерлерім қайда?!

Сырмалы бешпет,бөрік киген ем,
Халімді мынау көріп күйзелем.
Абыздар айтқан даналықпенен,
Айбыным асып өмір сүрген ем.

Жете алмай жүрмін адырлы сайға,
Сары қымыздың сарқыты қайда?!
Әжемен қалған әжімдей өмір,
Күрең жотаға бағымды байла!


***
Тарам-тарам жастығыма жас тамған,
Іздемеңіз жанарымнан астар мəн.
Бөкен таудан  Көкшетауға көшкеннен,
Сор аралас сағынышым басталған.

Жортатұғын жоталар да жез киік,
Қара тауда қалып қойған шер күйік.
Ақыт ақын, жырлағандай Алтайда,
Оспан батыр шауып өткен бел биік.

Орқаш-орқаш тауларыңа сүйсінгем,
(Көшкенімде ауық-ауық, күрсінгем).
Ата, сенің жастығыңды құшақтап,
Жылай бердім, жылай бердім  исіңген!


***

Қайғымды ұғатындай қараңғы аспан,

Сүркей түндей менің де мазам қашқан.
Естіртіп енді жоғын, жан атамның,
Кеше түнде ел жақтан хабарласқан.

Атам кетті мəңгілік мекеніне,
Дұрыс қой, келген адам кетеді де.
Қорқыттыда үреймен алған ажал,
Бір күндері бізге де жетеді де.

Құрғыр ажал атама күші жеткен,
Алып күшті ақыры мүсін еткен.
Атам ылғи айтатын əңгімесін,
Шерленіп кеп аса бір құдіретпен.

Айтуш еді ол кейде балалығын,
Бабамныңда айтатын даналығын.
Алтай тауда ақыры ауып түсіп,
Кəрі тауда құлдилап барады күн.

Баяғы күн балалық жұртта қалған,
Кəрі тауда қанатын қаққан арман.

 (Атаңнан нəлет өмір-ай деген сөзі)
Бала күнде атамнан жаттап алғам.

Бала күнде білмеппін қадіріңді,
Еске аламын елдегі қабіріңді.
Тасқа ойып жазыпты, көрдім ата,
Сенің əлгі Қожадай дəуіріңді.


***

Сеземін
Сезімді сендегі,
Түсінші
Ғашықтық дертімді мендегі.
Айналған ғаламшар секілді,
Сағыныш
Сарыала жапырақ жердегі.

Сағыныш
Сарғайған жапырақ,
Тағдырым -киелі топырақ.
Көркіңе көз сүзіп қараймын,
Жаным да жүргендей жарқырап.

Көркіңіз
Көзімді байлаған,
Өмірден
Өлеңге айналам.
Түсімде тұңғиық бейнемді,
Көргендей боламын айнадан.

Тағы да
Басымда нала, мұң,
Өткенді есіме аламын.
Өзіңді іздеймін басқадан,
Көшесін кезумен қаланың.

Сағыныш
Үзілген гүлдердің сабағы,
Бүр жармай қауызда қалады.
...Сен келші күткізбей асығып,
Көктемнің ескенде самалы.



Көктемнің келуі немесе Еркегүлдің келуі...


Жазаламба,менде мықты өктем жыр,
Қырдың беті қызғалдаққа бөккен гүл.
Сағынышпен сағындырып келетін,
Көшелерде көк орайлы көктем жүр.

Жазар едім бір өзіңе ерте жыр,
Ашылғандай əп-əдемі бөрте гүл.
Алып ұшып сағынышым сен келдің,
Бұрымды қыз, Еркегүл.!


Гүлдеңгендей мына əлем ерте бір,
Көктем қызды күнім менің ерте жүр.
Қауыздары бүрлегенде, гүлдердің,
Өзің келдің Еркегүл.

Жел өпкенде шаштарыңды самала,
Күн сүйгенде дидарыңды шағала.
Жанарыңнан үзілемін мен сенің,
Сені маған жазама?

Көңілімді көтердің-ау келіп сен,
Күн сырғалы дидарыңды көріп мен.
Жібермеспін енді сені алысқа,
Көшелерде кезіксең.

Жазар едім бір өзіңе өктем жыр,
Қырдың беті қызғалдаққа бөккен гүл.
Еркегүлім күлімдеші тағыда,
Көшелерде көк орайлы көктем жүр!!!

  13.03.16



***


Жаратып тағы бір сезімді,
Жас жүрек амалсыз көз ілді.
Мен сізді қимаймын басқаға,
Мен кейде сағынам өзіңді.

Көруге асығам тағатсыз,
Сіз сондай сүйкімді, ғажапсыз.
Ал менше… есімнен танамын,
Мас болам сонан соң шарапсыз.

Желіде сіз мүлдем басқасыз,
Жаныма ең жақын доста сіз.
Жауапсыз Махаббат қайдасың,
Жанымды түсінбес басқа қыз.

Күлімдеп жанарың тағы бір,
Елес боп есімде әлі жүр.
Бұлт кетпей басынан бағы ұшып,
Бурабай таулары тағы тұр.

Сезімдер жетелеп шыңдарға,
Қош айтып сезімсіз қыздарға.
Бір барып сонан соң гүлзарға,
Мен сізді көретін күн барма?

   

Дайындаған: Айжан Тәбаракқызы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар