Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жеңіс Қашқынов Әлімхан Ермековтің жиені екен...

03.03.2017 9087

Жеңіс Қашқынов Әлімхан Ермековтің жиені екен

Жеңіс Қашқынов Әлімхан Ермековтің жиені екен - adebiportal.kz

ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының мәжіліс залында ақын Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдығына орай «Ерттеп міндім өлеңнің дүлдүл атын» тақырыбында әдеби-сазды еске алу кеші өтті.

Шараға елімізге белгілі ақын-жазушылар мен ғалымдар, Жеңіс Қашқыновтың туған өлкесі, киелі топырақ Ақтоғайдан келген жерлестері қатысты.

Кеш барысында Жеңіс Қашқыновтың «Тағзым» жыр жинағының тұсауы кесілді. «Алыптар мен арыстар», «Туған жерге ту тіктім», «Төрттағандар мен егіз шумақтар», «Дастандар» атты 4 тараудан тұратын кітапқа ақынның бұрын жарық көрмеген өлеңдері қоса енгізіліпті.

da37ed10f6f8feb4c72a193b8b73aae3.jpg

Осыған дейін ақынның артында қалған мол мұрасының арасында сақталып келген Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтың рухына арнап шығарылған, белгілі сазгер Темірәлі Бақтыгереевтің әні «Үш арыс» және музыкасын Ескендір Хасанғалиев жазған «Ақтоғайым – алтыным» әндері өнер сүйер қауым назарына алғаш рет ұсынылды. Ақын Серік Тұрғынбекұлының айтуы бойынша, «Жеңіс Қашқынов – алаш арысы Әлімхан Ермековтің туған жиені. Ол жастайынан алаш зиялыларының көзін көріп, солардың өсиетін бойын сіңіріп өскен ақын» екен.

Ақын 1967 жылы жарық көрген «Кешкі күн» атты алғашқы өлеңдер жинағынан бастап, оқырмандарына 16 жыр жинағын ұсынып өлеңсүйер қауымның ыстық ілтипатына бөленді. Шығармалары орыс, украин, өзбек, молдован, грузин, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылған ақынның өзі де бірқатар бауырлас елдер ақындарының шығармаларын ана тілімізде сөйлеткен.

Белгілі ақын, қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, журналист, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Журналистер одағы сыйлығының иегері, еркін күрестен Қазақстанның спорт шебері, аудармашы, ұлттық радиожурналистиканы дамытуға еңбек сіңірген тұлға.

Ақын шығармашылығы жайлы белгілі тұлғалар пікір білдірді.

Несіпбек Айтов: Балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың мерейтойы осындай үлкен дәрежеде өтіп жатқанына мен қуанып отырмын. Бұл күні артында іздеушісі, жоқтаушысы болмаса, қандай ай мүйізді ақын болсаң да, ескерусіз қаласың. Аты аталмай, елеусіз қалған ақындар қаншама. Жалпы бұл үдеріс әдебиетте ғана емес, ғылымда, өнердің басқа саласында да бар. Абай атамның айтқаны бар: «Қазақтың өлісінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ», - деп. Жеңіс Қашқынов бұл қатарға жатпайды, ол тірісінде де жақсы адам, жақсы ақын болатын. Ол ақкөңіл, ешкімнің ала жібін аттамайтын азамат еді. Туған жеріне, ұлтына қаламымен адал қызмет еткен аяулы адамдардың бірі болды. Ол қазақтың талантты ақыны Мұзафар Әлімбаевтың шәкірті еді, оның жұмыс орнына жиі келетін. Мен Жеңісті сол кезден бастап жақсы танимын. Балалар әдебиетінің негізін қалағандардың бірі десек те артық емес. Аққан бұлақ секілді сөзі де, мінезі де, жүрегі де тұнық адам еді. Өлеңдерінің өзі басынан-аяғына дейін елдікті, туған жерді жырлайды. Әсіресе мынау Ақтоғайды керемет жырлаған. Өздеріңіз білесіздер, Ақтоғай қасиетті топырақ: Әлихан, Әлімхан, Күләш, Манарбек, Нарманбет, әрі барсаң Қараменде би шыққан жер. Жеңіс қасиетті топырақ, ежелгі елден шыққан ақын. Ол әдеби ортаға үлкен мектептің ордасынан келді.

Серік Тұрғынбекұлы: Жеңіс Қашқыновтың жасаған қызметі ұрпаққа үлкен өнеге. Мен оның біраз жыл қасында жүрдім. Ол атақты Әлімхан Ермековтың туған жиені, сол кісінің пайдасын көп көрді. Нағашылары Ақтоғай ауданынан алып кетіп, үлкен қала Алматыға ертерек оқуға түсірді. Соның арқасында Тайыр Жароков сынды үлкен классиктердің көзін көріп, тәлімін бойына сіңірді. Жеңіс Мұхтар Әуезовтың, Қаныш Сәтбаевтің көзін көрді. Үлкен нағашысы Әілмханның жанында ұзақ жүріп, алаш арыстарының идеясына қанық болды. Соны өзі мақтаныш қылып айтып отыратын. Және солардың рухы бойына сіңген. Сөйтіп Жеңіс маған да батылдықты, өткір мәселерді пайымдап айтуға себеп болды. Көзімді ашты. Жеңіс бір жағынан маған ұстаз сияқты болды. Ол балар әдебиетіне үлкен еңбек сіңірді. Балаларға арнап өлең жазу өте қиын. Баланың тілін тапқан адам, әлемнің тілін табады. Балалар туралы бір ауыз өлең жаза алмай кеткен ақындар бар, бірақ оларды ақын емес деп айтуға болмайды. Балалар туралы жазу – ерекшелік. Айта білсек, Жеңістің жазған жырлары керемет. Жеңіс туралы кезінде өлең жазғанмын, бірақ ол қазір қолымда жоқ. Айтыс өнері біз жазба ақындықты бастап кеткеннен кейін дамыды ғой, әйтпесе Несіпбек екеуміз талай көлік мініп, айтыс ақындарын шаң қаптыратын едік. Бірақ, өзіміздің жазба ақын екенімізді мақтан тұтамыз. Жаңа осы жерде отырып, бір-екі шумақ өлең жаздым. Соны оқып берейін:

Жүрген жоқ ол жақ ашпай,

Қалғанда жоқ таласпай.

Жеңіс, Жеңіс мен үшін

Жемісі көп ағаштай.

Арман аққу жүзеді,

Ақтоғайдай түз еді.

Ермековтің жиені,

Ұлылардың ізі еді.

Туған күні тойланды,

Жарқын еді жайдарлы.

Ақыл-ойы жыр болып,

Ақтоғайға айналды!

Омар Жәлел: Жеңіс Қашқынов 75-ке келіп жатыр. Бұл кісі Ақтоғай өңірінен шыққан өте талантты ақын. Бұл кісінің бір ерекшелігі қазақтың дәстүрлі тіл мәдениетінен қол үзбеген, қаймағын өлеңге бұзбай алып келген. Осы ақынның артынан Абзал Бөкен, Серік Ақсұңқарұлы, Дәуітәлі Стамбеков сынды ақындар шықты. Бұл кісілер Жеңіс ағаның соңынан бұзып-жарып шықты. Ақынның әдебиеттегі еңбегі зор. Балаларға арналған өлеңдері қарапайым. Кейбір ақындар күрделі жазуға тырысады ғой. Ғалымдар айтады, «дана ойлар қарапайым келеді», - деп. Жеңіс ағамыздың шығармашылығына тән ең үлкен штрих осы ғой деп ойлаймын. Бұл кісінің шығармашылығы кеңінен насихаттауға әбден лайықты.

Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар