Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұқағали Мақатаевтің ақындық туралы айтқандары...

06.03.2017 8638

Мұқағали Мақатаевтің ақындық туралы айтқандары

Мұқағали Мақатаевтің ақындық туралы айтқандары - adebiportal.kz

Поэзия – азабы мол ауыр жол. Егер ол сіздің жүрегіңізге бірден ұялай қалса, одан келіп, тіліңізге үйірілсе, қапас ойдан қарғып шығуға ұмтылса, бір сөзбен айтқанда, сізді біртүрлі мазасыздыққа душар етсе, ондай жыр, сізге оп-оңай көрінгенімен, оңайлықпен жетпегенін түсінсеңіз болғаны. Онда сіз сарыла сезініп, сарқыла ойланып, өзінен өзі таусылған, өз жүрегін өзі жегідей жеген "құдірет те, құл да, құрт та өзі" (Державин) сарсаң жанның жақыны мен досысыз. Ол – ақын. Өзіңіздің ақылыңыз. Ол да адам, көктен түспеген. Ол да өзіңіз сияқты, еткен еңбегінің өтуін қалайды, рахым-рахатынан татқысы келеді. Ал ақын үшін саналы қауымның бағасынан, оның заңды талғамынан, тарауынан артық қаламақы жоқ Сіз ақынға (егер ол ақын болса) әділетті бағаңызды беріп, оны түсінуге тиістісіз, ақыңды алақанға салып аяламай-ақ қойыңыз. Ақын деген – Сіздің өзіңіз. Сіздің көңіліңіздің қуанышы мен көзіңіздің жасы. Ол сіз болып күліп, сіз болып жылағысы келеді. Ол сіз болып күйінген сәттерінде, Сізден пана іздейді, мұңын Сізге шағады. Сіз қабылдарсыз, қабылдамассыз, ұнатарсыз, ұнатпассыз, алайда оның Сізсіз күні қараң. Өзіңіз болғандықтан да, өзіңізге өзіңіз іздеп тауып, түсініп, түсінгеніңізге қарай билік құруға қақыңыз бар.

10616b1c97bf849df8f138ecebf4d953.jpg


***


Ұшқан құс ұясын іздейді. Ал ақынның ұясы – халық. Өзге туралы ма, өзі туралы ма, тіптен өмірде бар нені болса да жырға арқау етерінде, ақын қыбыласын халыққа қарап түзейді. Бұл – оның еркімен де, еркінен тыс та жасалып жататын шарт. Ақынның жекеменшік қазынасы жоқ. Оның үні мен тілі, поэзияға керек қару-жарағы – барлығы халықтікі. Тек қайшылық-қарбаласы мол тірлікті қалай түсіну, сезіну және де сол түйсік сезімін жыр аспабымен басқаға жеткізу ғана ақынды өз орнына отырғызып, оған ерекше міндет жүктейді. Сол қасиетті парызды өтеу жолында оның қабілеті мен ісі, таланты мен шеберлігі айқындалмақ.


***

Ақынның міндеті – өз сезімін өзі тұтқындамау, ағынан жарылып, азапқа салған ауыр ойдан айтын құтылу. Өзінің жан дүниесін қауымға жайып салу. Ойып айта алды ма, жоқ па, сезімінің құсы басқа жүректен ұя таба алды ма, жоқ па, оған төреші – оқушы қауым. Бұл сапарда ақын өзіне өзі қайшы келіп жатса, қуана отырып жылап, жылай отырып қуанып алса, оған танданатын дәнеңесі жоқ. Ол – ақын мінезінің күрделілігі, асау сезіміне ауыздық сала алмағандығы, бар сырын бүге алмағандығы.


***


Поэзия дегеніміздің өзі – жастық мәңгілік жаңару мен түлеу. Егер поэзия түлемесе, жаңарып отырмаса, Пушкиндер мен Абайлардан кейін ол есікті қағудың өзі ақымақтық болар еді. Поэзия – ғылым. Ол өзінің түрі мен мазмұнына, ырғағы мен ұйқасына, жалпы бойына түр жаңалықтарымен ажарланып, қайта туып, мәңгілік құбылып отыратын ғылым. Ол – адам баласының сезіну, ойлау, тіптен қиялдау процесінің ең жоғарғы сатысы. Өмірдің түкпір-түкпіріндегі сан алуан құбылыстарға, табиғат көркіне, ғылымның қай саласындағы болмасын тындырылған іске, өнердің шырқау биігіне көтерілген туындыларға поэзияның көзімен қарап, бәріне поэзиялық баға берілуі тектен-тек емес.


***


Ақын көңілі аласапыран. Селт еткен сезімді бағып отырған оның араласпайтын нәрсесі жоқ. Араласпауға ақынның қақы да жоқ. Қанша сезімнің серісі болғанмен, шын ақын – үлкен ақыл иесі. Біз Абай атамыздың ақындығынан үйреніп, ақылдылығынан жирене алмаймыз. Ақымақ қылыққа ақылды қарсы қоя алмай тұра алмаймыз.


***


Адам бар жерде поэзия бар. Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын алдымен сезініп, алдымен ләззаттанып, алдымен жеркенетін де сол адам десек, ендеше поэзияның бүкіл болмысының өзі сол адамның ақыл-парасаты мен сезім-түйсігінен жаралған. Демек, адамның қатынасуынсыз поэзия жоқ. Барлық табиғатымен өмірдің өзі тұнып тұрған поэзия дейміз, алайда сол өмірді, сол керемет табиғатты көретін көз, танитын талант, сезетін сезім керек. Әрине, есі дұрыс, басы жұмыр пенденің бәрінде де сезім бар, сезінбеуі мүмкін емес. Себебі: қуанады, күйінеді, шаттанады, мұңаяды дегендей... Алайда сезіну бар да, сезімін сезімдерге айтып жеткізу, мойындату да бар ғой. Міне, осы тұста адамдар дараланады. Әр халық өзінің сезім дүниесінен енші бөліп, сеніп тапсырып, дүниеге өзінің сезімтал елшілерін жібереді. Оның аты – Ақын.


***


Адамның сезімі – алынбас қамал. Ендеше, сол сезім қамалының сахабасы да, жалаушысы да – ақын. Аумалы да төкпелі, астарлы құпиясы тереңде жатқан алуан сырлы адам сезімін сезім ғана тебірентіп, сезім ғана өктемдік ете алады. «Жүрекке әмір жүрмейді» деп айтатынымыз да сондықтан. Демек, шынайы шын поэзия – адам сезімінің анатомиясы да, шынайы шын ақын соның зерттеушісі. Шынайы шын ақын – өз халқының, шаттанса, шаттығы мен қуанышы; жыласа, көкірек шері мен көзінің жасы. Осыдан барып, оның азаматтығы да, ақындығы да сарапқа түспек.


***


Ақындық талантпен қоса ақындық парасаттылық әрқашанда қатар жүреді. Ақынның табиғаты – адамгершілік, гуманизм десек, гуманизмнің ең шығар шыңы – поэзия. Ал енді бүкіл болмыс-тұрмыс, тірлік-табиғатты, қозғалыс-құбылысты бір сәтке поэзиясыз елестетіп көріңізші; егер рас болса, «ақыр заман» деген – сол «ақыр заман» болмас, егер бола қалса, ол тек поэзия өлген күні ғана орнайды. Ал поэзия өлмек емес! Тіршілік барда, адамның сана-сезімі барда – поэзия бар!


***


Егер біз ақынның өмірі жырынан басталады десек, ақынның жыры алдымен өз өмірінен басталатынын да есте ұстаймыз. Ақын адамның бүкіл өмірі – оның бүкіл творчествосының лейтмотиві. Себебі өз жүрегінің құпиясын, өз өмірінің күйініш-сүйінішін лирикалық кейіпкер арқылы ма, басқа арқылы ма, әйтеуір, ағынан жарылып, нанымды түрде айта алмаған ақынның басқа жүрекке жол тауып, басқа ғұмырды зерттеуге, оның жан-дүниесінің бұлтарыс-қалтарысын ашуға шамасы келмек емес. Ақын өз жүрегін, жүрегінің сезімін зерттей отырып, оларды адамдық биік парасатқа бағыштай білгенде ғана оның үні халықтық үнмен, азаматтық үнмен тоғыспақ. Сонда барып ақындық «Мен» халықтық «Менге» ұласпақ. Ақынның өмірді зерттегені – алдымен өзін зерттегені. Ақынның құдіреті өмірден өзін, өзінен өмір жасай білуінде.


***


«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті...»


***


…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!


***


Поэзия - журналистика емес, ал ақын - дабыра туғызатын жағдайларға жүгіре беретін журналист емес. Алтынмен киіндіріп қойған қаңқа сүйек табылғаны үшін ғана поэзия жазуға бола ма?! Алтынға малынған адам туралы жазғанша, елсіз далада көмусіз қалған адамның бас сүйегі жайында қуана-қуана поэма жазар едім.


***


Шын талантты ақын берерін бергенен кейін, сыйымен өле білгені де жақсы. Алайда таңдамалыларының толық жинағына өзі редактор болғанның да зияны жоқ...



***


Өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға белгілі бір көзқарасы жоқ адам ақын емес. Ондай адамның өзін ақын ғана емес, қоғамның ойлай білетін азаматымын деуге де қақысы жоқ.

Қазіргі нағыз ақын алдымен ойшыл, яғни философ болуы қажет. Поэзияның жалаң сұлулығы жалаңаш сұлуға ұқсайды: оны тек қызықтауға ғана болады. Ақынның міндеті суреттеп шығу, баяндап беру емес, қайта сол сұлулықтың құпиясын, оның ар жағындағы нақ сол жасырынды ашып беруде. Осы заманғы ақын тәжірибелі құбылнамашыдай уақыт тамырын дәл басып, дәуірдің, қоғамның дертін өз дертіндей қабылдауға тиіс. Поэзияда философ болу деген сөз - өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу. Алайда, салқынқанды, ақылгөй философ болу жарамайды, ақырына дейін «адам жанының инженері» болып қалу керек...


***


Ақын болу үшін ақында не болуы керек?
Бірінші: талант. Білімді, сұңғыла талант (диплом міндетті емес).
Екінші: ұят, өзінің нашар өлеңдерін оқығанда өзінен өзі ұялуы үшін.
Үшінші: қарапайымдылық. Пушкин мен Абайдікіндей болмаса да, басқалар түсінетіндей адамдық қарапайымдылық. Ақылдымсымау, түсіндірмеу, тек жырлау.
Төртінші: түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану.
Бесінші: еңбек, үнемі шындалып отыру үшін.
Алтыншы: жан. Жан байлығын әмәнда сақтау қажет.



***


Менi адамның өзi, сыртқы сүлдерi емес, мiнез-құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсiнуге тырысамын. Адамдарды түсiне отырып олардың да менi түсiнгенiн қалаймын. Менiң бүкiл поэзиямның мәнi, мiне, осы Поэзия – мен үшiн жанымның шырылы. Басқа ештеңе де емес...



***


Өлең шығару – ең әуелi қажырлы еңбек. Азапты, жүйкеге салмақ салатын жұмыс. Оңашалануды және тыныштықты сүйедi. Егер мен ондай толғақ үстiнде жарым жолда тоқтай қалсам, кейiн онда ой соңынан қуалау маған қиын. Алғашқы құмарлықтан ажырап қалам.


***


Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!


***


Байқа! Жалған айтпа! Есінде болсын, ақылгөйсіме! Есте ұста: сен ешкім емессің! Сен – ақынсың. Абстракцияның анасы – образ. Поэзияға керегі образ ба, ой ма? Ой!!!

Образ – ойдың тұрлаусыз мүшесі. Өлеңнің де.


***


Мен өлеңді ойдан құрастырып жазбаймын. Әлдекім құлағыма сыбырлағандай болады. Соны көшіремін, сенесің бе?


***


Ақынның дүниетанымы дамылсыз қозғалыста болатынын білген жөн. Оның дүниеге деген сан қырлы көзқарасына ілесе алмай, артынан топырақ шашу – дәрменсіздің ісі.

Сынаудан бұрын ақынды (поэзияны) түсінуге тырысу керек. Түсіне білсең, сынау ешқайда қашпайды.


***


Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім?! Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес. Демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем.


***


Бойында бір тамшы таланты жоқ бола тура, талантты әдебиетшілердің қатарында тұрғысы келгендер ақымақ емес, өз шығармашылығын бүгінгі күнмен және өзінің ұранды патриотизмімен өлшейтін, сөйте тұрып, әдебиетте қалғысы келетіндер – ақымақ. Үнемі іздеп жүретін және ылғи әдебиеттегі "бос орынды" тауып ала қоятындар ақымақ. Осы күні талантты адамдар әдебиетте аз рөл атқарады. Қазіргі біздің әдебиетке құлдық ұра беретін құлдар қажет.



***


Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам?! Осы күнгі әдебиет – нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол "сыншысымақ" белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ бұдан ары бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақайшыл серіктестерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетімізде жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір "жұлдыз" пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп тамырымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашыңдар! Олардың жебеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!


***


...Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен рөл атқаруға тиіс. Қалғаны ақынның өзіне байланысты. Кімде рух болмаса, ол поэзиядан аулақ, жүруі керек, оған ол салада істейтін ештеңе жоқ, Өкінішке орай, егер олар өз ұяттары оянып, өздері солай шешпесе, біздің мына ғасырда оларды қуып тастау қиып. Өйткені біздің ғасыр қаталдығы болғанмен, бәрібір мейірбан...

Тәңірім-ай, бізде ақын, жазушы қаншама? Бәрі де атақты болғысы келеді. Бәрінің де халыққа танымал болғылары бар. Алайда сол әрекеттеріне халықтың қалай қарайтынына бұрылып бір өздері көз салмайды-ау.



***


Менің қымбатты достарым! Егер сендер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңде болсын, менің жеке өлеңім өзінше ештеңе құрамайды. Ол поэма іспетті біртұтас. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның үніндей. Жалған күйініш, жалған махаббат пен қуаныш, өтірік патриотизм және тағы-тағылар – поэзияның жаулары. Көпшіліктің көңілін аулау үшін емес, жаныңның жайбарақаты үшін жазу керек. Әрбір жазатын адам күлдіре де, абыржыта да алады (бәрі оның шеберлігіне байланысты), бірақ оның жанына кіріп, есінде мықтап қалу үшін, барынша ашық, сезімтал әрі түсінікті болу қажет. Кәдімгі түсіне білетін көпшілік кейде сенің образдарың мен праобраздарыңды кейінге ысырып тастайды. Әрбір оқырман көркем шығармадан өзін, өз жанының құрамдарық іздейді.


***


Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным – бар-жоғы бір ғана бүгін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қам жеулері мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын, яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мен онда болмасам, онда ақынның да болмағаны.


***


Мен бір нәрсеге – поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адаммен, табиғатпен бірге өлетініне – кәміл сенемін. Адамзат жаны қатыгез тартса тарта берсін, қайтсе де бір парасатты адам қалады. Ол – ақын. Ақырғы сөз сонікі.



(Ақынның әр жылғы мақалалары мен күнделіктерінен)


Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар