Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Төлеген Айбергеновтің қыздары әке тойында айналас...

06.03.2017 8403

Төлеген Айбергеновтің қыздары әке тойында айналасын тәнтті етті

Төлеген Айбергеновтің қыздары  әке тойында айналасын тәнтті етті - adebiportal.kz

 ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 4 наурыз күні ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың биылғы 80 жылдық мерейтойына орай «Сен мені ізде, аяулым» атты ән-жыр кеші өтті.

Кешке қазақтың аяулы ақын ұлдары Серік Тұрғынбекұлы, Несіпбек Айтұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Көпен Әмірбектер қатысып, жырдан шашу шашты, Төлеген ақын туралы естеліктерімен бөлісті.

3752030862d89f0e7d2f3f77e984e15d.jpg


Әсіресе, ақынның көзін көрген, жанына еріп бірге жүрген Серік Тұрғынбекұлының естелігі әсерлі шықты: «Біз Төлегеннің құбылыс екенін көзі тірісінде-ақ білгенбіз, сезгенбіз. Рас, Мұқағалидың мықты екенін жанында жүрсек те, дер кезінде аңдай алмадық. Ал Төлегенді сол кезде-ақ құбылыс деп таныдық.  Ал ол дүниеден өткенде Алматы бос қалғандай болды», – деді ақын.

Бұдан кейін сөз алған Несіпбек Айтұлы да Төлеген өлеңдерін жатқа оқып, ақын өлеңдеріндегі әдеби өрнектерге тәнті екенін айтты.

45b837c6bb2babe46e8c5f4c35771a67.jpg

Кешке ақынның қыздары Салтанат, Айнар, Хұсни Айбергеновалар да қатысып, әкелері туралы өз естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, әкесі өмірден өткенде небәрі 7-ақ жаста болған Салтанаттың әсерлі әңгімесі, айналасындағы жұрттың көзіне жас алдырды. Ең кереметі, өзге ақын-жазушылардың балаларындай емес, Төлеген ақынның қай қызын алсаң да әкелерінің өлеңін жатқа біледі әрі әдемі оқиды. Әрине, мұнда ақынның жұбайы Үрниса Айбергенованың үлкен еңбегі бар. Өйткені Салтанат апайымыз: «Әкем дүниеден өткеннен кейін үйге жазу машинкасын сатып алдық. Анам жаңағы машинкамен әкемнің өлеңдерін тергізіп қояды. Кейде бір өлеңді таңертеңнен кешке дейін 20 рет қайта басуға тура келеді. Бір әріпінен қателессең, қайта жазасың. Қызбын ғой, кейде құрбыларыма еріп, ойнағым келетін. Бірақ анам жібермейді. Сол кездері «әкесі ақын емес, үйлерінде жазу машинкалары жоқ қыздар қандай бақытты» деп ойлайтынмын», – деп анасының әке мұрасына адал болуды қалай үйреткенін әңгімелеп берді. Міне, содан бері «Төлеген ақынның қыздары» мәртебесін абыроймен алып жүрген қыздар әкелерінің 80-жылдық мерейтойында мақтанышпен өлеңдерін оқып отыр. 

0850a1d29be76836f25763827bf87b2f.jpg

Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысатын Хұсни әкесінің жырын орыс тілінде оқыса, Францияда тұратын Айнар:

Бір жетсе менің ажалым жетеді

Найзағай оттарынан,

Сатқындар оқтарынан,

Өйткені мен теңіз боп ақтарылам.

Бір жетсе менің ажалым жетеді

Адам қолы жасаған ұяттардан,

Қалыңдығы осынау сияқты орман.

Әйтпесе пасықтыққа пысқырмайды

Мендегі қуатты арман.

Мен күн сайын теңіз боп ақтарылам,

Бұлбұл болып шулаймын бақтарыңнан.

Көктем жаққа аққулар ұшырамын,

Жазираның ақ түтек ақпанынан.

Басқасынан ажалым жетпес менің,

Жауыздықпен өйткені шектеспедім.

Мен жарақат салмаған семсер едім

Сондықтан жарқылдаймын,

Әйтпесе өтпес те едім.

Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде, – деп толғанды.

caea26649d0bff584ae9ef0d7450cb3e.jpg


  Ал белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова дәл осы кеште композитор ретінде танылды. Осыған дейін композиторлығымен аты шықпаған әнші Төлеген жырларының әсерімен ақынның «Ортаға келді өз балаң» және «Ақ қайың» деген өлеңдеріне ән жазып әкеліп, кеште орындап берді. Айтулы әнші, композитор Елена Әбдіхалықова да ақынның сөзіне жазылған әнін орындап, тыңдарман қауымды бір серпілтіп тастады.

a038c81de92c3910ea16d6da0a25ec05.jpg


  80-жылдық мерейтойының шымылдығы осылай Астана төрінде түрілген Төлеген ақынның «тарқамайтын тойының» жалғасы биылғы жыл бойы  Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалғасады.   

 Марфуға ШАПИЯН



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар