Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мадина Омар: Жалт еткен бір сәуле...

06.03.2017 4945

Мадина Омар: Жалт еткен бір сәуле

Мадина Омар: Жалт еткен бір сәуле - adebiportal.kz

(Екі көріністі драма)



Қатысушылар:


Есімбек – 50-55 шамасындағы еркек


Гүлсім – 40-45 шамасындағы әйел




БІРІНШІ КӨРІНІС



Зәулім биік, салтанатты үйдің алдыңғы жағы.Сахнаға жақын тұста «Жалға беріледі» деген жазуы бар тақтайша қағулы. Аула ішінде бір адам өзімен-өзі шахмат ойнап отыр. Оған Гүлсім жақындайды.


Гүлсім. Осы дұрыс көше ме жоқ па? Қайда түсіп кеттім? Мына кісіден сұрайыншы. Ағай, ағай! Керең бе немене өзі? Ағай деймін! Жоқ, қозғалмайды. Керемет болды. Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан. Өзі шахмат ойнап отыр. Демек саңырау шахматшы. Өте жақсы.  


Қасына жақындап барып.


Гүлсім. Сәлеметсіз бе, ағай! Жоқ... естімейді. Қандай қиын, бейшара. Жердің түбіне тығылып, бір өзі шахмат ойнап отыр. Тас керең болса қайтсін, не шара бар. Жолда жүре алмайды, музыка тыңдап ләззат алу деген жоқ. Ағай деймін (жұлқылайды)!


Кенет еркек отырған орындығынан құлап түседі.


Гүлсім. Ойбай! Сізге не болды?


Еркек тырп етпей жатыр.


Гүлсім. Масқара! Қорқамын, мына кісі өліп қалған сияқты. Енді қайттім? Телефонымды үйде қалдырып едім. Жақын маңда адам жоқ. Не қылған елсіз жер. Енді қайттім? Әлде мына кісінің телефоны бар ма екен. Жоқ, қарай алмаймын. Қорқамын. Енді қайттім? Әлде кеудесінде жаны бар ма? Жүрегін тыңдап көру керек. Тірі шығар, жедел жәрдем керек шығар. Біссімілдә.


Бүк түсіп жатқан еркекті шалқасынан жатқызады.


Гүлсім. Жоқ, өліп қалыпты. Енді не істеймін?


Есімбек. Көміңіз.


Гүлсім. Ойбай! Жүрегім, жүрегім-ай! Зәрем зәр түбіне кетті-ау. Есіңіз дұрыс па?


Еркек жерден көтеріліп отырады.


Есімбек. Енді өлген адамды көмбей ме?


Гүлсім. Тәңірім-ай, нешетүрлі адам бар бұл дүниеде. Жүрегім тоқтап қала жаздады-ау.Әумесер, жынды! Жас бала болса бір жөн. Дап-дардай адамсыз, шашы-басыңыз аппақ қудай. Істеп отырғаныңыз мынау. Ұятсыз, оңбаған!


Есімбек. Жерден алып жерге салдыңыз ғой. Не болды соншама. Сізге менің өліп қалғаным керек пе сонда? Тірі болып шыққаныма қуанбайсыз ба?


Гүлсім. О, шешек шыққыр, албасты. Сенің тірлігіңнің құны маған беш тиын! Қуанбайсыз ба дейді ғой. Ұятсыз!


Есімбек.  Жарайды, жарайды. Қайтер екен десе, құтырып бара жатыр ғой. Аузыңызды жабыңыз.


Гүлсім. Сен енді маған ауызыңды жап дейсің бе? Біресе саңырау болып, біресе өлген адам болып білгеніңді істегеннен кейін енді маған ауызыңды жап дейсің бе? Қазір андағы шахматыңды басыңа қаптаймын жыныма тиме!


Есімбек.  Болды дедік қой, кешіріңіз. Не деген шаптыққан қатынсыз.


Гүлсім /кенет жуасып/. Сізге айтылған сөздің бәрі зая екен. Құрысын қойдым. Түсіндім.


Есімбек /міңгірлеп/. Аю көрсеңдер өтірік өліп қалыңдар деп кеңес беріп жатады ғой...


Гүлсім. Олай болса, өте дұрыс істеген екенсіз. Сізді түсінбей, жерден алып жерге салғаным үшін кешіріңіз.


Есімбек. Жарайды, барлығы ойын-күлкі үшін ғой. Қалжың көтермейтін неғылған адамсыз.


Гүлсім. Жүрегім шаншып кетті-ау, құдай-ай.


Есімбек.  Валидол бар. Берейін бе?


Әйел басын изейді. Волидолды алып, ауызына салып, алысқа телміріп орындықта отырады.


Есімбек. Жаңа бірдеңе сұрамақ болдыңыз ғой. Ағай, ағай деп.


Гүлсім. Ешнәрсе керек емес.


Есімбек. Кешіріңіз, сізді бұлай қатты шошиды деп ойлаған жоқпын.


Гүлсім. Жарайды, бопты.


Есімбек. Түріңіз біртүрлі болып кетті.


Гүлсім. Сіз сияқты қаныпезер болсам, қазір орындықтан құлап есіңізді шығарар едім. Өкінішке қарай ондай мінез жоқ.


Есімбек. Не деген кекшіл едіңіз.


Гүлсім. Болды, сөйлемеңізші. Үндемей сәл отыра тұрыңызшы. Сосын мен кетемін.


Есімбек /ренжіп/. Жақсы.


Күйбеңдеп шахматын жинайды. Әйел оның сыртынан қарап отыр.


Гүлсім. Бұл өзі бір қызық болды.


Есімбек. Неменесі қызық?


Гүлсім. Жай, ешнәрсе.


Есімбек. Жаңа сіз мені алдымен саңырау дедіңіз ғой. Сол шымбайыма батып кетті. Ойымда түк жоқ, өзімше отырсам, сіз келіп алып, бейшара-ай саңырау ғой деп әрі айналасыз, бері айналасыз. Өзіңізді менің орныма қойып көрсеңізші.


Гүлсім. Енді сәлем алмайсыз.


Есімбек. Ал алдық! Сәлеметсіз бе.


Гүлсім. Сәлеметсіз бе. Қалыңыз қалай?


Есімбек. Сен сұрағалы жақсымын.


Гүлсім /күліп/. Қойыңызшы.


Есімбек. Рас айтамын.


Гүлсім. Осы маңда бір үй жалға беріледі дейді, соны іздеп жүрмін.


Есімбек. Міне қызық! Ол үйіңіз осы, міне.


Гүлсім. Қалайша осы?


Есімбек. Осы үй, әне тақтайша ілулі тұр ғой, «Жалға беріледі» деген.


Гүлсім. Рас, бірақ. Менің іздегенім осы үй ғой. Сіз қожайынсыз ба?


Есімбек. Ұқсамаймын ба?


Гүлсім. Ұқсайтын шығарсыз... Білмеймін...


Есімбек. Ұнаймын ба?


Гүлсім. Ренжімеңізші, жаңағы жағдайдан кейін бұл сұрақты жауапсыз қалдырғаным келеді. Бірақ үйіңіз керемет. Осындай тыныш, жайлы жерден үлкен үй іздеп жүр едім.


Есімбек. Ұнай ма?


Гүлсім. Жақсы екен. Бағасына келіссек болар еді.


Есімбек. Жалғыз өзіңізге тым үлкен емес пе?


Гүлсім. Мен жалғыз емеспін.


Есімбек. Иә?


Гүлсім. Балаларым бар.


Есімбек. Күйеуіңіз ше?


Гүлсім. Ол да бар.


Есімбек. Дұрыс. Үй сонымен ұнайды? Бірақ күйеуіңіз бар...


Гүлсім. Ішін аралап шықсақ...


Есімбек. Осылай бірден бе?


Гүлсім. Енді қалай?


Есімбек. Ең болмаса этикет үшін шахмат ойнамаймыз ба.


Гүлсім. Қандай этикет?


Есімбек. Енді бірден біртүрлі емес пе?


Гүлсім. Қалжыңыңыз тұманданып, күлкілі болудан қалып барады. Сіздікі осы не мінез?


Есімбек. Қалжыңсыз, шахмат ойнаңызшы менімен.


Гүлсім. Бұл үйді көрудің маңызды шарты ма?


Есімбек. Үстінен түстіңіз.


Гүлсім. Қызық.


Есімбек. Сонымен шахмат ойнай білесіз бе?


Гүлсім. Аздап.


Есімбек. Онда кеттік.


Гүлсім. Керемет шахматшымын деп айта алмаймын.


Адам. Әйелдердің қылымсымаса бір ісі бітпейді.


Гүлсім. Мұнда шахмат ойнауға келген жоқпын.


Есімбек. Онда тұрған не бар.


Гүлсім. Білмеймін, әй жоқ, шәй жоқ...


Есімбек. Жас емеспіз...


Гүлсім. Сізді білмеймін, өз басым қалтылдап тұрғаным жоқ.


Есімбек. Қалжыңым қатты тисе, ренжімеңіз, қарындас.


Гүлсім /күліп/. Уау!


Есімбек. Қуанып кеттіңіз ғой.


Гүлсім. Қарындас дегенді естімегелі қай заман.


Есімбек. Онда соның құрметіне бір партия. Нысыпыңыз?


Гүлсім. Гүлсім.


Есімбек. Менің есімім – Есімбек.


Гүлсім. Танысқаныма қуаныштымын.


Есімбек. Ойнайсыз ба жоқ па?


Гүлсім. Тек ұзаққа созылып кетпесін.


Есімбек. Ол енді сізге байланысты. Сіздің шеберлігіңізге... тәжірибеңізге...


Қуанышпен тақтаға фигураларды тізе бастайды.


Гүлсім. Ой, құдай-ай!


Есімбек. Не болды?


Гүлсім. Жай.


Есімбек. Жоқ айтыңыз енді, көкірегіңіз қарс айырылып күрсініп отырсыз. Қызық бір нәрсені жасырып отырған сияқтысыз.


Гүлсім /мұңданып/. Маған осы ең болмаса мақтаныш үшін есі дұрыс бір адам неге кездеспейді деп ойлаймын да.


Есімбек. Сонда сізге кездескен адам біткеннің барлығының шапкасы қисық болып шыға ма?


Гүлсім. Иә.


Есімбек. Естімеген елде көп деген осы.


Гүлсім. Неменеге мәз боласыз? Сіз өзіңіз сол таныстарымды түгел жинап, қол бастауға жарап тұрсыз.


Есімбек. Мәссаған, мен не жаздым?


Гүлсім. Адам өз мінін білмейді деген осы. Жарайды, бопты, бұл тақырыпты әрі қарай қозғамайық.


Есімбек. Жоқ, керісінше, өте қызық тақырып. Менің нем жақпай отыр сізге?


Гүлсім /қолын сермеп үй жақты көрсетіп/. Жалпы барлығы, атмосфера... Сөздеріңіз... Қылықтарыңыз...


Есімбек. Менің есім абсолюттік деңгейде дұрыс.


Гүлсім. Мойындай қояр деп өзім де күткен жоқпын. Жылдамдатыңызшы.


Есімбек. Асығыс па едіңіз?


Гүлсім. Өзіңіз түсінгендей, пәтер іздеп жүрмін.


Есімбек. Үйіңіз жоқ па?


Гүлсім. Сол жоқ болған соң жалға іздеп жүрмін емес пе.


Есімбек. Үйі мүлде жоқ адамдар да болады екен ғой.


Гүлсім. Түсінбедім.


Есімбек. Енді ең болмаса ауылда үйіңіз жоқ па?


Гүлсім /мұңданып/. Сіз мені табалап отырған сияқтысыз.


Есімбек. Кісі табалайтын шама жоқ.


Гүлсім. Үй менікі деп тым қатты кетпесеңізші енді.


Есімбек /күліп/. Жарайды, көңіліңізге келсе кешіріңіз.


Гүлсім. Қатын сияқты тіміскіленетін еркектерді жек көремін.


Есімбек. Сонда қатындардың үнемі тіміскіленіп жүретін болғаны ғой.


Гүлсім. Сізге әйеліңіз қалай шыдайды екен.


Есімбек. Ол орын бос. Бақ сынап көремін десеңіз, кәнеки.


Гүлсім. Түсінікті.


Есімбек. Немене түсінікті? Мені өміріңізде бірінші рет көріп тұрсыз, он минут өткен жоқ. Сізге ненің түсінікті болуы мүмкін?


Гүлсім. Немене әдейі хабарландыру беріп, мен сияқтыларды мазақ етіп көңіл көтересіз бе?


Есімбек. Ойпырым-ай деген, мен сияқты дейтіндей не боп қапты сізге. Қол-аяғыңыз балғадай... Жүріңіз енді.


Гүлсім. Көңіл-күйімді бұзып жібердіңіз. Ойнамаймын. Үйдің ішін көрсетесіз бе жоқ па?


Есімбек. Кішкентай бала сияқты ойнамаймын деп шыға келетініңіз қызық екен.


Гүлсім /орнынан тұрып жатып/. Қой, құрысын. Есім барда елімді табайын. Алматыда жалға берілетін жалғыз үй осы емес шығар.


Есімбек. Ренжітсем айып етпеңіз. Барлығы ойын-күлкі, сөз үшін ғой. Мына үйдің ақшасын қалай төлейсіз соны айтыңызшы.


Гүлсім. Саспаңыз, жұмыс істеймін.


Есімбек. Сөйтсе?


Гүлсім. Құдайға тәуба, төрт балам бар. Күйеуім бар.


Есімбек. Мәссаған.


Гүлсім. Не мәссаған?


Есімбек. Сонда туа берген болып тұрсыз ғой.


Гүлсім /орнынан тұрып/. Құдай көп көрмесін. Шын айтамын, сіз мені шаршатып жібердіңіз. Вампир екенсіз.


Есімбек. Отырыңыз, ойнаңыз!


Гүлсім /отырып жатып/. Маньяксыз ба немене?


Есімбек. Әйтеуір әйелдердің ойы бұзық.


Гүлсім. Мен білсем, сіз мүлде жалғыз тұрасыз. Үйленіп көрмеген де шығарсыз.


Есімбек. Қазақтан шыққан Шерлок Холмс сіз болмаңыз.


Гүлсім. Қайдан білді дейсіз бе?


Есімбек. Қайдан?


Гүлсім. Адам психологиясына терең бойлай алмайды екенсіз. Коммуникациялық қасиеттерден мүлде жұрдайсыз!


Есімбек. Мәссаған!


Гүлсім. Иә.


Есімбек. Бекер олай дейсіз, әйелім болған.


Гүлсім. Қайдам...


Есімбек. Қайтыс болып кетті.


Гүлсім. Кешіріңіз... Ойыннан от шығады деген осы.


Есімбек. Жарайды, кешірдім, жүріңіз.


Гүлсім /ойынға назар аударып/. Рахмет. Неден қайтып еді?


Есімбек. Баладан...


Гүлсім. Қазақ екіқабат әйелді бір аяғы жерде, бір аяғы көрде деп бекер айтпайды ғой.


Есімбек. Осыдан отыз жыл бұрын болған жай ғой.


Гүлсім. Қайтып үйленбедіңіз бе?


Есімбек. Жоқ.


Гүлсім. Бала ше?


Есімбек. Қызым бар.


Гүлсім. Ол да болса алданыш.


Есімбек. Қазір тұрмыста. Шетелге кетті. Жылына бір келеді.


Гүлсім. Сонда шынымен мүлде жалғызсыз ба?


Есімбек. Осы уақытқа дейін анаммен тұрдым.


Гүлсім. Ол кісі қайда?


Есімбек. Қайтыс болғанына жыл жарым болды.


Гүлсім. Иманды болсын.


Есімбек. Қатты сырқаттанды. Өзім қарадым. Жаны әбден қиналды марқұмның. Соңғы сәтіне дейін қасында болдым. Қолынан ұстасаң, әбден жұқарған, қағаздай құрғақ терісін сезесің, ар жағында майда ғана, буын тәрізді солқылдақ сүйектері бар. Екі көзі шүңірейіп, жағы солған. Сол шүңірейген көздердің арғы жағынан тіршілік жылтырайды. Кеудесіндегі жаны жылтыңдап, маған таңырқай қарайтын тәрізді. Тән қартайғанмен жан қартаймайды. Осыны ұқтым. Маған жабырқай қарап отырған бұл шал кім дейтін тәрізді. Сәби жаны жылт-жылт етіп жанып тұрып-тұрып, бір уақытта сөнді. Ұшып кетті. Содан кейін жерледім. Перзент парызы ғой.


Гүлсім. Сізге қиын болған екен.


Есімбек. Анамсыз қиын. Бұрын бала кезімде анам маған «мен сені үйлендіремін, тойыңды жасап беремін» дегенде мен «ал мен сіз өлгенде көмем» дейтінмін. Екеуміз де сөзімізде тұрдық.


Гүлсім. Жақсы ғой.


Есімбек. Кім білсін. Кейде дүниеге мүлде келмеген жақсы ма деймін.


Гүлсім. Олай күпірлік жасамаңыз. Алла өмір берген соң, оны сүру керек.


Есімбек /күліп/. Сүріп жатырмыз ғой.


Гүлсім. Шах!


Есімбек /селк ете қалып/. Түу, зәремді ұшырдыңыз... Тақтаны ұмытып кетіппін. Қайта ойнайық.


Гүлсім. Кешіріңіз... Негізі мен онша ойнай алмаймын.


Есімбек. Иә, кездейсоқ болды. Қайта ойнаймыз. Сонымен мұғалімсіз ғой?


Гүлсім. Оны қайдан білдіңіз?


Есімбек. Мұғалімдер мен дәрігерлер басқа мамандық иелерінен өзгеше болып тұрады, шатастыру мүмкін емес.


Гүлсім /күліп/. Несімен?


Есімбек /күліп/. Өз-өздерінен маңғазданып, біртүрлі жер-көкті басқарып па... сондай бір нәрселері бар.


Гүлсім. Байқамаппын.


Есімбек. Назар салып жүрсеңіз байқайсыз.


Гүлсім. Иә, мұғаліммін, дәлірек айтқанда мұғалім болғанмын.


Есімбек. Қазір не істейсіз?


Гүлсім. Жеке кәсіп.


Есімбек. Зауыт па, фабрика ма?


Гүлсім. Түсінбедім.


Есімбек. Қандай өндіріс орнының қожайынысыз деймін?


Гүлсім. А, жоқ, мына Бішкектен тауар әкеп сатамын. Шағын дүкенім бар.


Есімбек. Тамаша. Мәссаған. Атымды жеп қойдыңыз ғой! Есіңіз дұрыс па?


Гүлсім. Енді өзіңіз қорғаусыз қалдырдыңыз.


Есімбек. Ойнай алмаймын дегенге мән бермей отырсам. Бәлесіз ғой.


Гүлсім. Қойыңызшы. Өзіңіз ғой. Міне, тағы шах.


Есімбек. Ей! Мүмкін емес!


Гүлсім. Тақта көз алдыңызда тұр ғой.


Есімбек. Жоқ, бұлай болмайды. Қайта ойнаймыз. Сіз мені алдадыңыз.


Гүлсім. Мәссаған!


Есімбек. Ойнай алмаймын дейді. Өзі үш жүрістен кейін шах қояды. Астапыралла, әйел – зымиян деген осы. Осы! Жоқ, болмайды, қайта ойнаймыз.


Гүлсім. Қызықсыз ғой. Осымен доғарайық.


Есімбек. Жо-жоқ, тұра тұрыңыз. Тағы бір партия. Содан соң болды.


Гүлсім. Жақсы. Біртүрлі болып кеттіңіз ғой.


Есімбек. Иә, өзім кінәлімін. Сізге қарап есім ауып қалыпты.


Гүлсім. Қойыңызшы.


Есімбек. Рас. Жасыңыз қаншада?


Гүлсім. Қанша бересіз?


Есімбек. Отыз жеті.


Гүлсім /қылымсып/. Отыз жетіде сияқты көрінемін бе?


Есімбек. Шындығында отыз екідесіз бе?


Гүлсім. Жоқ.


Есімбек. Астапыралла!


Гүлсім. Қырық алтыдамын.


Есімбек. Ойламас едім. Жақсы сақталыпсыз.


Гүлсім. Ал сіздің жасыңыз қаншада?


Есімбек. Отыз жетідемін.


Гүлсім. Қойыңызшы.


Есімбек. Рас.


Гүлсім. Мүмкін емес.


Есімбек. Неге мүмкін емес. Міне, сізге өте әдемі шах. Енді әділдік орнады.


Гүлсім. Иә. Жақсы.


Есімбек. Бәсе, өзім де бұл қалай болды деп ойлап едім. Үш жүрістен кейін маған шах қою деген ел естіп, көз көрмеген уақиға.


Гүлсім. Қойыңызшы енді. Ұмытыңыз. Жүйкеңіз жұқа екен.


Есімбек. Енді... жас емеспіз.


Гүлсім. Сонымен қаншадасыз?


Есімбек. Елу алтыдамын.


Гүлсім. Не қызмет істейсіз.


Есімбек. Жазушымын.


Гүлсім. Өтірік соқпаңыз.


Есімбек. Рас айтамын.


Гүлсім. Сонда не жазасыз?


Есімбек. Бәрін, реті келсе, сәті түссе бәрін жазамын. Тіпті бүгінгі кешті де жазып жіберуім мүмкін.


Гүлсім. Бүгінгі кештің несін жазасыз...


Екеуі де үнсіз қалады.


Есімбек. Сонда мында төрт балаңмен келмексің бе?


Гүлсім. Иә.


Есімбек. Білмеймін, қожайынға ұнай қоймас...


Гүлсім. Қандай қожайын? Бағаналы бері мен сізді қожайын деп отырмын ғой.


Есімбек. Жоқ, мен өзім қожайынды күтіп отырмын.


Гүлсім. Онда неменеге сізбен шахмат ойнадым?


Есімбек. Білмеймін. Өзің ғой.


Гүлсім. «Сіз қожайынсыз ба» дегенде «иә» дедіңіз ғой.


Есімбек. Жоқ, иә деген жоқпын.


Гүлсім. Түу!


Есімбек. Ренжімеңізші.


Гүлсім. Басымды әбден қатырдыңыз. Ренжімеңіз, бірақ жан төзгісіз кісі екенсіз.


Орнынан тұрып, жиналып, кетуге ыңғайланады.


Гүлсім. Танысқаныма қуаныштымын. Жоқ, өтірік айтып тұрмын. Түк те қуанышты емеспін. Сізбен танысқаныма түк те қуанышты емеспін. Бірақ бәрібір сау болыңыз.


Кетіп қалады. Есімбек мүлде жалғыз. Шахматтарын дұрыстап, жеке-жеке сипалап отырып қалады.


Есімбек. Бекер ренжіттім-ау. Осы әумесер мінезімді-ай. Қандай жақсы әйел. Бейшараны неге сонша мазақ еттім. Кешіріңіз. Сіз мені кешіріңізші, Гүлсім. Қайда болсаңыз да аман-есен жүріңіз. «Мен болмасам болмайын, сол аман ба...», «Жүрегі еттен бе әлде қоладан ба...». Қалай шаршадым. Жалт еткен бір сәуле шығып еді, қандай қылдым... Қашып кетті, безді. Ол да қашқан еді. Осындай бір сәулені бұрын, өте бұрын студент кезімде кездестіргенмін. Жақсы көруші едім. Бірақ тыным бердім бе? «Былай отыр, былай сөйле, былай қара»... «Мына киімді киме, ананы ки»... «Көзіңмен былай қарама, олай қара»... Шұқылап, отырса опақ, тұрса сопақ еткен жоқпын ба. Ол мені жақсы көретін. Жоқ, ол мені сүйді. Бірақ қашты. Себебі менімен өмірінің тозақ болатынын білді. Ол өмірге құштар жан еді. Күлегеш... Жоқ, кейін басқаға, Күләндаға үйлендім. Марқұм жақсы әйел болды. Жанын қинамадым, барлығы бірқалыпты. Тату-тәтті. Неге мен онымен басқа болдым? Себебін білемін. Себебін мен беске білемін. Сүймейтінмін. Себебі мен оны ешқашан сүйген емеспін. Дауа жоқ маған... Сауап, сауап... Өл! Шындап неге өлмейсің сен? Мені кешіріңізші, Гүлсім.


Кенет Гүлсім қайтып оралады. Есімбек состиып аң-таң.


Гүлсім. Сіз менен кешірім сұрап отырсыз ба?


Есімбек. Жоқ, жоқ, әрине. Бір нәрсеңізді ұмыттыңыз ба?


Гүлсім. Жоқ. Жас балаша тұра қашқаным ыңғайсыз болды. Ақыры келген соң, үйді көріп, бағасын біліп кетейін деп... Енді шын қожайын қайда?


Есімбек. Білмеймін. Телефон шалғанымда аулада күт, келемін деген.


Гүлсім. Маған да солай деген еді. Содан кейін ғой, сізді қожайын екен деп қалғаным... Сонда сіздің де үйіңіз жоқ па?


Есімбек. Пәтерім бар... Бірақ анам қайтқалы... ол жерден біртүрлі... жеріп кеттім.


Гүлсім. Аруақ мазалай ма?


Есімбек. Жоға, да. Өзім ғой... тұрғым келмейді, қысқасы.


Гүлсім. Онда неге сатып жібермейсіз?


Есімбек. Әзір ол шешімге келген жоқпын.


Гүлсім. Иә, мына жер сондай жайлы екен. Тыныш, табиғат...


Есімбек. Мен де сонысына қызығып отырмын. Жазу жазғанға ыңғайлы.


Гүлсім. Сіздіңше, қожайын мені төрт баламен мына үйге кіргізе ме?


Есімбек. Балаларың жас па?


Гүлсім. Жоқ, кішкентайы екеу ғана, қалған екеуі ересек, өзіммен жұмыс істейді.


Есімбек. Онда кіргізетін шығар. Хабарландыруда «баласы бар жұптардың мазаламауын сұраймыз» деп жазылмаған ғой.


Гүлсім. Солай жазылған шығар деп шошып кеттім.


Есімбек. Жазылмаған деймін.


Гүлсім. Ал мен жазылған екен деп қалдым.


Есімбек. Жолдасыңыз не жұмыс істейді?


Гүлсім /күмілжіп/. Уақытша жұмыс істемейді.


Есімбек. Төрт баласы бола тұра, жұмыссыз жүрген неғылған еркек.


Гүлсім. Жұмыстан шығып қалғанына көп болған жоқ.


Есімбек. А-а, түсінікті. Күйеуіңізді жақтайтыныңыз ұнайды, әйтпесе әйелдер ішеді, ұрады, жүреді деп еркек бейшараны жердей етеді.


Гүлсім. Қол көтерген емес, бірақ қалғанын көрдік қой.


Есімбек. Әлі де көре беремін дейсіз ғой.


Гүлсім. Басқа салса көрерміз.


Есімбек. Әйелдерді тыңдасаң, еркек біткенді екі аяқты хайуан деп қаласың.


Гүлсім. Мен де солай дер едім.


Есімбек. Еркектер хайуан ба сонда?


Гүлсім. Кішкене келеді.


Есімбек. Ұлдарың бар ма?


Гүлсім. Екі ұл.


Есімбек. Онда сізге олай айтуға болмайды.


Гүлсім. Біз ерте қосылдық. Бір класты бітірдік. Қалада оқып жүрген кезімде келіп жүрді. Содан сөз бұйдаға көп салмай, алып қашып кетті. Жиырмаға да толмаған кезім.


Есімбек. Бұл да бір тіршілік... Оны сүйесің бе?


Гүлсім. Мұқағалидың бір өлеңі бар ғой. Қалай еді?


Есімбек. Жүргенде қатал тұрмыс илеуінде,


Білмеймін, сүйдім бе мен, сүймедім бе...


Гүлсім /күліп/. Иә, осы. Тым жас қосылдық. Балалар дүниеге келді, алдымен екеуі, содан кейін араға он жыл салып, тағы екеуін тудым. Ол там-тұмдап суи бастады. Үйге алдымен кеш келетін болды, содан соң қонбауға айналды. Апталап жоғалып кетеді, ішеді, бір сөзбен айтқанда... Жарайды, бос әңгіме ғой барлығы /тітіркеніп/. Дала салқындап барады.


Есімбек. Мына кісі келмейін деді ғой деймін. Телефоны сөндірулі.


Гүлсім. Енді не істейміз?


Есімбек. Кафеге барып, шай-пай ішіп, жылынамыз ба?


Гүлсім. Жақын маңда кафе бар ма?


Есімбек. Білмеймін.


Гүлсім. Үйге қайтуым керек. Балалар қайда кетті деп жатқан шығар.


Есімбек. Иә, сіз қайта беріңіз. Мен тағы біраз отырамын. Телефон нөміріңізді қалдырып кетіңіз. Қалай болғанда да хабарласып, уақиғаның немен аяқталғанын айтамын.


Гүлсім. Қай уақиғаның?


Есімбек. Мына үйдің хикаясын да.


Гүлсім. А! Иә, әрине. Сіз нөміріңізді қағазға жазып берсеңізші, үйге барған соң звондаймын, сол кезде менің нөмірім сізде шығады.


Есімбек. Былай айта берсеңізші. Соншама күрделендіріп жібердіңіз ғой.


Гүлсім. Соны жатқа білмейтін болып тұрмын ғой.


Есімбек. Иә, жағдай қиын болды. Менде қағаз-қалам жоқ.


Гүлсім. Сізді де жазушы дейді ғой.


Есімбек. Егер нөмірімді айтсам, жаттап аласыз ба?


Гүлсім. Айтып көріңіз.


Есімбек. Бірақ сіз нөмірді қағып, жаттап алатын адамға ұқсамайсыз.


Гүлсім. Иә, жаттай алмаймын.


Есімбек. Енді қайттік?


Гүлсім. Жарайды. Кішкене отыра тұрайын. Келіп қалар.


Есімбек /костюмін шешіп/. Мынаны жамыла тұрыңыз.


Гүлсім. Иә, рахмет.


Гүлсім. Сіз әйеліңізбен қанша жыл тұрдыңыз?


Есімбек. Екі жыл.


Гүлсім. Ал біз жиырма бес жыл. Екі жыл деген не ол? Жарыңыздың күнделікті күйбең тірлікпен, кәрілікпен, түрлі сырқат-дерттермен, сүйектен өтер ауыр сөздермен ластанбаған асыл бейнесін жүрегіңізде сақтап келе жатырсыз. Бақыттысыз.


Есімбек. Солай болса солай шығар.


Гүлсім. Жазушы болған қызық па?


Есімбек. Қызық.


Гүлсім. Мысалы?


Есімбек.Жазасың...


Гүлсім. Осы-ақ па?


Есімбек. Жазушыны адам психологиясының майталманы деп бекер айтпайды ғой. Адам танисың. Психолог мамандарың шаң қауып жолда қалады. Барлығын көріп тұрасың.


Гүлсім. Ал менен не көріп отырсыз?


Есімбек. Тағы бір партия ойнайық. Содан кейін айтамын.


Гүлсім. Жақсы, реттеңіз.


Есімбек. Содан кейін не болды?


Гүлсім. Не айтып отыр едім?


Есімбек. Күйеуім ішкіш, жүргіш дедің.


Гүлсім. Ойбай, қойыңыз, олай деген жоқпын.


Есімбек. Сүймеймін деген де жоқсыз ба?


Гүлсім. Олай деуім мүмкін емес...


Есімбек. Онда сүйесіз ғой.


Гүлсім. Сіз қызықсыз, жиырма бес жыл бірге келе жатқан адамды қалай сүйемін немес сүймеймін дейсің.


Есімбек. Қайдам, өзім ешкіммен жиырма бес жыл тұрып көрмеппін.


Гүлсім. Әлдене деу қиын, көнуге тура келеді.


Есімбек. Кім мәжбүрлейді?


Гүлсім. Ешкім. Өзің.


Есімбек. Ажырасу деген нәрсе келмеп пе еді басыңа.


Гүлсім. Жоқ, қайдағы, керісінше, енді балаларды құтты орындарына қондырып, немере сүйсек, ата-әже болсақ дейміз.


Есімбек. Сондай әдемі әйелсіз.


Гүлсім. Олай қалжыңдамаңызшы.


Есімбек. Қайдағы қалжың, сізді жасы елуге келіп қалған, төрт бала тапқан деп кім айтады.


Гүлсім. Қатты қалжыңдайды екенсіз.


Есімбек. Өтірікші екенсің демегеніңе рахмет. Пілді қайда апара жатырсың? Алдында пешкі тұр ғой.


Гүлсім. Байқамаппын, кешіріңіз. Онша ойнай алмаймын деп айттым ғой. Мынау Уәзір ме еді.


Есімбек. Иә. /өзіне өзі/. Кенет жынды болып қалды.


Гүлсім. Сонымен неге сонша көп және көпе көрнеу өтірік айтасыз?


Есімбек. Ақыры айттыңыз-ау өтірікші деп.


Гүлсім. Жақсы, неге сонша қалжыңқойсыз.


Есімбек. Әдет боп кеткен.


Гүлсім. Түсінікті. Өстіп жүріп, шыныңызды айтқанда ешкім сенбей қояды. Мен балаларға үнемі осылай деймін. Өтірікті кейде, айтпауға болмайтын кезде ғана айту керек, әйтпесе шын сөзіңе ешкім сенбейтін болады деймін. Шах!


Есімбек. Былай алып кеттім. Дегенмен сіз бәлесіз.


Гүлсім. Қойыңызшы. Қазір көзіңіз тиеді.


Есімбек. Жарайды. Өтірікті айтпауға болмайтын кез деген қай кез сонда?


Гүлсім. Білмеймін. Өмірде түрлі жағдайлар болады ғой. Аса маңызды, екіталай кезде, жаның қысылғанда ғана айту керек.


Есімбек. Мынауыңыз керемет жаңалық болды ғой.


Есімбек. Керемет. Бұған өз ақылыңызбен жеттіңіз ба?


Гүлсім. Иә, өмір үйретті. Пешкі былай жей ме?


Есімбек. Жейді. Енді жеңіз, неге тосылып қалдыңыз, жалмауыз. Кешіріңіз, сізге айтпаймын.


Гүлсім. Енді кімге айтып отырсыз?


Есімбек. Ал маған, бүгін, осы танысқалы бері өтірік айттыңыз ба?


Гүлсім /күмілжиді/. Сіз қызықсыз, адамнан олай сұрауға болмайды.


Есімбек. Неге?


Гүлсім. Сұрауға болмайтын нәрселер болады, бұл соның бірі.


Есімбек. Онда айтқан болдыңыз ғой.


Гүлсім қатты ыңғайсызданады.


Есімбек. Сонда не жаныңызға зор келді? Ешқандай қауіп-қатер төніп тұрмаған сыңайлы. Өз-өзіңізден өтірік айтқан болып тұрсыз ғой.


Гүлсім. Кейде жапсырып жамау үшін, қиысып кетсе айтасың ғой.


Есімбек. Неге?


Гүлсім. Білмеймін.


Есімбек /таң-тамаша қалып/.  Сізге қарап ішегімді тартып таң қалғым келіп тұр.


Гүлсім. Қойыңызшы. Ұялта бердіңіз ғой.


Есімбек. Сонымен?


Гүлсім. Не сонымен?


Есімбек. Сөзіңіздің қай жерінде кетті өтірік?


Гүлсім /тездетіп, жиналып/. Қой, құрысын, кеш болып бара жатыр. Қайтайын. Ренжімеңіз. Танысқаныма қуаныштымын. Сау болыңыз.


Есімбек. Ей, қарындас, қарындас!


Гүлсім /күліп жібереді/. Сіз де қоймайды екенсіз.


Есімбек. Кетіп үлгересіз. Ең болмаса айтып кетсеңізші. Әйтпесе түрлі жорамалмен мына шақшадай басым шарадай болады ғой.


Гүлсім. Жаман ыңғайсызданып тұрмын...


Есімбек. Жарайды, не боп қалды соншама, о несі! Құдайдың алдында тұрған жоқсыз ғой. Өтірікті қарша боратқанда ұялмайды да, мойындауға ұялады. Оқушыларға қандай өнеге бергенсіз өзіңіз?


Гүлсім. Иә, дұрыс айтасыз. Мойындай білу керек. Дұрыс.


Есімбек. Со-ны-мен...


Гүлсім. Иә. Күйеуіме қатысты... айтқанмын...


Есімбек. Сонда немене күйеуіңіз жоқ па?


Гүлсім. Қазір жоқ, бірақ ол қайтып оралады.


Есімбек. Міне, қызық-тамаша! Сонда қайда? Сайыпқыраныңыз бас бостандығынан айырылып, абақтыда отыр ма?


 Гүлсім /үш түкіріп, үстелді үш рет тақылдатады/. Жоға, құдай сақтасын. Уақытша бірге тұрмаймыз.


Есімбек. Басқа қатын алып кеткен болып тұр ғой.


Гүлсім. Қазір онымен де ажырасып кетті.


Есімбек. Сонда сізге қайта қосылғысы келеді ғой.


Гүлсім. Иә.


Есімбек. Ал сіз ше?


Гүлсім. Білмеймін. Төрт баланы жалғыз асырап баққан қиын.


Есімбек. Түсінікті.


Гүлсім. Солай.


Есімбек. Білесіз бе, мына үйді сіз-ақ алыңыз, маған керегі жоқ. Қара басыма баспана табылар. Сіздің жағдайыңызда керегірек. Төрт бала, алда байыңызбен қайта қауышу бақыты күтіп тұр.


Гүлсім. Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз.


Есімбек. Жоқ, бәрін өте дұрыс түсіндім, қош болыңыз.


Кетіп қалады. Сахна қараңғыланады. Сахнада Гүлсім жалғыз қалады.




ЕКІНШІ КӨРІНІС



Сол баяғы сахна. Гүлсім отыр. Есімбек қайтып келеді.


Есімбек. Шахматымды ұмытыппын. Жүре беріппін ғой. Джентельмендік дегенді қойсаңшы.


Есімбек шахматын жинап күйбеңдеп жүр. Гүлсім жақындайды.


Гүлсім.  Сізге рахмет. Мынандай су тегін, хан сарайындай зәулім  үйді тастап жүре бергеніңізді ерлікке балаймын.


Есімбек /күбірлеп/. Ерлік түгі де жоқ.


Гүлсім. Жоқ, бұл сіздің азаматтық болмысыңызды көрсетеді.


Есімбек /ыңғайсызданып/. Қайдағыны айтпаңызшы. Төрт бала деген оңай емес, төрт баламен ойнауға болмайды...


Гүлсім. Иә...


Есімбек. Содан кейін әлі қожайынмен келіскен жоқсыз... Кім біледі... Дегенмен онымен де шахмат ойнасаңыз, бағыңыз жанып қалар.


Гүлсім /күмілжіп/. Ойнайық десе... білмеймін... көреміз.


Есімбек. Бірақ күйеуіңіз болса, екі балаңыз жұмыс істесе, сіздің сипатыңыз, міне, қос білегіңізді сыбанып тұрсыз... Сіздің отбасыңыздың қасында мен қорғансыз бейшара болып қалады екенмін де.


Гүлсім. Олай демеңіз. Тепсе темір үзетін жігіт ағасысыз. Соншама асылық жасамаңыз.


Есімбек. Мүгедекпін.


Гүлсім. Қойыңызшы.


Есімбек. Рас.


Гүлсім. Баяғы қырық өтірігіңіздің бірі шығар.


Есімбек. Өз басыма ондай нәрсе тілеп өтірік айтпайтын шығармын.


Гүлсім. Қайдам...


Есімбек. Сенбейсің бе? Құжаттарымды көрсетейін.


Гүлсім. Былай сап-сау сияқтысыз.


Есімбек. Есім кіресілі-шығасылы. Бүгін көрген нәрсемді ертең тып-типыл ұмытып қаламын. Мысалы, бүгін сізбен танысып, сөйлесіп отырмыз ғой, ертең көшеде кездессек қасыңыздан танымай өте шығамын.


Гүлсім. Егер мен тоқтатып, амандассам ше?


Есімбек. Жылы жымиып, қолыңызды қысуым мүмкін. Ал егер жанарыңызда сиқырлы сыр сезсем, мықыныңыздан битіп сипауым да ғажап емес.


Гүлсім. Ойбай!


Есімбек /ыңғайсызданып/. Кешіріңіз, жай, көрсеткенім ғой.


Гүлсім. Жақсы, бопты, түсіндім. Тіпті жақсы. Жолыңыздан қалмаңыз, жаңа кетіп бара жатыр едіңіз. Танымасаңыз, танымай-ақ қойыңыз.


Есімбек. Қиялға беріліп кетіппін, айып етпеңіз... Өзіңіз асау байталдай секіріп тұрсыз ғой.


Гүлсім /жылап қалады/. Айдалаға келіп, кім көрінгенге мазақ болғанымды-ай. Қу тіршілік-ай не істетпедің...


Есімбек қатты сасады.


Есімбек. Кешіріңіз енді, ренжітейін деген ойым болған жоқ.


Гүлсім. Шаршап кеттім, бұл ит өмірден қатты шаршадым. Не кәсібіммен жұмыс істей алмадым, анда тартсаң, мында, мында тартсаң, анда жетпейді,  байымның түрі анау, ал сіз... сіз болсаңыз мынау...


Есімбек. /Күбірлеп/ Кешіріңізші. Қаласаңыз, тізерлеп тұрып кешірім сұрайын.


Гүлсім. Көзіме көрінбеңізші. Кетіңізші. Еш нәрсенің керегі жоқ. Тек кетіңізші.


Есімбек тізерлеп отырады.


Гүлсім /шошынып/. Қой, тұрыңыз, не болды сізге? Еркек емессіз бе?


Есімбек. Жыламаңызшы.


Гүлсім. Қайдан таныстым сізбен, қайдан кезіктіңіз...


Есімбек. Жыламаңызшы.


Гүлсім. Болды, жыламаймын. Неменеге жылаймын, ел аман, жұрт тыныш...


Есімбек /өзі де жыларман болып/. Сөйтіңізші енді.


Гүлсім. Тұрыңыз.


Сүйемелдеп тұрғызады.


Гүлсім. Шындығында ешнәрсені ұмытпайсыз ба?


Есімбек. Өкінішіме қарай, ешнәрсені ұмытпаймын. Сізді әсіресе... ұмытуым неғайбыл...


Гүлсім /үмітпен/. Мүгедекпін деп те қалжыңдадыңыз ба?


Есімбек. Қалжыңдаған жоқпын.


Гүлсім. Сенбеймін.


Есімбек. Чернобыльда радиация алғанмын. Ішек-қарнымның сау тамтығы жоқ.


Гүлсім /сенбей мазақтап/. Ойбуу, құдай-ай. Алда байқұс-ай.


Есімбек. Қалжың емес. Күніне бір келі дәрі ішемін.


Гүлсім. Қиын екен.


Есімбек. Құдайдан өлім тілесең азап береді. Чернобыльге сұранып өзім барып едім.


Гүлсім /илана бастап/. Сонда... өлу үшін бе. Олай болмайды ғой. Кешіріңіз... Былай қараса, сап-сау сияқтысыз. Бойыңыз, денеңіз...


Есімбек. Денем ұнай ма?


Гүлсім. Жоқ. Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз.


Есімбек /шахматты тез жинастырып/. Демек ұнамаймын ғой.


Гүлсім. Жоқ, ұнайды... Ұнайсыз.


Есімбек /жақындап/. Сіз де маған бір көргеннен қатты ұнадыңыз.


Гүлсім. Рахмет. Сіз де маған қатты ұнап қалдыңыз.


Есімбек. Қызық. Бүгін таңертең тұрғанда бүгінгі күннің басқа күндерден өзгеше болатынын тіпті сезбедім де. Барлығы әдеттегідей еді. Енді міне күтпеген жерден Сіз кездестіңіз.


Гүлсім. Иә, өмірдің тосын сыйлықтары мол.


Есімбек. Сізді қайдам, өзімді тосын сыйлыққа малынып жүрмін деп айта алмаймын.


Гүлсім. Мен де, мен де малынып жүрген жоқпын.


Есімбек. Бірақ бүгін тосын күн болды.


Гүлсім. Иә.


Есімбек. Мен осында мәңгі қалуға келісер едім. Шахмат, Сен, жасыл желекке бөленген аула.


Гүлсім. Керемет.


Есімбек. Ал сенің балаларың үйде телевизор көріп отыр.


Гүлсім. Иә, олар телевизорды бас алмай көреді.


Есімбек. Ал біз екеуіміз аулада шахмат ойнап отырмыз.


Гүлсім. Керемет. Мына жерде ыстық шай, ыстық бауырсақтар тұр. Кесең босағанда, мен шай құйып қоямын.


Есімбек. Иә... Мен өз бақытыма өзім сене алар емеспін.


Гүлсім. Мен де...


Әндетеді.


Асыл жарым,


Жайнаған жасыл бағым...


Арманды дара қумаймыз,


Құстың қос қанатындаймыз.


Жанарға от жағып,


Тауларды бетке алып


Бірге ұшып барамыз болашаққа...


Есімбек /толқып/. Осында қалайықшы.


Гүлсім. Бір-бірімізді танымай, білмей, қала береміз бе?


Есімбек. Барлығы түсінікті емес пе.


Гүлсім. Мен сізді білмеймін ғой...


Есімбек. Бұл жоқ дегенің бе?


Гүлсім. Сіз бәрібір балаларыма туған әкесіндей бола алмайсыз.


Есімбек. Оны қайдан білесің? Бәлкім, туған әкелерінен артық болатын шығармын?


Гүлсім. Білмеймін...


Есімбек. Батылдығың жетпей ме?


Гүлсім. Жетпейді. Мүлде...


Есімбек шахматын қолтығына қысып, орындыққа отырады.


Есімбек. Бұл өмірде не тындырғанымды өзім де білмеймін. Не отбасын құрмадым, не үй салмадым. Қызыма да жөнді тәрбие бере алмаған сияқтымын.


Гүлсім. Қойыңызшы, неге олай дейсіз?


Есімбек. Әйтпесе осылайша тойғанына мәз болып жат жерде қалар ма еді. Анам бақты ғой ол қызды. Ал мен сағым қуып, көз алдым тұманданып жүре беріппін. Қиял әлемі мекенім болыпты. Ол да болса анамның арқасы. Ал қазір... Ол кісі кеткелі... білмеймін. Кенет есімді жиғандаймын. Мүлде жалғызбын.


Гүлсім. Туыстарыңыз жоқ па?


Есімбек /қолын сермеп/. Қайдағы туыс?


Гүлсім. Ағайын-туған, бауырларыңыз, нағашы-жекжат.


Есімбек. Жоқ. Ешкім жоқ!


Гүлсім. Иә, қиын екен.


Есімбек. Бірақ сізді тыңдап отырсам, сіздің де жетісіп жүргеніңіз шамалы сияқты.


Гүлсім. Неге олай дейсіз, балаларым бар, күйеуім бар. Аллаға тәуба.


Есімбек. Ол не өмір, күйеуіңізді не сүйетініңізді не сүймейтініңізді білмейсіз.


Гүлсім. Қызықсыз, дүниеде барлығы сүю мен сүймеуге тіреліп тұрған жоқ қой.


Есімбек. Қалайша? Мен түсінбеймін! Сүймейтін адамыңмен бірге тұру, оның қойнына жату қылмыс емес пе? Сіз қылмыскерсіз!


Гүлсім. Ашуланбаңызшы.


Есімбек. Жоқ, ашуланып тұрған жоқпын. Жоқ, шыныңды айтшы, сен ол адамнан іштей тітіркенесің ғой. Шыныңды айтшы...


Гүлсім. Әсіресе тамақ ішіп отырғанда... Шалп-шалп етіп шайнап, қылқ етіп жұтқаны, содан кейін ернін шыны ішіне батырып шай ішкені...


Есімбек /сыбырлап/.Көрдің бе?


Гүлсім. /сыбырлап/. Иә...


Есімбек. Онда неменеге қаласың? Не ұстап тұр сені? Обал емес пе? Саған да, оған да... Малсыңдар ма?


Гүлсім. Жоқ...


Есімбек. Енді кетпеймісің?


Гүлсім. Қайда?


Есімбек /шалт түзеліп/. Кетем деген адамға кететін жер табылады ғой.


Гүлсім. Мысалы?


Есімбек. Өзіңнің жеке кәсібің бар, екі балаң өскен, өз қолдары өз ауыздарына жеткен, екі баланы өйтіп-бүйтіп асырауға болады ғой.


Гүлсім. Сосын?


Есімбек. Сосын – болды.


Гүлсім. Мақсат не?


Есімбек. Өтірік айтпайсың, арыңның алдында таза боласың, Құдайдың алдына барғанда мен жалған өмір сүрген жоқпын, денем тітіркеніп, жек көре тұра сүймейтін адамыммен тұрған жоқпын, өзіме өзім, Саған адал болдым дейсің. Бұл аз ба?


Гүлсім. Шынымен қияли екенсіз...


Есімбек. Сіз мені түсінбедіңіз.


Гүлсім. Жоқ, түсіндім. Айтып отырғаныңыз идеалдағы өмір ғой. Ол мына фәни жалғанда мүмкін емес.


Есімбек. Неге мүмкін емес? Сіз екеумізге Алатаудың ең биік шыңына көтерілу мүмкін емес. Бірақ оның өзі мақсат етіп қойса, мүмкін. Мүмкін! Адал өмір сүру әбден мүмкін нәрсе. Түкке де тұрмайды. Сенбейсіз бе? Неге сенбейсіз?


Гүлсім. Ал ол ше?


Есімбек. Кім?


Гүлсім. Менің жолдасым. Аяғының астында тұрған қара жер бір-ақ сәтте бүлк етіп бұлқынып, тайып шыға келсе, оның күні не болады? Соны ойладыңыз ба? Ол мүлде жалғыз қала ма сонда?


Есімбек. Неге жалғыз? Өзін сүйетін, ас ішкеніне сүйсіне қарап, рахаттанатын басқа біреуді табады. Сіз оны күн сайын аз-аздан улап өлтіріп жатырсыз ғой. Көңіл-күйіңізбен, жиіркенішіңізбен. Ал ол өзін сүйетін басқа жанды тауып, нұрға малынған гүлше рахаттанып жапырақ жаяды, құлпырады.


Гүлсім. Шын айтасыз ба?


Есімбек. Шын.


Гүлсім. Ал сіз ше? Сіз осы уақытқа дейін сондай біреуді неге таппадыңыз? Неге жалғызсыз?


Есімбек. Менің жырым басқа...


Гүлсім. Құпия болмаса ол қандай жыр?


Есімбек. Маған жан баласы ұнамайды. Ешкімді жақсы көрмеймін. Бірақ адамдар мен сияқты емес. Олар басқа. Сіз де басқасыз. Сіз мысалы өзіңізге сүйікті болатын жанды кездестіре аласыз.


Гүлсім. Рахмет, әрине. Қой, құрысын, есім барда елімді табайын шынымен де.


Есімбек. Бірақ сіз маған ұнайсыз. Кетпей-ақ қойыңызшы.


Гүлсім. Мүмкін емес...


Есімбек. Неге? Өмірді біз өзіміз күрделендіреміз, барынша күрделендіреміз. Ал шындығында барлығы оп-оңай, қарапайым.


Гүлсім. Мен сізді мүлде түсінбеймін. Бірақ сіз маған өте ұнайсыз.


Есімбек. Қаласыз ба?


Гүлсім /күледі/. Ал сіз қалай ойлайсыз?


Есімбек. Білмеймін.


Гүлсім. Мен де білмеймін...


Есімбек. Сонда кім біледі?


Гүлсім. Білмеймін.


Есімбек /мұңданып/.Өмір өтіп бара жатыр.


Гүлсім. Иә. Мен кеттім. Балалар алаңдап жатқан шығар.


Есімбек. Иә, әрине, сау болыңыз. Мен үйді жалға алып қоямын. Сізді осы жерде күтемін. Естіп тұрсыз ба? Күтемін!


Гүлсім. Иә. Алла жар болсын Сізге.


Есімбек. Сен бірақ ораласың ғой?


Гүлсім /жылап/. Білмеймін. Оны қайдан білемін?


Есімбек. Мен күтемін.


Гүлсім /жүгіріп кетеді/. Иә-иә......


Гүлсім кетеді. Есімбек жалғыз қалады.


Соңы.

 


ce259a722a3724c70aa9c5bdbc5bcefb.jpeg

Мадина Омар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар