Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Төлеген Айбергеновтің ақындық туралы айтқандары...

07.03.2017 9636

Төлеген Айбергеновтің ақындық туралы айтқандары

Төлеген Айбергеновтің ақындық туралы айтқандары - adebiportal.kz

Зергер жазылған жыр үшін


  Поэзия – адам көкірегінің ең алыс түкпірлеріне дейін шымырлап, жаңғырып, шулап, буырқанып жететін ең сұлу жан сыры, тұтас бір халықтың басынан кешірген рухани өмірінің көркем шежіресі. Адамның сол ішкі жан-дүниесі шынайы адам сыры жайлы бүкпесіз ақтарыла сөйлегендіктен де нағыз поэзияның ғұмыры шексіз.

f32c336fad21269d71851a1662ccccc2.jpg

Адам тілі – біздің кәдімгі күнделікті өмірде қолданып жүрген қарапайым сөздеріміз ақын жүрегінің мыс қазанына түсіп, асқақ шабытпен қайнап қорытылғанда небір құлақ естіп, көз көрмеген ғажайыптар жасауға бар. Бұған оқушы былай тұрсын, сол поэзияны өз қаламымен тудырған ақынның (егер ол нағыз ақын болса) өзінің де жағасын ұстап, таңдана қарайтын кездері аз емес. Поэзия қашанда өзінің осы сиқырлы күшімен адам баласының басынан кешірген арғы-бергі бүкіл өмір тартысының, ізгі арман-мұратының арулығын, өмірлілігін, ұлылығын бейнелеп келді. Өмірдің өзін сұлулыққа құштарлық деп қарайтын болсақ, поэзияны одан бөліп алуға болмайды, өмір жайлы әңгімелейтін поэзияның болмауы мүмкін емес. Адам өміріндегі ғасырларға бергісіз ғажайып сәттерді терең жан толқынымен тебірене дәріптемеген, қуаныш былай тұрсын, оның қайғысы мен мұңының өзінен де сұлулық мен өмірлілік тауып, оны поэзияның жоғарыда айтылған сиқырлы қуатымен алға тарта алмаған поэзия – поэзия бола алған емес. Ол сияқты тек қана «ұйқасы бар» ауа жайылған мақсатсыз өлең жолдары барлық ғасырдың бүкіл әдебиетінде болған. Қазірде де бар. Бірақ біздің сөз еткелі отырған тақырыбымыздың мақсаты ондай адам ұлылығы алдында қарыздар, тіпті күнәлі болып келген қансыз-сөлсіз шумақтар жайлы емес, біздің ғасырлар бойына аузымыздың суы құри тамсана, таңдана айтып тауыса алмайтын кіршіксіз қимас сәттерімізді ұлылықпен бейнелеген, бүін де бейнелеп отырған, ұлы Белинскийдің сөзімен айтқанда «Адамды қайыршылық пен бейшаралыққа ұшырату оңай, мықты болсаң сен оны бақытты етіп көр» дейтін поэзия жайлы болмақ.

Көкірегі поэзиясыз адам жоқ. Өмірдің бүкіл құбылысы мен қимылына зер салып махаббатпен қарай алғандықтан ғана ол нағыз ақын. Сондықтан да оқырман көпшілік ақынға шексіз ілтипатпен қарайды. Оның шексіз шұғыласына заңсыз ортақтасып, ақын атын жөнсіз иеленіп жүрген жолбике өлең кəсіпкерлері біздің əдебиетімізде де баршылық болғанымен, нағыз ақындар кеудесінен құлаған көк айдар мөлдір өзендер шабысын таптатқан жоқ. Әдебиетімізде біз ұнататындар аз болмағанымен, үлкенді-кішілі оқырман көпшілік пен қаламдас ағалардан кешірім өтіне тұра, өз басым «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» жатталып қалмаған өлеңді ақындық асқақ қуатынан туға шын мәнісіндегі нағыз поэзия деп есептеймін. Нағыз өлең адам денесі сияқты құрамды құбылыс. Оған ой да, сезім де, шеберлік те – бәрі де керек. «Литературная газетаның» бетінде жарияланған Евгений Винокуровтың өлеңдеріне жазған алғысөзінде Сергей Наровчатов айтқандай «өлеңге тіпті елуінші бірнәрсе болса», ол да керек. Өлең осы керектердің бəрін өз бойына сіңіріп, төрт аяғын тең басқан кезде ғана жатталып қалмақ. Мұндай поэзия сонау халықтық өлең-жырлардан бастап, біздің күні бүгінге дейінгі ақындық әлеміміздің арғы-бергі тарихында аз емес. Əдебиетіміздің басына түскен талай-талай ауыртпалыққа араша болып, оны тарихтың алыс сапар-сүрлеулерінен күні бүгінге дейін адастырмай сүйреп алып келе жатқан да осы поэзия! Оның орны өлең-жырының көне тарихы хатта қалмай, жұртта қалған біздің қазақ топырағында, әсіресе, бөлек. Күні кешеге дейін дүниеге көзімізді алдымен сол поэзияны жаттап ашқан біздің оны мансұқ етуге хақымыз да, дəлеліміз де жоқ. Бұны баса айтып отырған себебіміз, соңғы кезде, әсіресе, поэзиямыздың жас күштері арасында өзара «Оқырманның бәріне бірдей ұнай беру шарт емес, әркімнің сүйіп оқитын өз оқушысы бар» деген сыңаржақ пікір жиі бой көрсетіп қалып жүр. Бұны айтушылар оған дәлел ретінде Маяковскийдің «Біріне-бірі ұқсамайтын әртүрлі ақындар көбейе берсін» деген ұранын көлденең тосады. Бірақ біз революция трибунының ол пікірін дұрыс түсінуге тиістіміз. Əдебиетте өзіндік творчестволық беті, ақындық сүрлеу соқпағымен дараланған дарынды ақындардың көбейе беруіне кім-кім де тілектес. Ондай ақындар көбейген сайын нұр үстіне нұр. Шіркін, біз онда өмірді қаншама бай қыры, қыруар бояуларымен көрер ек, көз алдымыздан поэзияның қаншама таңғажайып жаңа меридиандары ашылған болар еді!..

Алайда ұлы ақынның бұл ұранына оқушы қауымды өзінше «бөліп алып», әр ақын «өз оқушысына арнап» өлең жазуы керек дейтін пікірдің үш қайнаса орпасы қосылмайтыны хақ. Оқырманға бір ақынның көбірек, екінші ақынның азырақ ұнайтын болуы мүмкін. Бұл заңды да. Оқырманның өзі мақсұт тұтқан ой-арманына, дүниеге көзқарасы мен түйсігіне қай ақын жазған поэзия тонның ішкі бауындай жақын тұр, оның жүрек қылын қандай пернелер сөйлете алады, ол соған байланысты болар. Бірақ бұдан оқырманға бір ақын ғана ұнауға тиіс, ол соның поэзиясымен ғана сырласып өмір сүре алады деген ұғым тумасқа керек...

Әр ақынның өзінің сүйіп оқитын оқушысы болады деу, шынтуайттап келгенде, ол ақын әлі көпшілік ортақ азаматтық жүрек тілінің ақыны дәрежесіне көтерілмеген, оның поэзиясында әлі де жазылып бітпеген ақындық әлемнің ішкі мерездері – салқындық пен бұлдыр түсініксіздік, жансыздық пен солғындық бар деген сөз. Әдебиеттің ары үшін жыр жазатын әрбір ақын (егер ол нағыз ақын болса) өзінің отсыз жазылған жылымшы өлеңдерінің күнәсін бұл сияқты жаңсақ пікірлермен бүркелемеуге тиісті...

  Адамзат ақыл-ойы жаратқан бүкіл поэзияның тарихы – алдымен жалғыз шумақтың іші мен сыртының үндестігі мен жаңғырығы үшін болған кескілескен күрестің тарихы десек артық бола қояр ма екен. Мейлі, ол қанша жолдан тұрмасын, ақын алдымен сол «жалғыз» шумақты ұқсату үшін  ойы мен сезімін сарп етеді. Оны жасап болды, тағы бір «жалғыз шумақтың шайқасы» басталады... Демек, «тек көзбен көріп қана оқылатын поэзия да болады» дегенді біздің сол ұқсату жағының ақсап жатқандығынан деп топшылағанымыз мақұл. Өлең жатталмайды деген сөз – онда қандай да бір ұлттық бірдеңенің, қазақ өлеңіне тəн қарапайымдылық пен жарқындықтың жетіспегендігінен. Өлең ғой – өлең, шебер де ойлы, айқын да түсінікті жазылған проза да жатталып қалады емес пе? Өлеңнің өлең болуы үшін оған алдымен ұлттық коларит, ырғақ пен сөз керек. Оның адам жанының ең алыс қалтарыстары мен бұлтарыстарындағы бүкіл тебіреніс тетігін түгел іске қосуы шарт. Ақын творчество адамы болғандықтан, алдымен өзі жазатын тілде ойлауға, сол ұлттың психологиясына ене отырып жыр тудыруға тиіс. Аттары əлемге əйгілі жыр данышпандарының қай-қайсысының да өмір құбылыстары мен тарихи оқиғалары өз ұлтының көзімен көру арқылы дүниеге танылғандығын ешкім де бекер дей алмайды.

Ақын алдымен өзіндік тарихы мен тұрмыс-салты, дүниеге көзқарасы мен байлам-болжамы бар белгілі бір халық пен мекеннің ақыны болуға тиіс. Өлеңнен оны жазып отырған халық өкілінің, яғни ақынның географиялық орыны, өмір сүрген дәуірі, өзіндік өзгеше табиғаты, өз ою-өрнегі мен бояуы тасқа таңба басқандай сайрап жатуы шарт. Алдымен өз жаратылысының суреткері болмай, өзі өскен ортаның жан тұңғиығына терең бойламай, өз географиясы мен тарихының асыл арманын тамсандырмай, өзге жұрт жүрегіне жол тапқан творчествоны күні бүгінге дейін әдебиет тарихының білмейтіні де сондықтан болар...

Жалпы, поэзия дегеннің өзі бір жақты қараған кісіге табан астынан ойда жоқта жарқ ете қалған талғампаз да парасатты сұлулыққа таңдай қаға таңдану ғой! Мол тебіреністен туған бұл жырлардың «дәлелденбейтін сиқыры» көгілдір заңғар кеудеден көсіле құйылған ерке наздылығы мен еркін саздылығында екені даусыз. Осы күні өлеңге алдымен ой керек деп ұран көтеріп жүрміз ғой. Оны біз де қуаттаймыз. Бірақ сол ойды қалай айта алу керек. Мәселе сонда.

Өмірді терең білмей, образың бай болмай оқушыға көкейдегі көрікті ойыңды дəл басып жеткізе алмайсың. Өлеңдегі ой қайнары дегеніміздің өзі де ақын көкірегінен шексіз махаббат, кереметтей білімдар сезгірлікпен жаңғыра сарқыраған осы образдылықта жатыр. Жалпы, өмірдің өзі осы образымен, басқаша айтқанда, сенің айтып ртырған қимыл-құбылысыңа ұқсас екінші, үшінші, тіпті жүзінші нәрсенің (іздеп таба алсаң одан да көп) барлығымен, соның бәрін болмаса да басым көпшілігін білгеніңмен қызық, сұлу және парасатты емес пе? Сол ұлан-ғайыр «ұқсамайтын ұқсастықты» ақындық жүрекпен, пәк махаббатпен тебіреніп тауыса алмай жырлаудың өзінде қаншалық дархан философия бар!

Образсыз ой көрінуші ме еді?! Татымсыз жалаң дидактикада қандай салмақ болмақ?!

Күні бүгінге дейін ақындық шежіресінің бүкіл арманы сегіз қырлы, бір сырлы, төрт аяғын тең басқан таңғажайып жыр жазу болып келді, бұдан соң да солай болып қала бермек. Егер ақындық, алып қуат пен шеберлік жететін болса, адамзат жасайтын қыруар дəуірлердің сынынан мүдірмей өтетін «поэзияның поэзиясын» жарата алғанға не жетсін!

Шеберлік жолы – шексіз. Бізді таң-тамаша қалдыратын сиқырлы поэзия – сол құдіретті шеберліктің бел баласы.  

Қайталап айтамыз, шеберлік жолы – шексіз. Бұл айтылғандар оның мыңнан бірі де емес. Біздікі тек өз аңғарған-түйгендерімізді сырласу ретінде осылай ортаға салсақ, туған поэзиямыз жайлы көпшіліктің жанашыр пікіріне түрткі бола алар ма екенбіз деген ой.



АҚЫН СЫРЫ

Есімнен шықты, алғашқы жырды қай күні менің жазғаным. Бірақ оған шексіз қуанғаным есімде. 10 жылдан астам сонан соң өлең жаздым да, 4000 жолдайын өртедім. Өз өлеңім деуге қимадым, намыстандым. Өйткені нашар болатын. Талай жолдастарым бұныма ренжіген болды. Оның ұнамды қасиет еместігін айтып ақыл-кеңес берді. Мен оларға қарсы да болғам жоқ, мақұлдамадым. Дегенмен, өз ойымша, күні бүгінге дейін, бір ғажабы, мен соған өкінген емеспін. Екі жинағымның да көлеміне көңілі толмағанкей жостарым менен бүгінде: «Ендігі жинағың қалай, бұдан көлемдірек болар» деп сұрайды. Әлгі өртенгендерді қосып бере бергенімде, оны маған көрсетпей өздерінің де өртеп жіберуі мүмкін еді ғой. Өзгелер өртемей тұрғанда, өзіңнің дүниеңді өзің өртегенге не жетсін!

Мен тіпті бүгінде сонша қуанам да. Бірақ, ол мол еңбектің далаға кетпей, шеберлік шыңдауға қосқан үлесінде шек жоқ екенін білемін. Дегенмен, өртегенім жақсы болған.



АҚЫНДЫҚ

Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын.

Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,
Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың.


(Ақынның шығармалар жинағынан)


Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар