Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ әдебиетіндегі жазушы әйелдер

07.03.2017 9521

Қазақ әдебиетіндегі жазушы әйелдер

Қазақ әдебиетінде әйел теңдігі, ана махаббаты туралы том-том шығармалар жазылып, музаға айналса да, жазушы ретінде биік белестерді бағындырған әйелдер саусақпен санарлық. Оның себебі де жоқ емес. Жазушы дегеніміз – үлкен институттың шаруасын жалғыз өзі атқаратын кемел жаратылыс. Ол деңгейге өту үшін тағдыр жазған талант аздық етеді, үздіксіз ізденіс керек. Әр уақытын жас кезінде ұтымды пайдаланғандар ғана түбінде жақсы жазушы болады. Қазақ қыздары көбіне-көп ерлерге жол беріп, өзі бала-шағаның қамынан әрі аспай жатады және онысын үлгі тұтамыз.

674eeb636afba245ff1c072ebac9c96e.jpg

Қазақ прозасының алғашқы кезеңінде мүмкіндігінше еңбек етіп, көпшілікке танылған Аққағаз Досжанова, Нәзипа Құлжанова, Данабике Байқадамова, Фатима Ғабитова, Сара Мыңжасарова, Ғазиза Жұбанова, Мәриям Мұқанкелінін атауға болады. Бұл қаламгерлер негізгі еңбек жолын газет-журналдардан бастаған.

Қазақтың әйел жазушылары оқырманның есінде көбіне-көп ұлы тұлғалар туралы жазылған естеліктерімен қалды. Данабике Байқадамованың «Мен білетін Әуезов» атты естелігі біраз ғалымға азық болды. Сара Мыңжасарова «Қар қыздары», «Әйел бақыты» деген роман жазды. Сонымен қатар, Мәриям Мұқанкелінінің «Менің Сәбитім», Фатима Ғабитованың Алаш зиялылары Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Мұхтар Әуезов туралы жазған естеліктері оқырманға жақсы әсер етті. Бұл қаламгерлердің барлығы көпті көрген, зиялы қауыммен етене араласқан қазақтың қыздары еді. Әйел теңдігі енді-енді адамдардың санасына ене бастаған заманда жарқ ете қалған қаламгерлердің қай-қайсысы болмасын, қазақты ағарту мақсатында қызмет етті. Аталмыш жазушылардың өмірі қудалау, ашаршылық, соғыс, тың игеру, жылымық сияқты саяси нәубеттермен тұспа-тұс келді. Соның барлығын басынан өткере тұра, қолына қалам алып, естелік жазудың өзі қатыгез тағдырмен қайтадан бетпе-бет келгендей ерлік еді.

Осы жазушылардың артынан Шәрбану Құмарова, Бибігүл Иманғазина, Шәрбану Бейсенова, Мағира Қожахметова, Сара Латиева, Зейнеп Ахметова, Сәуле Досжанова, Зайда Елғондинова сияқты таза прозаға ден қойған қаламгерлер шықты.

Шәрбану Құмарова әңгіме, повесть жанрында өнімді жазып, көптеген кітаптар шығарды. Оның сонау әдебиетіміздің айтулы кезеңі 60-70 жылдардағы жарық көрген «Қыз сыры», «Терезелер», «Қос шынар», «Сәуірдің ақ таңы», «Қазбауыр бұлттар» сияқты кітаптары жаңалық болды.

Жазушы Бибігүл Иманғазинаның ерлігін бүгінгі күні біреу білсе, біреу білмес. Тағдырдың жазуымен мүгедек болғаннан кейін екі баланы жалғыз өзі өсіріп, соған байланысты «Тауқымет» атты роман жазды. Өз кезегінде оқырмандар ол шығарманы жылы қабылдады, кезекке тұрып оқыды. Жазушы 1995 жылы «Оқырманы көп автор» деген дипломға ие болған. 

XX ғасырдың 80 жылдары қазақ әдебиетіне әйелдер арасынан атойлап шыққан Шәрбану Бейсенованың әңгімелері жаңа леп әкелді. Оның «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек» атты кітаптары өз заманында озық туындылардың қатарында болды. Қаламгер әлі күнге дейін тынбай еңбек етіп, 2008 жылы «Сүзгенің соңғы күндері» деген прозалық кітап шығарды.

Мағира Қожахметованың танымал бірнеше кітабы бар. Оның «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай» деген кітаптары кезінде жоғары бағаланды.

Сара Латиева журналистика саласында ұзақ жыл қызмет атқарды. Жазушының «Мен соғысты көргенім жоқ», «Бұлбұл» деген кітаптары бар. Ол өз кезегінде шетел қаламгерлерінен аударма да жасады.

Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» деген кітабының тәрбиелік мән-мағынасы зор. Батыр Бауыржан Момышұлының характері толығымен ашылған бұл кітап әлі де сұраныста.

Зайда Елғондинова жары Жұматай Жақыпбаев туралы естелік жазып, оқырманның есінде қалды.

Сәуле Досжанованың әңгімелері бүгінгі таңда баспасөз беттерінде үнемі жарияланып жүр.

Осы ретте драматургия, сын саласында өнімді еңбек етіп жүрген Алтыншаш Жағанова, Әлия Бөпежанова, Зира Наурызбаеа, Айгүл Ісмақова, Гүлзия Пірәлиева сияқты көптеген қазақтың ғалым қыздарын атай беруге болады.

Қазақ әйелдері арасындағы прозаны биік белеске шығарған жазушы – Роза Мұқанова десек, артық айтқандық емес. Оның әңгімелері мен драматургиясы іргелі классиктеріміздің еңбектерімен қатар айтылып жүр.

Сонымен қатар, Айгүл Кемелбаеваның қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегі бар.

Бүгінгі таңда Мадина Омар, Лира Қоныс, Аягүл Мантай, Бану Дәулетбаева, Сағадат Ордашева, Сәулеш Шәтенова, Маржан Ершу сияқты қаламгерлер өзіндік ізденіске барып, проза саласында жан-жақты еңбек етіп жүр.

Әдебиеттану мен журналистика саласында биік дәрежеде қызмет атқарып жүрген аруларымыз жеткілікті. Олардың да еңбектерін жоғары бағалаймыз.

Қаламның киесі мен күйбең тірліктің жүйесін қатар алып жүрген қаламгерлерге қайран қаласың. Олардың шығармашылығын сүйсінбей оқу мүмкін емес. Өйткені, олар «халтура» жасамайды. Жүректен шыққан шынайы лебіздерін ғана ақ қағазға ақтарады. Нәзік жанды арулардың бос сөз жазуға уақыттары жоқ...


Бағлан Оразалы  

 




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар