Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Төлеген Айбергеновтың күнделігінен...

08.03.2017 6030

Төлеген Айбергеновтың күнделігінен

Төлеген Айбергеновтың күнделігінен - adebiportal.kz

Өзгеге қалай көрінетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірім ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткен, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қанша уақыт кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтем ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол арзан күлкі мен болмашы ләззәтқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қанша ойларды ойладым десеңші. Соның бәрін де дер кезінде қағаз бетіне түсіре бергенде ғой – басқа үшін елеулі дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!

7a39007712b18439e80fc31a8736e596.jpg

Отырыстар мен жиындарда қанша қызық сөздер айтылады десеңші. Қожанасыр мен Алдардың, Әпенді мен Сарман қудың, т.б. халықтық тұлғалардың аузынан айтылатын сан түрлі анекдоттар мен этюдтерді есіткеніңде аузың жиылмайды ғой. Бірақ бір қызығы сол – оны айтқан кезде бүкіл бір жиын түгелдей күлмей, жарым-жартысы ғана күлетіні бар. Арадан жарым сағаттай уақыт өтіп, көпшілік басқа әңгімеге ауысып, оны да аяқтауға жуықтағанда әлгі күлмей қалғандардың біреуі немесе бірнешеуі шек-сілесі қата кеп, үйді төбесіне көтере, дем ала алмай ессіз күледі. Не екеніне түсінбесең де, сен де қайта күлуге мәжбүр боласың. Соны анықтасаң былай боп шығады: бағанағы жұрттың көпшілігін тегіс күлдіріп өткен анекдотқа бұл дер кезінде түсінбей, күлмейді де, «бұл қалай болды?» деумен ойланады да отырады. Жұрт екі әңгімені аяқтай бергенде оның басына бағанағы сөз енді «жетеді». Әрине, бұлар бір жағынан аңқау, ақкөңіл болғанымен, ойдан кеш қалған адамдар. Бұл мысалды келтіруімнің себебі: менің де ойлар күнделігін жазуыма күнделік туралы, әсіресе, ой күнделігінің қажеттігі туралы мәселенің енді «жетуі» себеп-түрткі болып отыр. Бірақ мен бұны жалғыз өзім үшін емес, жолдас­тарым үшін де, оларға да ой салу мақсатында жазамын.


***


Сен маған түсіңде көргеніңді айтып, алтын сағаттарыңды құрбан етесің, ал, мен сенің өңіңде көргеніңді де тыңдағым келмейді.


***


Кейде жанашыр досыңа немесе құрбыңа, әлде ғашығыңа мәселені түсініп тұрып әдейі қисық-қыңыр келесің. Бұндай мезгілде сені түсінген адам – таусылмайтын байлығың мен бақытың.


***


Көп алдында құрмет тұтып, сені өзімен тең санаған дұшпан, аз алдында абырой төккен достан әлдеқайда артық.


***


Кешірімділік – өмір көргендіктің белгісі. Өмір көрмеген, адам қадіріне жетпеген адам ешқашан кешірімді бола алмайды.


***


Ақкөңілділік пен аңқылдақтық – адалдық нышаны. Арам пікірлі адамдар ақкөңіл де, аңқылдақ та емес.


***


Талант сан қырлы. Бір қыры сөйлесіп не жазып отырғанда адамдық ұлы ойларды, дүниелік түбірлі мәселелерді өзі де аңдамай айтып салу ғой деймін. Бұндай жағдайда абайсыз өзіңнің айтып қойғаныңа өзің таңданып, екі-үш күндей ойланып жүретін уақыттар да кездеседі.


***


Кей адамдар сенімен алғаш танысарда «құдайдай» құрмет тұтып келеді де, сен онымен бүкпесіз ашық екі-үш сағат сөйлескеннен кейін байыптылықтан өзгермегеніңе қарамай, сені «алынған қамал» сияқтандырады да артық сыйласуға зауқы болмайды. Кейде тіпті адамдық құрмет сонымен аяқталады да. Өмірде бұндай адамдар бар. Оны білімсіздігі үшін тек

аяу ғана керек...


***


Өмір – мазақ емес. Оны мазаққа айналдырғандар тек өзін ғана мазақ етеді.


***


«Өмірге ән керек». Осы бір қанатты сөзді газет-журнал бетінен қанша оқып, адамдардың аузынан қанша есіттім мен. Алайда өз басыңнан кешіріп, санаңа жетпесе қиын екен. Кеудемді теңіздей тербеген бір жайға «Ақ қайыңдар» деген өлең жазып, оған ән шығаруды қанша армандадым. Апта бойы басқа ешнәрсемен де айналыспай, соны ғана ойлап, қанша ыңылдасам да, ән-күй аспаптарын қанша қолыма алсам да түк шықпады. Дарын жоқ – амал жоқ. Қазір мектеп-интернат оқушыларымен апта сайын алыс совхоздарға жұмысқа барып жүрміз. Олар бұдан 15–20 жыл бұрын шыққан әндерді қайталаумен болады жолда. Менің жаным ашиды. Дәуіріміздің ұлылығын бейнелейтін «Интернат маршы» қандай керек оларға. Өлеңін жаздым. Ал әнін шығара алмай көкірегім қарс айырылды. «Өмірге ән керек» екендігін мен енді білген сияқтымын...

Композитор жолдастар да халық алдындағы өз борыштарын менше түсінсе ғой...


***


Кей адамдар аспаннан түскендей. Жермен жұмысы болмай жүреді. Мақұл, оған да келісейік, аспаннан-ақ түссін. Бірақ, олар ақыры өз сүйегінің осы жерде қалатынын сезінсе еді. Онда ол жүрісін де, күлкісін де өзгертер еді.


***


Көп адам ұлылықты, дарынды даттауға құмар. Өйткені, олар өздерін де «далаға тастағысы» келмейді...


***


Кейде өмір түзелмей ме деп те, ондағы кездесіп отыратын кемшіліктер құрымай ма деп те ойлайсың. Бұл жағынан алып қарағанда өмірдегі бар кемшіліктерді түзеу деген идеяның өзі де шартты түрде болса керек. Өйткені, өз өміріңде кездескен кемшілік ұрпағыңда қайталанбаса екен. Ал, ол болса сен басыңнан кешірген сан қырлы соқпақты жалғастырып емес, қайтадан бастайды ғой. Сен жіберген кемшілікті ол да жіберіп өседі. Онсыз тіпті санасы да қалыптаспайды.


***


Жұрт не десе о десін, мен адамға бір берілгенде құлай берілуді құптар едім. Менің ойымша, құлай берілу, ессіз сүю – шексіз адалдықтың белгісі. Өмірде өзінен басқаға құлай берілмейтіндер достықта, жолдастықта, махаббатта қателеспеуі мүмкін, бірақ оның шын адал достарының аз екендігіне, тіпті жоқ та екендігіне сенімім кәміл.


***


Мен адамдағы бір ғана мақтанды – арғы төркінінен көп оқығандығы көрініп тұратын, «Кітабым көп» деп қана мақтануды кешірер ем. Ал басқа мақтанның қандай түрін де тіпті тыңдағым келмейді...


***


Өмір ғажап қой! Мен адамдағы нағыз шын, адал сенім туралы айтқым кеп тұр. Адамға шын ықыласыңмен сенсең, сенім ешқашан алдамауы да мүмкін. Менің бір ғалым апамның өзінің ерінің Ұлы Отан соғысына аттанарында оның соғыста өлмей аман, он екі мүшесі түгел қайтатынына сенгендігін, ақырында ерінің бес рет соғысқа түссе де ешқандай жарақатсыз келгендігін, шексіз берілгендіктен оның өлімі туралы ойдың тіпті өз басына келмегендігі де туралы айтқаны бар. Сенімде, адам сенімінде қыруар қайрат, тіл жетпес ғаламат бар. Менің туған жерімнің шалғайлығына, тұрмыс жағдайыма, реніш-мұңыма қарамастан, бәрін де жапыра қиратып, аңсаған арманыма жетуімнің түпкі негізінде де осы сенім жатыр ғой деймін. Сенім мен еңбек бірікпесінің (қоспасының) беріктігіне тең келер металл әлемде жоқ.


***


Мен сағаттардың шықылдағанынан қатты қорқамын. Кейде ол маған: «Түк бітірмей тұрғанда тезірек жүрер жолымды жүріп өтіп, осы бір немеден жылдамырақ құтылайыншы» деп тұрғандай болады. Мен бұл жөнінде өз өлеңімнің бірқатарында айттым да. Уақыттан озу, оған алдан қарау – адамның ұлылығының куәсі. Оған Ленинді, Марксті, Белинскийді мысал етер ем. Олар уақыттан алға қарай қанша озып кетті!


***


Адамға шексіз берілу, қалтқысыз махаббат күлкі боларлық жеңілдікке апарып, адамды, оның ұлы тұлғасын мазақ та етеді. Оны басқа түгілі, сол сүйген адамыңның өзі де кешірмеуі мүмкін. Алайда, жаныңды шексіз лиризмге бөлеп, адалдыққа шақыратын рахмет сол махаббатқа. Мен оны мәңгі кешірем.


***


Көшеде мас жатыр. Үсті-басы жан түршігерлік. Ай келбетті ару дүниенің ақ жүзіне нақақтан күйе жағып, қасиетті Жерді ластаған қасиетсіз де масқара өмір көшеде жатыр...



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар