Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Фариза Оңғарсынова: "Поэзия шын мәніндегі мәдениет...

14.03.2017 11599

Фариза Оңғарсынова: "Поэзия шын мәніндегі мәдениетті тәрбиелейді"

Фариза Оңғарсынова: "Поэзия шын мәніндегі мәдениетті тәрбиелейді" - adebiportal.kz

Поэзия – адам сезімінің айнасы. Ол адамзатты поэзияға ғана тән белгісіз жұмбақ күшпен сезімнің сан алуан түрлі рақатына бөлейді. Жақсы көру, сүйсіну, қуану, мұңға бату – осының бәрі тұтас алғанда адам жанының табиғи нәрі, рақат сәттері. Өйткені мұңның да, қуаныштың да өзіндік ләззаты бар. Бір сөзбен айтқанда, сезінуге, сезім шалқарлығына тәрбиелейді, адам жүрегінің кез келген қарабайыр құбылысқа үн қоса бермейтін нәзік қылына жан бітіреді. Поэзияның жұмбақ та керемет күші, міне, осында.

4f15f94e349f85c7a6875cb4c47d50fc.jpg

***


Поэзия – қоғамның дамуына, адамзаттың рухани өсуіне бөгет жасайтын көріністердің үлкен-кішісіз барлық түрімен күресудегі құрал, шын мәніндегі күрес құралы. Әдебиет тарихындағы ұлы ақындардың ұлылығы неде? Олар «мына таудың әсемдігі ғажайып, анау бұлақ сыңғырап жатыр» деген бірыңғай шаттыққа толы жолдарды арқылы мәңгілік оқырманмен серіктескен жоқ. Олар өз ортасындағы көлеңкелі-күнгейлі өмір шындығын өз жүрегінің лүпілі – сезіміне орап, поэтикалық тілмен әдемі өрнектеп, жеткізді; өмірге ғана тән тіршілік проблемаларын суреткер көзқарасымен көрсете, көре білді. Шынайы суреткер мәңгілік оқырманмен осылай табысады.


***


Поэзия – ақынның даралығы мен ерекшелігінің қорғанысы. Ақын қолына қалам алып, жұмысқа (өлең жазуға) отырған сәтте оның жазғалы отырғанын дүниеде ешкім жаза алмайтындай, өзінен өзге құдіретті күш жоқтай сезімде болады. Осы күш пен жігер оның поэзиядағы тұлғасын айқындайды, қайта айналып келмес тірлігінің болмысын бағдарлайды.тас қалаушының немесе станок жанындағы шебердің қолынан өрнекті дүниелер қалай шықса, сөз өнерінің зергері ақындар да өз бұйымдарын – өлеңдерін туғызады.


***


Поэзия адамды дүниені басқаша тануға үйретеді,оның жан-дүниесіне өзгерістер әкеледі. Поэзия адамды өз жанының терең бір түкпіріндегі құпия боп келген сезім-түйсіктерді бастан кешіртеді, өз жүрегіңе үңілуге үйретеді. Поэзия шын мәніндегі мәдениетті тәрбиелейді. Егер ақын жасанды болса, оның ақындық тағдыры да қисық бұтадай ғұмырсыз деген сөз. Поэзия әлемі қатал, әрі оның талабы да тым биік.


***


Поэзия көп тобырдың бәріне бірдей түсінікті болса, ол ғұмырсыз поэзия болғаны. Бүгінгі таңда тым қарабайыр, поэтикалық ой мен сезімге оранбаған, демек, басқаның сезіміне де титтей әсер бере алмайтын өлеңдер көп. Уақыт бәрібір өзі екшеп алады. Жылтырағанның бәріне жалт қарай бермейтін талғамды көкіректер шынайы поэзияны қайткенде де таниды, құдіретіне табынады. Ал лирика – сол поэзияның жүрек лүпілі. Сайып келгенде, «поэзия» дегеннің өзі «лирика» деген ұғыммен тұтасып жатады.


***


Мен поэзияда лириканы қатты бағалаймын, биік қоямын. Лирика – поэзияның өзегі. Үлкен жанр – поэма ма, шағын өлеңде ме – поэзияға тән лиризм болмаса, ол жыр туындысы емес. Ақынның қоғамдық-әлеуметтік бет-бейнесі оның үлкен-үлкен поэмаларымен ғана сипатталмайды. Ақындық тұлға оның жалпы творчествосынан көрінеді, мейлі, ол лирикалық өлеңдерінен тұра ма, поэмалардан тұра ма – бәрібір.


***


Шын поэзия бөлініп, жарылмайды. Әйелдер поэзиясы, ерлер поэзиясы деген топтар құрылмайды. Әдебиетте ақын бар, оның өлмейтін, жүректерде мәңгілік көктем атып тұратын жырлары бар! Ақын жүректердің тілсіз тіл қатысы, үнсіз ұғынысы, тағдыр ұқсастықтары – осының бәрі өзінше бір әлем, шын мәніндегі поэзия әлемін құрайды-ау.


***


Ақын – тұлға, оны «әйелдердің жыршысы» немесе «ерлердің жыршысы» деп бөліп-жару – ағаттық. Суреткер өз заманының, замандастарының бейнесін шығармаларында қалдырмаса, өз дәуірі туралы өз сөзін, пікірін айта алмаса, ол суреткер болмағаны. Әйел мен ер бір-біріне қарама-қарсы қойылатын өлеңдер көп ұшырасады. Шынында бұлар – бір-бірін толықтыратын, сөйтіп табиғаттың сұлу ансамблін жасайтын екі әлем.


***


Өлаң қалай туады? Әрине, бұған бірер ауыз сөзбен нақтылы жауап беру мүмкін емес. Жалпы өз дүниең туралы, жүрегіңді жарып шыққан қандай да бір шығарма жайлы айту мен үшін қиын. Ең алдымен менің сүйенетінім – өз жүрегімнің, өз әлемімнің дірілі, түйсігі. Ал өлеңдерім туралы айтқанда, қиын дейтінім, адам өзінің жан сезімін, толғаныстарын өзгенің алдына оп-оңай жайып салмайды ғой. Өйткені оңай айтылып, жеңіл жазылған нәрсе жұрттың да жүрегіне жетпейді, жеткен күнде де әсерсіз қалады.


***


Мен үшін өлең жазудың белгілі бір ережесі, тәртібі жоқ. Бірақ қандай өлең жазсам да, онда сезім мен ой болуға тиіс деп ойлаймын. Және бұл өзіңе ғана тән, өзіңнің ғана өрнегің, өзіңнің ғана көзқарасыңмен, өзіңнің жеке-дара қолтаңбаңмен айшықталса деймін. Сондай-ақ айналаңда өтіп жатқан ірілі-ұсақты құбылыстарға, жағымды-жағымсыз оқиғаларға тар шеңберден қарамай, нені жырласаң да, нендей ойды айтсаң да, соның бәріне әлемдік өлшеммен қараған жөн-ау.


***


Қазақ поэзиясы – не заманнан қалыптасқан, қанатын қатайтқан поэзия. Қазақтың жыр әлемін тау сілемдеріне теңесек, оның шыңдары, жоталары, белес-белдері бар. Көбіміз көр-жерді жырға қосатын болып алдық. Біразымыз қоғамдық көріністердің олқылық-кемшіліктеріне сынай қарайтын болдық. Табиғат пен адам, болмыс, өтпелі дүниенің жұмбақ жаратылысы секілді тың тақырыптарға, үлкен тарихи оқиғаларға тұжырымдар айтатын поэмаларға барып жүрген жоқпыз. Бұл заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені ұлы таланттар өте сирек туады деседі ғой.


***


Қара өлең – қазақтың өлеңі. Басқа өлеңі болып көрген емес. Егер белгілі бір мерзімдерде ақ өлең, тағы басқа өлең түрлері болған болса, ол өткінші, уақытпен бірге кеткен жаңғырықтар ғана. Өлеңнің де өлеңі бар. Бәрі бірдей әлемдік поэзия деңгейінде деу – ұят. Қазақтың халық әндерінің әрқайсысының өзі – әлемдік деңгейдегі туынды.


***


Ақын үшін ең бастысы – уақыт пен адамдар туралы шанайы суреткерлікпен шындықты жазу, сонда біз өмір проблемаларын жан-жақты ашып, адам жанына, кейіпкердің рухани өміріне терең бойлай аламыз. Сол арқылы қалың оқырманды өмірдің терең иірімдеріне әкетеміз. Талант құдіреті де, көркем сөздің бар қадір-қасиеті де, міне, осында емес пе?!


***


Поэзиядағы трагизм ешқандай да өрескел құбылыс емес. Ол заманға деген көзқарастан емес, сол замандағы адамдардың сан түрлі мінезді қарым-қатынасының қақтығыстарынан туындайды. Шынында да трагедиялық сезімдер не поэзияны, не поэзияда айтылған со сезімді басынан кешіген адамды ешқашан аласартып не кемітпейді. Керісінше, ол адамның сезім тереңдігін, әлемнің бәрін мөлдір деп ұққан жан дүниесінің шын күйіне, шын азаптана білетін тазалығы мен нәзіктігін айқындай түседі.


***


Поэзияда күйініш пен қайғы сыбдыры естілсе, одан ат тонды ала қашу не ақынды айыптау – жалпы өнер топырағына жат құбылыс. Алқаракөк аспанда ақ көгершіндер самғаған, шат-шадыман күлкі мен әнге толы өмірдің екінші басында көз жасы мен күрсіністер болары ақиқат. Өйткені ол – өмір. Ал өмірді барлық қалтарысымен көрсету – поэзияның міндеті.


***


Шын ақынның жолы – оп-оңай емес. Бірақ оның жолы әділетті. Бір бұтадан екінші бұтаға секіріп сайрай беретіндей кірбіңсіз, кідіріссіз жол – нағыз ақынның жолы емес. Шын мәніндегі ақын өз ғұмырында шығармасын жарыққа шығармай өтуі де ғажап емес.


***


Бүгінгі таңдағы поэзия сыны қандай дәрежеде дейтін болсақ, «ағама жеңгем сайдың» кебі. Біз сын дегенді өлердей жек көреміз, өзіміздің қандай дәрежеде жазатынымызға қарамай, әйтеуір, сын атаулы десе, аза бойымыз қаза тұрады. Мұның тамыры да қай жерде жатқаны белгілі: жанашыр, әділ сын айтпаймыз. «Жанашыр» дегенде авторды сылап-сипау емес, әдебиетімізге жаны ашу деп түсінген жөн.


***


Кейде шабытсыз, бірақ басталған нәрсені аяқтау керек деген, әрі басқа континент ақынын менің халқыма аласартпай, өз биіктігімен, өз дәрежесімен әкелу (аудару) қажет деген жауапкершілік көп жүйкемді, көп түндерімді әкетті. Қиналған сәттер, бір сөздің ана тіліміздегі баламасын таба алмай шарқ ұрған кездер көп болды. Бірақ өлең өз көңіліңнен шығып, қуантса, жұмыс жасау үстіндегі барлық азаптар мен сезім соқтығыстарын, қажып, қалжыраған күйіңді ұмыттырады. Өз қаламыңнан шыққан дүниенің көңіліңнен шығуы – бұл бір рақат сезім ғой!

(Ақынның әр жылғы мақалалары мен сұқбаттарынан)


Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар