Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ықылас Ожайұлы: «Әтпіштің» әңгімесі...

15.03.2017 4176

Ықылас Ожайұлы: «Әтпіштің» әңгімесі

Ықылас Ожайұлы: «Әтпіштің» әңгімесі - adebiportal.kz

I

Ана жолы үстел басында бір топ жігіт «Абай жолындағы» Қодар мен Қамқа өліміне қатысты біршама сөзге келіп қалдық. Сондағы Құнанбай қолданған жазаны көбісі надандық пен ескілік қалдығы деп санайды екен.

 

4f785beadd83867af075b6a77be82a5b.png

Адамның ерік-қалауы деген болады, ол бүгінгі ата заңымыздың ақ парағына қара сиямен әдіптеліп тұрып жазылған, – деді алғаш сөз алған жігітіміз. – Сонда қайын атасы мен келіні... – дедім де кілт тоқтай қалдым, арғы жағын айтуға ауызым дауаламай. – Жоқ, – деді ол жұлып алғандай, – Бәрібір де адамның ішкі қалауына ешкімнің де араласуына жол берілмеуі керек. Сол кезде сөзге екінші оппонентім араласты. – Немене, адамды міндетті түрде өлтіру керек пе? Мұнан кейін бұлай еш жасамаңдар деп жазаламай-ақ та жібере салуға болады ғой, – деді үлкен данышпандық ой тастап. – Пәлі, – дедім мен, – бұл жазаны Құнанбай ауадан алып отырған жоқ қой әрісі Қасым, берісі Есім хан мен әз Тәукеге дейін жалғасып келе жатқан дала заңы емес пе? Некелі жарының басынан аттап бөгдемен көңіл жарастырған кез келген кісінің мұндай қылығына тек өлім жазасы берілген. Рас, Құнанбайдың бұлай істеуіне (оларды босата салуына) ақылы жетпей отырған жоқ қой, – дедім, дауды одан әрмен ушықтырғым келмей.


II

Бұл арада әсіре «гуманист» болып алған әлгі жігіттердің жетесі жетпей отырған мәселесі мынау: Қос қарының (дәлірек айтсақ зинақордың) БҰЛ ҚЫЛҒАН ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ МОРАЛЬДЫҚ ҚҰНЫНЫҢ ӨЛІМГЕ ПАР ЕКЕНДІГІ. Мұны бүгінде жеңіл жүріске бой алдырған кез келген пенде баласы осы қалыпта қабылдауы тиіс (Мейлі ол XVIII, я XXI ғасыр болсын, адам ар-ұятының құны заманаға қатысты әмәнда өзгермек емес). Зина – адамның ар мәселесі, ал ардың материялдық құны деген атымен болмақ емес. Оқиғадан түйетін оймақтай ғана ой жосынымыз мынау: Зинақорлық күнәсінің құнын төлеуге дөңгелек дүниенің еш байлығы жетпейтінін, бұл күнәдән тазарудың жалғыз-ақ жолы өз шыбын жаныңды құрбан ету екендігін рухани тұрғыдан түсінуің (Қазақтың «өлімнен ұят күшті» танымы осы ойымызға аналогия бола алады деген үміттеміз). Әгәрәки дейік, кешегі Қасымдар тұсындағы осы бір мизамды (заңды) бүгінгі қазаққа қайыра бір қолданса не болар еді?! 

30f6a23510625b4a08f98229a42ac2c0.jpg

Сөзсіз, санымыз күрт құлдырап, Қазақияда демографиялық трагедия басталады. Мына жер кемпір-шалдар мен жас балалардың ғана мекеніне айналып, қаңырап бос қалар еді. Сөйте тұра біз ар мен ұят хақында ақыл соққанда алдымызға жан салмаймыз.


Сірә, ауыздың дуасы, (осы) сөз бен істің сәйкес келмегендігінен де кететін болса керек... 


III

Жүсіп-Баласағұның «Қыз-келіншектің ләззаты – некелескен түндері, Ер жігіттің ләззаты – жау қайырған күндері» деген өлең жолдарын оқып отырып пұшайман халге түстім.


Сосын, біздің ләззатіміз шынымен-ақ ауысып кеткен екен ғой деген ойға бекідім. Аңдаған адамға ЕР АЗАМАТ ӨЗІНІҢ ЕҢ ҰЛЫ ЛӘЗЗАТІН ЕЛІНІҢ ҚАМЫН КҮЙТТЕУДЕН АЛАДЫ ЕКЕН ҒОЙ. Сірә (азамат үшін), ұлы ерлік пен ұлы ләззат та осы болса керек. Осыны ойлағанда жанарға жас келеді. Кешегі қаһарлы хан Кене мен Алаш арыстарының бейнесі көз алдыңа тізбектеліп тұра қалады. 

ЕЛ мен ЕРДІҢ есімі бір десек, біздің осы романтик болуымыздың сыры не?! Өтірікке мелдектеген қазақ социмуының сиқы болса мынау. 

5eb3175b1118bbad304cd62b9beec6eb.jpg

Бір таңданарлығы, саяси корпус ел мүддесіне қарсы үсті-үстіне қабағат қателіктер жасап жатса да, біздің зиялыларымызға оның бес тиын да керегі жоқ. Оларға Шыңғысханның түркі, я болмаса қазақ болғандығы қызық. Ал ақындарымыз қарасаңыз бір айықпас «ғашықтық» дертіне шалдыққандай. Таңертең ғана бір ғазалын ине-жіптен шығарса, кеш қарая тағы біреуін тәмамдап, «осы бір қыздың қылығы-ай» деп өліп отырғаны (Ата сақалы ауызына біткендеріміздің арзан сентиментализм мен желдеген жігіт шақтың уақыт белдеуінде қалып қойғандығы өз алдына жеке жүк).


«Татарды тырнасаң орыс шығады» демекші, осылардың «махаббат лирикасы» деп жазып жүргендеріне шын назар қойсаңыз, тек көтен буффонадасы. Дәлірек айтар болсақ, «әтпіштің» әңгімесі ғана. Құмарлық құрсауына түсіп, төңкеріліп қалған тұтас түсінігімізді қайыра тіктеп, МАХАББАТТЫҢ асқақ ұғым екендігін, ол Алла мен адам арасындағы екеуара рухани сұхбат екендігін сау санаға орнықтыру бірқадар жүк болғалы тұр.


P.S Бұл жазбамыз, алда талданбақ Абайдың «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» ұғымының шағын ғана аңдатпасы екендігін оқырманға ескерту болатын.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар