Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кафка әкесінен неге қорықты?

15.03.2017 3061

Кафка әкесінен неге қорықты?

Мопассанды Флобермен таныстырған анасы еді, осылайша Лаура ханым баласының әдебиет әлеміне келуіне себепкер болды. Джек Лондонның жазуға деген қабілетін ең бірінші байқаған анасы еді. Акутагаваның әдебиетке деген махаббатын оятқан асырап алған әкесі (туған нағашысы) еді. Әдебиетке келулеріне ата-аналары ықпал еткен жазушылардың есімізге түскені әзірге осылар.

4cf053fbf051d0399b38c37a30b1a81c.jpg

Баланың өзіне деген сенімін оятуда ата-ананың рөлі ерекше. Адуынды әкесінен қорқып, бала кезінде психологиялық соққы алған балалар өздеріне ешқашан сенімді болмайды. Ол табиғатынан өте зерек, жаны нәзік, талантты жазушы болса ше?

Франц Кафканың әкесімен қарым-қатынасы өте күрделі болды. Жазушының шығармаларында  әкесінің қатігез жүрегін жібіткісі келіп, жанталасқан  балалардың психологиясы терең суреттеледі. Мысалы, «Құбылуда» бұған дейін отбасының бүкіл ауыртпашылығын көтеріп, әкесін, шешесін, қарындасын асырап отырған жігіт бір күнде жәндікке айналып кетеді. «Жәндік-ағасынан» қорқу сезімін ең бірінші қарындасы жеңеді, сосын анасы. «Жәндік-бала» әкесінің қамқорлығын көрмек түгілі, қаһарынан қорқып, қашып, көзіне түспеуге тырысады. Мәні жоқ, мағынасыз өмірінен жалықса да, ол ата-анасы мен қарындасының мейіріміне мұқтаж еді.

Күні бүгінге дейін өз отбасында құрметке бөленіп келген ұл көзге күйік болып, бәрі іштей оның өлімін тілейді. Бұған дейін ұлдарының тапқан-таянғанын жеп, ұлдарына масыл болған әкесі де, анасы да, ақсаусақ қарындасы да жұмыс істеп, жанталасады. Олар енді өздерін асырай алады, «асыраушымыздан айырылдық» деп қайғырмайды.

Жазушы «Құбылу» арқылы әр адамның жаны өзіне ғана қымбат екенін, еңбекке жарамсыз адамның ең жақын адамдарының алдында қадір-қасиеті болмайтынын, адамгершілік принциптер қоғам түгілі, отбасында сақтала бермейтінін шынайы жеткізеді. Кафка жас жігіттің жәндікке айналып, «адами формасының» өзгеріске түсуін баяндап отырып, оны қоршаған адамдардың бәрінің оқиғаға қатысты өзгеріп, құбылуын бейнелейді.  

Кафканың «Құбылуын» қайталап оқып отырып,  жазушының әкесімен қарым-қатынасы есіме түсті. Бала кезінен адуынды әкесінен қорқып, жалтақ, ынжық болып өскен Кафка есейіп, өз бетімен өмір сүре бастаған кезде де әкесіне деген ренішін ұмыта алмады.

«Қымбатты әке, жақында менен өзіңнен не үшін қорқатыным туралы сұрадың. Сенің алдыңда тұрғанда бойымды үрей билейтіні себепті, сондай-ақ қорқыныштың себебін түсіндіру қиын болғандықтан, әдеттегідей мен саған тағы да жауап бере алмадым.  Қазір саған хат жазып, жауап беруге тырыссам да, толық  жауап берем деп айта алмаймын, тіпті саған хат жазып отырғанда да  жадымдағы естеліктер мен санамдағы ойлар маза бермей, бойымды қорқыныш билейді.   

...Сенің айтатын әңгімеңнің бәрі мынаған саятын: өмір бойы ауыр еңбек етіп,  өміріңді балаларың үшін құрбан еттің, әсіресе, мен үшін көп құрбандыққа бардың...» деп жазады ол әкесіне.  

Әкесі Францтың болашағынан көп нәрсе күтті, сол себепті, баласынан көп нәрсе талап етті. Қиялымен баласының болашағын елестетіп, бірде оны ірі шенеунік кейпінде, бірде өте беделді, миллионер бейнесінде көрді. Кафканың әкесі де пенде, көптеген әкелер секілді баласының арқасында құрмет пен беделге ие болып, қамсыз, мұңсыз, мамыражай тіршілік еткісі келді. Оның бір қателігі:  баласының көп баланың бірі емес, тым сезімтал, бәрінде жүрегіне жақын қабылдайтын, ойлау жүйесі өзгеше, әкесі салғысы келетін «қалыпқа» сыймайтынын бағамдамады. Табиғатынан еркіндікті сүйетін Кафка өз қалауымен, өз таңдауымен өмір сүргісі келді. Бірақ қатал, өктем, бірбеткей, мінезді әкесінен қорқып, өзінің нені қалайтынын, қалай өміргісі келетінін батылы жетіп айта алмады.

Тіпті отыздан асқан кезінде де жалғыз отырғанда әкесінің бұйрық райындағы сөздерін есіне алып, торығып, әкесіне ренжіп, мұңайып қалатын. «Әкеммен кездескенде бетіне бәрін айтам. Тұлғалық болмысымды қалай басып тастағанын, менің пікірімді ешқашан тыңдамағанын, содан әлі өмірден өзімді таппай, қиналып жүргенімді, бәрін-бәрін айтам» деп өзіне сөз берсе де, әкесімен бетпе-бет кездескенде ештеңе де айта алмады. 

  Қатал, ашуланшақ әке табиғатынан жұмсақ, нәзік, мейірімді баласын күшті, қатал, мінезді етіп тәрбиелегісі келді. Францтың биязы, жұмсақ, тұйық  мінезі әкесінің ашуына тиетін.  Францтың табиғи мінезін қабылдай алмаған әке баласын өзінен алыстатып жатқанын білген жоқ.

  Табиғатында жағымпаздық жоқ, адамдармен тез тіл табысып, араласып кете алмайтын, жалғыздықты жақсы көретін Франц әкесінің талабы бойынша, адамдардың ортасында ерекшеленуге, олардың назарын өзіне аударуға, бәрінен жоғары тұруға тиіс еді. Әкесі баласының өмірде жолы болмаған, әлеуметтік тұрмысы төмен адамдармен араласуын  қалаған жоқ. Тіпті баласын өз танымындағы «күшті, мықты, батыл» ету үшін дүкеніне келген  қарапайым адамдарға қарсы қойып, оларды келемеждеуді бұйыратын. Күн сайын «Күшті, ақшасы бар адам ғана жеңімпаз болады» деп баласына «ақыл» айтатын. 

  «Сенен қашу – отбасынан, тіпті анамнан қашу еді. Рас, анамнан әрқашан қорғаныш табуға болатын, бірақ онда да сенің «қолтаңбаң» бар еді. Себебі, анам Сені қатты жақсы көрді, саған тым адам болды, сол себепті, бала тәрбиесінде ол өзінің рөлін ойнай алған жоқ» деп жазады Кафка әкесіне жазған хатында.

  «...мен өзіме деген сенімімді жоғалттым, есесіне өзімді кінәлау сезімін таптым. Есіңде ме, дүкеніңде менің қолыммен қорлаған адамдар? Олармен  кездескенде өзімді қатты кінәлі сезіндім, қатемді түзеуге тиіс едім, бірақ табан астында ешқандай шешім қабылдай алмадым» деген Кафка адамдарға сенбеу мен жеккөрініш сезімін оятқан әкесіне өкпесін айтады.

  «Мен сенің пікіріңше, өмір бойы оқыдым, кейіннен тек жазумен болдым. Шын мәнінде, бұл – жалған. Егер әсірелемей айтсақ, мен аз оқыдым және ештеңе үйрене алмадым; орташа есте сақтау қабілетім мен қабілетімнің арқасында басымда бірнәрсе қалды...» деп жазған Кафка оқу үшін де, жазу үшін де адамның жүйкесінде тыныштық болу керектігін астарлап жеткізеді.

  Кафка әкесіне жазған хатында үйлену туралы ойдан қатты қорыққанын, мұның себебі де бала кезде алған психологиялық соққымен байланысты екенін жазады. Үйленудегі сәтсіздігі мен өмір жолындағы басқа да   сәтсіздіктеріне әкесінің кінәлі екенін ашынып айтады.

  «Үйленіп, отбасын құру, балаларыңды әділетсіз өмірден сақтау, оларды өмірге дайындау – менің түсінігімде, адамға берілетін үлкен бақыт» деген  Кафка  бақыты отбасын құруға ешқандай дайындығы болмағынын өкінішпен жазады.

  «Әкеме хатты» (көлемді хат) Кафка 1919 жылы жазып, анасына «әкеме табыс етіңізші» деп өтінеді . Бірақ анасы хатты әкесіне бермейді.  Анасы баласын жұбатып, хат жазып, әкесіне жазған хатын қайта салып жібереді.

  Кафка өз қиялындағы бақытты отбасын құра алмады. Қырық бір жасында құрт ауруынан көз жұмады.

    Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар