Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Мұрат Алмасбекұлы. Жол аруағы...

16.03.2017 4019

Мұрат Алмасбекұлы. Жол аруағы

Мұрат Алмасбекұлы. Жол аруағы - adebiportal.kz

– Қашан жүресіз?

Баратын жерін атай, соза айқайлап тұрған ол артына жалт бұрылды. Орта бойлы, аққұба келіншек бұған сұраулы жүзбен қарап тұр екен. Құшағына қыса көтерген бес-алты айлық баласы бар. Сәби ыстық күннен мұрнының үсті терши түсіп, ұйықтап жатыр.  

– Қазір жүреміз, бір адам алсақ болды. 

Ол келіншектің кішкене қол сөмкесін көліктің жүк сандығына апарып салды. Көп күттірмей бесінші адам да келе қалды. Алдыңғы орындыққа галстук тағып, басына тор көз шляпа киген жігіт ағасы отырды. Келіншектің жанына өрімдей бозбала мен сүйкімді де ойнақы бойжеткен жайғасыпты. Екеуі махаббат дейтін ғажайыптың есігін жаңа қағып, қызығын енді көруге дайындалып жүрген секілді. Жігіт қыздың нәзік қолдарын қос алақанымен аялай сипалайды. Оның риясыз сезіміне еліткен қыз сүйгенінің иығына еркелей басын сүйеді. 

34e755c53e2439fbf3849b0966b0abee.jpg

Адамдарын толықтаған ол жол ақысын жинап алды. Сосын қасындағы өзге таксистерге қол көтеріп қош айтқан.
Қатты газ берілген көлік ыстық күнде қаңсыған асфальтті алдыңғы доңғалақтарымен шиқылдата серпіп, үлкен жолға екпіндей шықты. 

Осы сәт оянып кеткен бала шошына жылап қоя берген еді. Біразға дейін уанбай әурелеген соң ол музыканың дауысын барынша көтеріп, машинаның ішін жаңғырықтырып жіберді. Сәби қорыққаны, әлде шым-шытырық дауысқа алданғаны белгісіз жылағанын тоқтата қойды. 

Орыстың барылдақ дауысты әншісі әулекілене айқайлайды. «Күшті айтады». Алдындағы жігіт оған қисая бере айқайлай сөйлеп, бармағын шошайтты. Арттағы қыз болса музыка әуені дүр берген заман басын екі жаққа кезек бұлғап, ырғаққа еліге билеп отырған. Жігітінің қолы жайында қалыпты. Келіншек үндеген жоқ. Анда-санда өксік атып, көзі бажырайып жатқан баласына омырау беруге ыңғайланды...

Күн едәуір ыстық. Жолдың екі жағындағы тілсіз сарғайған дала, зуылдай артқа қашып жатыр. Алыстағы асфальт бетінде кілкіген сағым, шараға толтырған судай мөлдіреп, көз алдайды. Ол музыканы сәл бәсеңдетіп, озандай жөнелген телефонына қол созды. Анасы екен. Көтерді. 

– Балам, жолда келе жатырсың ба, бүгін келін перзентханаға кететін секілді, толғақтың белгілері байқалған соң жедел жәрдем шақырып қойдық. 

Ол қатты қуанды. 

– Түсіндім, мама, алаңдамаңыз, мен тез жетемін...
– Айналайын балам, Асықпашы! Дәл қазір босанғалы жатқан жоқ қой. Жол амандығын берсін, ең әуелі!
– Уайымдамаңызшы, күнде жүріп жүрген жол ғой, не тұр дейсіз, Құдай сақтар. 
– Сонда да. Осы күнді аз күтіп, армандадым ба?! Неше атадан бері жалғызсың, сенің туылғаныңды әкең көрмей кетіп еді, соны ойласам әлі күнге қорқамын, құлыным...
– Ойбой, мама, болды енді. Трупканы қоямын қазір, мен тез жетемін...
– ...
– Тез жетсең жақсы болар еді, мен де кішкентай тентектерімді сағындым. 

Жігіт ағасы қолындағы ойыншық автомат пен ойыншық қылышқа қарап жымиып қойды. 

Көңілденіп алған ол музыка әуенін қайта күшейтті да, терезенің әйнегін аз түсіріп, темекі тұтатты. Бұл кезде жазық дала таусылып, көлік бұралаңы көп аласа таулардың арасына кірген. Жол тар әрі ойдым-ойдым тесік жерлері жиі кездесе беретін еді. 

Шағын таудың қойнында өзгеше бір жайлау лепті салқындық бар. Әр тұстан жолға ентелеген жықпылдар бұта-бүргенмен көмкеріліп тұр. Олар жолдың негізгі қиын тұстарынан бөгелмей өтті. Бірер камаз бен, автобустарды тез айналып, артта қалдырған. Келесі қайқаңнан асып еді, алдыңғы жақта толтыра мал тиеген қос тіркемелі камаз кетіп барады екен. Дереу орағытып өтпесе, арыда көрінген жайдақ асуға дейін артынан ілесуге тура келеді. Ол жылдамдықты күшейтіп, газды ыңыранта басты. Оқтай ұшқан машина ұзын камазды жанасалай зымырап, алдына шыға берген. Кенет қарсы келе жатқан автобустың төбесі көрінді. Аралық әудем жер ғана. Ол көлігін безілдете өз бағытына түсе берген еді. Бірақ... дәл осы сәтте қарсыдағы автобусты айналып өтпек болып жанталасқан тағы бір жеңіл машина заулатқан күйі тұп-тура бұның тұмсығының астынан бір-ақ шықты. Олай-бұлай бұлтаруға келтірген жоқ. Екі көліктің шопыры тежегіш басуға да үлгермеді. Жігіт ағасы далбасалап, қолындағы ойыншықтарымен бетін қалқалай берді. Арттағы қыз шыңғыра айқайлап, жігітін құшақтай алды. Келіншек «Біссімілла» деген жалғыз ауыз сөзге тілі келген бойы бар денесімен сәбиін қорғаштады...

Ол бетпе-бет келген көліктің жүргізушісін ап-анық көрді. Түрі өліктей қуарып кеткен жас жігіттің көзіндегі шексіз үрей мен өкініш оты бұған қарай атылып келе жатыр еді. Енді сол от лезде өткір қанжарға айналып кетті де, бұның кеудесін аяусыз түйреп бара жатты. Ары қарай оның жаны ешқандай ауырсынуды сезінген жоқ. Тек «гүрс» еткен жойқын үнді түйсініп қалды. Көз алдында қызыл-жасыл ұшқын ойнады... Артынша, сол ұшқынның аржағы шыңырау түнекке айналып, оны түпсіз қараңғылыққа тарта жөнелді...


*******

Үш күн өткен соң ол көлік апаты болған жерде отырды. Тамыздың аңызғақ желі үстіндегі ақ кебінін тынымсыз желпілдетеді. Бірақ, оның тәні табиғаттың сан мың құбылысының біреуін де сезер емес. Тек жанын езген ашты азап қана санасын тікенше тырнап маза бермейді. 

Ол ана жақта мүлде тыныш жата алмады... «Гүрс» еткен сұрапыл соққы үні мен шыңғырған қыз дауысы құлағының түбінде жаңғырып, миының ішін инедей піскіледі. Сол дауыстан мезеттік құтылғанда, көз алдынан жан түршіктірер көріністер өте бастайды. Әсіресе, екіқабат жары. Келіншегі босанған екен,бірақ баласы анасының құрсағынан ажырай сала кіндігіне оратылған күйі биік жар қабаққа қарай домалап барады. Жарқабақтың асты толған бақа-шаян, қоқыр-қоқсық. Ал, нәрестесін іздеген анасы болса шаштары дудырап, екі қолын алдына соза басқа жаққа жүгіріп барады...

Осының бәрін көріп тұрған ол баласына қарай ұмтылмақ болады. Алайда, қолы, не аяғы қозғалсашы. Бүтін денесі сал болып қалған жансыз. Тек отқа түскен торғайдай тыпырлап, жаны ғана шырылдайды. Ақыры белгісіз бір тілсім күй оны осы араға алып келді. Азды-көпті өмірінің соңғы қорытындысы шығып, пәни дүниедегі жарығының ақтық жауабы айтылған жерден, жанып жегідей жеген азаптың дауасы табылып қалар. Ендігі оның бар тілегі көрде тыныш жату ғана болып қалды. 

Ол жол апаты болған жердің айналасына қарады. Атақты «Тамыр ағаштың» маңайы екен. Тамыр ағаш – тасжолдан қиыстау сұр бөрте тау қыратының етегінеөскен алып қара ағаш. Жанынан сылдырап бұлақ ағады. Оның тамыр ағаш аталуының да өзіндік себебі бар. Діңі жуан, жапырағы мәуелі осы биік ағаштың тамырлары еті кетіп, сүйегі қалған қарияның саусақтарындай арбиып, жалаңаштанып жататын. Оның атақты болуының себебі тамырында да емес, соңғы жиырма жылда осы маңайдағы көліктер соғылуынан көпадамның өлім құшуында жатса керек. Бір қызығы, осы атағына қарамай адамдар оның жайлы саясында демалуды жақсы көретін. Оның өзі де талай рет Тамыр ағаштың түбінде тынығып, ас-су ішкен. 

Ол Тамыр ағаштың қасына жақын келді. Адамдардың сәулелі үміті мен қайғылы өліміне сан мәрте куә болған ағаш екіұдай болмыста сияқты. Тамырлары мүжіліп, діңі ескіре бастаған. Ал, жапырақ жайған биік басы баяғы қалпында ұқсайды. 

Тасжолда көліктер тоқтаусыз ағылып жатыр. 

Ол күн еңкейгенше Тамыр ағаштың айналасында жүрді. Бұл жерден әдеттегідей адам аяғы үзілетін емес. Біреу келеді, біреу кетеді. Бәрі де асығыс. Олардың жанталасқан бейнелері бұны таңғалдырады. Асыққан жақсы ма, жаман ба? «Асықсаң жақсылыққа асық» деуші едік қой. Мүмкін, сол жақсылыққа асығу шектен асып, өмірдің қалыпты заңдылығына, мөлшерлі ырғағына қайшы келіп қалатын шығар? Ол қанша ойланса да бұл сұраққа жауап таба алмады. Өйткені, ол осы сұрақты өзіне тірі күнінде қойып, оның жауабын табуға ниеттеніп те көрмеген болатын. 

Күн батып іңір қараңғылығы барқын пердесімен айналаны бүркей бастағанда ол ағаштың артындағы биік сұр төбеге шықты. Бұрын ел төбенің аржағындағы жылан өзек жіңішке сайда ордалы жылан барын айтатын. Сондықтан, олай қарай ешкім барып көрген емес. Кенет оның құлағы сырылдаған өзгеше бір зор дыбысты шалып қалды. Дыбыс барған сайын жақындап келеді. Кебінін жалбыратып, орнынан атып тұрды. Маңайына алақтай қарап еді, сұр төбенің бауырын қиып өтіп, мың сан жылан кетіп барады екен. Екі ара арқан бойы жер. Алып шоғыр іркілмей, жылжып аққан қап-қара су секілді баяу сырғып барады. Бір кезде олардың қатарынан үлкен сары теңбіл жылан бөлініп шықты да, құйрығын қақшитып алып, бұған қарай тура тартты. Ол «селт» еткен жоқ. Жылан келген бойда оны бір айналып, құйрығымен балтырын сипай, аяғының үстімен өтті де, өз жолымен жөнеле берді. Тек сонда ғана оның аяғы жыланның суық денесін сезді. Неткен тастай, неткен зәрдей!..

Сол суық оның өне бойын қалтыратып сала берді. Күні бойы жүргенде талай темір, небір әйнек сынықтарын именбей басты. Бірақ, аяғы ештеңені түйсінген емес. Аяғын былай қойғанда оның бүкіл денесі өліктікі ғой, ал мынау?..
– Оған несін таңғалып тұрсың?
Ойда жоқта қасыретті бір үн күңгір етті. 
– Иә, сенің пайым-деңгейіңмен өлшегенде, әрине бұл тосын жағдай. Сен өліктің аруағысың. Әдетте тірі пенделер үшін өліктен суық ешнәрсе жоқ. Алайда, сондай суық, үрейлі аруақты қалтырататындай жылан неге суық, сен оның суық ызғарын қалай сезіндің? Оның денесі неге өліктен де тастай?

Ол үнсіз қалшиып қалыпты. 

Бірақ, жаңағы дауыс иесі одан жауап күткен жоқ. 
– Ол жыландар енді сан ғасыр мекендеген мынау қонысынан мәңгілікке кетіп барады. Түн жамылып, тыныштық іздеп барады. Десе де, оны қайдан табатыны маған жұмбақ. Өздері де білмейді...
– Сен кім боласың?
Ол кебінін қымтанып, айналасына қарады. 
– Мен жол аруағымын. 
– Жол аруағы! Сонда жолдар да өле ме?
– Адам баласы жаралғалы талай жолдарды өлтірді. Қазір менің бейітім мына жаңа салынған жолдың астында. 
– Неге түн кезіп жүрсің?
– Сен өзің бұнда неге келдің?
Жол аруағы бұның өзіне қарсы сұрақ қойды. 
– Мен көрімде тыныш жата алмадым. Мына өмірдің елесі жанымды азаптап, маза бермеді. Тыныштық іздеп жүрмін. 
Жол аруағының кекете «мырс» еткен үні естілді. 
– Сен сол тыныштықты таба қоямын деп ойлайсың ба? Ұят жоқ екен өзіңде...
– Не үшін?
Ол іштей үрейленіп қалды. 
– Сонда сен өліміңді бұлдап, өз жаныңның тып-тыныш болуын қалайсың ғой. Сонымен бәрі біте салады деп санайсың ба? Бірақ, жол апаты болған күні жапырылып, қабысып қалған көліктен сендерді шығарып алған адамдар қалай қиналғанын білесің бе?
Ол өңі бозара басын шайқады. 
– Сондай аянышты болды. Айтуға дәтім шыдамайды. Араларыңда денесі бүтін қалғаны тек анасының құшағындағы сәби ғана екен. Періштесі жанын қағып қала алмағанымен, нәрестенің тәнін аман сақтаған секілді. Ал, басқаларыңның сау тамтықтарың жоқ еді. Сенің және алдында отырған жігіттің денесін көліктің темірін кесіп жүріп зорға алып шыққан. 
Ол не айтарын білмей кемсең қақты. 
– Осындай азапты өліммен өлдім, енді қалайша тыныш жата алмаймын. 
– Оған хақың жоқ. Өйткені, қазір сенің анаң су қараңғы. Үш күннен бері тоқтамай зар жылағандықтан көзінен айырылды. Ал, балаң өмір есігін ашуына алты сағат қана қалғанда әкесіз жетім болып үлгерді. Мүмкін, жарың сен туралы жаманатты әлі естіген жоқ. Ол білген кезде қандай күй кешетінін өзің шамалай берерсің. 
Ол тұрған орнында жалп етіп отыра кетті. 
– Бұның бәріне мен ғана кінәлі емеспін ғой. Қарсы алдымдағы көлік маған келіп соғысты. 
– Дұрыс айтасың, сен ғана кінәлі емессің. Алайда, жалпы адамзат баласы, жаңа жол ауыстырып, жылдам көлікке отырған сайын адаса түскендеріңді білесіңдер ме осы?
Ол жауап қайтара алған жоқ. 
– Айтпақшы, бағана сен «жақсылыққа асығу» туралы өзіңе сауал қойып едің ғой. Сен ол кезде жақсылыққа асығу керектігі жөнінде дұрыс ойладың. Бірақ, сенің оған жету қарқының өмірдің табиғи жүріс шектемесінен асып кетті. Ал, шынайылық пен табиғилықтан айырылған кез-келген құбылыс өзін де, өзгені де өкінішке қалдырады. 
– Сонда нені меңзеп тұрсың?
– Мен өмір сүрген заманда менің бойыммен талай адам сапар шекті. Жарғақ тонды жарлы да, асыл киімге оранған бай да жер ананың қан тамырындай жалғасқан топырақ жолмен тәңіріне тәубесін айта кетіп бара жататын. Жолға шыққан тұлпардың шашасын шаң сүйіп, тостағандай тұяғын тас аймалайтын. Қоңырулы керуеннің жүгін арқалаған жанкешті қара нарлар жапақ табандарымен топырақты жолдыжайбарақат басқанда жер ананың жылуын сезетін. 

Ал қазір сол жолдардың бәрі ұмыт болды, көміліп қалды. Адамдар оларды жерлеп, жер анадан биік тұратын жасанды жолдарды салып алды, бетін жалтыраған асфальтпен тұмшалады. Бүгінгі адам жер үстінен биік-биік үйлер тұрғызып, жер үстінен биікке ұшқаны үшін құдіреттеніп кеткен секілді. Бірақ, түбі өздерінің сол жердің астында мекен тебетінін жадынан шығарып алғандай. 

Мен жерленгелі бір ғасырға таяды. Бірақ, аруағым түн кезіп, тыныштық таба алмайды. Себебі, жер ананың жылулығынан жеріген адамдардың суық болмысы өздерін сәт сайын өлімге байлауда. Олар бейбіт күнде бекер қырылуда. Мені астына жасырған жасанды жол жанын темірге байлаған адамдарды белгісіз бағытқа апара жатыр. Бұрынғы қара жолмен сапар шегетін адам біткеннің жан-болмысы жер анамен тұтасып, табиғатпен үндесетін. Бүгінгі адамның санасы, қасиет-құндылығы темірмен біте қайнасып, табиғатпен теке-тіресетін болды. Ал, әлемдегі ең ұлы заң ол – табиғаттың заңы. Өзгесінің бәрі жасанды. Сен де жаныңды темірге таңып, жасанды жолмен жүріп адасқан бір бейбақсың. 

Ал, темір ешқашан жылулықты, болмысты, қасиетті сезінбейді. Ол қайта сенің санаңды темірдей қатайтып, өзіне тәуелді етеді. Сосын ары қарай білгенін істейді. Сен сол темірдің алдамшы жылдамдығына сеніп, уақыттан озбақшы болдың. Есіңде болсын, уақыттан озуға асыққандар мен табиғаттың ұлы заңын аяққа таптауға талпынғандардың баратын жері өлім, осылай аянышты ажал құшу болмақ. 
Жол аруағы сөзін доғарды. 

Ол үнсіз отыр. Осы уақытқа дейін көлік шырғалңынан қаза тапқан адамдарды жай Алланың жазуынан аса алмағандар деп қарайтын. Енді бәрі түсінікті болғандай...
Алайда ол үмітін бір жола үзгісі келмеді. 
– Бәлкім, осының бәрін ана дүниедегі адамдарға ескертудің жолын қарастырамыз. 
– Ха..ха, ха, ха... Мына сен екеуміз секілді өліктердің қолынан түк те келмейді. Біз әлдеқашан адамзат қателігінің құрбаны болдық. Әуелі, енді жер үстіндегі пенделер де бәрін ырқынан шығарып алды. Олар өздері ойлап тапқан даму заңдылығы атты аса үлкен асфальт жолмен біраз жерге кетіп қалды. Бірақ, оның шет-шегі неге апарып соғатынын өздері де анық білмейді. Әйтеуір жанталаса алға асығады...
Далада жел күшейе бастаған еді. Тасжолда ышқына гүжілдеген машиналар жарықтарын шағылыстыра тынбай қайшалысады. 

– Көргім келмейді, көргім келмейді!..

Кенет жол аруағы азаптана айқай салды.

Ол не болғанын аңғарғанша, «гүрс» еткен алапат соққы дауысын естіді. Үш күннің алдында өздері соқтығысқан жер ойран-асыр болып жатыр. Іле аспанды тіле шыңғырған жас қыздың зарлы үні шырқырай шықты. Дауыстың аштылығы сондай бүкіл дала тітіреп, таулар дір-дір сілкінді. Тамыр ағаштың жалаңаш тамырлары тарс-тарс үзіліп, басына қонақтаған құстар шулап-шұрқырап дүркірей ұшты. Үрпердей болып оянған адамдар шошына жылаған балаларының жүрегін аптап, үрейлене имандарып үйіріп жатты...

Миына біреу біз тығып алғандай секіріп кеткен ол, аяусыз қиналыстан өкіре айғайлады. Сосын, қос құлағын басқан күйі ордалы жыландар кеткен жаққа қарай жан ұшыра қашты. Әлдебір темір-терсекке ілініп қалған кебініне де қараған жоқ. Лыпасыз сұлбасын сүйрете түн қараңғылығына сіңіп ғайып болды...


Соңы. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар