Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жас ақынның оқырманы сөзжұмбақ шешпеу керек...

17.03.2017 8706

Жас ақынның оқырманы сөзжұмбақ шешпеу керек

Жас ақынның оқырманы сөзжұмбақ шешпеу керек - adebiportal.kz

                                                     (Жас ақын Жансая Қалекестің өлеңдеріне шолу)

Кейде, әдебиет жайлы сөз қозғалса әлі күнге дейін Кеңес кезеңі мен Тәуелсіздік жылдарының басындағы буын жайлы ғана айтылатыны белгілі.  Ал қазіргі әдебиетке келіп жатқан буын жайлы айтылмайды, жазылмайды. Әр дүние өз уақытында бағасын алғанға, еленгенге не жетсін. Ал нағыз ақын болып қалуы – уақыттың еншісінде екені белгілі.

Гегель «өнердің тәжі» деп бағалаған поэзия – көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ үлгісі екені анық. «Өмірге берген сертін ұмытып, өлеңді сүйіп үлгерген» Жансая Қалекестің шығармашылығымен жаңадан танысқан оқырман алғашында ақынның айтар ойын ұға алмай сарсаңға түсуі мүмкін. Өйткені, Жансаяның өлеңдерінің дені жұмбаққа толы. Ол үнсіздікпен ғана тілдеседі. Үнсіздікпен ұғынысады. Бұл сөзімізге жас ақынның «Үнсіздік үгітіп, жанарым тоналды», «Ақпан да енді «аһ» ұрып айтар, Үнсіздігіңмен ауырды», «Мендегі үнсіздік – бақыттың мұңы» секілді өлең жолдары дәлел бола алады.

Өлеңдердегі назарға ілігер ерекшелік – лирикалық меннің көңіл-күйін, ішкі толғаныстарын, күйініші мен сүйінішін мезгілдің тілінде сөйлете алуы. Жансая үшін табиғат та, тіршілік те, уақыт та адамның жан-дүниесін ұғына алар құдіретке ие. Мәселен, лирикалық меннің қасіретінен «қаңтар да құлазиды», «ақ қар да үнсіз налиды», «ақпан да аһ ұрады». Жаратылыстың барлығы Жансаяның өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкерге қызмет етіп тұрғандай.

Қазақтың өлең сөзі кейіптеудің алуан түріне бай. Табиғатқа телінетін адами əрекеттер де жас ақынның өлеңдерінің негізін құрайтындай әсер қалдырады. Оның жансызға жан бітіріп, адам кейпіне енгізген «түндерім көз ілді», «өксігін баса алмаған аспан», «жылаған аспан», «жасымды таң сүртіп», «ашынған жұлдыздың зарлы үні естілді», т.б. поэтикалық тіркестерінен өлеңдерінің табиғаты бейнелі, суретті реңкке боялған. Жансаяның мезгілдері ерекше, бөлек. Ол «мың жұлдызға мұңын айтады», «жасын көктемге жасырады», «түні дұға оқиды».

Қарапайым құбылысты көркемдік талапқа сай өңдендіре, құбылта жырлау қаншалықты шеберлікті қажет ететіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жас ақынның лирикасын эпитеттер байыта түседі. «Кербез түн», «жəудір мұң», «тамшы ғұмыр», «айғыз мұң», «ұшынған тағдыр» сынды сəтті тіркестер өлеңдерінің көркемдік қуатын арттырмаса, кемітпейді. 
«Илану» деген өлеңінде субъектінің өмірдің мəнін іздеуі, өзіне де беймəлім дүниенің жауабын білуге құмартуы риторикалық сұраулар арқылы берілген. Сонымен бірге, бұл өлең «м» дыбысына құрылған аллитерациямен əшекейлене түскендей.     
Жансаяның өлеңдері оқырманының миына ауырлық түсіретін секілді кейде... Шығармашылығын он өлеңмен өлшемесек те, назарға ұсынылып отырған жырлары тұтастай алып қарағанда қайғы мен қасіреттен көз ашпайды. Бір өлеңнің аңғарына сыймаған ойлары келесі өлеңінде де жалғасып кете беретіндей бірсарынды əсер қалдырады. Тіпті кейде ақынның «мені» қартайып кеткен кейіпкер сынды. Үнемі көктемін аңсап жүретіні тегін емес шығар: «Ертерек келсе екен көктемім дегем», «Көктемнің уəдесі сынды кешіккен», «Мен күткен көктем оралар ма екен», «Менің мəңгі ғашық болған көктемім»... Бұл ақынның бəлкім кемшілігі, бəлкім артықшылығы... 
Ақын өлеңдерінің дені шалыс ұйқас пен қара өлең ұйқасына құрылған. Бірақ, ақын үшін өлеңнің ұйқасынан гөрі оның мəн-мазмұны мен ой-сезімін бейнелеп жеткізу əлдеқайда маңызды. Мəселен,

«Мен сонда жел құшқан сөзімді аядым, 
Кезімді аядым аяулы. 
Өткенге арбалған сезімді аядым, 
Қасіретіме таяулы»,

деп ұйқас үшін «таяулы» деген жаңа сөз ойлап табады. Жəне де қай өлеңінен болмасын, тістескен ұйқас таба алмайсыз. Есесіне, эпитет, қайталаудың түрлері, кейіптеу, градация секілді көркемдегіш құралдар жұп-жұбымен ұшырасады. «Илану» өлеңінде әдепкі қайталауды молынан ұшырастырамыз. «Мен неге», «мен білемін», «мен онсызда» сынды тіркестерді қайталаудан өлеңнің сәні кетіп қалмаған, керісінше оюы қоюлана түскен. «Жәудір мұң» бұған дейін қолданыста бар эпитет болғанымен, «ұйқыдағы қорқау тағдырда» Жансаяның қолтаңбасы бар екендігі байқалады. «Қалтыраған үміт», «ашынған жұлдыз» іспетті есімшелі эпитеттері біз білетін үміттер мен жұлдыздардан басқа бейнеде елестейді. Бұл да жас ақынның сезімінің сырға толы, сол сырының жұмбақ сыңғырға толы екенінен хабар беретіндей. Әрине, жүректен шыққан өлеңнің өлшемі теория емес екені анық. Дегенмен, қазақтың қара өлеңі ұйқастан ақсамағаны абзал...

«Жандыдан да, жансыздан да сыр баққан» Жансая бірде ғаламды құшағына сыйдырып билегісі келсе, бірде сол ғаламға ренішін бір тамшыға жасырып, тек көктемді паналағысы келеді. Жас ақынның көктемде кеткен бір өкініші я жүрегін сілкіндірген бір жарылыс болғандай. «Жарықтығым күбірледі ішінен, Ғашық үн болса екен...»,– деген Жансая әлдебір қаһарманды, әлдеқандай ұлы махаббатты күтетін сияқты.

Ақындардың бəрі жастық кезде еліктегіш келетінін жалған дей алмайсыз. Жансаяның да сөз құбылтуынан, форма іздеуінен алдыңғы буын аға-əпкелерінің поэзиясын көп оқитыны бірден аңғарылады. Алайда, Жансаяның да ақындық қолтаңбасы  көрінетін поэтикалық тармақтары жоқ емес: «Тағы да іркіліп оқылды дұғасы түннің, Мен кешкен ғұмырдың күнəсі бөгеп», «Сен жаси көрмеші, Жайықтағы өлең, Сен оған дем берші, Тəңірім», «Шаммен қорғап отыр едім жазмыштың ұятын» деген сынды жолдар ақынның ақындық табиғатына нұқсан келтірмейді. Жəне алдағы уақытта Жансаяның өз соқпағынан адаспай, өзіне ғана тəн өрнегін, бояуын қалыптастыратынынан үміт күттіреді.

«Бір жас ақын көтерілсе мінбеге, Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам» деген екен Мұхтар Шаханов.   Біз де жанына өлеңнен жұбаныш тапқан бір жасқа, алдыңғы буынның ізгі тілегі арқылы өз септігімізді тигізе алсақ  деген ниетпен төмендегі пікірлермен қоса, бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.    

Бақытгүл БАБАШ, ақын: Бояусыз да әдемі ғой жастық шақ деген! Оны қолдан күрделендіріп, рең басын баттастырып қайта бояғанда не шығады? Табиғилық деген ұғым бар. Қолдан тақпақ құрастыруға болады. Бірақ ол Өлең емес. Ал Жансая «Мен – Өлеңмін!» дейді. Соған сенгім келеді.   

Біз қанша жерден «измдерді» шиырласақ та, сол баяғы Абай айтқан «тілге жеңіл, жүрекке жылы» жырлардың бәсі қымбат. Жансаяның өзін-өзі іздеу жолындағы ізденісі, беталысы қуантады. Бірақ оқырманы сөзжұмбақ шешпей, шынайы өлеңмен қауышса, ақын бақыты деген – сол. 
Көктемді көбірек жырлайтын қыздың аңсар-арманы алдамаса, «жандауысы Алатаудан әрі асып», әлемді кезер әлі-ақ! Таудай талабы бар екен, Жаратқан жолын оңдасын! 


Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ, жас ақын: Ғұмырында қатiгез бола алмайтын адам, қаламгер бола ма деймiн. Көмейiндегi қақ сияқты кептелген, талай жылғы запыран-өксiк, өкпе-ренiштер, ақын жанарының мөлт еткен бiр тамшы жасына сыйып кетсе дағы, ол ең соңғы құпиясындай ғұмырнамалақ дәптердiң соңғы парағына ғана «тырс» етiп үзiлiп түсер. Мынау жалған дүниениенiң талас-тартысына әуелi жүрегi шыдамайды. Мен ақ едiм, адал едiм деп қайсы бiрiне ақтала берсiн?! Үнсiз күресiп бағады. Ол жалғыздықты сүйеді. Жансаяның өлеңдерін оқып, бақылап жүргеніме біраз болды. Кез келген ақын «еліктеуден»  өтетіні заңдылық. Кейбір өлеңдерін оқып, осындай ойға қаласыз. Бірақ, біздің бір білеріміз, ең бастысы, өлеңде Жансаяның үні бар! Жанның сыбырын жеткізетін жырларын оқи отырып, көңіліңізді әлдебір зар билеп алады. Жансаяға жазуды тоқтатпаса, бұдан да тамаша өлеңдер жазатынына сенем. Өйткені, Жансаяны жырсыз елестету мүмкін емес!

 

 

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

 

Аты-жөні: Жансая ҚАЛЕКЕС

Туған жылы: 18.05.1996

Туған жері:Атырау облысы, Исатай ауданы

Оқу орыны: ҚазҰУ

Факультеті:  Филология жəне əлем тілдері факультеті

 

***


Біреу маған мұң сыйласа, алмас ем,
Біреу маған нұр сыйласа, жанбас ем.
Өңешімнен өтіп кеткен өлеңнің, 
Мен жердегі жалғасы ем.

Мендік өлең, меншігімде – қаламым, 
Ақ параққа тамшы үзді жанарым.
Көкті құшып, айға ұмсынып дəл бүгін
Бір тағдырға сүйретіліп барамын.

Күзге-дағы өкпе арта алмай, көктемге, 
Жолданбаған хатым қалды өткенге.
Айтылмаған сырым қалды досыма,
Жазылмаған өлеңім де көп менде.

Құшып жатып құштар болдым өмірге,
Қалтыраған үміт тұрды көңілде.
Кешіріңдер, қақым да жоқ сөнуге,
Қақым да жоқ өлуге!

Күнім күлсе бар шуағын шашқанға,
Түн жымияр жыр түндігін ашқанға.
Мың жұлдызға мұңымды айтып күнелтем,
Бір жұлдызым жанып тұрса аспанда.

 

Үнсіздік құшағында

Күрсініс ішіне жасырған күлкіммен əлдилеп,
Мен қалдым!
Бейкүнə сезімді,
Ол кетті мен күткен көктемді шыққа орап.
Түндігін түрместен түндерім көз ілді, 
Аспан тұр бауыры бұлтқа аунап.

Мен сонда жел құшқан сөзімді аядым,
Кезімді аядым аяулы.
Өткенге арбалған сезімді аядым,
Қасіретіме таяулы.

Қасіретімнен құлазып қаңтар,
Ақ қар да үнсіз налиды.
Ақпан да енді "аһ" ұрып айтар, 
Үнсіздігіңмен ауырды.

Сендегі үнсіздік – уақыттың мұңы, 
Көктемнің уəдесі сынды кешіккен.
Мендегі үнсіздік – бақыттың мұңы, 
Бақытсыздар ғана есіткен! 

Мен сондағы жасымды көктемге жасырдым,
Дəл бүгін тек бұлтқа сыр ашқам.
Ғазалын жуа алмай ғасырдың,
Өксігін баса алмай тұр аспан.

Жылаған аспанның жанарын жылытып, 
Сəл тыныштықтағы күйге ендім.
Өмірге берген сертімді ұмытып, 
Өлеңді сүйіп үлгердім.
 

Таң алдындағы құлазу

Тағы да іркіліп оқылды дұғасы түннің,
Мен кешкен ғұмырдың күнəсі бөгеп.
Ұшынған тағдырдың мұңына ілесіп едім, 
Аспаннан ашынған жұлдыздың зарлы үні естілді кенет
тоқтадым.

Жұлдыздан жеткендей сəлемі көктемнің,
Қалғыған ойлардың сыртынан су бүркіп,
Сəлден соң сарылып кеткенмін,
Қаңтарда қалмаған жасымды таң сүртіп
оралдым.

Жазмышты жатсынбай жалтақтап қараумен,
Кербез түн көсіле алмайтын боп алды.
Жымысқы көңілден жерініп жүрегім,
Үнсіздік үгітіп, жанарым тоналды
Қажыдым.

Ертерек келсе екен көктемім дегем, 
(Мен оны мезгіл көшкенде таныдым).
Сен жаси көрмеші,  Жайықтағы өлең,
Сен оған дем берші, Тəңірім! 

 

***

Мен күткен көктем оралар ма екен?
Жоғалар ма екен жəудір мұң?!
Ғаламым нұрға боялар ма екен,
Сен соны білші,  жарығым...

Сен соны біл де, жымия қара,
Жылына қара, қаңтарға.
Аспанға анау сұғына қара,
Сырын шертетін əр таңда.

Сырын шертетін ғаламға өксіп,
Ұғылар содан ақырғы ой.
Бір тамшы тамған жанарға сіңісіп,
Бір үзік ғұмыр жатыр ғой..

Дəуірден дəру күтпеген жан ем,
Күтпеген солай тағдырым.
Көптің де мұңын күйттеген жан ем,
Сол үшін кештім барлығын.

Мен күткен көктем оралар ма екен?
Жоғалар ма екен жəудір мұң?!
Ғаламым нұрға боялар ма екен,
Сен соны білші, жарығым!

 

 Күту

Менің жаным сірə, нəзік гүлден де,
Қытықтайды ернімді жел бір демде.
Қыс та  келіп мойныма асылды, 
Мен көктемді күтпеймін деп жүргенде.

Кешікпеген һəм кешіккен жырымнан,
Күз де кетті ауыз тиіп мұңымнан.
Күз де кетті көз жасыма тұншығып,
Жүрегімнің тасасына тығылған.

Бұрынғыдай желігу жоқ сезімге,
Əлде менің тым тəкəппар кезім бе?!
Əлде менің ғашық жазған дертімді,
О, Тəңірім!  Кешпесінші дедің бе?!

Сүю жайлы сыр шертісу ғажап-ақ,
Кейде отырам жүрегімді жазалап.
Менің мəңгі ғашық болған көктемім,
Кұшағыңды қала алсам ғой паналап.

Мұң сіміріп ішілмеген, ішілген, 
Күз де кетті...
Көктем келсе, мұң сорғалар ішімнен.
Дəл қазіргі күйім үшін күйініп, 
Жарықтығым, күбірлейді ішінен.
Ғашық үн болса екен...

 

Тамшы 

Сəл кідіріп қалып едім, ғалам маған ұмтылды,
Сол ғаламда мен бармын ба?!
(Мендік рең біртүрлі)
Жан сыбдырын күрсіністен сезінетін аспанның,
Көз жасына айырбастап жіберіппін күлкімді.

Əне, тағы
Тағы, тағы,
Тереземді тамшы ұрды,
Дəл осындай тамшы ғұмыр тағдырыма шаншылды.
Сол ғұмырды сəл кешігіп кешіп жатқан шығармын,
Мəңгілікке балап қойып, Ием оқыр антымды.

Ием оқыр күрсіністі ол аспанға көшкенде,
Естіп жатып елеусіз-ақ еңіремес еш пенде.
Күбір-күбір назын айтар мына ғалам мөлтілдеп,
Көлеңкесі пəк сезімнің көмілусіз кеткенде.

Тыныштығын бұлдап алып, бұртияды мына түн,
Шаммен қорғап отыр едім жазмыштың ұятын.
Тəңір берген маңдайымды махаббатпен көмкеріп,
Ғазалымды жиып қойдым бір тамшыға сиятын.

Сəл кідіріп қалып едім, ғалам маған ұмтылды...

 

Илану

Мен неліктен жылдарымды жазғырдым?
Мен неліктен жанарға жас алғыздым?
Мені неге түн май шаммен сығалап, 
Мені неге қоршап алды айғыз мұң?!

Мені неге күте алмайды жол асқан
Мені неге ертіп кетті адасқан?
Мені неге өкіндірді өткенім,
Мені неге ғашық етті сол аспан?!

Мені неге күттіреді келмес күн, 
Мен онсызда күтуменен күн кештім.
Мен онсызда өтіріктен шаршадым,
Мен онсызда өтіріктен өлмеспін!

Мен білемін бақыт таңы атарын, 
Мен білемін ұзақ болмас сапарым.
Мен білемін бір өлеңді қалдырып,
Бір өлеңмен тыныштықта жатармын.

Бірақ неге? Жауапсыз бұл жердегі үн,
Аспан жаққа елітеді бірде мұң.
Сол мұңымнан адасқым-ақ келеді,
Күрсінтеді құрсауға алған күндерім.

Тек  өлеңнен кетпесе екен бір күн мəн, 
О, Тəңірім, естіртпеші біртүрлі əн.
Жазғаныма дұға қылып қояйын,
Таңда мені оятшы тек ұйқымнан!
Таңда мені оятшы тек ұйқымнан!...
 

Жандауыс

Жағымпазға құштар болып, жанталаса сүймес ем,
Маған оның керегі не?! Жағынуды білмесем.
Мен оданда күллі əлемді құшағыма сыйдырып,
Махаббаттың ең ғажайып əуеніне билесем,
Ақша бұлттар арасынан төніп келген жаңбырмен,
Сонда ғана қолшатырсыз қолтықтаса үйлесем.
Мен өйткені, əр тамшыдан бақ күтпейтін жан болсам,
Мейірімге шөлдеп қалған жат мекенде жүрмес ем.

Адалдықтан ада болған бұл ғасырға қош айтып,
Күзде айтылған əуеніме қыздың мұңын қоса айтып.
Жандауысымды Алатаудың биігінен естіртіп,
Өлеңіме өз өкпесін дұшпан айтып, дос айтып.

Құшағымда қалғып кеткен шырын ойлар тұншығып,
Үнсіздігім жер астында көңілсіздеу күрсініп.
Мен ұнатқан гүл иісінен көбі кетер жиіркеніп,
Өлең қалар өзегімде өлмеу үшін құлшынып.
Сен мұңайма, жылдар жылжыр, өзгермейді дүние,
Жалғасады тіршілік!

 

Менің монологым

Күзбенен қосылып, шырқалды жиі əнім,
Сол əнге биледі жапырақ.
Куəмін!
Сол əнмен құстар да мекенін жылытты,
Сол əнді көкке де естірткен шығармын.

Естірткен шығармын,  күмəнім жоқ оған,
Себебі, Өлеңмін! Мұңмен дос боп алғам.
Жоғалтпау үшін де серт беріп өмірге,
Дерт жеңген түндерде өзім-ақ жоғалғам.

Содан соң таба алмай өзімді ғаламнан,
Өзімді іздедім жас жұтқан жанардан.
Сезімнен іздедім жүректі билеген,
Сөзімнен іздедім суынған адамнан.

Үн қостым құстарға Тəңірге жетер деп,
Жоғалсам жалғаннан мұңды кім көтермек?!
Жоғалсам жалғаннан Күзге өлең кім оқыр?!
Қалмай ма көктемім бекер боп.

Ізімнен кезетін жаныма шекер-мұң,
Сол мұңды аймалап, алданыш етермін.
Сол мұңды көтерген он сегізіммен,
Ертерек қоштасқан екенмін! 

Табылу керекпін, жаныма жетіп Түн, 
Май шаммен қарады, жағаға жетіппін.
Тірлікте жазуға жерік боп амалсыз,
Өлеңнің аспанын мекендеп кетіппін.
Өлеңде екенмін! 

 

***
Тағы да Түн
құшағымда ыңырсып,
Ескі əуенді естімекке құмартты.
Жалқы сезім жанарымда тыпыршып, 
Ұмытыпты ұятты.

Жастығыма сіңген түннің обалын,
Қайтіп, қалай көтерем?!
Түннің жасы мұңның кірін жуа алған.
Мен бұл түнді кешпей-ақ та өтер ем,
О, жалған! 

Жалған бəрі 
пасық ойдың қақпанында тұр сезім,
Жоғалтқанды жоқтай алар Түн ғана.
Түн мұңайса күн доғарып кемсеңін,
Тыныштықта тербетеді айнала.

Күс-күстенген түн жарымын жасырып 
ол бейкүнə пенделіктен тапты өзің.
Сосын күрсінісі мойнына асылып, 
Көктеміне асығады 
Еһ,  сезім...

Сол көктемнің жел үрлесе күлкісін, 
Ұйқыдағы қорқау тағдыр түс көріп...

Сені оятып алар ма екен, жарығым?! 
 

                                                                                                                       Әзірлеген Айжан Тәбаракқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар