Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақ поэзиясындағы экзистенциялық көңіл-күй

29.03.2017 1468

Қазақ поэзиясындағы экзистенциялық көңіл-күй

Көркем әдебиеттегі маңызды тақырыптардың бірі – авторлық жеке таным. Өмір шындығын, ақиқат өмірді автор өз ой елегінен, жүрек дірілі мен көңіл сүзгісінен өткізіп барып белгілі бір көркемдік пайымдау мен образдық әлем туғызуы керек. Суреткердің ой талғамы мен рефлекциясы оның өмірді өзіндік пайымдауы мен жеке импирикалық тәжірибесіне сүйенеді. Мұндай авторлық өзіндік таным әсіресе поэзиялық шығармаларда ерекше жарқырай көрінеді.

Көркем шығармалардағы өмір шындығына деген өзіндік таным мен пайым экзистенциялық көңіл-күйлер арқылы көрініс табады. Бұл экзистенциялық көңіл-күй XX ғасыр басындағы иррациональдық философияның бір ағымы экзистенциализм (тіршілік ету философиясы) философияның дүниетанымы мен үйлесімділік табады. Осы ағымның негізгі өкілдері тек қана философ қана емес,жазушы, суреткерлер болды. Мысалға айтсақ, экзистенциализмнің негізгі өкілдері: Н.Бердяев (1874-1948ж.), Л.И.Шестов (1866-1938ж.), К.Ясперс (1883-1969ж.), М.Хайдеггер (1889-1976ж.), Ж.П.Сартр (1905-1980ж), А.Камю (1913-1960ж.), Г.Марсель (1889-1973ж.) және тағы басқалары ірі суреткерлер еді. Экзистенциалды философия мен әдебиет XX ғасырдың алапат оқиғалары, бірінші дүниежүзілік соғыс, ұлы төңкерістер дәуірі, азаматтық соғыстар, аштық-жалаңаштық орын алған кездерде пайда болды. Бір ағымның пайда болуына Ф.Ницше мен Э.Гуссерельдің ілімдерінің зор әсері болды. Үлкен өкілдері С.Кьеркегор, К.Ясперс, Жан Поль Сартрлар болды. Бұл дүниетанымның көзқарасы бойынша адам дүниеде жалғыз. Жалпы өмір, айнала қоршаған орта адамға жау. Адам дүниеге өзінің мәнінен бұрын келеді. Белгілі бір мәнге жеткенше оған тіршілік ету керек. Ең бастысы қоғамның даму заңдылығы емес, адамның тіршілік ету жолдары. Оның алдағы күндерге деген алаңы, үрей, қорқынышы, көңілдегі уайым-қайғысы, заман, дәуірге беймаза көңілі деген айыптылығы, күнәлілігі, азапты жан толғанысы мен ой-толғағы, адамның өз мәні мен болмысын тауып, шынайы еркіндікке ұмтылу жігері ерекше мазмұнға ие болады.

Әсіресе өзі де жазушы, философ Жан Поль Сартрдың көркем шығармашылыққа байланысты концепциясындағы байыптауларға ерекше мән беріп тоқтала кетсек. Бұл мәселенің поэзиядағы, оның ішінде қазақ поэзиясындағы экзистенциалдық көңіл-күй тақырыбын талдап-түсінуде ерекше маңызы бар.

Жан Поль Сартрдың пайымдауынша өмірдегі объектінің (нысанның) мәні шамалы, ал осы объектіден (прототиптен) туындайтын, пайда болатын образ ерекше мәнге ие. Сонымен образ өмірдегі объектіден (нысана) прообраздан туындайды. Пайда болған образ неді объектіге тәуелсіз. Ол объектісіз де өмір сүре алады. Өзі тірек еткен объект енді ол үшін қажетсіз. Ақиқат өмірдегі объект енді ол үшін реалды емес.Образ үшін енді объект ирреалды болмыс.

Заттың, құбылыстың объектісін (нысаны) адамның «қабылдаушы санасы» көре алады. Көргенде оны толық күйінде жан-жақты емес, көзіне көрініп тұрған қырынан қабылдайды. Объект туралы басқа мәлімет, білімдердің жиынтығы болуы мүмкін емес. Яғни бұл қабылдау нақтылы-сезімдік тұрғыда болып келеді. Ал объектіні жан-жақты толық көріп, ол туралы мәлімет-білімдердің жиынтығы үнемі жаңғырып, толықтырылып отыруының арқасында образға айналдыру «елестетуші сананың» образы сананың синтетикалық актілері арқылы жүзеге асады. Бұл процеске едәуір дәрежедегі білім, сананың интенциясы, репрезентативті бейнелеу элементтері қатысады. Бұл пайда болған образ нақты сезімдік және білім объектісі бола алады. «Елестетуші сана» арқылы пайда болған объектінің образына образды қайтадан жаңғырту үшін енді объектінің қажеті жоқ. Көзімізге объектіні әкелсе біздің «елестетуші санамыз» жұмыс істемейді. Нақты объектіні тек қана «қабылдаушы сана» ғана қабылдайды.

«Елестетуші сана» образды нақты объектінің қатысынсыз, сана интенциясы арқылы жаңғыртады. Ол реалды объекті тарапынан детерминацияланбайды. Образ сананың ішкі қызметтері арқылы жаңғырады.

Түйіндей келгенде, Сартрдың пікірінше «елестетуші сана» объектінің «таза» затсыз санасын туғызады. Былайша айтқанда сананың өзін тану, оның затсыз кейпін, объектіні көрсетпей-ақ, объектінің бейнесі туралы елестетуші субъектіде неонтизациялық немесе нонтетикалық сана туғызу.

Түптеп келгенде, Сартрдың бұл идеясы – реалды өмір мен елестетілген әлемді бір-біріне қарсы қойып, олардың арасындағы байланысты жоққа шығару.

«Елестетуші сананың» оның затсыз, нонтетикалық сипаты арқасында ерекше шұғыл белсенділікке және объекті образдық тұрғыда жаңғыртып, сақтай алатын қабілетке ие болады. Соның шығармашылық сипаты өзінен-өзі емес, елестетуші сананың тұрғысында көрінеді. Сартр бойынша адам санасы «өмір аясынан, шеңберінен» шыққанда ғана елестете алады және толық еркін болады. Неонтизация немесе өмірден елестету арқылы қол үзу сана еркіндігінің шарты болып табылады.

«Сонымен өмірдің неонтизациясы бұл керекті шарт және сонымен бірге сана еркіндігінің көрінісі. Реалды өмір мен сана еркіндігінемесе елестету бір-бірін керек етеді және өзара үзілместей (ажырағысыз) байланысқан. Бірақ бұл байланыс негативті, себебі олар бір-бірін жоққа шығарады» (М.Н.Афисижев «Западные концепции художественного творчества» изд. «Высшая школа» 1990, 91 стр.)

Сартр өнерді, көркем шығармашылықты «елестетуші сананың» жемісі деп қарайды. Көркем өнердегі образға тірек болатын өмір-шындығы, объект ирреалды деп қарайды.

Көркем шығармадағы автор еркіндікке ұмтыла отырып, ақиқат шындық өмірді қабылдамай одан безінеді. Ол оның ішкі оппозициясы. Автор дүниені, айнала қоршаған ортаны өзгерткісі келеді. Бірақ күшпен емес, бейбіт түрде, өз шығармасында шындық өмірді ирреалды тұрғыда бейнелеу арқылы мақсатын айқындайды. Суреткер өз шығармасында шындықтың нонтетикалық картинасын жасауға ұмтылады. Осы аталмыш дүниетанымдық мәселелер XX ғасыр басындағы қазақтың ұлы ақыны М.Жұмабаев поэзиясында айрықша көрініс тапқан. Ақиқат шындық өмірмен ымыраға келе бермеген ақын өмір құбылысын әрқилы ракурста көре отырып, оның ирреалдық бейнесін әр түрлі бояулар арқылы жеткізеді.Бірде тым әсерлі сұлу, бірде сұрқай, күңгірт. Ақиқат өмірдің тек сұлулық тұрғысынан бедерленген ирреалдық суретін:

Кешкі ескен жібек жылы жел сұлу,

Хош иісті түрлі-түсті гүл сұлу

Әдемі аспан төбедегі көк шатыр,

Асқар тауы, дариясымен жер сұлу.

Сылқ-сылқ бейне айнадай жарқыраған айдыннан,

Күн шығарда көтерілген бу сұлу –

деп суреттейді.

Ал осы сұлулыққа керісінше, жаратылыстың сұрқай, сұрғылт бояуы мол араласқан өмірдің ирреалдық кейпін ақын былайша береді:

Шілде. Оттай ыстық күн,

Дала-өлік. Жоқ бір үн.

Жер де жатыр тұншығып.

Жол жыландай иірілген,

Шаң ерініп, үйірілген

Ешбір леп жоқ, тып-тымық.

Көкте жалғыз бұлт жоқ,

Көктің түсі қызғылт көк.

Дүниені тылсым билеген.

Ыңыранған әлдекім,

Жылай ма екен әлде жын?

Перілер ме күйлеген?

Ақынның «елестетуші санасында» опасы жоқ баянсыз тірліктің, жалған дүниенің, алдамшы ғұмырдың болмысы бірде қызылды-жасыл бояумен құлпырса, енді бірде күңгірт тартқан,күлгін түсті, сұрқай бояуға малынады. Ойлап қарасаң, осының барлығы да алдамшы, жалған. Ирреалды болмыс. Осы күйді ақын былайша жеткізеді:

Алдамшы өмір ылғи ғана у береді,

Өмір шіркін шамдай ақырын сөнеді.

Қара қайғы қалыңдады тым бүгін,

Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді.

Контекстегі «алдамшы өмір» ирреалдық болмыстан туындаған. «Ылғи ғана уын беріп келген алдамшы өмір» ендігі таңда «шамдай ақырын сөніп барады». Ақын көңілінде қимастық та бар секілді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырға байыз таппаған ақын жаны «қалың қара қайғының» үстемеленуі арқылы тіршілік трагизімін де күшейтіп тұрған секілді.

Қазіргі қазақ ақындарының ішінде де ирреалдық болмыстың сұрқай кескінін суреттеуге ұмтылыс бар. Гүлнар Салықбаеваның мына бір жыр жолдарына үңіліп көрелік:

Жаны ашымас жалған егем,

Сенен қашып барамын.

Обалыма қалған өлең,

Сенен қашып барамын.

Тола алмаған сорлы көңіл

Сенен қашып барамын.

Қайда барам қашқанда?

Тіршіліктің неонтикалық картинасы жасалған. Лирикалық қаһарман үшін де мына өмір ақиқат емес, жалған. Олай болса ол ирреалды. Ақиқат өмірден қашқан кейіпкер ішкі бір түйсікпен ирреалды өмірге бет түзегендей.

Бернияз Күлеев те ақиқат өмірді өз тұрғысында қайта жаратпақшы болады. Объектіні образға айналдырмақшы болған «елестетуші сананың» әрекеті бұл (Ж.П.Сартр).

…Қайта бастан ен нұрымды таратып,

Жіберер ем жаңа бір жан жаратып.

Жауыздық не, зұлымдық не сездірмей,

Беталысын ізгілікке қаратып.

Аспанымнан өзгеше бір нұр төгіп,

Жаратар ем жерге жаңа түр беріп.

Жерім,шөбім,ойым, қырым, мақұлығым

Тұрар еді жаңа түрмен гүлденіп…

(«Не етер ем»)

Бұл өлеңде де ақын санасы жалған ғұмырдың ирреалды кескініне ұмтылады. Көңіл көзі де осы кеңістікті діттегендей. Тіршілік болмыстың өзге жандар көрмейтін, тек ақын көңілі ғана көре алатын поэтикалық суретін, тек ақын санасы ғана пайымдай алатын шындықтың ирреалды болмысын Мұқағали Мақатаев «Үнсіздік» деген өлеңінде былайша өрнектейді:

Бәрі де үнсіз.

Үнсіз аспан,үнсіз жер,

Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл.

Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ күрсінер.

Үнсіз кеуде…

Үнсіз жүрек дүрсілдер.

Бәрі де үнсіз…

Бәрінде бір сұрақ бар,

Үнсіз ауыл.

Үнсіз жанып тұр оттар.

Үнсіз зират ұйықтап, үнсіз қиратпа,

Үнсіз ағып бара жатыр бұлақтар.

Экзистенциалдық көңіл-күйдегі кейіпкер алдағы күнге, заман реңіне алаңдаушылықпен, беймаза көңілмен қарайды. Ішкі бір торығу, дүние-тіршілікке уайым көзімен қарау басым келеді. Адам өзінің ішкі мәнін тек қана өліммен, қорқынышпен бетпе-бет келгенде табады. Тек қана осындай «шекаралық аймақта» ғана ол толық еркіндік сезінеді. Трансцеденттік күй-оның басты мақсаты. Соғыс, заман қысымы ақын жанына жазылмастай жара салады. Реалды өмір ақын санасына өз таңбасын салады. Ақиқаттан безінген суреткер қиялы ирреалды өмірге қол созады. Осы іспеттес айрауықтың ащы күйіндей толғақты мұң-зар Мағжан Жұмабаев поэзиясының да негізгі тақырыптары болып келеді. Алақұйын заман, қытымыр дәуір ақын поэзиясына өз таңбасын салған.

Сарғайдым күннен-күнге қуат кеміп,

Қалың ой – қара жылан жүректі еміп.

Ақырын бітіп барам жанған шамдай,

Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп.

Немесе:

Абақтыда айдан,күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой,сар даламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным!» – деп зарлаған,

Алыстағы сорлы анамды сағындым. –

деген жолдарда ақын көңілінің уайымға толы беймаза шақтарынан сыр шерткендей. Қара жылан, қалың ой жүректі еміп, ақынның жанын да, тәнін де құр сүлдеге айналдырған. Берниязда да шын өмірдің қалпынан гөрі оның ирреалистік сипатын көрушілік басым. Мысалға өзінің «елестетуші» сапасына көңілі толатын ақын былай дейді:

Өзім бітем, өзім қайта толамын,

Өзім ұшам, өзім жүрем, қонамын.

Өз алдыма өзім келе бергенде,

Өзіме-өзім таң-тамаша боламын.

Өмірдің нонтетикалық көрінісі де ақынның «елестетуші» санасында былайша көрініс табады:

Қырда шөп, сайларда су, тоғайда ағаш,

Қосылса құшақтасып бәрі аралас.

Еріксіз ойдағыны ұмыттырар,

Сонда бар, қамыққанда қайғылы жас!

немесе:

Түн дыбыссыз, айнала бос,

Дем алғандай талығып.

Бар нәрсенің көңілі қош,

Тәтті ұйқыға малынып.

Өмірдің осындай «елестетуші сана» арқылы қабылданатын нонтетикалық көріністері қазақ поэзиясында М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Ж.Жақыпбаев және тағы да басқа ақындардың шығармаларында көрініс табады. Ол болашақ зерттеулердің өзекті тақырыбы болмақ керек.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1.Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989 ж.

2.Мақатаев М. Жырлайды жүрек. – Алматы: Жазушы,1989 ж.

3.Жәмбек С. Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасы. – Көкшетау: 2002 ж.

4. Борев Ю. Эстетика. – Москва: Высшая школа, 2002 г.

5. Хализов В. Теория литературы. – Москва: Высшая школа, 2000 г.

6. Афасижев М.Н. Западные концепции художественного творчества

7. Соловьев Э.Ю. Экзистенциализм и научное познание. – Москва: 1966 г.

8. Кузнецов В.Н. Жан-Поль Сартр и экзистенциализм. – Москва: 1969 г.

Жәмбек Сәбит Нұрмұхамбетұлы

Ш.Уәлиханов атындағы КМУ профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: экзистенциализм, Мағжан, Жәмбек
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар