Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ғалым Жайлыбай. Менің де жүзген талай жыр құстарым...

17.12.2018 13392

Ғалым Жайлыбай. Менің де жүзген талай жыр құстарым

Ғалым Жайлыбай. Менің де жүзген талай жыр құстарым - adebiportal.kz

АЛАШТЫҢ АРДА ТУҒАН БІР БАЛАСЫ...

Ағатай,

айналайын жан ағам-ай,

Ізіңнен басып өткен тамады арай.

Сүйетін адамзатты алаламай,

Жаныңыз жарық еді самаладай.

Аға едің жыры ғажап,

нұры ғажап,

Құбылып кетті-ау бүгін құбыла жақ.

Алаштың Ардан туған бір баласы,

Ұлт үшін Ұлытаудай Ұлы қазақ.

Кеткенде қырдан асып құландай күн,

Ішімде шулап қалды ұлар-қайғым.

Жалғасы қазыналы Қаныш аға,

Жан досы тұма бұлақ Тұманбайдың.

Тағдырдың кезіксе де сұрапылы,

Әуелден ұл боп тудың мұраты ұлы.

...Қазақтың сендей болсын бір баласы,

Қазақтың сендей болсын бір ақыны.

Көргенмін нұр құшқанын,

жыр қысқанын,

Қасында қаршадайдан бірге ұшқаным...

...Ағаның Айнакөлдей айдынында

Менің де жүзген талай жыр құстарым.

Тағдырың жазбаса да кіл несібе,

Ілестің жыл көшіне,

күн көшіне.

Кәкімбек Салықов боп қазақ шыққан

Мәскеуде

Кремльдің мінбесіне.

Күмбір күй,

әуезді әуен,

отты өлеңі

Жыл сайын көгеретін көктем еді!..

...Аялы Қызылжардың ақ қайыңы,

Саялы Көкшетаудың көк терегі.

Жаз қалды жарық күннің жамалында,

Саз қалды Сарыарқаның самалында.

Сен қалдың аққу құстың әуенінде,

Жалт еткен жезкиіктің жанарында...

Ән саулап,

жыр төгілген таңдайынан,

Өмірден барады өтіп қандай ұлан.

...Көрсеңдер Жезқазғанның жезкиігін,

Өтінем, сипаңдаршы маңдайынан!..

Қош бол, аға!

АБАЙМЕН СЫРЛАСУ

Найзағай-тағдыр шатырламашы,

Дегберін алып пенденің.

Аға сұлтанның ақын баласы,

Сөзімді тыңда сен менің!

Өрлік өремді өлшетер едім,

Хандар да шықты қарадан.

Кісілігімді көрсетер едім,

Бөжейдің асы тараған.

Шыңғыстың тауы – шырайлы мекен,

Ұлылық қонған сол маңға.

Жидебай-жайлау жылайды ма екен

«Жаздыкүн, шілде болғанда?»

Қалың елдің де, ну орманның да

Қуарған кезін көз көрді.

Семсерін сертке суарғанның да

Сезімі сәтте өзгерді.

Мыңменен жалғыз алысқан Абай,

Шыңғыстан шыңға беттедің.

Артылып туған данышпан Абай,

Тектіден туған текті едің.

Алмайды жырдың жүлдесін ақын

Сүлдесі солғын ғасырда.

Бел-белестерге бірге шығатын

Ерболдай дос жоқ қасымда.

Шырылдап тұрған шырқар да құсым

Тамылжығанда таң әні.

Оразбайлықтың жыртар намысын

Сәмен сұмдардың заманы.

Қасқая күлді қасқа маңдайлым

Кедейлік кешкен күйіме.

Ту бие сойып ас бере алмаймын

Біржан сал түссе үйіме.

Ортаға салам олжамның бәрін,

Көшімді бұрмай шалғайға.

...Толған ай сынды Тоғжанның әнін

Әйгерім ару жалғай ма?!

Жайдақтықтармен жауласып әман,

Ұшырған көкке жыр құсын.

Құнанбайлықты дауда сынаған –

Қайран да Ұлы Шыңғысым!

Жыртыстай бүгін жыртылғандар бар,

Майсаңды орар шалғымен.

Ұлы болуға ұмтылғандар бар

Ұл болып алмай алдымен.

Алаштың асқан тәңірі Абай,

Көреміз біз де жолда азап.

Жаратқан хақтың әмірі қалай –

Сен көрген қазақ – сол қазақ!..

* * *

Ұлытауымның дара шыңында

Ұлтыма біткен бар әлем.

Қараша айының қарашығында

«Қарғам-айлаған» қара өлең.

Сарыарқа жақта сағым биледі,

Желпініп кейде жел ессе.

Жанымның жалқы жалын күйлері

Дүбірің сенің емес пе?

Арғымағым-ай,

Ар қанаттым-ай,

Аламан көрген ақ таңда.

Жарығы жанда жатталатындай

Баяны мәңгі бақ бар ма?

Тізгінін тарттым қаракерімнің,

Бір күнім аумай бір күннен.

«Қарғам-айлаған» қара өлеңімнің

Кекілін сылап тұрмын мен...

БАЙҒАЗЫ-ЖЫР...

(Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы атанғанда)

Мәпелер кезі туды құсты ұяның,

Сүйінші!

Самға, арманым,

Ұш, қиялым!

Сүйінші!

Ұлытау мен Өр Алтайым,

Алатау,

Қаратау мен Үш қияным!

Бауырым!

Байтағына байрақ ерім,

Додада намысыңды қайрап едің.

– Серігім – Сертім! – деді қараорманың –

Сенімін саған байлап қайран елің...

Аһ ұрсаң аламанда

алаң,

қайғың,

Жанымның жапырағын саған жайдым.

Рухын сен арқалап шықтың, інім,

Махамбет,

Райымбек,

Қабанбайдың...

Жасынсың

жарқылыңды жасырмаған,

Дүние дүбіріңнен тасырлаған.

Алты алтын...

Жөні бөлек жетінші алтын –

Жетінші құрлықтайын ашылмаған.

Ұлықтау ұлы арманды – ұлтыма әдет,

Жанымда мөлдіреді жыр тұма кеп.

Төле би,

Әйтеке би бата берді –

Қаз дауыс Қазыбектің жұртына кеп.

Бұтағы бәйтеректей Нар ағаштың,

Нарлармен намыс болып жағаластың.

Лондонда,

Олимптің аспанына –

Арманын алып ұштың бар Алаштың.

Тұрғанда бағың шауып,

күнің күліп:

– Батырым! – дейді қазақ сырыңды ұғып.

Тік ұста, айналайын,

туыңды нық –

Жұртыңды жұдырықтай жұмылдырып.

Сен барсың –

қайда дода,

қайда дүбір,

Қазаққа сыйла шаттық,

сайла ғұмыр!

Сүйініп сүйіншілеп жатқан елге –

Әзірше осы болсын байғазы-жыр!..

КӨКТӨБЕДЕН БАРАДЫ КӨШІП КӨКТЕМ...

Қанатынан нұр саулап төккен өлең,

Көктем көшіп барады Көктөбеден.

Талайында тағдырдың жазуы бар,

Ағайынға не айтам өкпелеген?

Көңіліңнің қадап ап төсіне гүл,

Көктем көшкен кезеңді көшіре біл!

Қайран ақпан қайырылмай кетті білем,

Сайдан аққан жылғадай осы ма өмір?..

Тамып түскен шығынан таңға жасы,

Сол бір көштің мен, бәлки, арналасы.

Жар жағасы...

жастығым арман қуған –

Ардан туған Алаштың бар баласы.

Тұмаларым тұнғанда тұнжыр көктен,

Көктөбеде көгеріп гүл-гүлді өпкем.

Шырақ болып жанатын

жүрегімде –

Бұлақ болып бұлқынған бұл бір көктем.

...Өткен жылдың, білмедім, сұрқы қандай,

Қадыр көкем...

соңынан – жыр-Тұманбай.

Өрен бе еді,

өртенген өлең бе еді –

Біз де ілесер сапар ғой бір күні Алла-ай...

Жалқын сәуле ашпаса бір күні есік,

Мұнар таулар тербейді мұңлы бесік.

Аққу-қаздың қанаты сусылдаса,

Өтіп кетер өмір ғой бірге ілесіп.

Бақытыңнан, бауырым,

кешікпеп пе ең,

Қайығыңды қай тексіз тесіп кеткен?..

Ескегіңді ағалар есіп кеткен.

Өмір деген – біз шырқап өткен өлең,

Көктөбеден барады көшіп көктем...

* * *

Бастағы балғын шақтың баяны ұшып,

Барады күндер зулап,

ай ауысып.

Сайыңнан сайран таппай

саяқ кеткем,

Қайыңнан қайран таппай

сая құшып...

Күрсінтіп,

күреңітіп күз көшеді,

Көңілім көшкен күзден із кеседі.

Елсізде еңіс қуып

ескен желдей

Елуге еру қондық біз де есебі.

Көргенім белес пе еді,

елес пе еді,

Жанымда жанған сол от неге өшпеді?..

Менсіз де өлең – дүние деп ойладым

Елсізде еңіс қуып жел ескелі.

Уақыт!

Сенің құштық саяңда арай.

Керуен көшін түзеді аялдамай.

Аялдамай...

бағытын баяндамай –

Түнгі аспанда барады аяңдап Ай...

САРЫАРҚА. «ПРОТОН» ҚҰЛАҒАН ЖЫЛ

Еспейді самал таңменен

Шалдыққан шартарабымда.

...Жазира Жаңаарқам менен

Қара орман Қарқаралымда.

Мұң емес –

мұқалмас қайғы,

Ғасырдың қауіпті өткелі.

Жусаны жұпар шашпайды

Ақбөкен ауып кеткелі.

Келгендей Арқаға құрдым,

Тажалға лағынет, мейлі –

Жаңаарқа, Қарқаралының

Базарда малы да өтпейді.

Кигенде алаңсыз кепті,

Қартым-ай, ретің сынар:

«Гептилді залалсыз депті,

Өкімет білетін шығар...

Қайтейін, асығыс бәрі,

Жөн еді қашық ұшқаны.

Ресейдің құламаса екен

Зымыран тасығыштары».

Арқам-ай,

арқаға батты,

Ауыл тұр шайқала...

жүдеп.

Құрдасым тартады арақты:

– Уды у қайтарады, – деп...

ҰЛЫЛЫҚПЕН СЫРЛАСУ

Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой.

Абай

Шыңғыстаулардың шындығы болып

Шабыттан туған ұлы Абай.

Заманның ішке сұмдығы толып,

Қаңтар боп кетті құралай.

Уақыт-мергеннің нысанасына

Жамбы боп талай байландық.

Қанаттың барда ұша аласың ба –

«Қалың ел, қазақ, қайран жұрт?»

Оң сапар болар намысқа еріп,

Көлікті болса көш егер.

Үш арыс туған – арыстан едік,

Тышқан боп кетсек кеше гөр!

Нәубетке неге ұшырайды әнім,

Тағдырдың түсіп құрығы?

Адасып кеткен күшік-ойларым –

Жұртына келіп ұлыды.

Назалы аруақ!

Тосып аятты –

Бастады заман мың бүлік.

Шырт ұйқыда едім...

шошып оятты

...Шыңғыстау кеше шыңғырып.

ЖИДЕБАЙДА ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Жалына жүйрік жырдың жармасқалы,

Жанымның жарқ-жұрқ етіп алдаспаны.

«Туғанда дүние есігін ашқан өлең...»

Мен саған жетіп едім жалғасқалы.

Талабым тәрік болмай тасқа құлап,

Абайдың аласармас аспаны ұнап.

...Түсінші, жыр Меккесі – Жидебайым,

Ұсыншы зәмзәміңді, Қасқабұлақ!

Дүлдүлдің дүбір шықса бағы ашылар,

Шаң көрдім аламаннан ала шұбар.

Шыңғыстың шыңында өскен дара шынар,

Сен айтқан асыл сөздің сарасы бар:

«Өлеңге әркімнің-ақ таласы бар».

Кім сендей ақындықтың сырын білмек,

Білімсіздік болып тұр бүгінгі дерт.

Төл теңгеге салдық та суретіңді,

Шуладық:

– Абыз Абай тірілді! – деп.

Абай ата!

Арысым, ар-намысым,

Біреулерге теңгеде таңбамысың?..

Кешір біздей парықсыз пақырларды

Сау басыңды саудаға салғаны үшін.

Қабағынан күндердің діріл көрем,

Діріл көрем жүректі тілімдеген.

Тірілсе ақын тірілер өлең болып,

Ақша болып ақындар тірілмеген.

Зырғып қуған зымыран ғасыр айды,

Жалғандықтан жан қалай жасымайды?

...Түйеөркештің түнінде жұлдыз жауып,

Қарауылдың өзені тасымайды.

Жарқ етпесе жарықтан жыр-құралай,

Жолығамыз біз әлі, дүлдүл Абай!

Ақ нұрыңмен аяла ақ таңдарды,

Аспанында алаштың сырғыған Ай...

КҮНДЕРІМ КҮНМЕН ЖАРЫСЫП...

Арқаға барсам сыр ұғам,

Аппақ әлемге жақындап.

Қасқыр боп қаңтар ұлыған,

Сары аяз тісі сақылдап.

Ұшатын күн бұл Айға арман,

Көңілдің көлбеп құстары.

Мұз-қайрақпенен қайралған

Найза-шыңдардың ұштары.

Көк аспан жерге жақындар,

Ақ боран – ардың өлеңі.

Ақпанда туған ақындар

Ақ түсті жақсы көреді.

Ақ қарлы дүние айналам,

Тозаңдарымды аршыған.

Салбурындарға сайлаған

Бабында бүгін қаршығам.

Күндерім күнмен жарысып,

Жырымды жырға жалғадым.

Ауыздықпенен алысып,

Тыпыршып тұрған тарланым.

Жарық күн айтар сәлем мың:

Қанаты барлар, самғаңдар!

Ішінде ақ зер әлемнің

Адасып жүрген Арман бар...

РУХ

Құлагерін көңілімнің қамшылама,

Сәкен десе ет-жүрек жаншыла ма?

Қара орманның қайғысын қара киіп –

Арсыздықтан келеміз аршып, аға!

– Арысым, – деп,

– Арым, – деп ел айтады,

Сарыарқаның сырнайлы желі айтады.

Есіл, Есен, Нұраның көлі айтады,

Көп айтады...

білмесе неге айтады?

Ғұмырыңды ғасырлар ұзартады,

Атанына азған жұрт мұз артады.

Сені қапқан қанденнің күшіктері

Бүгін бізге көздерін қызартады.

Күндей көркің көңілге медеу бекем,

Сырсандығын сезімнің бебеулетем.

Сұңқар дейді Сәкенді самғайтұғын,

Сұңқар деген Сәкенге теңеу ме екен?!.

Ақбоз атты құлатқан жала-керме,

Магаданға мола іздеп бара берме!

Сәкен деген – халқымның рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге.

Аққулардың арман бар ұясында,

Ор, Абаның зарлы ән бар қиясында.

Маңдайына сыймап ең алты алаштың –

Алты шумақ өлеңге сыясың ба?!

АЛМАТЫҒА

АРҚАДАН КӨШІП КЕЛГЕМ

Қалса да өлең ауылға,

бауырға ұнап,

Сан шағылды тірлікте тауым бірақ...

Көк зеңгірдің айналып ақ бұлтына,

Туған жерге нөсер боп жауу мұрат.

Зымыран күн зуласа,

жалғасып таң,

Армандарым ақберен алға асыққан.

Сарыарқаның мен де бір ойлы өзені

Жетісудан арна іздеп жолға шыққан.

Аққу арлы жігітпін,

бесік көрген,

Өміріме өлеңді несіп көргем.

Жырларымның жұлдызын жандырам деп

Алматыға Арқадан көшіп келгем.

Жүк түсірер жүрекке шаттық аса,

Жеті өзенім жарады жатсымаса.

Тай бәйгеде танылып қалған жүйрік

Аламанда айып па бақ сынаса?

Өліараның алдында жел тұрған-ды,

Отың болса үрлет те,

серпіл мәңгі.

Бойға сіңген ақ сүтпен Адалдықтан

Өтем деген айнымай сертім бар-ды.

– Қуып өскен қарғам-ай жалқындарды,

Айырбастай алмайсың алтынға Арды.

Жақсылармен жанас, – деп бата беріп,

Тобықтай боп тоқсанда қартым қалды.

Жүрекжарды жырымды танырсыздар,

Пенделікті көргенде жаным сыздар.

Жүзге бөліп жігітті жүзі күйіп,

Жерге бөліп

жер болған – дарынсыздар.

Тартып туса атаға асыл ұлан,

Айырады асылды жасығынан.

Артықпын ба,

жайлы орын іздейтіндей,

«Аманжол Рақымжанның Қасымынан?»

Алтын айым көгіме дара қонар,

Жарқырайын...

жырым да бағаланар.

Көңілімнің көгілдір айдынынан

Ұшса бақыт әр таңда шағалалар.

Ай-хай, өмір!

Арманға асықтырдың.

Ғашық қылдың...

содан да тасып күлдім.

Пәтер емес, сенсеңіз...

Келіп тұр ғой

Жыр-орданың есігін ашып кіргім.

Қондым, рас, шалғайлау ағайыннан,

Бар тілегім –

айырма бал айымнан.

Алматыға ауылдан көшіп келдім,

Ендігісін көрейін талайымнан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар