Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Үздік драматург кім?...

03.04.2017 7491

Үздік драматург кім?

Үздік драматург кім? - adebiportal.kz

(ойсалар)

Ойды ой қозғайды, пікірден пікір туындайды. Әйтеуір сын айту үшін сөз қозғамайсың, кейде айтпасыңа болмайтын жағдайлар да бар, оны аттап өту – арға сын! Бәрі де күні кешегі «Сахнагер-17» байқауынан соң туындап отыр. Аты да, заты да дардай! Ауыз толтырып сөз етсең, еш артықтық етпейтін шара, оған сөз бар ма! Кей сайттарда мұны тілге тиек ете отырып, бар сыйлықты бұрыннан танымал, атағы жер жаратын аға-апаларымыздың бөліп алғанына ренжіген сыңай танытады. Бұл пікірлерге қосылуға да болар, қосылмауға да болар! Екіұштылау сөз!

Атақтылар неге сыйлық алмауы тиіс? Олардан неге қызғанамыз мәртебелі марапатты? Жә, біздің айтпағымыз ол емес! Бізді толғандырған басқа нәрсе! Ол – драматургия жайы. Осы күні бізде драматургияға баға беру тым қасаң, барынша жеңіл, атүсті айта салу болып бара жатқандай. Неге? Ол былай. Егер біз «үздік драматургия» деп атау беріп, соны марапаттамақшы болсақ, неге тек сахналанған дүниелерді ғана саралаймыз? Сахналанған дүниені «үздік спектакль» деп өз атымен атаған жөн! Оған драматург те, режиссер де ортақ! Ал, драматургия – ең алдымен мәтіндік дүние! Мәтіннің авторы – драматургтің бір өзі!

Бізде ауыз толтырып айтар драматургтер бар ма? Аллаға шүкір, қазір таланттар аз емес, әркім шама-шарқынша жазып-жариялатып жатыр. Мәдениет министрлігі жылма-жыл ұйымдастырып келе жатқан «Тәуелсіздік толғауы» жабық байқауының осы саладағы жеңімпаздары қаншама! Алайда, өкінішке орай, сол сыйлық алған пьесалардың өзі көп жағдайда сахнаға жол тартпай, шаң басып жатып қала береді. Бұл жерде автордың қандай кінәсі бар? Біз білетін Т. Нұрмағамбетовтың, С.Балғабаевтың, И. Сапарбаевтың, Иран-Ғайыптың, Р. Мұқанованың, Р. Отарбаевтың, С. Асылбековтың, т.б. драматургтердің өз қоржынында көптеген туындылары жылдар бойы «сүрленіп» жатқаны шындық!

Бұдан өзге, есімдері енді-енді таныла бастаған қаншама жас драматургтер бар, олардың да қоржыны бос емес екені бесенеден белгілі! Соның ішінде осы жолдардың авторы да бар, өкінішке орай! Жасырмай-ақ айта кетелік, осы кезге дейін отыздан астам пьеса жазыппыз, ал соның ары кеткенде 7-8 ғана (әрине, бұл да аз емес бір автор үшін) сахнаға жол тартты, қалғандарына қызығушылық байқатып, сұрап алып, оқығысы келетін режиссер байқамадық. Өзім білетін бір режиссер – Қуандық Қасымов қана «Дос – жүрек дос» деген драмамызды оқып, қатты ұнатқанын, реті келсе сахналамақ ойы барын ашық айтты. Ал, қалғандары... Әй, қайдам! Қайта кездесе қалса кекіректеп, кісілік байқатып, «соңымнан өзің жүгір керек болса» дегендей сес байқатып, өте шығады жаныңнан! Жақында маған Гүлнар Кәрімова деген ізденіп жүрген ғалым қарындас хабарласты. Ғылыми жұмысы – бүгінгі қазақ драматургиясының мәселелері екен, сөз арасында менің 4-5 пьесамды оқып, (кітаптан, басқа бір жерлерден оқып-танысқан) соны талдап, астарына үңіле отырып мақала жазғанын айтты. Міне, бұл ұлт драматургиясына деген жанашыр көзқарастың жемісі! Қуанасың ба? Әрине, қарындастың құтты қадамына қуану керек!

Жә, өкпе үшін емес, өнер үшін шырылдап айтып жатқанымыз! Бәрімізге де ортақ мақсат – ұлттық драматургияны өркендетіп-дамыту емес пе? Олай болса, неге арамызды алшақтатып, өзді-өзімізді салқын ұстап, тартыншақтай береміз? Бұдан кім ұтады екен, а? Сөздің түйіні – ұлтымыздың бүгінгі замандағы ең үздік драматургиясын расымен анықтап-таныстырмақ болсақ, онда сөзсіз қазіргі драма жазып жүрген талантты әріптестерімізді жасына қарамай, еш алаламай, түгелімен қатыстыру қажет! Жазған көркем дүниелеріне салмақты сараптама жасау ләзім! Бұл – ұлт абыройы! Өнер мәртебесі!..

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар