Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бұл өлең Мағжандікі ме?

04.04.2017 2395

Бұл өлең Мағжандікі ме?

1958 жыл. Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мектепте педагогикалық практикада жүрген кезім. Бірде есік алдында отыратын кісіден бір нәрсе сұрайын деп жақындаған едім. Не кітап екені, не дәптер екені белгісіз, тозығы жетіп, әбден ескірген бірдеңені оқып отыр екен.

Қасына мен барғанда, басын көтеріп, бір қарап алды да: «Мынандай өлең естідің бе», - деп оқи жөнелді. Мен қаққан қазықтай қақидым да қалдым. Бұрын соңды мұндай өлең тыңдап көрмеген сияқтымын. Басынан аяғына дейін тұнып тұрған лирика! Өзім де тым әсершіл едім, керемет әсер етті. Оқып біткеннен кейін: «Білесің бе кімдікі екенін?» - деп сқрады. Мен басымды шайқадым.

– Бұл – Мағжан Жұмабаевтың өлеңі. Олар ақталып жатыр. Дегенмен әлі де жасырып оқимыз. Қолыңа түссе, алғаның дұрыс... арыстардың кітабын, -деді. Одан кейін ол кісімен кездесудің сәті түспеді. Өлеңді де көшіріп алу ойыма келмепті.

Кейін Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінен мен естіген өлеңге сарыны да, мазмұны да ұқсас бір өлеңді оқып едім. Сол есіме түсіп, 24.10.1958 жылы қалта блокнотыма сол сарынды мазмұнын өз сөзіммен қайта жазып қойғам. Әдебиет тарихын зерттеуші болмағандықтан онша мән бермейтін едім. Енді таяуда ФБ парақшасынан менің жазған өлеңіме ұқсас өлеңді кездестірдім. Сол менің жазғаным Мағжандікі болуға кәдік деген оймен әдебиетші қауымға ұсынып отырмын.

Құрбыжан, құлағың сал тартқан зарға,

Дәрмен жоқ тілдесуге, амал бар ма?

Ата-анаң, қас-қабағың айырмайды,

Сондықтан әнім қостым домбырама.

Көзіңнен сезгенмін, сүйгенім, Әр шумақтан кейін осы екі жол

Сырдың жайын айтпасаңда. қайталанып отырады.

Құрбыжан, мен кетемін тартып зарды,

Айтылмай артта талай арман қалды.

Артымда шын сүйгенім қалады-ау деп,

Сондықтан жылап айттым осынау әнді.

Құрбыжан кездесер күн болар ма еді,

Көңілім бұрынғыдай толар ма еді?

Сұңқарша қанат жайып аспандағы,

Аққуға төсін ашқан қонар ма еді?

Құрбыжан, есіңде ме сол бір түндер,

Айқасып бір төсекте бірге күлген?

Өзен-су, кейде жазық кең далада,

Еске алшы сол кездерді бірге жүрген.

Құрбыжан, қазір көрші халім нешік,

Алдымда жабулы тұр темір есік.

Шығуға дәрменім жоқ, шыға алам ба?

Білмеймін, айта алам ба қазір кесіп?

Тар қапас, ауа сасық, тар бөлмеде,

Талықсып шыбын жаным тұр кеудемде.

Жылаймын, жерге жасым төгіледі,

Қайтейін, өлейін бе, «өл» дегенге.

Құрбыжан, заманым тар көресің бе,

Қол ұшын осындайда бересің бе?

Дәм жазып осы жерден шыға қалсам,

Шәліңді бұлғап, сәулем, келесің бе?

Құрбыжан, алдағы өмір елестейді,

Бұл күнде әділ халық «кеңес» дейді.

Қапастан осы тұрған шығар едім,

Шіркін-ай, «жалғыз – мыңға» теңеспейді.

Құрбыжан, мені есіңе аласың ба?

Үйіме анда-санда барасың ба?

Бұл заман екеуімізді бір қоспады,

Мен кетіп, сен артымда қаласың ба?

Құрбыжан, көрінеді құзғын қолы,

Қиын-ау осындайда жанның жоғы.

Қош, сәулем! Енді сені көре алмаспын,

Таянып келе жатыр ажал оғы...

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.

2.04.2017 жыл Қарағанды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар