Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
«Кофе. Өлең. Екі жарым» атты ерекше кеш...

05.04.2017 7029

«Кофе. Өлең. Екі жарым» атты ерекше кеш

«Кофе. Өлең. Екі жарым» атты ерекше кеш - adebiportal.kz

немесе «Тәңіртаудан» «Тасқынға» дейін

Әлия Іңкәрбек. Ол − тасқын-жырдың иесі. Олай дейтініміз, көктемнің хабаршысындай болып жақында жарық көрген «Тасқын» кітабының тұсауын Қарағанды қаласында кесіп, Астана мен Баянаула аймақтарында оқырманмен кездесу кеші өтті. Солтүстік қанша суық десек те, Әлияны ерекше жылылықпен қарсы алды. Ал 1 сәуір күні Әлия Іңкәрбек сүйікті шаһары Алматыда ерекше форматта жастармен сырласу сағатын жасады. Әлем әдебиетінің аренасында бар дүние болғанымен, бүгінгі қазақ поэзиясына әлі де таңсық форматтағы кешті алғаш рет Әлия жасады! Бірінші рет кофеханадағы «КОФЕ. ӨЛЕҢ. ЕКІ ЖАРЫМ» атты сыр-сағатта Әлияға жырсүйер қауыммен емен-жарқын араласып, сырласып, тәтті өлеңдей кофе ішу мүмкіндігі туды. Өзінің де көздегені сол болса керек. Қазақ поэзиясы ғаламдық поэзияны құраушы ретінде осындай экспериментке барды. Кітапханадан алыстамай, кофеханаға жақындауға да болатынын Әлия дәлелдеген сыңайлы!

Ақындар, актерлер, суретші мен биші, драматург пен режиссер де осы кештен табылды. Әлияның сан қырлылығын аңғартқандай. Талантты әнші Әбілқайыр Жексен бастаған «J band» тобы әуенмен әрледі. Кеш ерекше атмосфераны аңғартты. Кофе ішіліп, өлең оқылды. Сұрақтар қойылды. Ресми пікірлер мен мақтаулар айтылған жоқ. Бәрі шынайы, бәрі шын жүректен. Айгүл Бажанова, Жаңыл Асылбекова, Айнұр Төлеу, Шынар Әбілдә, Перизат Омарбекова, Елзат Ескедір, Мәулен Көпбаев сынды сан саланың дүлдүлдері өз пікірлерін айтып, кешке үлес қосты.

Осы бір жиырмаға әлі толмаған ақын қызды әдебиет жатсынбады. Заманауи жастар поэзиясына қысылмастан, емін-еркін кірген ол ерек мінезімен көп ішінде көзге түседі. Мінезі Өлеңінен көрініп тұрады. Әйтпесе, «Асаулау шығар тағдырым, Өзім де момын емеспін», − деп ағынан жарылмас еді. Бұлтқа да қолтаңба беруге әзір ақын жанына бойлағанын «Ақындар» өлеңінен аңғару қиын емес:

Тектілік тулап затында,

Өр Өлең үшін аһ ұрған.

Жақындамашы Ақынға,

Алыстай көрме Ақыннан!..»... Оның өзіне, өз әлеміне ешкімді кіргізгісі келмейтін паңдығы да бар. Бұл керек-ақ. Адамның өзіне ғана тиесілі мұңы мен шаттығы, құпиясы болады емес пе? Мұнысы кешірімді де шығар.

Көпшілікке мықты, батыл болып көрінгісі келетін ақын жаны қашан да нәзік. Ол болмысынан безбейді:

«Болмысыңнан безер болсаң, жүр, қалқам,

Бақытсыздық – бар айып.

Сезімі өлген, жүрегі жоқ жылдардан,

Өзімізді табайық!», − дей келе, адасқандарды жолға салғысы келеді.

Қыздар поэзиясына қатысты «жылауық», «мұңға толы» деген айдар тағылып жүр. Әлия шешім шығарып, сүюден биік болмаса да, аласармайтынын дәлелдеп қалыптасып қалған пікірлерді былайша жоққа шығарады:

«Сенің көгіңнің күні боп шуақ шашпасам,

Жазықты өзің!» − немесе −

«Жаныңды өртеп бара жатса мендік Мұң,
Төз бұған!
Көптің бірі екеніңді енді ұқтым –
Өз кінəм.

Өр Өмірдің сұрап алып қылышын,
Айқастым.
Мені мүлде ойламашы, құрысын,
Ой – тасқын!».

Жастықтың лебі, жастықтың жалыны әлі жиырмаға толмаған қалам иесі бірде көкке көтеріп, бірде жерге түсіретіні көрініп-ақ тұр. Мұны, максимализм дейік. Ол бәрінде болды, бәрінде болады. Белгілі бір кезеңде ғана бастан кешетін күй. Дегенмен, жас ақын осы алған бетінен таймай, толассыз ізденуі тиіс. Ойлары өткір болса да, кей тұстары тым ересек.

Асаулау шығар тағдырым,
Өзім де момын емес ем.
Иесі Көкте бар жырдың –
Жерде мен жазды демесең!!!,
− дейді. Бұл – Әлияға берілген Жаратқанның сынағы немесе сыйы шығар, бәлкім. Ол өзі де күллі әлемді жаратқан Иеден және Өлеңнен ғана кешірім сұрауды жөн санайды:

Елік – көңіл елеңдеді,
Таудай талғам не теңім?
Кешірген сәт Өлең мені,
Өзімді-өзім кешемін!

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар