Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Хангелді Әбжанов: Түркітану тамыршысы

11.04.2017 3240

Хангелді Әбжанов: Түркітану тамыршысы

Қазақстан тарихының тасқа басылған нұсқасын түзу осыдан үш мың жыл бұрын басталса да әлі күнге дейін мәселеге жұрттың қызығушылығы бір мысқал кеміген жоқ. Бағзы төл тарихымыз жайлы кәрі құрлық Еуропаның, мұхиттың ар жағындағы Американың, көрші елдер Қытай мен Ресейдің саяхатшылары, тыңшылары, саясатшылары, ғалымдары аз жазбаған. Солардың бәрінен қазақ даласы әлемдік өркениеттер бесігінің бірі екенін күмән-күдіксіз көрініп тұрғанын енді ұғудамыз.

Тәуелсіздіктің бергенінен берері көп. Бұрыннан мәлім Қорқыт атаның, әл-Фарабидің, М.Қашқаридің, Асан Қайғының, Бұқардың мұраларына, «Алпамыс», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларына соңғы жылдарда қосылған Бекасыл әулиенің «Жұлдызнамасы», Берелден, Шілдіктіден, Пекин архивтерінен табылған жәдігерлер осының бұлтартпас айғағы. Даланың ауызша тарихнамасы тиянақталған әдебиет үлгілері ғана 100 томнан асып кететінін мақтанышпен айтатынымыз да рас. Жаһандану дәуірінде «Мен» деп кеудесін керуші бірде-бір халықтың осыншама қазынасы түркілер «мәңгі ел» идеясын дүниеге әкеліп, идеяның философиялық егжей-тегжейін, байлам-тұжырымын «мәңгі тастарға» қашап жазған екен.

Бабалар сөзінің сырын ұғуға, төл тарихымыздағы интеллектуалдық және адам факторларының құпиясын ашуға, кешегінің өміршең әлеуетін бүгінгі күн қажетіне жегуге, Тұй-ұқұқ тасында жазылғандай, қызыл қанын төккен, қара терін ағызған, күш-қуатын берген тұлға – Қаржаубай Сартқожаұлы.

Ол тарихи Отанынан жырақта - Моңғолияда дүниеге келді, ер жетті, білім алды, жоқшылықпен ғана емес, ұлым деп маңдайынан сипайтын елі болмаған ортада арпалыспен есейді. Ал тарихи Отаны Қазақстанда соғыстан кейін қанат қаққан ұлт зиялылары да елінің, жат қолындағы елінің махаббатына бөлене кемелденді деуге ауыз бармайды. «Бекмаханов ісін», О. Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы төңірегіндегі зорлық-зомбылықты тарих жады ешқашан ұмытпайды. Басқа басқа, 1986 жылғы Желтоқсан ызғары Қаржаубайды шарпымай қалмады. Сол бір қатерлі күндері Қаржекеңмен Алматының теңіздей толқыған Брежнев алаңында кездескенім, оның намысшыл қазақ жастарының ерлігіне риза болған дидары әлі есімде. Желтоқсанда нағыз ұлт зиялылары тәуекелшіл өндірдей ұл-қыздары мен бауырларының тілегіне тілек қосқаны да енді құпия болудан қалды. Бірақ Мәскеудің ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс күндер санадан өше ме? Қазақстанда «Қазақ ұлтшылдығын» әшкерелеу, студенттерді оқудан шығару, қазақ басшыларын қызметтен алу өршісе, алаңға тайсалмай шыққан моңғолиялық қандасымыз ұзақ уақыт бойы Дзержинский ұрпақтарының бақылауын бастан кешті.

Қаржаубай әкеден ерте айырылды. Бұғанасы қатпай жатып қой соңында салпақтады. Қой бағып жүрген жерінен бай баласының орнына оқуға, мектепке іліккенін тағдырдың сыйы десек те жөн шығар.

Ол бірнеше өркениет пен мәдениет емшегін тел еміп өсті. Улан-Батордағы студенттік жылдар Орхон мұрасын тануға алғашқы қадамды жасатты, Ленинградтағы аспиранттық шақ мәселеге әлемдік биіктен қарауды үйретті, Қазақстан ғылым академиясындағы кездесулер ұлт зиялыларының өмір салты мен зерттеулеріндегі қайшылықтарды алға тартты. Ол күрескерлік жолды таңдады. Мансап, атақ, даңқ, дақпырт үшін емес, ұлтының мұраты үшін күресті. Жарты жолда қалған жоқ. Моңғолия Ұлы Хуралының депутаты, Баян-Өлгий аймағы мәжілісінің спикері мәртебесіне көтерген күш туған халқына қалтқысыз адалдығы, туған халқының риясыз қолдауы еді. Баз-біреулер сияқты ішіп-жеп қалу үшін емес, қазағы үшін күндіз отырмаған, түнде ұйықтамағанын көрген қандастары бір ауыз сөзіне тоқтап, өткен ғасырдың 80-90-шы жылдар межесінде Қазақстанға ұлы көшті бастап кетті, елге ел қосылды.

Қ.Сартқожаұлының ХХІ ғасыр басында Астанаға біржолата көшіп келуі – өмір жолының жаңа белесі, берісі – А.Сейдімбектің бастама көтеруімен, И.Тасмағамбетовтің шақыруымен, М.Жолдасбековтң қолдауымен, әрісі- азаттықтың іс жүзінде салтанат құруымен мүмкін болғаны күмән туғызбаса керек. Жақсылықтан жақсылық туындайды. Елдегі ұлт зиялысының, алыс шетелдегі Қ.Сартқожаұлының маңдайын ашқан мемлекеттік тәуелсіздігіміз күн санап нығаюда, азаматтың парқына барумен достық қолын созған И.Тасмағамбетов бүгінде елордамыздың әкімі, М.Жолдасбеков Астананың құрметті азаматы, ал А.Сейдімбек Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абайдың ұлылығына осындай кереметті көрген соң қайтіп бас имейсің.

Нағыз зиялыларды, оның ішінде Қ.Сартқожаұлын да, өрге сүйреген, дәтке қуат болған ақ қанат періштесі буырқанған шығармашылықпен тарих тағылымын, бабаларының сабағын қапысыз ұға алғаны еді. Қапысыз ұға алғандар тастүйін ширығып, өздерін-өздері қамшылап, кешегі тар заманда бірі поэзия тілімен, екіншісі проза түрінде, ал Қ.Сартқожаұлы «мың жылдық, он мың күндік» тастарды сөйлетумен болашаққа арыз жазып жатты.

Ал халқымен кіндігі бір ұлының, қайраткер де талантты ұлының әрқашан жүзі жарқын, маңдайы ашық келетінін мемлекеттік тәуелсіздігіміздің салтанатты шеруі, азаттығымыздың арқасында Сарыарқаның төсінде жаңа астана тұрғызған жасампаздық айдай әлемге паш етті. Негізін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің жылнамасы неге тұрады. Дәрмен Садуақасов студент кезінде шахматтан әлем чемпионы атанды, алгебра және математика кафедрасының меңгерушісі, профессор У.Өмірбаев жапонның әйгілі математигі Нагатаның проблемасын шешкені үшін Америка математикалық қоғамының арнайы сыйлығына ие болды. Ел ұстаған ерлердің қайратымен Күлтегіннің көк тасы ортамызға келді

Тәуелсіздіктің Қаржаубай тағдырындағы бетбұрыстың мәні тіптен бөлек. Мәскеудің КОКП-нің азаматы аман тұрса, Моңғолияда жүрген қазақ баласын тарихи Отанына оралуға кім шақыра алар еді, қара ормандай орыс жайлаған Целиноградтың қақ төрінен кім пәтер бере алар еді? Ешкім! Саяси-шығармашылық бостандық оның қиялына қанат бітірді. Жақында докторлық диссертациясын қорғады. Қазақстанға оралғаннан беріде қаламынан туған «Обьединенный каганат тюрков», «Орхон мұралары», «Байырғы түрік жазуының генезисі» сынды монографиялары, жүздеген мақаласы, сұхбаттары, Қытайға, Ресейге, Моңғолияға ұйымдастырған экспедициялары ерте ортағасырлардағы жазу мәдениетіміздің, тіліміздің, дүниетанымымыз бен салт-дәстүріміздің, тарихи тұлғаларымыздың, мемлекеттігіміздің, сыртқы саясат пен халықаралық қатынастардағы мәртебеміздің беймәлім қырларын ашса, М.Жолдасбековпен бірге жариялаған «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы», «Атлас Орхонских памятников» зерттеулері отандық түркологияны әлемдік түркітану көшінің алдыңғы тобына шығарды. Қаржаубай еңбектері – ғылыми ой-сананың сүбелі табысы, елордада отаншыл рухты қалыптастырудың пәрменді құралы. Астанада жұлдызы жоғары осындай ғалымдар көп болғай.

4 маусым 2008 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар