Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Төлен Әбдік: Әдебиеттің «Алтын ғасыры» енді туады...

12.04.2017 10311

Төлен Әбдік: Әдебиеттің «Алтын ғасыры» енді туады

Төлен Әбдік: Әдебиеттің «Алтын ғасыры» енді туады - adebiportal.kz

Оқырман назарына жазушы Төлен Әбдіктің «Бас-Алқа» әдеби клубының алғашқы отырысында айтқан ой-пікірін ұсынып отырмыз.

Тарихи роман туралы...

Тарихи тақырып жазушының мүмкіндігін шектейді. Жазушы алдымен адамның жанына үңілуі керек. Адамның ішкі драмасын көрсету керек. Ол жолда үлкен қиялдың құрбаны боласың. Адам жанына қалай үңілу керек екенін Достоевский көрсетті ғой. Тарихи тақырыпта хронологиядан аспайсың. Кейіпкер қай жылы қайда барды, не істеді, тек қана тарихтың ізімен жүріп отыру керек. Одан кейін күллі әлемнің драмасы, психологиясы далада қалып қояды. Мысалы, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында Ораз-Мұхаммедтің өлімі туралы бар. Роман басынан бастап, Ораз-Мұхаммедтің өліміне дейін хронологиялық ретпен баяндалып отырады. Соңында өзінің туған жиені оған сатқындық жасап, өлтіреді (Оны кейбір документтерде баласы деп те айтады). Мысалы, көркем шығармада тарихтың жолын ғана қуып отыру керек деген принцип болмай, Шекспирдің жазғаны секілді таза көркем әдебиетке жүгінсек, осы драмаға жетіп жатыр. Кішкентайынан қолында өсіріп, арқасына салып мәпелеген бала түбінде Ораз-Мұхаммедтің өліміне себепші болады. Трагедия ғой. Шекспир болса осылай ғана жазатын еді. Ал, біз болсақ туған күнінен бастап, бір оқиғаны қалдырмай жазамыз. Бір жерін дұрыс жазбасаң, тарихшылар: «Әй, мына жерің дұрыс емес», - деп сын айтады. Оның көркемдігі екінші планда қалып қояды. Бізге тарихи тақырып әлеуметтік тұрғыда ғана жақсы болды. Себебі, халық тарихқа шөлдеді. Біздің тарихымыз, дұрыс тарих болмады. Содан кейін барып әдебиетшілер тарихи тақырыпқа кірісуге мәжбүр болды. Әйтпесе, тарихты жасау әдебиеттің міндеті емес. Оны жазатын ТАРИХ деген жеке бір ғылым бар. Әлемдік әдебиетте ешқашан да тарихи тақырып бірінші орында тұрмайды. Дюмоның романдары тек қана шытырман оқиғалар. Басқа ешнәрсе жоқ. Ал енді Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы тарихи тақырып емес. Тек тарихи тұлғаларды пайдаланады. Онда ойдан шығарылған кейіпкерлер көп. Заманы тарихи болғанымен, Абайды да тарихи тақырып деп айту қиын...

Постмодернизм дегеніміз не?

Постмодернизм деген шын мәнінде ғалымдардың, әдебиеттанушылардың зерттейтін обьектісі. Постмодернизмнің қатып қалған анықтамасы жоқ. Модернизм дегеніміз – өмірдегі құндылықтарға жаңаша трактовка беру. Кейде қоғамда рухани дағдарыстар болады, модернизм сол кезде пайда болады. Постмодернизмнің анықтамасы – модернизмнен кейінгі модернизм деген сөз ғой. Басқа ештеңесі жоқ. Оның толып жатқан өкілдері бар. Бірақ, жазушы ешқашанда мен бір модернистік тұрғыда жазып отыр екенмін деп ойламайды. Шығарма жазғанда өзің білетін өмірді қалай жеткізу керек, соның жолында қандай ізденістерге бару қажет деген сұрақ қана болады. Әдебиетте ізденіссіз даму болмайды. Мысалы, классик суретшілердің айтатын сөзі бар: «Сурет салғанда өмірді сол күйі салуға болмайды», - дейді. Қалғаны көшірмеге жатады. Шығармашылық адамында өмірге деген өзіндік концепциясы, субъективті пікірі болмаса, бәрі бекер. Әдебиетте де болған оқиғаны көшіріп жаза берсең, ол өмірдің көшірмесі ғана болып қалады. Өмірдегі ойдың тереңдігі бар, рухани әлемнің барлық механизмін іштей біліп, тереңіне үңілу деген бар. Ол кезде көшіріп жазу деген тәсіл жүрмейді. Символикалық амал керек. Сол тәсілді ғалымдар қарайды да, әртүрлі термин жасап алады. Мен ойлаймын, қазіргі кезде жұрт көп айтып жүрген менің «Парасат майданы» деген повесімде постмодернизмнің элементтері бар. Қалыптасып қалған позитивті құндылықтар болады. Постмодернизм сол түсініктерге күмәнмен қарайды. Жаңағы шығармада бір-бірімен айтысатын екі тұлға бар. Екінші тұлға оппонентіне: «Сіз зұлымдықты жек көресіз. Оны жек көруге болмайды. Өмірді дамытушы екі тетік болса, соның бірі зұлымдық. Зұлымдықтың бір символы өлім. Ал, өлім болмаса мына әлемде не болар еді? Аурулар өлмесе, залымдар өлмесе жер бетінде тозақ болады ғой. Сондықтан, барлығын тазалап отыратын өлімге рахмет айту керек», - деген пікір айтады. Бір қарағанда үлкен құндылықтарды жоққа шығарып отырған секілді, бірақ соған жаңаша трактовка жасайды. Бұл туралы жұрт өзінің анықтамасын айта беретін шығар, менің ұғымымда осылай...

Әдебиетке келгеннің бәрі керемет болмайды

Әдебиетшілердің арасында интеллектуалды әңгімелесу болу керек. Жаманды жаман, жақсыны жақсы деп айтудың өзі оңай емес. Оның себебі – әдебиетке келгеннен кейін жұрттың бәрі өзін кереметпін деп ойлайды. Бірақ, әдебиетке келгеннің бәрі керемет бола алмайды. Ол өзінен-өзі белгілі. Әдебиетте «халтурщик» дегендер бар. Оларды жеңу оңай емес. Өйткені, олар өмірге өте бейім. Жұртпен тіл табыса алады. Күні-түні сол үшін жұмыс істейді. Алаяқтығы шебер. Онымен күресу үшін сен де сондай болуың керек. Содан кейін жеңілуге тура келеді.

Керек десеңіз, әдебиетте ең жаманы «халтурщиктер» де емес, талантты адамдардың жолдан таюы одан да қауіпті. Құдай берген таланты бар, сосын отырып алады да конъюнктураға кіріседі, лауазымы биік адамдарды мақтап, өлең жазады. Оның үлкен пайда тигізетінін біледі. Бүгін әдебиетті коррупция жаулады деп те айтуға болады. Одан арылу керек. Адам таза болмаса, одан ешқашанда ұлы шығарма тумайды. Әдебиеттің өзі тазалық, адамгершілік туралы ілім ғой. Құдай берген қабілетпен тәуір шығарма жазуға болады, бірақ шын мәнінде керемет шығарма тумайды. Бірінші сақтайтын құндылық – ардың тазалығы. Таза адам қорғансыздау болады. Өмірде көп оқиғалардан жеңілуге тура келеді. Аздап кедейліктің дәмін татуың мүмкін. Қызметтен өспейтін де жағдай болады. Бірақ, ол ұтылыстың арты бәрібір сені жоғары көтереді. Жұлдызды сәтің туады. Сен өмірден жеңілуің мүмкін, бірақ тағдырды түбінде жеңесің.

Біздің әдебиетіміз жақсы әдебиет. Жастардың ішінде өте жақсы ақындар бар. Мазмұны жағынан қалыптаспаса да, сөз саптастары, ойнатуы мен құбылтулары керемет. Шынайылық бар. Жас жазушылар да сондай. Баяғы «әдебиетіміздің «алтын ғасыры» өтіп кетті» дегенді қою керек.

Мысалы, кеңес үкіметі тұсындағы әдебиетті менің немерем оқымайды. Себебі, советтік шындық – ол өтірік. Кешегі Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафиндер мемлекет үшін идеологиялық қару болды. Қазіргі Жазушылар одағы деген ол кезде идеологиялық ұйым болатын. Сол арқылы кеңес үкіметі өзінің саясатын жүргізді. Өзіне қызмет еткен адамдарды көкке көтерді, оларды кереметтей қылып жарнамалады. Жазушылар одағының бірінші хатшысы Жоғарғы Кеңестің депутаты болды. Ондай мансапқа министрдің қолы жетпейтін, ол кезде. Аспандап көкке көтергеннен кейін жұрт «ұлылар осылар екен» - деп ойлады, бітті. Басқа ештеңе емес. Қазір солардың бір шығармасын шетел қабылдап, оқымайды. Аударудың керегі жоқ. Себебі, оның ішіндегі өтірікке сенбейді. Қайта қазіргі жастардың жекелеген әңгімелерін аударсаң, оқуы мүмкін. Қалай дегенменде қазіргі әдебиетте обьективтік шындық бар. Сондықтан «Алтын ғасыр» өтті демейік, әдебиеттің «Алтын ғасыры» енді туады...

Дайындаған Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар