Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жангелді Немеребай: Кітаптың атауында да тағдыр бар...

13.04.2017 3886

Жангелді Немеребай: Кітаптың атауында да тағдыр бар...

Кеше ғана Жетісулық ақын Жангелді Немеребайдың «Қар гүлдері» атты өлеңдер жинағы жарық көргенін қаламгер достары сүйіншілеген еді. Осы орайда ақын ағамыздың қуанышымен бөлісіп, сұхбаттасқан едік. Сұхбатымыздың алдында ақын, Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіманның жаңа кітап жайлы бір ауыз пікірін қоса ұсынсақ:

Ауылда туып-өсіп өлең – құсын шартарапқа ұшыра білген, ел ішінде «Жан сері» атанып жүрген жас ақын Жангелді Немеребаевтың «Қар гүдері» деген атпен жуырда жарық көргелі отырған жыр жинағына енетін өлеңдерін аз-кем шолып шыққан едім.

«Жыр қылмақ біреу бастан өткергенін,

Жыр қылмақ біреу азды-көп көргенін», - деп дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин өрнектегендей ізденіс үстіндегі ақын ініміз ой – теңізден маржан сүзіп, дәстүрлі поэзия мұхит болса, сол мұхитқа құюға асыққан өлең-өзендердің өзіндік арнасын тереңдетуге талпыныс жасапты.

Көңілге мұң, түскенде жанға қаяу.

Шер тарқаттым жыр жазып таңға таяу.

Бірге болдың үміттер ақталғанда,

Көкке төбем екі елі шақ қалғанда, -деп поэзиямен сырласқан ізденімпаз жастың жетпістен астам өлеңінің басын қосқан тұңғышына іштарта қарап, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» іздегеніміз, тапқанша асық болғанымыз жасырын емес. Іздегенімізді таптық та. Ол «Күзгі түн» өлеңіндегі пейзажды фон ретінде ғана ұстап, бұл маусымның графикалық кескінін беруді мақсат тұтпай, адам мен табиғаттың ұштасқан көңіл-күйін бейнелейді.

Күзгі түн батыс жақтан жел келеді,
Адасқан жапырақтар сенделеді.
Қурайлар мұңдылау бір әнге салып,
Шайқалып күміс терек тербеледі.

Әуезден естіледі қыс хабары,
Табиғаттың заңды бұл нұсқаулары.
Алма кезек ауысқан мезгілдермен,
Адамның да өмірі қысқарады.

Баулар да естілмейді құстар әні,
Жылы жаққа себебі ұшқан әрі.
Ауыспалы уақыттың елшілері
Қағидасын қашан да ұстанады.

Күздің түні жел тұрса шуы басым,
Жауынына армансыз жуынасың.
Күз артынан қыс келіп суытса да,
Адамдардың жүрегі суымасын...

Ақынның осы өлеңіндегідей сезімді басты нысана тұтатыны барлық шығармасына ортақ желі болып тартылған.

Жыр өзегі – монолог. Ішкі тебіреніс. Жан толқуы. Содан ұшқындаған ой алаулары. Міне, Жангелді ақын туындыларының лейтмотиві осы.

-Жангелді аға, «Қар гүлдері» атты жаңа жинағыңыз шығып жатыр екен, оқырманы көп болсын дейміз. Өзіңізден әуелі кітаптың атауы туралы сұрағым келіп отыр?

-Рахмет, қарындасым! Бұл кітабым Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көріп отыр. Сондықтан сөзімнің басын өңірдің әдебиеті мен мәдениетіне үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан Амандық Ғаббасұлына және ел ағаларына өз алғысымды білдіргім келеді. Биылғы жылдың жоспарындағы облысымыздың ақын-жазушыларының кітаптарын шығару мақсатында белгілі журналист, өнер жанашыры Бейсен Құранбектің ұйымдастыруымен өткен кеште облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өңірдің қаламгерлерімен кездескен еді. Сол кездесуде біраз ақаламгерлердің кітаптарын шығару жайлы уәдесін берген болатын.Соның нәтижесінде Мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев шығармаларымызды қабылдап,өз көмегін көрсеткен соң аз уақыттың ішінде жаңа кітабымыз өмірге келіп отыр.

Жалпы, кітаптың атын қою – балаңның есімін қоюмен бірдей деп ойлаймын.Менің негізгі өлеңдерім лирикалық бағыттағы нәзіктіктіктен тұратын, сезімді суреттеген шығармалар болғандықтан «Қар гүлдері» деп атадым.

Мен туып-өскен Көлбай ауылының жайлауы Жоңғар Алатауының шығыс қақпасындағы «Жамантас», «Аршалы» тауларында өсетін өз көзіммен көрген қарғалдақ, Камелия сынды гүлдер бар. Сұлулық ақынды сұқтандырмай қойсын ба?! Нәтижесінде сол гүлдерге арналған әдемі жырлар жазылды. Бұл тақырыптың ішінде тағдыр да бар. Нәзік болса да, қар астынан жарып шыққан гүдер тағдырдың ызғарына қарамай өмірге деген махаббаты – жұпарлы хош иісін аңқытып, жайнаған қалпында көктегі күнге қарай ұмтылып өсетіндігін аңғартады.Кітабымды осылай атауды құптаған әрі осы атты ұсынған белгілі ақын бауырым Ерлан Жүніс болды.

-Жаңа кітап жарық көріп жатқан соң, бір ерекшелігі бар шығар деп елеңдеп отыратынымыз тағы бар. Кітабыңыздың бір артықшылығы мен бір кемшілігін айтып беріңізші?

- Кітапта елең еткізер ерекшелік бар деп айта алмаймын. Десе де, ішіндегі өлеңнің бәрі жүректің қалауы арқылы ғана қолыма қалам алып дүниеге келген жырлар. Ал кемшілігін әдеби-сыншылар айта жатар.

Сіздің есіміңіз Жангелді екенін білеміз. Дегенмен, әдебиет әлемінде «Жан сері» деген қосалқы есіммен жүресіз, оған не себеп?

-«Жан сері» атануыма себеп болған – қазақтың белгілі ақыны Әбен Дәуренбеков. Менің бозбала шағымда ауылыма іздеп келіп, өлең мен өнердегі тұсауымды кесіп, батасын берген. Сол кеште «Осыдан бір-екі ғасыр бұрын туған болсаң, сал-серілердің қатарында жүретініңе күмән келтірмеймін, сондықтан сені бүгінгінің заманауи серісі «Жан сері» десек те болады»,– деп бір-ақ ауыз сөз айтқан болатын марқұм көкем. Содан бері өнердегі, әдебиеттегі лақап атым осылай болды. Әріптестерім, дос-ағаларым еркелетіп айта бастады. Әуелі Найман деген бір ағам: «Төлқұжатыңды ауыстыруың керек»,– деп жиі қалжыңдайды.

-Жалпы, поэзияда шәкірт, ұстаз деген ұғым болмайды деп жатамыз. Дегенмен шығармашылықта бағыт бағдар беретін жандар барын жоққа шығара алмаймыз. Сіздің өлеңмен «ауыздықтануыңызға» әсер еткен тұлға бар ма?

-Әдебиеттегі әуелгі ұстазым – кітап. «Бес ғасыр жырлайды», «Абай жолы», М.Жолдасбековтың «Асыл арналары», «Үш Пайғамбар» сынды кітаптар болды. Бойымдағы өнерімнің ұшқынын көріп, дамуына үлес қосқан ұстаздарым мектеп қабырғасынан Мұса Қайсаұлы, Мағдан Башабаев, сынып жетекшілерім Тоқтархан ағай мен Нұршәкен, Гүлім, Айымгүл апайларды атар едім. Кейіннен студент шағымда мен аға тұтқан Сәкен Иманасов, Әбен Дәуренбеков, Ахмет Кендірбек, Қуат Қайранбаев, Жомарт Игіман, Ерғазы Манап, Қалмахамбет Мұхаметқали, Нүсіп Әбдірахым, Әміре Әрін, Жұматай Оспанұлы сияқты ақын ағаларым мені іні тұтты.

-Жетісу – ежелден ақын-жазушыға кенде жер емес. Ол жақтағы қазіргі әдебиеттің жай-күйі қандай?

-Иә, оныңыз рас. Ақындарға бай өлкенің бүгінгі әдебиеттегі тыныс-тіршілігі өз хәлінше қарқынды дамып келеді.Соңғы үш жылдың айналасында Жетісудың ақын қыздары Сағыныш Намазшамова мен Гүлбақыт Қасеннің және Қалмахамбет Мұқаметқалидің идеясымен құрылған «Тамшыбұлақ» әдеби қауымдастығы әдеби кешер ұйымдастырып тұрады. Ай сайын «Бір әңгіме үш өлең» жобасымен жақсы жұмыстар атқарып келеді. Жоғарыда атаған ақын ағамыз Ахмет Кендірбекұлының «Сәрсенбінің сәтінде» деп аталатын әдеби жобасы өңірдегі жас ақын-жазушылардың тұсауын кесіп, халыққа таныстыруды мақсат тұтса, өмірден өткен өнер адамдары мен қаламгерлердің есімін жаңғыртуда «Тағзым» атты жобасы жетісу әдебиет әлемінің білте шамын сөндірмей жарқыратуда. Мұндай әдеби жобалардың тұрақты жұмыс жасауы өңір әдебиетінің дамуына өз септігін тигізіп келеді деп ойлаймын.

-Әндерге жиі сөз жазып жүресіз. Бұл саланың да өз қиындығы бар. Сіздің сөз жазған әндеріңіздің сәтті шығуына өзіңіздің мамандығыңыздың да қатысы бар ғой?

-Әрине қатысы бар. Мен музыка мамандығын оқыдым. Кәсіби музыкант болмасам да, саз бен сөздің қай жерде қиылысуын аңғарамын. Десе де, әнге жиі сөз жаза бермеймін. Әуені мені елітіп әкетпесе, көңілді қозғамаса қалам ұстауды артық деп санаймын. Оның үстіне поэзия оқымайтын, қырқаяқтың ізіндей күніне үш-төрт ән шығаратын (оның өзі плагиат)«халтурщик» сазгерлер қаптап тұрған тұста, қазақ өнеріне зиянды үлес қосқым келмейді. Әр ақынның өзінің ішкі әуені болады. Менің де ішкі әуенім түлеп,жүрек сүзгісінен өткенде өзім де ән шығарамын.

-Жалпы, ақын ретінде уақытында бағасын алғандардың қатарына өзіңізді жатқыза аласыз ба?

-Мен универститет бітіргеннен кейін отбасылық жағыма байланысты әдеби ортаға кештеу келдім.Үйдің кенжесі болғандықтан қара шаңырақта (анам өмірден ерте қайтқан) әкемді қарап, немере сүйгізіп 83 жасында ақ батасын алып мәңгі сапарына аттандырдық.Одан кейін әскерде жарақат алған 1-ші топтағы мүгедек ағамды қарадым. Солай жүргенде біраз уақыт уысымыздан сырғып кетті. Алайда облыс көлемі мен республикадағы ақын-жазушылармен шығармашылық байланысты үзген емеспін.

- Қазіргі кезде «Қыздардың бәрі жылауық өлеңдер жазады, тақырыптық өсу жоқ» деген пікір жиі айтылады. Дегенмен, кейбір ақын жігіттерде «жылауық» өлеңдерге тым құмар болып кеткен сияқты, осыған не айтасыз?

-Ақынға мұң керек шығар. Алайда өзіңіз айтқан «жылауық» өлеңдердің авторларын оқымаймын. Қыз балаға сәл жарасуы мүмкін. Ал ер жігітке жылаңқы жыр жазуы лайықты деп айталмаймын. Жаппай «жылауық» жыр жазып кетуге болмас. Бірақ әр ақында мұлы өлең кезесуі заңдылық.

Әңгімелескен Айжан Тәбаракқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар