Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ардақ Нұрғазы: Ақынның қазасы...

13.04.2017 3713

Ардақ Нұрғазы: Ақынның қазасы

Ардақ Нұрғазы: Ақынның қазасы - adebiportal.kz

(Марина Цветаева туралы сөз)

«Күміс дəуір əдебиетінде» дауылды тас қараңғы түнде өшпей жанып тұратын шыраққа ұқсаған бір ақын бар. Ол Марина Цветаева. Жарым ғасырға да жетпейтін өмірінде жүзден артық лирикалық өлең, он екі дастан, жеті опера, сандаған өмір баян, естелік, сын еңбектер жазған талантты ақынның 1912 жылы жазылған екінші жыр жинағының аты «Сиқырлы Шам» екен. Ақын өзі туралы «жалғызсырап жабырқаған рухым бар» деп жазған. М. Цветаева 1892 жылдың 26 қыркүйегінде Мəскеуде дүниеге келген. Əкесі Еуропада беделі бар өнер танушы, Пушкин музейінің негізін қалаған адам болыпты; бойында поляк пен неміс қаны бар шешесі көп өнерден хабары бар, үздік музыкант болған. Кішкентай Марина алты жасында орыс, неміс, француз тілінде өлеңдер жаза бастаса, он бір жасында «Кітап үстелім» деген дастан шығарған. От басындағы сөре-сөре кітап пен музыка онымен айнымас дос болыпты. Ол əсіресе Пушкинге ерекше құмартқан (ол жұртқа таныс «Менің Пушкинім» мақаласының авторы) «Үш жасымда Пушкиннің өліміне бола қасіреттенетін едім», «менің балалық шағым Пушкиннен қалған ізбен жүру сияқтанады» деп жазады ақын. М.Цветаеваның өлеңдері ашық, асқақ, өршіл болып келеді. Əйел ақындарға тəн делінетін жұмсақтық онда аз кездеседі. Бұл турасында И.Бродский: «XX ғасырдың поэзиясында оның үнінен де шабытты қандай ақын бар екенін мен білмеймін» десе, Аленберг «Оның ауыздықтауға көнбейтін қайсар бейнесі адамды таңырқатады. Түр-тұлғасы да айта қалсын – кеудесін кере, басын тік ұстаған, кермиық... үлкен əрі əлсіз көздерімен тігіле қарайды (оның көздері нашар көретін). Шаштарын балалардікіне ұқсатып қысқа қойған. Ол сымбатты қыздардан гөрі ауыл жігітіне көп ұқсайтын» деп жазады. Бұл 25 жастағы М.Цветаеваның портреті еді. М.Цветаеваның өлеңдері махаббат, өлім, өнерді арқау еткен. Ол жазған тармақ пен шумақтар күміс қоңыраудың үніндей сыңғырлап тұрады. Сөз қайталау, көптеп сұрақ белгі, леп белгі, сызықша қолдану ерекшелгімен оның өлеңі орыс поэзиясында ешкімге де ұқсамайды.

Біз екеуміз, бір болғанда бақыттымыз, жылумыз –

Айрылмайтын қос қанаттай –

ашылмайды сырымыз.

Соққан шақта дүлей дауыл –

Жар басында ұйтқыған.

Құлап кетпей шыңырауға,

құзда асылып қалғанбыз.

Қазан төңкерісінен кейін ақынның өмірі күрт өзгерген. Ең əуелі аштық, жоқшылық кесірінен баға алмай интернатқа берген қызы аштан өледі. Ақтардың қатарында шетелге кеткен күйеуі Сергей Эфронның соңынан бару бекімі (1922 жылы) 17 жыл шет елде сергелдең болып жүрудей машақатты сапарға ұласады. Ең əуелі Праганы үш жыл, одан Парижды паналайды. Оның бар табысы – ауру күйеуі мен от басын асырайтын бар мүмкіндігі – тоқыма тоқып сату, одан қалса жазған өлеңдерін бас қосуларда оқудан түсетін азғантай ақша болған. Кейін ол бұл мүмкіндіктен де қағыла бастайды. 20-жылдардың соңында Парижде жаңа үкіметтің ақыны болып шыға келген В.Маяковскиймен кезігуі оны өз ортасынан шеттеткен. Шет елдегі орыс эмигранттары оны, оның күйеуін Кеңес өкіметінің жансызы деуге дейін барады. М.Цветаеваның мұнан кейінгі өмірі аса жапалы болған. Ол бірте-бірте отанына қайтуды ойлай бастайды. Ақыры 1939 жылы Кеңес үкіметі оның елге оралуына келісім береді. Алайда бұл қадам ақынның өмірін ұзарту үшін емес, қайта кесу үшін ұйымдастырылғандай əсер береді. Елге оралысымен алдымен қызы Əлия тұтқындалады. (Əлия 1956 жылы ғана бостандыққа шыққан) одан жарым жыл өтер өтпестен күйеуі Сергей Эфро тұтқындалып атылады. Кеңес-Герман соғысы басталғанда өкімет ақын мен ұлын Татарстанға жер аударады (1941 жылы 8 шілде). Көп өтпей ұлын əскер қатарына шақырады (ақынның ұлы 1943 жылы майданда өлген) Аштық, жұмыссыздық, жақынынан айрылған жалғыздық ақынның жүрегін жұлып жей бастайды. Өмір сүру енді оған қажетсіз бос əүрешіліктей сезіледі. Өмірінің ақырғы күндерінде ұлына жазған хатында ұлы ақын былай деп жазған: «Ұлым, кешір мені. Бұлай кете берсем бұдан да жаман болатын түрі бар. Өзім науқаспын, өзіме қайтып келе алатында емеспін. Мен сені жанымдай жақсы көремін ұлым. Бірақ мен ендігəрі өмір сүре алатын емеспін. Əкең мен Əлияға айтарсың – егер кезігіп жатсаң – мен ақырғы демім таусылғанша оларды сүйдім. Оларға соны түсіндір. Мен қайтып тұра алмастай тығырыққа тірелдім». Осылардан кейін кезінде «менің жаназам әуеде болады» деп жазған ақын өзіне қол жұмсаған. Б.Пастернак айтқандай «басын жастыққа қойғандай аспақ жіпке қойған» да, сұрқия заманның сұрқылтайынан кең тыныстаған. Бұл 1941 жылдың 31тамызы еді. 1960 жылдың жазында, Б.Пастернак өзінің ақырғы күндерінде АҚШ-тың əйел тілшісімен «күміс дəуір əдебиетіне» қатысты сұхбаттасқанда, М.Цветаева турасында былай деген: «М.Цветаева ау бастан-ақ толысқан кемел ақын болатын. Жалғандық жайлаған сол дəуірге ол өзінің өр даусымен келді. Ол еркектің рухына бергісіз рухы бар əйел болатын. Тұрмыспен арпалыс оған батылдық пен күш-қуат сыйлағандай. Ол сонысымен өзі ұмтылған рухани тазалық пен қайталанбайтын жетістікке жетті. Оның өлімі менің өмірімдегі ауыр қайғының бірі саналады». Бұны «күміс дəуір əдебиетіндегі» ең талантты ақынға берілген адал баға деуге болады. Уақыттың өз талғамы бар, ол жайбасар болуы мүмкін, бірақ мүлт кетпейді. 1992 жылы ақынның жүз жылдығына орай, Юниеско көлемінде «Марина Цветаева жылы» салтанатпен атап өтілді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар