Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Мағжан көктемі» атты ІV Республикалық Мағжан өнер...

17.04.2017 8838

«Мағжан көктемі» атты ІV Республикалық Мағжан өнер фестивалі өтеді

«Мағжан көктемі» атты ІV Республикалық Мағжан өнер фестивалі өтеді - adebiportal.kz

Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында «Мағжан көктемі» атты ІV Республикалық Мағжан өнер фестивалі өтеді. Байқауға еліміздің түпір-түкпіріндегі кез келген азамат қатыса алады.

«Қазақтың асыл перзенті, алты алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны – от, иманы мен ары – от Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі сәулесі мәңгі өшпес жұлдыз, қайталанбас құбылыс!» - деп жазды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында. «Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын Мағжанның сөзі» (М. Әуезов) - қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ әлемдік деңгейге көтерді. Ол халқына бүкіл өлеңімен, өмірімен жанын сала қызмет етті. Мағжанның өз ұлтына деген махаббаты барша адамзатқа деген сүйіспеншілігімен жіксіз ұласып жатты. Мағжан Орта Азия ақындарының арасынан суырылып шығып, тұранды, түрік құндылықтарын жырлады. Тұран халықтарының сонау гүннан басталатын тарихын шолып, осынау евразиялық кеңістіктегі мәдени, рухани байланыстар бөгесіндеріне ересен қайрат көрсетті. Мағжан әлемін таныған, тереңіне бойлаған әр адамның жан дүниесі ерекше нұрланып, өрісі ашылары сөзсіз.

ІV Республикалық «МАҒЖАН КӨКТЕМІ» өнер фестивалі (бұдан әрі – Фестиваль) ұлы ақынның шығармашылық мұрасын жүйелі түрде насихаттап, есімін ел есінде мәңгі сақтау мақсатында, оның «кіші отаны» - туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысында, Петропавл қаласында
2017 жылдың 23 маусымында өткізіледі.

Фестиваль төмендегідей үш номинация бойынша өткізіледі:

1) Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасы. Мазмұн-тақырыбы ұлы ақынның шығармашылық-адами келбетін, айнымас ұстанымын, елдік-ерлік қасиетін, ұлт тағдырындағы алатын орнын, туып өскен жерінің шежірелі тарихын, сұлу табиғатын, осы өңірде өмір сүріп жатқан халықтың ақ пейілі достық құшағын, Қазақстан экономикасын көтерудегі жасампаз істерін көрсететін туындылар болғаны абзал. Бұрын еш жерде жарияланбаған, орындалмаған, 14-ші шрифпен жазылған, көлемі 5 беттік бір немесе бірнеше өлеңдерден тұратын топтамасы бүркеме (лақап) атпен жіберіледі.

2) Мағжан өлеңдерін мәнерлеп оқу - көркемсөз оқушылар сайысы. Ақынның асыл мұрасы - өлеңдерін, поэмаларынан үзінділерді жатқа оқу. Ақынның елуден астам өлеңін білу қажет. Ұзақтығы: 7-9 минут.

3) Мағжан өлеңдеріне жазылған әндер конкурсы. Бұрын еш жерде жарияланбаған, орындалмаған жаңа музыкалық туындының ұзақтығы 2,5 - 4 минут болуы керек. Ән CD, DVD - дискілерге (MP3 форматында), немесе мини-дискіге жазылған түрінде, бұған қоса екі дана клавирі мен екі дана мәтіні қоса жіберіледі. Бір автор бірнеше шығармасымен конкурсқа қатысуға құқығы бар. Туынды конкурсқа бүркеме (лақап) атпен жіберіледі.

ФЕСТИВАЛЬДІҢ ШАРТТАРЫ МЕН

ҮМІТКЕРЛЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Мүшәйраға қатысушылардың, мәнерлеп оқушылардың, әншілердің кәсіби шеберлігіне, орындаушылық мәдениетіне, дауыс кеңдігіне, сұлулық иірімдеріне сахналық киім ерекшеліктеріне Әділқазылар алқасы тарапынан үлкен мән беріледі.

Қатысушылардың жасына шек қойылмайды.

Мүшәйра жыр - өлеңдері, мәнерлеп оқушылардың құжаттары мен

Мағжан өлеңдеріне жазылған жаңа әндер 2017 жылдың 31 мамырына дейін Фестивальдің Ұйымдастыру комитетіне, яғни мына мекен-жайға жіберіледі:
642027, Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 58 үй, 507 кабинет. Солтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы. Байланыс телефондары: (87152) 32-05-71. 46-03-32.Электронды мекенжайы: tilbas@sko. kz

Әнуар – 87018530277, 87714777782

Фестиваль жеңімпаздары қорытынды Гала-концертке тегін, ақысыз өнер көрсетуге міндетті.

Қатысушылар төмендегідей құжаттарын қоса жібереді:

- жеке куәлігінің көшірмесі;

- шығармашылық өмірбаяны;

- білімі жайындағы қуәліктің көшірмесі (студенттер мен оқушылар үшін оқу орнынан анықтама);

- түрлі-түсті 13х18 көлемдегі екі фотосурет.

Фестивальдің өткізілу ережелері республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

МАРАПАТТАУ ЖҮЛДЕЛЕРІ

Фестиваль жеңімпаздарына төмендегі жүлделер тағайындадады:

- бір Бірінші жүлде және лауреат атағы (әр номинация бойынша);

- бір Екінші жүлде және лауреат атағы (әр номинация бойынша);

- бір Үшінші жүлде және лауреат атағы (әр номинация бойынша);

- екі Көтермелеу жүлдесі және дипломант атағы (әр номинация бойынша).

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар