Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қуаныш Қожабайұлы: Өткенге ой тастап, болашаққа қадам басайық

17.04.2017 2107

Қуаныш Қожабайұлы: Өткенге ой тастап, болашаққа қадам басайық

Соңғы күндері Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қалың қазақтың қызу талқысына түсті. Көлемді мақаланы оқып көкейдегі көптеген мәселеге жауап тапқандай болдық. Мақсатымызды айқындауға жол көрсеткен дүние деген пікірдемін. Кішігірім жолдауға ұқсап кеткен мақаланың ішіндегі өзекті мәселелер жүріп өткен жолымызды, тарихымызды мансұқтауға дайын тұратын кей көршілердің қытығына да тие бастағанын байқадық. Қош! Көптің көңіліндегіні дөп басып, тосып жүрген көп дүние ақыры айтылған екен, кері шегіну жоқ. Айтылған сөз — атылған оқ. Ширек ғасырда жасампаз елге айналған Қазақ елінің алдында көптеген асулар тұр. Бүгінгі қадамдар сол көп асулардың бірі деп білген жөн.

Елбасы мақаласында гуманитарлық ғылымдар мен латын әліпбиі туралы мәселе көтерілген. Жалпы, латын әліпбиіне өтуді қолдаймын, бірақ латын әліппесі туралы дауды көпке созбай, сөзден іске көшу керек. Арнайы құрылған комиссия қандай әліпбиді пайдаланатынымызды тезірек бекітіп бергені жөн дер едім. Бекітілген әліпбе шықса, сол бойынша халық жұмыс жасай береді. Кітаптар, жекелеген газеттер, журналдар шығады. Ал латынға көшу жөніндегі мемлекеттік ауқымды іске министрліктер мен жауапты қызметкерлер кірісе береді. Бастысы әліпбенің әртүрлі нұсқасы қаптамай, алтыбақан алауыздыққа ұрынбай тұрып біреуіне тоқтауымыз керек.

Көне жазу өнерінде пайдаланылған палимпсест деген ұғым ғылымға термин ретінде енді. Ертеде көне сурет немесе жазудың үстіне қайта жазатын болған екен. Ол дәстүр «палимсест» деп аталса керек. Ғалымдар бүгінде жазылғанның бәрі «палимсест» дегенді айтып жүр. Яғни, жаңа ой жоқ. Айтылған ойдың жалғасын оқып жүрміз немесе өңделген, қайталанған нұсқасын пайдаланамыз. Бұл жерде ғылыми көзқараспен қарасақ, ғалымдардың пікірлерімен келісуге де болады. Неге мен бұл термин туралы жазып отырмын. Болашақтың қамын жеп, ел тағдырына шынайы алаңдай білу үлкен қасиет. Айтайын дегенім кешелі бері қызу талқыға түскен мақала мазмұндас кітап та оқығанмын. Елбасының мақаласын оқып отырып 2014 жылы жарыққа шыққан «Қазақтың Ар-ы» атты кітапта оқыған көптеген мәтіндер мен ойларды кезіктірдім. Әдебиеттанушы, ғалым Нұртас Ахатұлының кітабының «Қазақтың АР-ы және РУХ», «Қазақтың АР-ы және Сана» деген бөлімдері мен Елбасы мақаласындағы «ХХІ ғасырдағы Ұлттық сана туралы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау» бөлімдерінде көп ұқсастық, тұтас ойлар бар деп айтуға болады. Мысалы, Елбасының мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» дейді. Ал кітапта «АР – біздің күретамырызда! Біздің бойымыздағы қанымызда. Ол тек ұлт тығырыққа тіреліп, ел – ерге, ер – жерге қараған уақытта бой көрсетеді» деп келеді. «Күретамыр» мен «Ұлттық код» деген сөздер таңбалануы басқа болғанымен синонимдес сөздер, мағыналары жақын. Екінші, кітаптағы «Қазақ РУХ-ының түзелуіне, қалыптасуына қашанда болсын тұлға әсер еткен» деген пікірмен мақаладағы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген сөйлем бір-бірін толықтырып тұрғандай әсер қалдырады. Үшіншіден, кітап авторы президент туралы «Дөңгеленген дүниенің айналасын жіті бақылап, ірі дамыған мемлекеттердің беталысын сезіп, әлемдік сарытап саясаттың тамырын ұстап отырған елбасы Н.Назарбаев та осы мәселені ЕЛ-ге айтып отыр» (19-бет) деген ой айтады. Иә, Елбасы мақаласында тізбелеп береді:

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.

Оның екі қыры бар:

  • Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.
  • Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.

Міне, байқағанымыздай кітап пен мақаладағы тарихымыз бен дәстүрімізге шекеден қарамайтын, қайта әспеттейтін, зерделеуге жетелейтін ойлардың бір-бірін толықтырып тұрғаны көзге ұрып тұр. Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында қызмет етіп келе жатқан ұлт ұландарының бір ойды айтуы көп нәрсені білдірсе керек... Ой қозғайтын мәтіндер туралы ойланатын кез келді. Елім, жерім деген әр қазақ баласы бір бағытты, ұлттық деңгейде рухани жаңғыруды ойлайтындай деңгейге жетсін деп тілейік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар