Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Айжан Тәбаракқызы өлеңді өмір деп түсінеді...

18.04.2017 5781

Айжан Тәбаракқызы өлеңді өмір деп түсінеді

Айжан Тәбаракқызы өлеңді өмір деп түсінеді - adebiportal.kz

Айжан Тәбаракқызының сыршыл да, мұңлы өлеңдері қазіргі жас оқырмандардың серігіне айналған. Оның өмірді өлеңге айналдырып, еш бояусыз ақтарылған жыр маржандары көп жағдайда адамның ортақ тақырыбына, сезіміне әсер етіп жатады. Қанша қисынға салсақ та, өлең дегеніміз алдымен лирикадан аттап өте алмайды. Айжан Тәбаракқызы сұлу да, мұңлы поэзия тудырудың шебері. Оның өлеңдерін оқып отырып, өмірге шексіз ғашық боласың.

Ақын өлеңдерінде өмірден түңіліп отырғандай әсер береді, бірақ шындықпен бетпе-бет келуден ешқашан тайсалмайды. Ол тек қана өзінің басынан өткен сезімін суреттеу арқылы оқырманның жүрегін жаулап алды. Жалпылама жайылып, мораль айтып, әлемдік проблемаларды көтеріп жүріп, өз орнын таба алмай жүрген ақындар қаншама. Мына заманда әдебиетке ақыл айту жараспайды. Айжанның өлеңдері жалпылықтан ада. Жалқының сезімін ғана суреттейді. Сол арқылы өзгеге әсер етеді.

Айжан Тәбарактың «Күзге аңсарым ауады да тұрады…» деген лирикалық өлеңі бар. Осы өлеңнің өзінен ақынның ішкі қуатын, бағыт-бағдарын анықтауға болады.

Өлеңнің алғашқы шумағында ақын уақыттың бет-бедерін «сары-ала қаздың» тізбегі арқылы әдемі бейнелейді. «Уақыт бәріне емші» - деп жатамыз. Сол сөздің түйінін осындай образ арқылы беріп, жүректің қылын шерткен тіркестерді сүйсінбей оқу мүмкін емес. Бұл өлеңде қазақ қызына тән өршілдік, тәкаппарлық бар. Сүйгенінен айрылып, егіліп - төгіліп отырмайды. Керісінше өзін тік ұстап, оқырмандарға ой тастайды. «Құсаны» уақыт қана емдейтінін, оған төзіммен тойтарыс беру керек екенін алға тартады.

Бұл өлеңде адамның сезім құшағында қалықтап, әртүрлі психологиялық шегіністер мен шиеленістерге бой алдыратыны образ арқылы суреттелген.

Күзге аңсарым ауады да тұрады…

Сезімдерді жерлеп кеткен біздегі,

Сол жылы да дәл осындай күз бе еді?!

Бір тарқатса тарқата алар құсамды -

Топтала ұшқан сары - ала қаз тізбегі.

Бұйра бұлттар аймалап кеп Көк төсін,

Ұмытар ма ол да уақыт өткесін?!

Біз сырласқан барсам ба екен сол баққа

…Кейін жүрек сезімімді сөкпесін.

Бұл күндер де ертең, сезем, ескірмек,

Бір анығы жұбата алмас ешкім кеп.

Сыйланбастан жол шетінде тапталған

Қызғалдақтар кінәмізді кешсін тек.

Өткенді ойлап жүрек тағы жылады…

(Жылай-жылай ол да ақыры тынады).

Болғаннан соң жалғыз куә сезімге,

Күзге аңсарым ауады да тұрады…

Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар