Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есбол Нұрахмет. Әтір иісі (новелла)

19.04.2017 4916

Есбол Нұрахмет. Әтір иісі (новелла)

Жаңбырдан кейінгі күзгі дымқыл топырақтың иісі ауаға тарап, үй іші салқын тарта бастапты. Денесі тоңазығанын сезіп, тітіркеніп кетті де, жеңіл жамылғымен қымтанып, ас үйге кірді, терезесі ашық қалған екен, сырттан кешкі көше шамының әлсіз жарығы жылтырап көзге шалынады. Терезені жаба бергенде ішке серпілген ауамен ырғатылған торғын перде бетін шарпыды. Бір тәтті күй кешіп, танауын толтыра салқын, таза ауаны сіміре ішке тартты. Осы сәт ұялы телефон қоңырауы шылдырлай жөнелді. Жеңіл қадам алып, аяқ ұшымен ғана жорғалай жатын бөлмеге жүгірді. Төсектің үстіндегі ұялы телефон тынымсыз безектеп жатыр. Экранынан әлде бір келісті жігіттің фотосуреті көрінді. Ақтотының жүзі бал-бұл жанып, езуіне күлкі үйіріле әдемі жігіттің жүзін бір сипап жіберіп, телефонды құлағына тақады.

– Сәлем бердік, кербез қыз! Келіп қалдық есігіңнің алдына, – деп әуендете сөйледі дауыс.

– Келіп қалсаң құтты болсын. Күт енді.

– Майысып, бет-ауызыңды сызғылап отырып алмай тездет онда, онсызда хор қызынан кем емессің.

– Екі көзің төрт болады әлі...

– Таң ағарып атқанша шыдауға бармын.

– Жарайды, зырылдай берме, шығамын қазір.

«Өмірі көңілді өзі» деп күбірлеп қойды қыз тұтқаны қойып жатып. Үнемі жарасымды киініп, жағымды әтір сеуіп жүреді, нағыз сері ғой, шіркін... Тек үшінші рет кездескелі тұрса да, әзілдері жарасып, тез тіл табысып кеткеніне таң. Өзін қалай күтіп отырғанын елестетіп, өзінен өзі күлімдеп, тездетіп таранып, сыланды да, көлбіреген әдемі көк көйлектің сыртынан ұзын етекті, жеңіл күздік ішігін киіп, сыртқа қарай беттеді.

Есік алдына шыққанда мерседес автокөлігінің жанында бір шоқ роза ұстаған жігіт қарсы алды. Бетіне бетін тигізіп, әдеппен амандасты да, көліктің есігін ашып, құрметті ишара жасады. Бар қылығы тартымды, қандай жайлы жан деп қыз қуаныш сезінді.

Көліктің ішінен де жағымды әтір иісі аңқып тұр. Жігіт жымиып «кеттік» деді де, көлік кең көшені бойлап заулай жөнелді. Зымыраған көлік, әдемі жігіт, қонымды әзіл мен жағымды әтір иісі қыз көңілін масайратты. Жөнді ырғағы да жоқ, асығыс айтылған рэп те бұл жолы онша жағымсыз көрінген жоқ. Бірақ жігіттің үнемі рэп тыңдайтынын енді ғана байқаған секілді. Осынша әдемі көңіл-күй мен жарасым сыйлағаны үшін жігіттің талғамына да құрмет қылып, музыканы ауыстыруды талап еткен жоқ, даурығыңқырап кеткен дыбысты сәл бәсеңдетіп қойды.

Кешкі көшенің әрін келтіріп, маңдайшасындағы қызыл-жасыл шамдары жалтылдап, сазды вальс әуені ойнаған шағын кафенің алдына келіп тоқтады. Көк көйлекті жас сұлу сері жігітке еркелей, күлімдей қарап, білегінен ұстап ырғала басып кафеге енді. Іштен жылы ауамен бірге қуырған еттің, әр түрлі тамақтың иісі лап қойды. Екеуі қол ұстасқан күйі оңашалау үстелдің біріне барып отырды.

Жігіт алдымен өзі дәмді, қымбат бірнеше тағамды атап, қызға кезек берді. Қыз жігіт таңдаған тамақтың құнын көріп, өзі де сол шамадағы асқа заказ берді. Жігіт жүзінен сабырлы жылылық есіп, көңілді әңгіме бастады. Жоқты-барды сөз қылып, арасында бірнеше мәрте вальс билеп қайтты. Жігіттен тараған француз әтірінің иісі қыздың санасын жаулап, онан арман құмар еткендей. Биі де ырғақты, келісімді. Мықынына жақындата ұстаған қарулы қолдың ыстық табы денесіне жайылып бара жатады. Үстелге отырғанда жігіт кейбір әпенді достарының қылықтарын айтып күлді, қыз да күлді. Ішінен өзінің құрбылары арасынан сондай мінездес қыздарды іздестіре бастады. Өзі жақын араласатын бір қыз туралы енді әңгіме бастай бергені сол еді, жігіттің ұялы телефоны шыр ете қалды. Жігіт телефонға сәл қарады да, қызыл тетікті басып, үстелге қоя салды.

– Ол кім?

– Маңызды емес...

Қоңырау қайта шалынды. Жігіт бұл жолы да көтермеді. Қыз үнсіз отырып қалды. Көп өткен жоқ, қоңырау тағы шалынды.

– Көтере салсаңшы енді!

– Жоқ, ештеңесі жоқ.

– Кім ол сонша?

– Жай, біреу...

– Айтсаңшы...

Қыз қоймады.

– Жай, бір қыз, бұрын араласып едік. Енді бәрі біткенін түсіне алмай жүр әлі. Хабарласпа десем қоймайды...

Қыз үндемеді. Айтпақ болған әңгімесінің де кетеуі кеткендей болды. Енді ырғақты, жылдам билерге арналған даңғаза музыкалар ойнай бастапты. Ортадағы ашық алаңқайда бір топ қыз, жігіт жұлқына билеп жүр. Қатарлас үстелде үш жасамыс әйел арақ ішіп отыр. Өзге де улап-шулап, қызара бөрткен адамдардың қарасы көп секілді. Кафенің төбесіндегі әлгінде ғана қосылған айналмалы шам жарық-жұрқ етіп, түрлі-түсті жарықтар шашады. Қыздың мазасы кете бастағандай болды.

– Сыртқа шығайықшы...

– Не боп қалды?

– Мазам кетіп, мынау даңғаза музыка ұнамай тұр.

– Онда тыныштау жерге барайық па?

– Алдымен мына жерден шығайықшы...

– Жақсы, мен счётты төлей салайын, сыртта күте тұр.

Қыз таза ауаға шығып, терең тыныс алды. Мезгіл түн ортасына тақаған секілді. Көшедегі қозғалыс азайып, көліктер саябырсып қалған. Сонау биіктен дөңгеленіп Ай көрінді, әр бір тұста бір өшіп, бір жанып жұлдыздар жымыңдайды. Күнде аспанға қарай бермейсің ғой, қандай әдемі еді. Кеңсірігіне ауа толтыра қатты бір тыныс алып еді, жігіт әтірінің иісі сіңіп алыпты, салқын түнгі ауамен араласып ішке енді. Саф ауаның өз иісін иіскей алмағанына ренжігендей тыжырынды. Көп кешіктірмей жігіт те шықты.

– Кеттік!

– Қайда?

– Бір оңаша жер табайық...

– Мені үйге апарып тасташы.

– Неге?

– Неге деп сұрамашы, кеткім келіп тұр үйге.

– Жақсы. Кеттік онда сенің үйіңе...

Жігіт әлі де байыпты күйде көлікті қыздырып, қан көшемен ысқырта жөнелді. Рэп қайта қосылды. Қыз бірден музыканы өшіріп тастады. Екеуі үн қатпастан қыздың үйінің алдына келіп тоқтады. Қыз асыға көліктен түсті.

– Саған не боп қалды, Ақтоты?

– Ештеңе... тағы кездесеміз, сау бол!

Қыз жылдамдатып үйге қарай жүрді.

– Не болды, Ақтоты? Дұрыстап қоштасайық та... оу, Ақтоты!

Қыз тез-тез басып үйіне кіріп, сыртқы киімдерін шешті. Терезе жабық тұрса да, сырттан газын өкірте басқан көлік гүрілі естілді. Ақтоты терезе жанына барып еді, доңғалағынан түтін шығара қозғалып, әне-міне дегенше зымырай жөнеліп, көзден ғайып болған сүлік қара мерседес көлігін көрді.

Сосын ауыр бір тыныс алды да, төсегіне келіп жантайды. Жігіттің әтір иісі әлі де танауында тұрған секілді. Білегін, қолдарын, тіпті көйлегіне дейін иіскеп көрді. Әтір иісі бәрінен шығып тұр. Осынша жағымсыз иіс болар ма екен, қандай мәнсіз! Осы иістен басы айналатын секілді, тіпті жүрегі айни бастады.

Орнынан тұрып, барлық киімін шешіп, енді жумақ болған кірге қосты да, өзі душқа кіріп кетті. Құлын мүсінін қызықтап ұзақ жуынды. Бірде білектерін иіскеп қояды. Қош иісті сабындар мен әр түрлі гелдерді неше қайтара жағып, асықпай сүртінді.

Жатын бөлмедегі төсек үстінде жатқан ұялы телефонына әлде неше қоңыраулар түсіпті. Бірнеше смс хаттар келіпті, бірін де оқыған жоқ. Әсем, ырғақты джаз музыкаларынан өзі сүйіп тыңдайтын Луи Армстронг, Нэт Кинг Коул, Билли Холидей, Бенни Гудмен, Чарли Паркер, Оскар Питерсон – бірінен кейін бірі сырғи берді. Әсем әуен тербеген шағын бөлмеде ұзақ ойланып жатып, тәтті ұйқыға кетті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар