Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Гүлжауһар Сейітжан: Ана жырлары

19.04.2017 1520

Гүлжауһар Сейітжан: Ана жырлары

АНАНЫҢ ТІЛІ

Сүтіменен анамның бірге сіңген,

Шығартпайтын күй менен жырды есімнен,

Тілімменен жөргекке бірге оранып,

Тілімменен бірге ылғи күн кешіргем...

Тәтті сазын жеткізіп сырдың терең,

Түсініскен әзілдеп құрбымменен,

Тілім маған «әке» деп тіл қаттырып,

Домбыра боп сөйлейді күмбірлеген...

Жүрегімде сайраған сұлу құсым,

Сенсің маған ұқтырған жылуды шын...

Керек сенің жаныма егіз тұлғаң,

Шын жадырап,

Жарқылдап күлу де үшін...

Бәрін бөліп өзіңмен қайғы-мұңның,

Бәрін алғам өзіңнен байлығымның...

Бірге өскем еркелеп, еміреніп,

Тебіскені секілді тай-құлынның...

Ұмытып,

Бірің білмей, бірің білген,

Қазақшам көрер екен мұңын кімнен...

Азуы алты қарыс билеріңді,

Алдына жалғыз сөздің жүгіндірген.

Әкелген Абай болып таңғы лепті,

Тербеген Мағжан болып жан жүректі,

Желбіреп,

Жамбыл болып қан майданда,

Жеңіске жұмылдырған бар білекті...

Қуанышын, шаттығын, сан алғысын

Өзің сыйлап, баптаған санам құсын.

Өзіңнен алдым қанша қуатты мен,

Сайраған сандуғашым, самал мүсін...

Сүтіменен анамның бірге сіңген,

Шығартпайтын күй менен жырды есімнен,

Құрмет тұтса әр қазақ, айналар ең,

Жебеушіме, мерейді күнде өсірген...

ТЕЛЕФОН СЫМЫНДАҒЫ АНА ҮНІ

Місе тұтпай хаттардың жасық халін,

Сөз емес деп самолет асыққанын,

Даусы анамның жетеді құлағыма

Теңіздердің, таулардың басып бәрін.

Маған қарай ұшады бір құс аппақ,

Түн бүркеніп немесе Күн құшақтап.

Жіп-жіңішке сымдардың бойына сол

Лақтырады сағыныш сырды ұсақтап.

Пәк сезімін жанымның күтімге алып,

Тамырындай ауаның лүпіл қағып

Үні анамның жетеді маған ылғи

Туған үйдің тынысы сықылданып...

АНА, НӘРЕСТЕ ЖӘНЕ ХРУСТАЛЬ

Үйленді де, жайлағандай үйін нұр

Болған жігіт бастапты бір қиын жыр.

Жас келіншек сүйіп келген жарына

Дейді екен «келдім, енді киіндір»!

Бәрі керек жас адамға, ойласаң,

Жастық бақыт, қызығымды жоймасам.

Неге қажет барлық деген егер де

Бере алмаса жанға – ләззат, бойға – сән.

Етік керек, көйлек керек, тон керек...

Бір киім ал теңіз бенен көлге деп...»

Жар көңілін қимаған жас жігіттің

Бар табысы кетіп жатты дөңгелеп.

Сияқты еді барлығы да жетерлік,

Бұл ойымыз болып шықты бекерлік.

Өз алдына киім біткен бір төбе,

Гарнитурлар келіп қалды шетелдік.

Қалай шыдар тұрса егер жар сұрап,

Айтса бітті жігіт жетеді артып ап.

Кіре қалсаң көз тартады хрусталь

Люстралар самаладай жарқырап.

Сарып қылып тек жиһазға тапқанды:

«Өмір сүру керек қой!» – деп, ақталды.

Жас жігіттің төрт бөлмелі үйінде

Кілемдердің неше түрі қатталды.

Бұл жағынан болмады әсте қаталық,

Тұрды дүние кеңірдекке тақалып.

Айналасы бірер жылдың ішінде

Шықты олар «пысық жандар» аталып...

Қайтейік біз бар шындықты бұрмалап,

әділеттің ауласынан сырғанап.

Бәрі жақсы болатұғын оларда-

Келді өмірге бір қыз бала іңгәлап.

Ұмытылғандай ұлы бақыт шамына,

Жақсылықтар болып жатты тағы да.

Байлық та бар, бала да бар, бәрі – бар

Өмір сәні келе түсті бабына.

Қуаныш боп әр көктемі, әр күзі

Әлденеше жылдың тағы қалды ізі.

Сөйтіп жүріп...

Сөйтіп жүріп бір күні

Беске толды әлгілердің жалғызы.

Қалса-дағы басқа әдет, басқа ырым,

Тойламайды бұл күндері жасты кім!?

Бұлар соны атап өтпек болды енді,

Қалт жібермей бүгінгінің дәстүрін.

Қонақ үшін барын жасау – бас ғұрып.

Сервантының кілтін қойды аштырып.

Бір мақтанып қалу керек мұндайда

Барлығыңды,

Барлығыңды паш қылып.

Хрустальдың сыңғыры бір тамаша ән,

Хрустальдан өзге қоймау – жаңа сән.

Мөлдіреген аяқ-табақ бірөңкей

Көздің жауын алатұғын қарасаң.

Қызы жүрді томпаң қаға жүгіріп,

Анда-санда әр нәрсеге үңіліп.

Хрустальдың шынайысы, шынында

Тұрады екен көзді арбай құбылып.

Тұрды бәрі столында тізіліп,

Тиіспейтін айтқан сөзді қызы ұғып.

Алды кенет бір табақты қолына,

Балалықпен кеткен еді қызығып.

Аяқталып кенет солай бар таңы...

Түсіп кетті, шықты ыдыстың талқаны.

Әйел жетті сол мезетте жүгіріп

Қолына ұстай ет шабатын балтаны.

Мұндай кезде ашуға күш артасың,

Соңынан тек сазайыңды тартасың...

«Неге ұстадың ұстамайтын нәрсені?!» –

деп, анасы сілтеп қалды балтасын...

Дүниеқорлық ашуменен бірігіп,

Ақыл, сабыр қалып еді сырылып.

Шырқыраған сәби үні сол күні

Тұрып қалды ауада ұзақ ілініп...

Ана жүрек кетті енді езіліп,

Қандай күйге тап болғанын сезініп.

Аз ақылды ашу буған сәтінде

Құрғыр балта қалды қайдан кезігіп?!

Өт сөндірген адамдай боп тұрды өңі,

Тағдыры кеп өз қолымен ұрды оны.

Аялаған, ардақтаған, жан жеген

Талқан болды сәбиінің бір қолы.

Жан азабы түсіп мүлде тереңге

Айналғандай еді ана кереңге.

Біржола естен танды:

«Түк амал жоқ,

кесу керек сәби қолын», – дегенде.

«Жақсы, – деді ол есін жиып бір кезде, –

оздырмайық уақытты онда құр сөзге.

Сәбиімнің жаны қалсын әйтеуір,

Не десе де көтерем ғой жұрт өзге»...

Тұра алмады бірақ та ол сөзінде,

Қаншалықты бой ұрса да төзімге.

Шыдатпады тұнатын мұң, күйініш

Ғұмыр бойы сәбиінің көзінде.

Алыса алмай тағдыр атты күштімен,

Тістесе алмай тағдыр атты тістімен –

Таңып алып тас қып қызын өзіне

құлап түсті биік үйдің үстінен...

Осылайша қос өмірден көшті нұр,

Дүниеқорлық алды адамнан өшті бір.

Осылайша қаламызда бір күні

Кетті үзіліп...

Кетті үзіліп қос ғұмыр.

Дүние жақсы,

Дүние керек адамға,

Керек бірақ қанағат та,

Балаң да,

Кім біліпті сүрінерін қай тұста

өмір деген үлкен сынақ алаңда.

Жиналса да айтпас мұны бар мықты,

Мықтаса дер:

«Сана бір сәт қалғыпты».

Ең бастысы көзіңді шел баспасын,

Көтере алмай,

Бақыт пенен барлықты...

БАЛАМА ТІЛЕК

Тіршіліктің азабын аз тартқам жоқ мен,

Күнім,

Денсаулықтан төмен тұр өмірдегі теңдігім.

Бүйірімнен түртеді сол ақауым кейбірде,

Жарытымсыз бір сәтті іске келе қалса кергігім...

Тіршіліктің азабын аз тартқам жоқ мен, күнім,

Мұқалғам жоқ, әйтсе де,

Болар ма сол ерлігім...

Әйтседағы есем бар содан кеткен өмірге,

Сен болмасаң,

Толтырар ол есемді енді кім...

Сұрайтыным сондықтан –

Күнім менің, ауырма!

Тоңдырмайтын боранда, әл бермейтін дауылда

Серік болсын өзіңе денсаулық пен өр талап

Белдерінде өмірдің, арман-тілек тауында.

Көрсеңдағы өмірдің қанша, суық, ыстығын,

Көлеңкем боп қалма сен,

Менен биік ұш, күнім.

Қадамыңды нық бассаң алаңдамай, сеніммен

Қуат алам мен содан,

Сонда мен де күштімін.

Тіршіліктің азабын аз тартқам жоқ мен, күнім,

Анаң жайлы жадағай болмас бірақ сенде ұғым.

Сенен күтер үмітім ортаймайды еш менің

Бір өзіңмен толтырам істерімнің кемдігін.

Сен жылтасың жанымды, жылытса егер Жерді-Күн,

Сен – бақытым, қызығым,

Сен – аналық теңдігім.

Өмірім де ертеңгі, үмітім де өзіңсің –

Әрқашан да ұш биік, денің сау боп, сен, күнім!

АНАМА НАЗ

Күндер зырлап,

Көктем келіп,

Күз келіп,

Ауылда өстік,

Ұяң болып, қыз болып.

Кештерге де барушы едік ұяла,

Шешелер көп бермейтұғын бізге ерік.

Сұрайтынбыз ұзақ-ұзақ жалынып,

Ашуланып,

Басылғанша арыны.

Жұмбақ тұнып әр кеш шыққан шуына,

Телміртетін тойлы үйдің жарығы.

Тыйымы көп қысастыққа біз көніп,

Өстік солай...

Өстік солай қыз болып...

Балауса шақ қызықтарын біз онда,

Көбінесе қиялдан тек іздедік.

Ұштық сосын,

Он сегізге жас толып,

Жүрдік сосын,

Жастық буға мас болып.

Кеттік сосын алыс-алыс тұстарға,

Бір-бір үйлік шаңыраққа бас болып.

Бірде ұрсып,

Енді бірде наз қылып,

Дейді анам енді мені жазғырып,

«Отауыңды неге жақын тікпедің,

Қандай сайтан кетті сені азғырып...

Ауылдық бір жанға неге шықпадың,

Алыс кеттің ,

Бар ма сонда ұтқаның?!»...

– дейді...дейді... дейді мені жазғырып,

ал мен оны былай ғана құптадым:

Рас,

Иә,

Алыс кеттім дәм айдап,

Маған қарсы шығып тұр ғой бар айғақ.

Әйтседағы ұмытпаймын сендерді,

Келем ылғи...

Жүрем ылғи қарайлап...

Қарайлаймын ауылдасқа, бауырға,

Сағынудың өзі кейде ауыр да.

Сәл жиірек жібергенде кештерге,

Мүмкін мен де жүрер ме едім ауылда...

Мен бәрін де өз сөзіңнен түймеп пе ем

Сөйтіп жүріп сан сезімді күйреткем.

Ауылдастың көңілде атын өшіріп,

Сен емес пе ең қаталдыққа үйреткен..?!

Келеді ғой...

Келеді ғой бізге әлің,

Сездірмеші сонда да ашу-ызғарын...

Мен сияқты көп қыспаққа алма енді,

Жақын жерде жүрсін десең қыздарың...

ӘЙЕЛ

Әйел,

Атың марапатқа кенде емес,

Бола аласың еріңе де, елге де ес.

Өзің жаққан шаңырақтың шаттығы

Дауыл тұрып,

Қан жауса да сөнбеді еш.

Әйел деген атың сенің жылылық,

өмір өзі сенен көп сыр жүр ұғып.

Бәрі саған қарайтындай

Күн жаққа

Күнбағыстар қарағандай бұрылып.

Күлкің сенің Күн нұрындай шуақты,

Жасампаздық тек өзіңнен ту апты.

Қажет болса биіксің сен бәрінен,

Қажет болса өзіңнен жоқ қуатты.

Әйел, атың марапатқа кенде емес,

Бере алмайсың өз жолыңды пендеге еш.

Сен өсірген бәйтерегін ешкім де

Дүниеде еш бәйтерекке тең демес.

Шаңыраққа сен арқылы құт кіріп

Көркейерін келеді өмір ұқтырып.

Сені ылғи пір тұтады сондықтан,

Саған бәрі бас иеді тік тұрып.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар