Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Өтен Ахмет: Неге? (Деректі әңгіме)...

20.04.2017 4543

Өтен Ахмет: Неге? (Деректі әңгіме)

Өтен Ахмет: Неге? (Деректі әңгіме) - adebiportal.kz

Алматыға келгесін сол баяғы таныс өмірі қайта басталды да кетті. Бұрынғы көз үйренген Қарғалыдағы әскери жаттығу лагері: сағат таңғы 6-да тұрып денешынықтыруға шығу, сап құрып жүру, қару-жарақты үйрену, ауық-ауық «марш бросок».

Осындай түк өзгеріссіз қайталама күндердің бірінде Ембергеннің құлағына «Қазақ полкі жасақталып жатыр» деген сөз жеткен. Көктен тілегені жерден табылғандай қуанып, оның қатарында менің де міндетті түрде болуым керек, деп шешкен ол бұл ойын арнайылап барып, рұқсат сұрап, рота командиріне айтқан. Ол мұны үнсіз тыңдап, жарайды, келіссе, өтінішіңді комбатқа жеткізіп көрейін, деген болатын. Содан беріде арада үш күн өтті. Не бүк, не шік, әлі еш хабар жоқ.

Олай болса, мен басқаша әрекет жасап көрейін деп, Емберген келесі күні таңертеңгі сап түзеу рәсіміне әдейі шықпай қойған. Бір кезде палаткаға өңмеңдеп старшина кіріп келді, ызалы ашудан бетінің түгі өрт сөндіргендей боп түтігіп кеткен. Үстінен төне келіп аюдайын ақырды:

-Встать!

Төсегінде шалқасынан түсіп жайбарақат жатқан Емберген әдеттегідей «Есть командир!» деп, ұшып тұрған жоқ, жәй басын көтеріп қана отырды.

Бұл - әскери Жарғыда белгіленген тәртіпті өрескел бұзғандық. Ондайдың бұлжымайтын қатал жазасы бар. Айтқандай, старшина Ембергенге оқтай қадалған ашулы көзін алмастан тісін қайрағандай жағын қайшылап аз-кем үнсіз тұрды да:

-Назначаю арест на пять суток! - деді де, шалт бұрылып палаткадан шығып кетті.

Ембергеннің күткенінің өзі осы болатын. Старшина кеткен бойда орнынан тұрды да, кідірместен гауфтвахтаға өзі келді. Бұрын сырттай байқайтын, енді анық көріп тұр; мұнда кілең шаш ал десе бас алатын ұр да жықтар жиналыпты. Кіре берісте «самокрутка» махоркасын бұрқылдатып қағаз жазып отырған біреуі: «Қош келдің» деп, кекете мырс етті де, Ембергеннің аты-жөнін кітапқа жазып тіркеп, бара бер деп иегімен камера жақты нұсқай салды. Бұрынғы жатқандар шығып кеткен бе, Емберген сияқты жаңадан жазаланғандар енді-енді келе бастаған болар, камера іші бостау сияқты көрінді. Емберген ортадағы нардың кеңдеу тұсынан орын таңдаймын дегенше, қасына қулана жымыңдап еңгезердей бір дәу сары жігіт келе қалды. Қолында шелек, сыпыртқы, «Мә, ұста, әжетхана тазалайсың» дейді. «Не үшін?» «Бұл жерде мұндай сұрақ қоюға болмайды. Сен мұнда курортқа келген жоқсың». Бағынғаннан басқа амал жоқ. Қарсылассаң гауфтвахта емес, тура түрменің тор көзінен бір- ақ шығуың мүмкін.

Адамның ішкен тамағы қандай болса, нәжісі де сондай болады екен. Оны аштық жылы интернат балалары арасына қара тышқақ келгенде байқаған. Мұндағы әскерге шақырылғандардың ішетіндері де қайбір жетіскен тамақ, әжетхана тесіктерінің айналасы мен қабырғаларында сау жер жоқ, салтақ-салтақ боп желімше жабысып қалған. Ызаланғаннан басқа бағынышты адамның қолынан не келсін. Нәжістерді күреді, қырды, сыпырды. Енді болған шығармын десе, әлгі еңгезердей дәу сары қолына басқа шелек, шүберек ұстап жымыңдап тағы келіп тұр: «Еден сыпырасың, жуасың, есік-терезені сүртесің».

Айтқандарының бәрін істеп, енді босадым ба дегенде, комбат шақырып жатыр деген хабар жетіп, беті-қолын асығыс жуа салып сонда тартқан. Комбат дегені капитан шеніндегі орта жастардағы мұрны біздиген, арықша келген біреу еді. Сыртынан оны жауынгерлер шәңкілдеп сөйлейтін даусына қарай «кәнден ит» деп атайтын.

-Сен не, қазақ полкіне сұранып жүрсің бе?- деді ол бірден ызғарлана шәңк етіп.

-Мен қазақпын, сондықтан қазақ полкінде болғанымды дұрыс көрем.

-Ерунда какая, - деді капитан шеніндегі комбат шәңкілдей түсіп,- қазақ деген бұрыннан қалған аттарың ғана, басқа түк қасиеттерің жоқ. Сендерді орыс арасына араластырып қосып жібермесе, өз беттеріңше соғыса алмайсыңдар, босқа қырылып қаласыңдар.

-Мейлі. Өлсек бірге өлерміз.

-Не будь дураком, - Капитан шеніндегі комбат даусындағы шәңкілді сәл басып, алыстан орағытып, Ембергенді жас балаша алдарқатуға кірісті. – Сен оқыған адамсың, алдыңды болжай білесің. Мен сені бөлімше командирі қоймақпын. Сондықтан айтқанға көн. Егер көнбесең, ескертпеді деме, өзіңе жаман болады.

-Маған не істегің келсе, істей бер, бәрібір мен қазақ полкіне бару ойымнан қайтпаймын.

-Бір беткей қайсар екенсің. –Капитан шеніндегі комбаттың даусындағы шәңкіл қайта күшейді.- Жарайды, онда нарыңа бар да жат. Сағынып қалса, көрерсің.

Емберген гауфтвахтаға қайтып келсе, сол екі ортада, іші адамға толып - ақ кетіпті. Тіпті сержант, аға сержант, старшина дейтін дәрежесі барлар да жүр.

Мұның белгілеп кеткен орнын алып қойған біреумен тәжікелесіп қалғандай еді. Сүйткенше сап етіп манағы дәу сары келе қалды. Қасында былшиған төртбақ, қызыл бет тағы біреу бар.

-Что за базар?- деді дәу сары жымыңдап сөйлейтін әдетімен бет жүзін құбылтып.

-Мына жерге мен бұрынырақ жайғасқан ем...

-Мүмкін ақшасын төлеп қойған шығарсың, - деді дәу сарының қасындағы былшиған төртбақ кекете мырс етіп.

Бұлардың бәле іздеп тұрғанын іші сезген Емберген құр тірескеннен түк шықпасын біле қойды да:

-Жарайды, бұйырған жерге жата салармын, солдатқа бәрі бір емес пе, – деп, жалтарып кетпекші еді, болмады.

-Шалбарыңның белбеуін бер, кәнеки,- деді дәу сары зілденіп.

-Ол ненің ақысы, әзілің бе?

-Сен қазір солдат емессің, - деді былшиған төртбақ езуіндегі кекесінін жимаған күйі.- Сен тәртіп бұзған жазаланушысың.

-Бірақ қылмыскер емеспін.

Осы сөзден кейінгісінің бәрі апыр-топыр көзді ашып-жұмғаншаның арасында болды да қалды. Ембергенді екеуі екі жағынан қолтықтап ала жөнелген. Дәлізге шығарып, адамы жоқ оңаша жерде ал келіп төмпештесін екеулеп. Адам сабап қорлаудың әдіс-амалын әбден жетік меңгеріп алған бұзақы кәззаптар көзге көрініп жара түспейтін жерлерден: кеуде тұстан, жауырыннан, қос бүйірден, көк жамбастан дәлдеп тұрып соғады-ай дейсің тап бір мұнда әкелерінің құны қалғандай. Әсіресе, қос бүйірден соққандары-ақ жаман, бүйректері үзіліп кете жаздайды. Осындай шыбын жаны көзіне көрінген бір сәтте Ембергеннің басында бұл қорлықты көргенше онан да жастығымды ала өлейін деген ызалы ой жылт ете қалды. Қарсыласа кетсе екеуін бірдей болмаса да, дәл біреуін жайратар күші бар. Мысалы, мына сары дәудің басы қазандай болғанмен мойны жіңішке, шықшыттан алып қысып, езіп жіберсе... Салалы саусақтарын қармақтандырып ұмтыла берген еді, әлдеқайдан саңқ етіп: «Балам, сен тірі қалуың керек!», деген дауыс естілгендей болды. «Анам ғой мынау, анамның даусы ғой». Дауыс қайдан шықты деп апалақтап, сілтей берген қолын кейін тартып ала қойған. Сол екі ортада мұны былшиған төртбақ аяқтан шалып, еденге екпетінен түсірді. Дәу сары болса, бүйірі мен көк жамбастан дәл көздеп аямай бір-бір тепті де, екеуі бір мезетте үн-түнсіз тайып тұрды.

Қанша жұдырық жеп, тепкі көрсе де Емберген есінен танған жоқ. Құлаған жерінен тұрып, қисайған жағасын, үстін жөндеп, гауфтвахтадағы кезекші лейтенатқа келді. Оған болған жағдайды түсіндіріп, бұзақыларға шара қолдану керегін өтінді. Ол болса қарқылдап тұрып рахаттана күліп алды да:

- Гауфтвахтаға бірінші рет түсуің бе бұл? –деп сұрады. Сосын қойған сұрағына жауап күтпестен сөзін ары жалғады: - Алған жазаңды азсынып жүрмесең, кәне, қараңды батыр бұл жерден. Мен сені көрген жоқпын.

Гауфтвахта нарынан бос орын тауып, үн-түнсіз кеп жата кеткен. Жан-жағындағы өзі сияқты әлдебір айыппен түскендердің кейбірі ұйқыға бас қойыпты, ұйықтамағандары бір-біріне айтатындарын айтып болып, әркім өз ойына берілген сыңайлы. Олар, әрине, Ембергеннің басына түскен жағдайды да жақсы біліп жатыр. Сұрақ қойып қажамауларына қарағанда, «Кемедегінің жаны бір» деген бар ғой, онсыз да қорлық көріп ызадан күйіп жатқан адамның жанды жерін қасымайық деп ұйғарғандары болар.

Адамның таяқ тиген қара етінің ауырғаны тез қайтатын сияқты, тек бүйрегі ауық-ауық шым етіп шаншып қояды. Әйтеуір, жазым келмесе болар, дейді іштей, шакалдар-ай. Сондайларды да адам дейді-ау... Айтпақшы, Шыршық госпиталында жатқанда басына келген бір тосын ойлары бар еді. Иә, иә, екі өзекті қағидат туралы болатын. Соның дінге байланыстысын өзінше ойша талдап көргені есінде. Екіншісі, интернационал туралы ма еді? Иә, дәл солай. Со жолы ойынан шығып кеткен интернационалы қазір сарт етіп есіне қайта түсе кеткенін қарасайшы. Себепсіз салдар жоқ. Сірә, бүгінгі естігендері мен жеген таяғының әсерінен шығар.

Қызық, ә, Құдай жоқ, демек дін жоқ. Дін жоқ болса, ұлт деген де жоқ. Ұлт жоқ болса, онда не қалады? Адам, адамдар деген ұғымдар ғана қалады. Ал интернационал дегеніміз адамдардың өзара теңдігі ғой. Теңдікке кедергі не? Байлықтың тең бөлінбеуі. Анау ықылым заманнан бастап байлықты басып қалған қорқаулар оны қолдан мәңгі бақи шығармас үшін Құдай, дін, ұлт дегенді ойлап тапқан. Көшеде сені бір бұзық сабап кетсе де, басыңа Құдайдың жазғаны дей салады. Сүйтіп дін бұзақыға араша түседі. Оны да бір күні Құдай жазалайды деп сені өтірік жұбатқан бола салады. Шындықты іздегендердің ешқашан ақиқатқа қолы жетпеуі үшін адамдарды ұлтқа бөліп, араларына от жағып, бір-бірімен әдейі қырқыстырып қойған. Қыза-қыза өзара қызылқан боп қырқысатындар кімдер? Қарапайым халық, кедейлер. Кім үшін? Байлық пен билікті ұстап отырғандар үшін... Былай қарасаң, тым қарабайыр логика, ал сол қарабайыр логика шеңберінің ішіне бәрін әртүрлі қағидатқа айналдырып, иіп әкеп, оп-оңай сыйғызып жіберген, ә?

Егер нтернационал дегеніміз адамдардың өзара бірдей тең құқығын білдіретін болса, біз қазір осы ұстаныммен өмір сүріп жатқан болсақ, неге комбат «қазақ полкі деген жай дақпырт, сендер соғыса алмайсыңдар, босқа қырылып қаласыңдар» дейді? Неге жаңа ғана гауфтвахтаның ұлты бөлек қос шакалы мені жазықсыз сабап, маған сонша ауыр зәбір көрсетті? Кезекшілікте тұрған лейтенант неге олардың бұзақылық әрекетін тоқтатпады, маған арашаға келмеді, керсінше, олардікін дұрыс деп, менің өзімді мазақ етті?

Аштықта қыршын кеткен бала досым Мүтәллап неге есіме түсе береді? Жәркен досым майданға аттанарда мен неге онымен көзіме жас алып қимай қоштастым?

Интернационал дегеніміз өзіңнен күштіге бағыну, өз тіліңді ысырып қойып, күштінің тілінде сөйлеу, артта қалған, ескірген деп ата дәстүр салтынан безіну, Мүтәллап, Жәркендерді, мені жабылып сабағандармен қатар қойып, бірдей көру болса, онда білмедім...

Уақыт жылжып өтіп жатты. Немістер Мәскеу түбінде тұмсығы тасқа тигендей боп тас-талқаны шыға жеңіліп, қаруларын тастай қашыпты деген қуанышты хабар ел еңсесін біршама көтеріп тастағандай. Тек Ембергеннің қазақ полкіне алынсам деген үміті іске аспай-ақ қойды. Бірақ тыныш отыру жоқ, сап түзеп жүру, «марш бросок». Сондай ерсілі-қарсылы жүрістердің кезінде бірде Самсоненкоға жолығып қалды. Шені өскен. Аға лейтенант. Шені өскесін бұрынғысынан да аса шалқақтап шықиып кетіпті. Әскери комиссариатта жауапты жұмыс істейтін көрінеді. Дайындығы жетілген жас жауынгерлерді біртіндеп майданға жөнелтіп жатырмыз, көп ұзамай саған да кезек келіп қалар, деп өзінің ірілігін сездіріп қояды. Дегенмен бұрынғы арсың-күрсің мінезі ептеп байсал тартқан сияқты ма, қалай. Әйтеуір, Ембергенге ескі кегі барын сездірген жоқ. Емберген де соны пайдаланып, өзімсініп, қасынан қалмайтын шұнақ лақ сияқты қыз туралы сұрай қойған еді. «Ну, Евгений, опасный ты элемент, все видишь, все замечаешь, - деп алды да, ерсілене күліп жіберді, - Она уже на фронте находится, я ее туда санитаром отправил. А там полевые командиры очень обожают молоденьких санитарок. Так что, надеюсь, ей там будет неплохо...»

Ескі көз танысы филология факультетінің студенті Приходьконы да кездестірген. Лейтенант. Онымен сөйлескісі кеп амандасқан еді. Ол бұған бақырайып бір қарағаны болмаса, қасынан үндеместен өте шықты. Менсінген жоқ. Мінеки, интернационал, деді Емберген іштей мырс етіп. Бәріміз қатар оқыдық, жас жағынан да қатармыз. Олар қандай? Мен қандаймын?

Осындай келеңсіздіктерден кейін адам көңілі қайдан көтерілсін. Ешқайда шыққысы келмей, күн демалыс еді, палатада жалғыз жатқан әр нәрсені бір қиялдап. Жайраңдап Таня келіп тұр. Жатқан жерінен басын самарқау көтергені болмаса, бұрынғыдай ерекше қуаныш білдіріп қарсы ұмтылмады. Бір көргеннен есінде қалып, бір жыл бойы ойынан кетпей қойған, алғаш кездескенде-ақ жүрегін аттай тулатқан сол баяғы Танясы... Неге оған аяқ астынан бүйтіп тез суи қалдым екен? Не кінәсі бар еді менің алдымда? – деп, өзіне-өзі таң қалғандай болған Емберген кештеу қимылдап, орнынан ақырын тұрды да, Таняны самарқау құшақтап тамағынан иіскеді.

-Осы сенің ернімнен сүймей тамағымнан иіскейтінің біртүрлі қызық, бірақ маған ұнайды, - деді Таня.

-Қазақ салты, - деді Емберген күліп.

-Оны саған кім айтты?

-Кітаптарда жазылмаған, үлкендерден естідім. Жә, қыдырамыз ба?

-Жоқ, демаламыз. –Ембергеннің түсінбей тұрғанын байқап:- Үй жалдап қойдым, - деді анықтап.

Емберген желкесін қасып, ойланып:

-Ондайға рұқсат керек қой, - деді,- трибуналға ілігіп кетіп жүрмейін.

-Рұқсатым бар, комбат берген.

-Оның мен дегенде ұстай қалатын қырсығы бартын, қалай келісті?

-Орыспыз ғой. Бір-біріміздің тілімізді білеміз. Фу, не түсінбейтіні бар. Мәселені бір бөтелке арақ шешті...

Жауынгерлер арасында таныс қыз-келіншектерімен оңаша кездесулері болмай тұрмайды. Жаз болса жыра-сай немесе қалың ағаш іші жетіп жатыр. Қазіргідей қыста маңайдағы үйлерден бөлме жалдайды. Тұрғындар арасынан ондайды кәсіп қылып, пайда көзі етіп алғандар да жоқ емес. Таня да жалғызбасты тұратын кемпірмен ақшасын төлеп, келісіп келіпті. Екеуі дереу жиналып, сонда барған. Кемпір от жағатын шоланына кетті де, Таня мен Емберген үлкен бөлмеде оңаша қалды. Таня жақсы қамданған екен. Піскен тауық еті, бір білем шұжық, әртүрлі тоқаштар, арақ, тағысын тағылар - ортадағы шағын үстелдің үсті әртүрлі тағамға толып тұр.

Таня бұрынғыдай емес, онда бір өзгеріс бар сияқты. Сөзі де, жүріс-тұрысы да біртүрлі ашық, еркін. Бұрын ептеп шарап ұрттаушы еді, бүгін Ембергеннен қалыспай арақ ішті.

Әдейі жерге салынған төсекке жамбастары тигенде Таня қатты қызу болатын. Ол үстіндегі соңғы лыпаларын шешіп, қолы сілтеген жағына лақтыра-лақтыра салды. Сосын Ембергеннің кеудесіне асылып, ыстық еріндерімен қарып төсінен сүйіп-сүйіп алды. Ұмтылып, аузын Ембергеннің құлағына тақап, ақырын сыбырлай қойды:

-Тізгінді маған бер, жарай ма?

Неге екені белгісіз, осынау оңаша кездесуге Емберген пәлендей онша құштар да еместін. Сондықтан Таняның өтінішіне өзің біл дегендей кейіп білдіріп, ләм деген жоқ.

Бүкіл тәнді алып, миға дейін шауып кеткен ыстық қан басылғанша екеуі шалқаларынан түсіп, біраз уақыт үнсіз жатқан. Тек ентіккен демдері ғана біразға дейін пыс-пыс етіп ақырын естіліп тұрды.

-Евгений, - деді Таня, демігі басылған сияқты, даусы дірілдемей орнықты естілді, - сен мені алмайсың, ә?

-Арамызда ондай сөз болған жоқ еді, сен мұны қайдан шығара қойдың?

-Сірә дегенім ғой. Бәрібір қазір соғыс уақыты демей шыныңды айтқаның үшін рахмет.

Арада аз-кем үнсіздік орнады.

-Саған жар болсам деп армандап келген едім, тап бүгінге дейін. Әкемнің маған жүктеген аманаты үшін.

Емберген еріксіз күліп жіберді.

-Өз қалауың болмады ғой.

-Әкемнің аманаты әрі өзімнің де қалауым. Қайшылық жоқ.

Үнсіздік.

-Түкке түсінбей басың қатып кетті ме? Ендеше шыдамыңды серік қып дұрыстап құлағыңды тоссаң, бәрін басынан бастап түсіндіріп айтып берейін. Мақұл ма?

Емберген үндеген жоқ. Оның үндемегенін келістіге жорыған Таня:

-Менің әкем Серафим осы Жетісулық казак болады, - деп, айтпақ әңгімесін ақырын бастап та жіберді. - Бізді қазір совет өкіметі паспортқа орыс деп жазғанмен, біз өзімізді казакпыз деп білеміз.

-Казактар мен туған Қарқаралы аймағында да баршылық.

-Қандай ұқсас сөздер, ә, казак және қазақ.

-Бұл ұқсастық тегін емес сияқты, білімді зерттеуші шығып, түбінде жұмбақ сыры бәрібір бір ашылатын шығар.

-Туыс боп шықсақ, қуанар едім, - деді Таня. -Ал оған дейін діні бөлек, тілі бөлек жандар болып қала тұратын шығармыз. Ой, мен әңгімені мүлде басқа жаққа бұрып кеттім білем... Сонымен, 1916 жылы солдатқа бала бермейміз деп Алатау қойнауында отырған қазақтың Албан руы бас көтергенде, көтерілісті басуға казактар шығады ұрандатып аттанып. Ішінде менің әкем Серафим де бар. Әкем ол кезде он сегізге жаңа толған жас жігіт. Күшім бойыма сыймай тасып, көзіме түскен көрінген бұтақты қылыштап жүрген кезім еді дейтін өзі. Қазақтар ол кезде мал соңында шашырап жүретін ел. Қолдарында қару жоқ. Бірде, дейді әкем, мылтық, қылышпен қаруланған үш казак жиырмадай қазақ тобының үстінен түстік. Олар қарусыз. Әлде тойға жиналған, әлде астан қайтқан қазақтар. Онда біздің не шаруамыз бар, оларды қырыңдар деген бұйрық бар, бұйрықты орындау керек деген үш казак ал кеп байғұстарды анадайдан көздеп атып, біртіндеп сұлата бастайды. Сонда, дейді әкем, жан-жаққа жансауғалап бытырап қашса да болады ғой, кейбіреуі құтылып кетіп, мезгілсіз босқа өлмес пе еді. Жоқ, біреуі құласа, басқалары «ой, бауырымдап» сол жерге үймелей қалады. Рахат. Шетінен пытырлатып ата бердік...

-Арқаның Ұлытау деген атақты тауын Ұлар деген құс мекендейді. Үлкендердің айтуынша, әлгі құстың аңқаулығы мен момындығы соншалық, тасада тұрған мерген біреуін атып түсірсе, қалғандары қашпайды, не ұшпайды, құс тілінде өзара шуылдасып, өлген туысының қасына үймелесе береді екен. Содан қалған қазақта «ұлардай шулап» деген сөз бар.

-Әкем айтқан әлгі сұмдық оқиғадан қазақтың да сол Ұлар құсқа ұқсайтыны көрініп тұр ғой. Әсілі, менің айтайын дегенім бұл да емес. Қазақтарды атып құлатып болған соң, дейді әкем, жақындап барып, әлі жаны шықпағандарын қылышпен шаптық. Кенет төбе өліктің ішінен жасы тура өзім құралыптас қаракөз бозбала сүйретіле тұрып, «брат, қинамай бір-ақ шауып өлтірші, өтінемін», деп самайын тоса қойды. Ойланған жоқпын, қылышымды жалт еткіздім, ол сеспей қатып құлап түсті. Өзімше сол жерде мен оған жақсылық жасап, адамгершілік көрсеттім деп ойладым.

-Біз қазақтар жазықсыз қырғынның түр-түрін көріп, етіміз ондайға әбден үйренген. Дегенмен сенің бұл әңгімең менің жаныма тым қатты ауыр тиіп жатыр. Мұндайда ашу шақырғаның, ызаң, тағы сондайлар – бәрі түк емес. Ми, миым солқылдайды. Бас қауашағыма сыймайтындай боп миым ісіп барады. Бүйтіп сонша қинағанша, онан да бомба болып жарылып кетсе ғой біржола.

-Кешір. Бастап қойдым...

-Әй... әлі біткен жоқсың ба?

-Біткем жоқ. Әкем кейін, санасы оянғасын ба, өзін кінәлі санап, қиялиланып, тоқтаусыз арақ ішуге салынды. Не күндіз, не түнде мазам жоқ, дейтін, әсіресе әлгі өрімдей бозбала, «брат» деп самайын тосып, көз алдымда тұрады да қояды дейтін...

-Жарайды, - деді Таня ауыр бір күрсініп алып, - сөзім саған ауыр тиіп жатса, қысқартайын. Әкем «Ертең Құдай алдына барғанда одан кешірім алатын бір ғана жолым бар, қызым, ол саған байланысты. Сен қазаққа тұрмысқа шық, тұқымын өсір», дей беретін. Басында күлетінмін араққа салынған адамның үйреншікті сандырағы шығар деп. Сосын көңілі үшін жарайды, жарайды, дей салатынмын. Әкем ақыры арақтан күйіп, соңғы демі шығарда да әлгі сөзді қайталап айтып жатып өлді... Ер жеткесін аманаты сияқты айтылған әкем сөзіне ойлана бастаған едім. Сені бірінші рет көктемнің әдемі нәзік гүліне жұлайын ба, жұлмайын ба, деп екіойлы боп қызықтап қарап тұрғаныңда көрдім. Сол сәтте жүрегім бірден бұлқына тулап түсті. Әкемнің маған тапсырған қазақ жігіті осы шығар деп ойладым. Әрине, мен сені ә дегеннен ұнаттым. Тек әкем аманатына орайласа кеткені болмаса...

-Евгений, неге үндемей жатырсың?

«Мен Ембергенмін, неге Евгений болуым керек? –Емберген ойы мұздап, іштей тітіркенді. – Осының өзі-ақ менің өз жаратылыс табиғатымнан ажырап, басқа қалыпқа түсе бастағанымның белгісі емес пе?»

-Мен сенің тыңдаушыңмын.

-А, түсінікті онда, қазір аяқтаймын. - Ақырын бір күрсініп алып Таня сөзін әрі жалғады. - Сенің менен басқа қызың жоқ, білемін. Бірақ жүрегің бос емес. Сенің жүрегіңді жаулаған қыздың өзі түгіл, аты да жоқ. Соған қарамастан ол сені иеленіп алған. Рас қой, Евгений, мойындашы?

-Қойшы, сандырақтап кеттің...

-Иә, ішпей-ақ сенен мас болғым келген, бірақ сен қыздырмадың. –Таня тұрып кетіп, үстелдегі шыныларды шылдырлата жүріп, бөтелке түбіндегі қалған арақты ішті. –Ішкен сайын ішкім келіп кетеді. Неге? Себебі, бұл маған арақтан өлген маскүнем әкенің қанымен келген қасиет. Арақты бұрын ауызға алуға қорқатынмын, маскүнем болып кетермін деп қауіп қылып. Бүгін іштім. Көңілдегімді ақтаруға кедергі болмасын деп, аузымның тығынан алу үшін іштім.

-Болды. Осымен доғар, - деді Емберген зілденіңкіреп.

-Аяйсың. Жүрегің қандай таза еді сенің, Евгений, - дей келіп Таня көрпе астына кірген. Аузынан арақ иісі бұрқ етті. «Әйел затының арақ ішкені жаман болады екен ғой», деп ойлап қойды Емберген. Қазір бұл мені бас салып құшақтайтын шығар деген, жоқ, Таня бір жамбастап теріс айналды. –Евгений, - деді сосын есіней тіл қатып, - сенің айнадай ашық асыл таза жүрегіңе оқ тимесе екен деп тілеймін. - Сәлден кейін мұрны ақырын пыс ете қалды.

Әртүрлі ойлар мазалап біразға дейін ояу жатқан Емберген де әлден уақытта қатты ұйықтап кеткен, таңертең тұрса, қасында Таня жоқ. «Дегенмен өзі ақылды екен. Менсіз де далада қалмас, бақытын тапсын», деген Емберген төсегінен тұрып, тез жинала бастады...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар