Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Бейтарап салт атты (новелла)...

24.04.2017 6955

Бейтарап салт атты (новелла)

Бейтарап салт атты  (новелла) - adebiportal.kz

Ардабай Байжомарт 1948 жылы Алматы облысы, Көксу ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. 1966 жылы орта мектепті бітірген соң, мектепке еңбек пәнінің мұғалімі болып орналасты. 1958 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ дың математика факультетін сырттай оқып бітірді. 1980 жылдан бастап, мектепте математика пәнінен сабақ берді. 1994 жылдан бері зейнетте. Шығармашылықты жасынан серік еткен Ардабай Бижомарттың бүгінге күнге дейінгі жазғандары баспасөз бетін көрмеген. «Бейтарап салт атты» новеллассы тұңғыш рет жарияланып отыр.

1

Таң қылаң бере атқа қонған Бекет, сәске түсте Ақтастан өтіп, Суықтөбенің күнгейіне іліне бергенде, қалың тұман басып кеткен еді. Атының басын тежей түсіп, шапанын қымтана, жеңіл бүлкілге салып аяңдап келе жатқан. Дабырлай сөйлеген адамдардың даусын құлағы шалып, артына бұрылып қарап еді жақындап қалған төрт-бес салт аттыны көріп, атының басын тарта көлденеңдей берді. Олар да тақап қалған, алдыңғы ірі денелі төртпақ келген егделеу кісі анық көрінді. Атының басын тірей:

- Сәлем бердік, жігітім, - деді тізгінін тарта шалқайып.

- Ассалаумағаләйкум, - деді Бекетте жанаса қолын созып.

Артындағылар да іркіле тоқтады. Атжақты, салбыраған ұзын мұртты отыздар шамасындағы жігіт басын изеп сәлем берді де, Бекеттің жүзіне барлай қарап қалды. Соңғы үшеуі әскер киімді жас бозбалалар, жұқа киімдерінен денелері тоңазып күйлері кетіп тұр. Оларда бас изеп сәлем берген болды.

- Я, жол болсын, - деді егделеу кісі қамшысымен тымағын көтеріп қойып, ерге қырындай отыра.

- Аңға шығып едім.

- Аңшы болсаң бізге Қарасырық асуына баратын төте жолды көрсетіп жіберерсің.

- Төбесазға дейін жолымыз бір болды. Көш жолы екіге айырылады солға қарай Сандықтас арқылы өтетін жол төте, - деді бұларды большевиктердің шолғыншылары болар деп ойлаған Бекет.

- Ал, онда жылжыйық, - деп Бекетпен қатарласа жүрді. Аңшылық жайлы сұрап, әңгіме бастап кетті.

Суықтөбеден өтіп аршалы қыратқа түскенде тұман айығып, күннің көзі де көрінді. Біраз әңгімеден соң әркім өз ойымен болып, жан-жақтарына қарап аяңдап келеді. Бір кезде артта келе жатқан жас жігіттің бірі:

- Бейсен аға, анау бүркіт пе қаршыға ма? – деді оң жақтағы ашық жазыққа қолын нұсқап. – Өзі аяғының астына аппақ бір нәрсені басып отыр, қозғалып қояды.

- Әй бала, ол бүркіт не қаршыға болса таста отырмай ма? – деді өзі де таңданғандай мол денесімен бұрыла қарап.

- Не де болса көрейік, - деп жаңағы жас жігіт атының басын бұрып тебіне қамшылап, текіректете шаба жөнелді. Қалғандары да жолдан шығып, аттарын қамшылай тасырлата соңына ілесті. Бір демде жетіп келген бұлар аттарының басын жұлқа тартып, аң-таң күйде бір-біріне қарап тұрып қалды. Алдарында ұзын қара комзолының алды ашылып, ақ көйлегі жерге төгіле жайылып, бұрымының ұшы тарқатыла қырындай отырған жас әйел қолындағы орауын комзолдың етегімен қымтап бұларға көзі боталап қарай берді.

- Қорықпа, қарағым, - деді жай-жапсарды бәрінен бұрын түсінген Бейсен мейірімді, жұмсақ үнмен.

- Баланың кіндігі кесілмеді, - деді келіншек өңі қуарып. Бейсен мұртты жігітке бұрылып:

- Жомарт, аттан түс, баланың кіндігін кес, - деді.

- Бейсен аға, мен білмеймін ғой.

- Сөзді қой, айтып тұрам, - деді де жігіттерге бұрылып. – Сендер кейін тұрыңдар, - деді. Олар аттарының басын бұрып, ығыса берді.

Сәлден соң нәрестенің шарылдаған даусы бәрін елең еткізді. Мынау бұйығы жатқан күздің сарғыш жоталарына тіршіліктің тынысы біткендей бойлары шымырлап қоя берді. Келіншектің көзінен де ағыл-тегіл жас сорғалап кетті. Кейінірек тұрған жігіттер аттарынан түсіп, өзара күбірлесіп тұрды. Бейсен атының шылбырын Жомартқа ұстатты да, өз-өзіне келе бастаған келіншектің жанына бір тізерлей отырып, жайын білмек болды. Келіншек те қуанышы мен ризашылығын көз жанарымен сездіргендей жәудірей қарай қалды.

- Шырағым, көштен қалай қалып қойдың? – деді жай сұрағандай немқұрайлы пішінмен.

- Кеше іңірде малды айдаған. Күйеуім малмен кеткен еді. Көш те артынша қозғалған. Таңға жуық атымнан ауып бара жатқанымды ғана білем. Жаңа сәскеде..., - деді даусы әлсіреп.

- Біз жол жүріп барамыз, анау бергі шетте тұрған жігіт осы маңнан, аңшы, қазір бір ауылға жеткізіп салар. Ал енді мына жігітіміздің аты Қаршыға болсын. Жаңа мыналар өздеріңді бүркіт пе қаршыға ма деп шауып келді емеспе, - деді жарқылдай күліп. Орнынан бір қолымен таяна тұрған Бейсен, - Қарағым, аман-сау тұр, -деп Бекетке қарай бұрылды. – Біз, бөгеле алмаймыз, мына бала саған аманат, - деді Бекеттің жүзіне тура қарап.

- Алаңдамаңыз, жолдарыңыз болсын, - деді Бекет сенімді түрде.

Аттарына мініп былай шыға бере, Бейсен жігіттердің назарын өзіне аударып:

- Мал ендігі шекарадан өтіп кетті, көшті қуып жету де екі талай, сонда да болса, суыт жүрейік, - деп, атын тебініп алдыға түсті.

***

Келіншекті атқа отырғызып, баланы өз қолына алған Бекет шылбырды жинақтай ұстап, атты жетектеген күйі Мыңбұлаққа қарай бет алды.

Түннің салқындығы болмаса, күн әлі суыта қоймаған, күздің басы, жай ғана салқын леп соғып өтеді. Бекет баланы кеудешесінің етегімен қымтап орап алды. Күнге күйген аршалы қырат жоталар күздің шуағына бөленіп мүлкіп тұр.

Төте тартқан Бекет көп ұзамай Күйелінің күнгейін бөктерлей Мыңбұлақтың қия жолына түсті. Қалай отыр екен деп қиыстап артына бұрылып қарап еді, келіншек кірпігін төмен салып, ердің басынан ұстап алыпты. Ашық қияға іліне бергенде ұйқыдан оянған бейкүнә бала іңгәлап жылап қоя берді. Алғашқыда абдырап қалған Бекет баланы емізу керек шығар деп, көп қайнардың біріне қарай бұрылды. Тастың астынан шымырлап шығып жатқан қайнардың жанындағы көгалға келіп тоқтады. Келіншекті аткөрпеге отырғызып, баланы қолына берді. Қоржынын әкеліп қойды да, қайнарға барып қолын шәйіп қос қолдап тастай судан бір-екі ұрттап сіміріп алды. Қоржынды кейінірек ашып, бауырсақ пен тары салынған дорбаны бетіне шығарып қойды да бауырсақтың бірін ала беріп:

- Батырдың аты Қаршыға болды, ал өз есімің қалай? – деді келіншектің жүзіне қарап.

- Айбала, - деді қырындай отырып бала емізе бастаған келіншек Бекетке бұрылып.

- Менің есімім – Бекет, ал күйеуің өзіңнен неге көз жазып қалды? – деді таңдана қарап.

- Жылқыны алдымен өткізбек болған еді.

- А, күйеуің жылқышы болса, онда ештеңеге уайымдама, олардың жортпайтын жотасы, соқпайтын сай-сала қыстауы болмайды, бұл маңды жақсы білу керек, - деді Айбаланың көңілін орнықтырғысы келіп. Өзі бауырсақты талмап, Мыңбұлақтың көсіліп жатқан ұзын қырқасынан көз алмай қарап қалды.

Айбала біршама қарны тойып, балбырап ұйқыға кеткен баланы аткөрпеге жайлап жатқызды да, қайнардың көзіне барып қолын шәйді. Екі-үш рет оң қолымен уыстап су ішті де, орнына келіп, баланы сол тізесіне ыңғайлап жатқызып, комзолының ішкі өңіріне қолын созды. Түйіншекке оралған бес-алты кесек ірімшікті қоржынның бет жағына салалы ұзын саусақтарымен қойып жатып:

- Өзім қайнатқан едім, алыңыз, - деді баяу үнімен. Бекет ірімшіктің бірін алып аузына салды. Сырты ғана кебе бастаған іші жұмсақ ірімшік таңдайына бал татып еріп бара жатты. Екі-үшеуін сүйсіне жеген соң:

- Ірімшігің өте дәмді екен, - деді де, - ал енді өзің батырды тойдыру үшін мына тарыдан жеп алуың керек, мен атты әкелейін деп орнынан жайлап тұра берді.

Жайыла ұзап кеткен атты әкелгенше, Айбала да тамақтанып болып қоржынның аузын қымтай, баланы көтерген күйі орнынан тұрып жатыр екен. Бекет Айбаланы қолтығынан демей атқа отырғызды да, баланы қолына алып қыстауға қарай қиялай тартты.

Сайдан жазыққа түскен соң, Бекет атпен қатарласа жүрді. Айбалаға көз тастап еді, ертеден бергі бозарған аққұба өңіне қызыл жүгіріп, күрең бестің үстінде албырай жараса қалыпты. Айбала да Бекетке бұрылып:

- Қаршығаны өз қолыма берші, - деді ризашылықпен мейірлене қарап. Бекет баланы жайлап қолына берді де, сәл тұрып қалды. Айбала бұған жеңгесі ме, әпкесі ме, әлде қарындасы ма әйтеуір жақын туысындай көрініп, жүрегіне бір жанашырлық сезім ұялағандай болды. Күйеуі іздеп келгенше қалжаға бір арқар атып әкелсем деп ойлады да, шылбырды қысқарта ұстап қозғала берді.

Айбала өне бойы балбырап, өң мен түстің арасында өмірі басынан кешіп көрмеген масаң күйге түсіп, баланы бауырына баса шексіз бір қуаныштың құшағына еніп бара жатты.

Түс ауа салқын ескен жел тоқтап, күн жылымық тарта, айнала күзгі сағымға оранып тына қалған еді. Жартасты тұмсықты айна бергенде қыстаудың сұлбасы да көрінді. Бекет Айбаланы аталас туысы Әлібек пен жеңгесі Бәтимаға болған жайды айтып табыстады да, өзі Мыңбұлақтың биік жотасынан асып Көкқияға бет алды.

***

Сандықтастан өткен соң, Бейсен Жомартқа ілгері шығайық деп белгі берді де әскер балалардан оза жүрді.

- Мал ендігі шекарадан өтіп те кетті, көште таяп қалған шығар, - деді Бейсен қатарласа берген Жомартқа, - Тентекбұлақтан өткен соң Қапалға қарай бұрыламыз.

- Егер Жәнібектің бұйрығын дұрыс десек солай болсын, - деді Жомарт артына бұрыла қарап қойып.

- Малы өтіп кеткен көшке соқтығысудың қажеті жоқ, - деді Бейсен Жәнібектің өздеріне берген қосымша бұйрығы есіне түсіп.

Осыдан үш күн бұрын Жәнібек Жомарт екеуін аудандық НКВД-ге шақыртқан. Асыға сәскеде жеткен екеуі кеңсенің есігіне жақындай бергенде күзетте тұрған әскер:

- Онда өкіл бар, тұра тұрыңыздар, - деді.

Бұлар ат байлайтын көлденең бөренеге барып арқаларын сүйеп, тосып тұрып қалды. Бір кезде кеңсенің сыртқы есігі айқара ашылып, былғары кепка киген ұзын бойлы ат жақты келген қазақ жігіті шығып келе жатты. Жүрісі мығым, еш жағына бұрылып қарамаған күйі атына келіп ширақ мінді де, тебіне түсіп кеңседен ұзай берді. Екі әскер серігі де аттарына мініп соңынан тепеңдей жөнелді.

Бейсен мен Жомарт кеңсеге кіріп келгенде НКВД бастығы Семен Петрович Астафин мен орынбасары Жәнібек Әлімжанов столдың төменгі жағында бір-біріне қарама-қарсы отыр екен. Орындарынан тұрып қол беріп амандасты да:

- Отырыңдар, - деді Жәнібек бірден сөзге кірісе, – я, шақырғанымыз былай, өздерің де білесіңдер ел Қытайға қаша көшіп жатыр. Жаңа ғана өкіл келіп кетті «Арғы бетке тышқақ лақ өтпейтін болсын, егер қарсыласса тап жауларына аяушылық болмасын, бұл бұйрық» деді. Ал енді екеуіңе мынадай тапсырма. Көксу өзенін бойлай көшкен елді қайтарасыңдар. Сонымен бірге, Қапалдың оңтүстігіндегі Көксуға құятын Тентекбұлақтың екі жағын да шола жүресіңдер. Және тағы бір қосымша бұйрық, қантөгіс болмасын.

- Ал егер, қарулы жасақтар болса не істейміз? – деді Бейсен.

- Онда Қантөгіске бармай жібересіңдер, бұрақ бұл бұйрықты осы төртеуміз ғана білуіміз керек. Қастарыңдағы әскер балалар да білмегені жөн. - Семен Петрович Бейсенге қарап:

- Жағдайға қарай шешім қабылдаңдар, тек сақ болыңдар, - деп қалтасынан темекісін алып тұтатты да, бір-екі сорып, - егер Есенқұлдың жігіттерін байқап қалсаңдар айналып өтіңдер, оларға басқа отряд жіберіледі. Ал жолдарың болсын деген еді.

2

Түн ортасында Аршалыға жеткен Бекет, атын шалдықтырып, өзі де тынығып алып, күн шыға жолға шыққан. Түс ауып бара жатқанда Омар жайлауынан өтіп Көкқияға қарай бұрылды. Қатты жүріспен келе жатқан, енді атының басын тартып жай аяңға түсті. Көкқияның жақпар тастарына іліне бергенде аты құлағын қайшылап оң жаққа басын кекжите көтеріп қалды. Бекетте бұрылып қарай беріп, қорым тастың етегін қиялай түсіп келе жатқан үш аттыға көзі түсті. Бұл маңға аңшылыққа келіп жүріп бөтен адамдарды жолықтырып көрмеген Бекет атының басын тартып сескеніп қалды. Артынша бұлардың сырт киімдерінен бандылар ма екен деп ойлады да сытылып кетпек болып, жан-жағына қарап еді қарағайлы тұмсық мүлде төменде қалыпты, одан бері ашық тастақ. Енді неде болса деп тура тарта берді. Олар да мұның беталысына қарай тура тартып келеді. Арқан бойы жақындап қалғанда ең алдында келе жатқан ақбоз аттыға көзі түсті. Қырықтар шамасындағы ұзын қалың мұртты, бет пішіні келіскен, қызыл шырайлы кісі, ұялы үлкен көздерімен бұған жайбарақат қадала қарап келеді. Бұрын көрмесе де елден естігені бойынша банды атанған Есенқұл болар деп жақындай бере:

- Ассалаумағаләйкум, - деді Бекет ашық дауыспен.

- Уағаләйкумассалам, - деді мұның сәлем бергеніне риза болғандай. – Аңшымысың.

- Я, аңшы едім, - деді Бекет артындағыларға да сәлем беріп басын изей. Олар да бұған жайбарақат ишарат жасап, аттарының басын тарта берді.

Атынан жайлап түскен Есенқұл Көкқияның тақыр жотасына көз қиығын тастап шығысқа қарап тұрып қалды. Аласа бойлы домалақ бет шегір көзді мосқалдау кісі де атынан түсіп, Есенқұлдың ақбоз атының айылын тартты да екі аттың шылбырын қоса ұстаған күйі бір тізерлей жерге отырып, Есенқұл қарап тұрған жаққа көз тастады. Бұл Есенқұлдың атқосшысы Бектұр еді. Соңғы мінгескен екеу де аттарынан түсті. Алдында отырған ұзын бойлы қара сояу атжақты, құс мұрын, бүркіт көзді Есенқұлдың оққағары Дәулетбек болатын. Артына мінгескен аққұба өңді жұқалау келген, тебіндеп келе жатқан сирек мұртты, шекесін таңып алған жас жігіт жасаққа кейін қосылған Қасым. Қабағы кіржиіп жан-жағына қарап өзімен-өзі тұр. Қамшысын ердің басына көлденең ұстап аттан түспей тұрған Бекетке Есенқұл бұрыла қарап:

- Тынығып түнеп шығатын жердің ыңғайын білетін шығарсың, - деді.

- Өзім аялдап жүрген бір тастың қалқасы бар еді, анау жоғарыда, - деді Бекет қорым тасқа қарай қолын нұсқап.

- Онда солай көтерілейік, - деп Есенқұл атына қарай бұрылды.

Аяңдай жылжып, бұлар биік жарқабақ тастың алдындағы тақырлау алаңға келгенде, Бекет тізгінін тартып тоқтай қалды да, атынан түсті.

Біраздан кейін барлығы төрт қанат үйдің аумағындай тас үңгірдің ішінде Бектұрдың дайындаған ас-суын ішіп отырды. Тамақтанып болып шайды асықпай ішіп отырған Есенқұл Бекетке көз қиығын тастап отырды. «Мықты, иықты келген бойшаң, күн мен жел қаққан қоңыр жүзіне қияқтай мұрты жарасып тұр. Көз жанары сабырлы бейқам көрінеді» деп сүйсініп отырды да:

- Жолшыбай атты жүргіншілер кездеспеді ме? – деді. Бекет кесесін жерге қойды да, еңсесін көтере Есенқұлдың жүзіне тура қарап:

- Түс ауып бара жатқанда Сандықтастың күңгейін қиялап, тізіліп кетіп бара жатқан отыз шақты салт аттыларды көзім шалды, бағыттары Дәуренбек қарағайы сияқты, - деді. Дәулетбек басын көтеріп Есенқұлға қарады. Есенқұл да Дәулетбекке бұрылып, екеуі өзара бір нәрсені ұққандай болды. Кесесін көтеріп алдына қарап біраз отырған Есенқұл:

- Қарасырықпен өте алмаймыз, Қаралағыш асуына бұрыламыз, - деді де Бекетке қарап, - төте жол қалай? – деді. Бекет Есенқұлдың не білмек болғанын түсінді де:

- Осы Көкқияны бөктерлей шығысқа тура тартуға болады, тек Қызұясының қарсы бетіндегі биік жотаға шығар жерде жалғыз аяқ қыспар жол бар, соны қорым басып қалмаса болды. - Сәл отырып қалған Есенқұл:

- Шолпан туа жолға шығамыз, енді біраз тынығып алыңдар, - деді де кейін серпіліп отырды.

От қызыл шоқтана баяу жанып жатыр. Төрдегі ертоқым үстінде малдас құрып отырған Есенқұл терең ой құшағына түсіп кеткен. Қалың қасты биік қабақтың астындағы өткір көздері отқа тесіле қарайды.

«Балқаштан бергі қалың елді арғы бетке алып өтіп, іргелі ел етсем деген арманымды іске асыра алмадым, басым тасқа тигендей тосқауылдан-тосқауылға түсе бердім. Ең сенімді екі серігім Уайс пен Серәлі Шыбындының төменгі тұсындағы Көксудың аралында жүзге жуық жігіттерімен қоршауда қалып, жартысы мерт болды, қалғаны оқтары таусылып амалсыз қолға түсті. Сонда большевиктердің күші неде? Ұстаған жолдарының дұрыстығы ма? Жооқ! Ата кәсіптен айырғанын қалай ақтарсың. Ат үстінде жүріп қанша жанталассақ та шарасыз болғанымыз ба? Енді міне амалым таусылып арғы бетке өтіп барам.» Ширыға ойға берілген Есенқұл орнынан жайлап тұрды да, шапанын жамылып, сыртқа шығып кетті. Үңгір тастың қарсы бетіндегі жотаға көтерілген Есенқұл аршаның аппақ болып қураған түбіріне келіп отырды. Ай сүттей жарық. Көксу өзенінің екі жағын ала созылып жатқан Жоңғардың қос қырқасының ортасындағы қарағай қайың самсай өскен кең алқапты алып жатқан жасыл жоталар ай нұрымен көкмұнар тартып тынып тұр. Түн тыныштығы мен Көксудың сарылы алыстан талып естіледі. Есенқұлдың көз алдына жаз жайлауда өткен жастық шағы, көктемде биік асудан көзге түсетін тізіліп бара жатқан түйелі көш, жайлаудың самал төрінде сауық құра сайрандаған ел-жұрты, күзде жапа-тармағай көшкен қалың ел, сарғая күйіп, ойға батып артта қалып бара жатқан кең жайлау, барлығы тізіліп өтіп жатты. «Осының бәрі келмеске кеткені ме, ол болмас, бұл да бір заманның соғып өтер толқыны шығар.» Үміті үзілмей бойында күш-қайраты тасқындап тұрған Есенқұл «Ғұмырым жеткенше аттан түспеспін» деп түн жамылып ант бергендей болды. Осы кезде Шолпан жұлдызы жарқырай көтеріліп бара жатқан еді. Бектұр аттарды ерттеп тосып тұрған, Есенқұл аяңдап төмен түсіп келе жатты.

Бекеттің жол бастауымен күн шығып келе жатқанда Қызұясының қарсы бетіндегі биік кезеңге шыққанда Есенқұл атының басын тартып көлденеңдей тұрып қалды. Басқалары да тоқтап аттарынан түсіп жатты. Бектұр аттан түспей тұрған Есенқұлдың атының тізгінін қолының қарына іліп тұрып, төс айылы мен шап айылын тартып берді де, өз ер-тұрманын жөндей бастады. Атынан түсіп, жан-жағына жайбарақат қарап тұрған Бекетке барлай қараған Есенқұл:

- Бізбен бірге арғы жаққа өтуге қалайсың? – деді. Мұндай сауалды күтпеген Бекет күмілжіп қалды да:

- Шешем мен қарындасым бар еді, - деді. Бекеттің жайын түсінген Есенқұл:

- Мына жігіт атсыз қалды, - деді Қасымға қарап, - сен өзіңе елден ат табарсың, - деді өтінгендей. Бекет Қасымға қарап еді, туған жерін қимай тұрған жас жігіттің түрі аянышты екен.

- Жақсы, мен өзіме табармын, - деп шылбырын жинақтай бастады.

- Есімің кім?

- Бекет.

- Қош бол, дәм жазса кездесерміз, - деді де атының басын шығысқа бұрып аяңдап жүріп кетті. Бәрін естіп тұрған Дәулетбек бұған жақындай келіп қолын алып қысты да:

- Жақсы енді, көріскенше, - деді де атына бұрыла үзеңгіге аяғын салар-салмастан ылп етіп мінді де тебіне қозғала берді. Бекет өзіне риза жүзбен қарап тұрған Қасымға атының шылбырын ұстатты. Шылбырды қолына ұстаған Қасым:

- Жақсылығыңызды ұмытпаспын – деді көзі жасаурап. Бекет атының қанжығасындағы қоржыны мен мылтығын алып жерге қойды да, Қасымды қолтығынан демей берді. Ерге отырған Қасым Бекетке бұрылып:

- Қала алмай кетіп барам, қош болыңыз, - деді де қимастықпен қарап тұрып, атының басын бұра берді. Атқа әлі мінбей тұрған Бектұр Бекетті қапсыра құшақтап:

- Ал, балам, аман-сау бол, біздің жолымыз осы болды, - деді. Бекет атының тізгінін ұстап, Бектұрды аттандырып жіберді.

3

Түйемойнақтың тұсына келгенде, қайнардың басына тоқтап, жүрек жалғап, біраз тынығып алған Бекет, Көксуға құятын Қарабұлақты айнала қарағайлы бөктердің етегімен жеделдете жүріп жолға шыққан. Күн еңкейіп бара жатқанда Шымылдық қарағайының жалғыз атты шұбырынды жолынан өтіп кең алаңға шыға бере денесі дір етіп, алдындағы көрініске шошына қарап, қалт тұрып қалды. Бес-алты әскер киімді адамдар әр жерде шашырай бүктетіліп жатыр. Үш-төрт атта теңкие созылып қалған. Алғашқыда ештеңе ұқпай қалған Бекет бұл жерде бір қақтығыстың болғанын түсіне бастады. Жан-жағына көз тастап алаңның ортасына келгенде қоржынын жерге тастап мылтығына сүйене бір тізерлей отыра кетті. Өрімдей жас жігіттер қанға боялып өліп жатыр. Жүрегі аузына тығылып, деміге басы айналып, біраз отырып қалған Бекет денесі зілдей болып ауыр тартып орнынан тұрды. Мылтығын қоржынға сүйеп, анықтап көз тастай бастады. Екі орыс, үш қазақ баласы екен. Орнында қозғалмай тұрып қалған Бекет өз-өзіне келе бастап, беттерін жасырғаннан басқа ештеңенің қалмағанын ұқты. Жан-жағына қарап еді, алаңның тау жағындағы су жырып кеткен қабаққа көзі түсті. Сенделіп жүріп барлығын сүйреп апарып, бастарын батысқа қаратып жар қабаққа жатқызды да, шым топырақпен қалыңдап үйіп, таспен бастырды. Күн де батуға жақындап қалған. Мылтығы мен қоржынын алып, көш жолына түсе көтеріле берген еді.

- Жігітім тоқтай тұр, - деп саңқ ете қалған жаққа жалт қарады. Үлкен қарағайдың астында арқасын томарға сүйеп әскер киімді кісі бұған қарап жатыр екен. Бекет жолдан шығып, жақындап келді. Орта бойлы тығыршықтай жирен мұртты отыздар шамасындағы орыс жігіті, күлімсіреген қоңыр көзімен жылы ұшырай қарап:

- Кімсің? – деді.

- Аңшымын, - деді Бекет.

- Бәрін көріп жаттым, нағыз жігіт екенсің, - деді риза жүзбен. Жаңағы жігіттердің командирі болды ғой деп ойлаған Бекет, тізеден төмен байлап тастаған аяғына қарады.

- Сол аяғым да бастырмайды, аттың астында қалған, мына қайнарға еңбектеп әрең жеттім.

- Жараңыз калай?

- Сүйегі аман екен, қанды іріңін сығып қайта байлап тастадым. Бекет қайнардан уыстап су ішіп алды да, командирге бұрылып:

- Жарайды, командир, жылжи берейік, - деді. Мылтығы мен қоржынын сол иығына іліп, қолын созып командирді орнынан тұрғызды да, иығымен сүйеп белдігінен ұстай ақырындап қозғалды. Командир де сол аяғының сәл ауырғанына қарамай демей басып екеуі көш жолына түскен соң Омар жайлауына қарай қыбырлап көтеріле берді. Күн батып ымырт та түсе бастаған.

Әр жерге бір демалып, бұлар ұзақ жүрді. Ай туып көтеріліп қалған кезде Ермендіге жетіп, сарқырай аққан бұлақтың бойына келіп тоқтады. Екеуі де әбден қалжыраған еді. Бекет бұлақтың жағасындағы ұзынынан құлап жатқан қарағай томарға бұрылып командирді жайлап соған отырғызды да, өзі қарсыда жатқан салындыға отыра кетті. Сәл тыныққан соң терлеген жотасының тоңази бастағанын сезді. Орнынан тұрып, ортаға қураған ағаштарды үйіп от жақты да, жейдесі мен кеудешесін оттың шетіндегі бұтаға жайып, жалаңаш кеудесіне шапанын киіп алды. Қоржынын командирдің алдына қойды да тостағаны мен өзіне ұсынған командирдің құтысын алып бұлақтан су әкелді.

- Жүрек жалғайық командир, - деп қоржынының аузын ашып, тары талқан, қазан жаппа мен құрттарды шығарып қойды. Екеуі үн-түнсіз талқан мен нанды су іше отырып, асықпай жеді. Бекет құрттарды бөліп, түбінде аз ғана талқан қалған дорбаға салды да, бір түйірін аузына салып, салынды томарға барып жайғасты.

Бір тәуліктен астам нәр татпаған командир бойына қуат барып, отқа жылына бастаған соң Бекетті сөзге тартпақ болып:

- Атың кім? – деді.

- Бекет.

- Менің атым – Степан.

- Жігіттерің неғып мерт болды?

Степан сәл үнсіз отырды да:

- Кеше Есенқұлдың алдын орауын орағанбыз, бірақ төрт-бес жігітімен сытылып шығып кетті. Соңына түскен едік, күтпеген жерден жігіттерім оққа ұшты. Артына түскеніме екі жылдай болды. Банды деуге қимайсың, қас батырдың өзі, амал қанша шептің арғы бетінде жүр. Аяғымды ат басып қалып, есімді жиғанымда, маған қадала қарап аттың үстінде тұр екен. «Қош бол, командир,» деп атының басын бұрып тебіне жүріп кетті. Соңғы бір оғым қалған, менің де артынан атуға қолым бармады. Құралайды көзге ататын мерген, жігіттерімнен түгел айырылып қалдым, сол өкінішті, - деп қабағы салбырап отырып қалды.

- Қан төгіспен әділдік орнатуға бола ма? – деді Бекет қолындағы бұтақты отқа тастап.

- Революция, тап күресі онсыз болмайды.

- Елдің малын алдыңдар, ол да революция ма?

- Отырықшылдыққа көшіріп социализм орнату үшін жан кешті болып жүрміз ғой.

- Бірден отырықшылдыққа қалай көне қалар дейсің. Жатпай дүрлігіп көшіп жатқаны да сол шығар. Ал мен болсам, кетпен ұстап көргем жоқ, ұстағым келмесе қайтпекпін. – Мұны үнсіз тыңдаған Степан отқа қараған күйі отырып қалды.

Бекет орнынан тұрып, отқа тастайтын құрғақ ағаш әкелу үшін ашық алаңға қарай беттеді.

Төбеге көтеріліп қалған ай алаңға мол сәулесін төгіп тұр. Бекет жайлап жоғары айға қарады. Шарасы тола баяу сызып жылжып барады. Алыстағы ақ сағымға бөленген тау шыңдарына қарап өзімен-өзі тұрып қалған Бекет ойлана еңкейіп, біраз отын жинап алып, кері қайтты. Қызыл шоқтың үстіне молғып ағаш тастады да Степанға қарап:

- Түн ортасы болып қалыпты, демалайық, таңмен қозғаламыз, - деп, кептірген киімдерін киіп, Степан отырған қарағай томарға қоржынын сүйеді де, бір жағына шапанын төсеп жантайып жата кетті.

4

Ертеден бергі тұтаса көшкен бұлт түске таман сіркіреген жаңбырға ұласты. Бекет пен Степан ілби басып, казак ауылының шетіне де келіп жеткен. Бұлар көшенің бас жағындағы қақпасы ашық тұрған аулаға кіріп, есікке жақындады. Сол аяғы сыздап ауырған Степан табалдырыққа жете бере жақтауға арқасын сүйеп отыра кетті. Бекет есікті жайлап тақылдата соқты да, тұрып қалды. Арғы жақтан ішкі есік сықырлай ашылып, жақындап келе жатқан біреудің тықыры естілді:

- Бұл кім? – деді қарлыққан дауыспен.

- Аңшымын, жаралы адамға көмек керек, - деді Бекет өтінгендей үнмен әр сөзін бөліп айтып. Есіктің ілгегі ағытылып ақырындап ашыла бастады. Іштен желке шашы дудрай өсіп кеткен, аласа бойлы, момақан кішірек көзді казак бұларға таңырқай қарады да, табалдырықта отырған Степанның жаралы аяғына көзі түсіп, есікті кеңірек аша бере:

- Кіріңдер, - деді. Бекет Степанды сүйемелдей тұрғызып ауызғы бөлменің оң жағында тұрған ұзын орындыққа отырғызды. Екеуі сырт киімдері мен аяқ киімдерін шешіп, ішкі есікті ашып тұрған үй иесінің жанынан жайлап орта бөлмеге өте берді. Пештің алдында бұларға қарап тұрған ұзын бойлы аққұба әйелге Степан:

- Сәлеметсіз бе? – деді ашық дауыспен. Степанды демей ұстаған Бекет те сәлем берді. Бұлардың сәлемін алған әйел, Степанның сылтый басып тұрғанын байқап қалды да, ширақ қимылдап, бөлменің тар жағындағы кең тапшанның үстінде ойнап отырған бестер шамасындағы қыз бала мен одан кішілеу ұл баланы пештің үстіне шығарып жіберіп, тапшанның үстіндегі жабуын дүзей:

- Жоғары шығыңыздар, - деді пейілін білдіргісі келгендей бұларға бұрыла қарап. Бекет тапшанға келіп жайғасып отырған соң, әйелге қарап:

- Жараны ашып көру керек еді, - деді.

- Қазір, мен қайта таңып берейін, - деді әйел бұл жағынан өзінің хабары барын білдіргендей жылдам қимылдап. Жылы су мен таза шүперек әкеп Степанның жарасын тазалап байлап беруге кірісті. Казак күзге жаңбырдың басталғанын айтып әңгіме қозғады.

- Қысқа дайындық шаруаңыз қалай? – деді Бекет те үнсіз отырғанды жөнсіз көріп.

- Аздаған егінімді бастырып алғам, шөпті де біршама жинап алдым, енді қыстық отын дайындап алсам болды, - деді өзінің шағын шаруасын айтып ашыла сөйлеп.

Жиырма жетіге келгенше әлі үйленбеген Бекет әңгіме тыңдай отырып, мұнтаздай таза жинақы да жылы бөлмеде бойы жылып тәтті бір қиялға беріліп отырды.

Степанның аяғын таңып болған әйел қолын шайып, дайын тұрған түскі асын бермек болып, үлкен домалақ бөлке мен жалпақ пышақты әкеліп ортадағы үлкен үстелге қойып жатып:

- Федя, нан турай бер, - деді де өзі пештің шетінде тұрған орташа шөген қазаннан шұңғыл табақтарға көкөніс көжені құйып үстелге жағалай қоя бастады. Ортаға жайпақ табаққа салынған картоп әкеліп қойды. Нанды турап болған Федор, қонақтарына бұрылып:

- Түскі асқа келіңдер, - деді. Қатарласа отырған Бекет пен Степан ағаш қасық пен бір жапырақ нанды қолдарына алып көжені жайлап ұрттай бастады. Степан Федордан ауылдың жағдайын сұрап көжені асықпай ішіп отырды. Бекет өзі аса бір жақсы көретін казактардың көкөніс көжесін ынталана ішті. Жас тайыншаның шабылған сүйегін қосып қайнатыпты. Бекеттің тәбеттене ішкенін байқаған әйел босаған табағын ала беріп:

- Тағы біреуін ішіңіз, - деп екіншісін құйып әкеліп қойды.

Пештің үстінде шапанның астынан бастарын шығарып, бұларға қызықтай қарап жатқан қыз бен ұл бала үйде бір қадірлі қонақтар отырғандарын бала көңілдері сезіп, көздері жылтырап қарап қояды.

Картоп пен нанды қоса асықпай шай ішіп болған кезде Бекет Степанға қарап:

- Екі-үш күнге бір ат керек болып тұрғаны, - деді өзінің бір шаруасы бар екенін білдіріп. Степан Федорға қарап:

- Ат жағы қалай? – деді. Федор кібіжіктеп төмен қарай берді. – Мүмкін көршілеріңнен табылып қалар, біз сені ұятқа да, қиындыққа да қалдырмаймыз, - деді Степан қолын Федордың білегінің үстіне қойып. Үстелді жиыстырып жүрген әйел:

- Саған адам ағынан жарылып отыр ғой, - деді еркінси сөйлеп.

- Мария, сен қоя тұршы, - деді жай ғана қолын сілтеген Федор. – Мен де бір ат бар, бірақ өзімдікі емес, тамырым Сейсендікі «Сенде болсын, көктемге екеуімізге де қажет болар» деп қалдырып кеткен. Бекет Федордың жүзіне тура қарап:

- Мен шеткері қыстауда тұрам, аттарың менде болса көзден таса болады, ал көктемде өздеріңе қайтарам, - деді сенімді түрде. Степан да Федорға қарай қалды. Федор иығын қисайта қозғалақтап отырды да:

- Жарайды, Сейсен түсінуі керек, - деді қимастықпен көнгендей. – Қазір жүресің бе?

- Я, қазір жүріп кетсем деп отырмын.

- Мен онда атты ерттей берейін, - деп Федор босағадағы киімін киіп сыртқа беттеді. Бекет те жүруге ыңғайланып Марияға қарады да:

- Ас-дәміңізге рақмет, - деді шын риза көңілімен.

- Ас болсын, жолың түссе соғып тұр, - деді күйеуінің қазақтармен жақсы араласатынын білетін Мария.

Орнынан тұрып есікке жақындай бере артына бұрылған Бекетке, Степан:

- Сәл аялдашы, - деді. Бекет ойлы жүзбен босағада тұрып қалды.

- Бізге өзің сияқты жігіттер керек, ойланып көр, - деді Степан.

- Әзірге менің бар білетінім, сенің ниеті түзу, адал адам екендігің ғана, ал большевиктердің түпкі мақсатын мүлде түсінбеймін. Сау бол, командир, - деп есікті жайлап ашып шығып кетті.

5

Қатты жүріспен жүріп, Мыңбұлақтың тұсына келгенде, жол азық алмақ болып, Әлібектің қыстауына бұрылған Бекет, кеш бата жеткен еді. Алдынан абалай үріп шыққан екі ит, Бекетті танып, құйрықтарын бұлғаңдатып кері қайтты. Үйден жалаңбас шыққан Әлібек тосып тұрды. Жақындап қалған Бекет:

- Ассалаумағаләйкум, - деді атының басын тежей бере.

- Уағаләйкумссалам, не күрең бестіні айырбастап жібергенсің бе?

- Солай десе де болады, - деді Бекет атынан түсіп жатып. Әлібек аттың шылбырын алып:

- Ал, үйге кіре бер, - деді де атты жетектеп қораға қарай беттеді.

Бекет откиіз, текемет төселген кең бөлмеге кіріп келгенде төгілте көйлек киген Бәтима дастарханды реттеп жатқан:

- Амансыз ба, жеңеше, қалдарыңыз қалай? – деді.

- О, төрлет, мақтап жүреді екенсің, қазір ғана кешкі асты ішіп отыр едік,- деді шайды шоққа қойып жатып. Қолын шәйіп, төрге көсіле отырған Бекеттің алдына Бәтима үлкен ағаш тостағанға құйған көжені қойып жатты. Әлібек те үйге кіріп, жастыққа жантая өз орнына жайғасып:

- Сен кешіккенге арқарды арта алмай жатыр ма десек, қанжығаң бос қой.

- Ол, енді өзі біраз әңгіме, - деді де қазан жаппадан үзіп алып, көжені ішуге бас қойды.

Әлібек тамағын кенеп қойып, болған жайды айта бергенді жөн көрді де:

- Өзің жолға шығып кеткен күні Жәйшібек келген, - деп Бекетке қарап әңгімесін бастады. – Жаркент арқылы арғы бетке өтпек екен, сол жасымыздан бірге өстік қой, қоштасып кетуге келіпті, содан шай ішіп отырғанбыз, Айбала біздің әңгімемізді естіген болуы керек. Шай апарып берген Бәтимаға «Күйеуім мені іздеп келсе, қалай табар екен, осы кісілермен жүре берсем қайтеді?» депті. Жайшыбекке айтып едік, «Кімнің келіншегі екен?» деп сұрады. Сосын Айбаланы да дастарханға шақырып, жөн сұрадық. Күйеуінің аты Мырзакерім деп еді. «Е, Керейқұлдың жылқышысы Мырзакерім болса, білем ғой, ой ол бір жігіттің жайсаң еді, жылқының соңында жүріп өзіңнен көз жазып қалған екен ғой» деді Жайшыбек. «Бопты онда, ымыртта мына Мыңбұлақтың етегіндегі жазықпен өтеміз, сонда тосыңдар» деген соң, Бәтима Айбалаға жылы киімдерін кигізіп, біраз жолына азық салып беріп шығарып салдық. Содан келген бетте жатып қалғанбыз, түн ортасында иттер үре берді, сыртқа шықсам, ай көтеріліп сүттей жарық болып тұр екен. Иттер үрген жаққа назар салып едім, тасырлаған аттардың тұяғының дыбысы естілді. Сәлден соң, анық көрінді, жетегінде аты бар біреу қатты жүріспен келеді. Шабалана үрген иттерді кет деп қуғанымша, жақындап та қалды. Жетегінде аласа қара қасқа, астындағы жирен атының басын тарта аяңға түсті. Есіктің алдына келе тізгінін тартып тұра қалды. Сәлемін алған соң жөн сұрасам Мырзакерім болып шықты. Өзі де бір көзі нұрланып тұратын көзтартымды жігіт көрінді. Болған жайды айтып, қазір Қоғалыдан өтіп кеткен шығар дедім. «Онда мен бөгелмейін, аға, сіздерге көп рақмет, қош болыңыз» деді де, аттан да түспей асығыс жүріп кетті.

Қойдың сүр етін қатқан ыстық көже маңдайының терін бұрқ еткізген Бекет аяғын соза жастыққа жантая бере:

- Дұрыс болған екен, - деді жайланған байсалды пішінмен.

Көптен бастары қосылмаған үшеуі кеңінен отырып шәй ішуге кіріскен. Осы кезде сырттан Әлібектің он екі жасар ұлы Сержан келіп кірді. Әкесінің шапанын белінен байлап киіп алған.

- Әссалаумағаләйкум, Бекет аға, - деді жүзіне жылы қуаныш үйіріліп. Қолғабы мен сырт киімін шешіп, қолын шайып сүртті де, Бәтимадан жоғары өте бере Бекетке қос қолын созды. Бекет те екі қолын беріп:

- Міне жігіт, шаруаны өз қолына алған, - деді жанына қолын нұсқап, сосын, - Ержан мен Балжан көрінбейді ғой, - деді, әшейінде ендігі өрмелеп иығына шығып кететін екеуін іздеп түпкі үйдің есігіне көз тастап.

- Балаларды алып кетем деп шал келген, олар да қалмаймыз деп желпілдеген соң, жібердік, - деді Әлібек кесесін көтере ұстап. Сержанның алдына тостаған мен көжені қойып жатқан Бәтима:

- Ержан әуелі атасының қамшысын алып елден бұрын сыртқа шығып кетіпті. Балжанда ес жоқ, секіре қуанып мәз болып ұшып-қонып жүр, - деді көзі жасаурай күліп.

Әлібек шайын сораптай ішіп, Жайшыбектен естіген елдің жайын айтып, әңгімесін жалғастырды.

- Көксу мен Қараталдың бойындағы қалың ел екіге жырылып, Жаркент пен Қапалға қарай түнделетіп ұрлана көшіп жатқан көрінеді. Мына біздің тұстан Көксудың басы Бұратала асуы арқылы өту қиын, сәл жаңбыр жауса қия жолы көп түйенің өз басын алып өту мүмкін емес. Ат көлігі мол болмаса бұл жаққа көп ешкім беттей алмайды. Айнала көшіп жатқандары сол ғой. Өзіңнің не ойлағаның бар? – деді Әлібек Бекетке бұрылып.

- Алты жастан әкемнің артында отырып осы тау таста өстім, қиып кете алмаймын. Мына әкем қалдырып кеткен мылтықпен кәсіп қылармын.

- Менде жылжығанды жөн көрмей отырмын. Жасы келген кісілерді сүйреп қайда барам. Алексейдің соқа-сайманы бар, екі-үш жыл болды сонымен бірігіп аздап егін егіп жүрмін, сеніп отырғаным сол, әйтпесе мына заманның бет алысы қиын. Ел бекер көшіп жатқан жок!

Шәйді біраз қана ішкен Бекет кесенің бетін жауып, артындағы жастыққа шынтақтай отырды. Әлібек те кесесін төңкеріп, орамалымен шашы селдірей бастаған маңдайының терін сүртіп біраз отырды да:

- Мен бір арқан шығарып қояйын, атыңды арқандамасаң, үйренбеген кетіп қалар, - деп орнынан қозғалды. Бекет те атын жөндеп бір-ақ демалмақ болып, шапанын киіп есікке бет алды.

-Қоржыныңды кіргізіп қой, жол азық салып қояйын, - деді дастарханды жиыстырып жүрген Бәтима.

Бекет сыртқа шыққанда, ымыртта басыла жаңбырдан кейін, аспан бір шама ашылып, ақша бұлттар ғана шығысқа қарай жөңкіле көшіп жатқан еді. Ай нұрына шомыла бірінен соң бірі шудалана жылжып барады. Бекет бұлақтың бойына атын арқандап, қайтып келе жатқанда, өзінің дел-сал болып қатты шаршағанын сезді. Үйге кірген соң салынып қойған төсекке жартылай шешініп жата кетті. Таңға жуық үрген иттердің даусынан оянып кеткен Бекет киініп сыртқа шықты. Көкжиектен таң білініп келеді екен. Атын әкеп ерттеді де, қоржыны мен мылтығын қанжығасына орналастырып, атына мініп, жайлап сайды өрлеп жүріп кетті. Белеске көтеріле бергенде айнала қырат, жоталар ұйқыдан оянғандай анық көріне бастады. Таңғы тыныштық та жан-жағына қарап келе жатқан Бекеттің көзі осыдан төрт күн бұрын күрең бестіні жетектеп Айбала екеуі қиялай түсіп келе жатқан аршалы бөктерге түсті. Айбала мен күрең бестісіне деген жүрегіне бір қимас сағыныш пайда болды. Айбала үшін көңілі алаңсыз, бірақ күрең бестіні ұмыта алмаспын деп көңілі босап кетті. Осы кезде Жоңғар шыңдарынан шуақ шаша көтеріліп күн де шығып келе жатты. Бекет Суықтөбенің күнгейін айнала көш жолына түсіп, Көкқияға бет алды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар